БIР НӘЗIК СӘУЛЕ КҮЛIМДЕП ТҰРҒАН...
БIР НӘЗIК СӘУЛЕ КҮЛIМДЕП ТҰРҒАН...
Жұмақ – Ананың табанының астында. Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадисiнде: "Әуелi анаңды сыйла, одан кейiн тағы анаңды сыйла, содан кейiн барып әкеңдi құрметте!" деген екен. Анадан қасиеттi, анадан құрметтi кiм бар дерсiң?!. Әйел – ару, әйел – ана, әйел – жар. Қазақтың аналары аман болсын, қазақтың қыздары мықты болсын!
8 наурыз – барша аналарымыздың мерекесi. Аналарымыздың төл мерекесi қарсаңында ұлттың ұлылары мен марғасқаларының Ана туралы, Жар туралы, Ару қыздарымыз жайлы жазған шығармаларынан үзiндi келтiрiп отырмыз.
Абай ҚҰНАНБАЕВ:
Бiреудi көркi бар деп жақсы көрме,
Лапылдақ көрсеқызар нәпсiге ерме!
Әйел жақсы болмайды көркiменен,
Мiнезiне көзiң жетпей көңiл берме!
* * *
Жасаулы деп, малды деп байдан алма,
Кедей қызы арзан деп құмарланба.
Ары бар, ақылы бар, ұяты бар,
Ата-ананың қызынан ғапыл қалма.
* * *
Көзiмнiң қарасы,
Көңiлiмнiң санасы,
Бiтпейдi iштегi,
Ғашықтық жарасы.
Мұхтар ӘУЕЗОВ,
"Абай жолы":
"…Өтiп бара жатқан бес қыздың тап ортасында, жiбек жал ақ жорға атқа мiнген Тоғжан екен. Көктемнен соң көргенi осы.
Судыраған қара жiбек биқасаптан әдемi жеңiл шапан киген. Басында – жап-жаңа қара кәмшат бөрiк. Мойнында – әсемдеп, кең ораған құбылма түстi торғын шәлi. Құлағында үлкен алтын сырғасы ырғалып келе жатқан Тоғжан, мынау ат үстiнде, мынадай топ қыздың тап ортасында, дәл көп жұлдыз арасындағы Шолпандай. Ат үстi жүрiс, шырқап айтқан дауыс және құрбы қыздары – Бөжей қыздарына жаны ашуы бар, баршасы Тоғжанның қазiргi жүзiн бiр түрлi мағыналы нұрға малғандай. Ақмаңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жiбек шашына бетiнiң үлбiреген қызылы соншалық жарасып тұр…"
Сұлтанмахмұт ТОРАЙҒЫРОВ,
"Қыз сүю":
Қыз десе әркiм кетер қызуланып,
Көңiлге әлдеқайдан от кеп жанып.
Ең арты аппақ қу бас шалдар-дағы
Қояды бiр қиқаңдап құшырланып.
Дүниеде жан саясы қыз дейсiң ғой,
Құмартып құлқың құрып iздейсiң ғой.
Мылқау, кеще, таз, тазша болсаң-дағы
Қыз тимес деп күдердi үзбейсiң ғой.
Қыз сондай сен iздеген сұлу болса,
Көргенде құмарланып кеудең толса,
Алмас қылыш жүзiндей аударылып,
Көлеңкесi көңiлiңе барып қонса.
Бойы тiк, сын-сымбаты түзiк болса,
Саусағы сылдыраған жүзiк болса.
Екi бетi үлбiреп, көзi жайнап,
Белдерi тартқан сымдай нәзiк болса.
Өн бойың қарағанда ду-ду етсе,
Сыртың қысылып, тұншығып iшiң күйсе.
Ал сонда асыла кетiп, бұраң етiп,
Қайтер едiң, жiгiтiм, қолға тисе?
Ақан серi,
"Ұрқияға айтқаны":
Жiбектей оратылған қолаң шашың, жар-жар-ай,
Қиылған қандай сұлу екi қасың, жар-жар-ай.
Ләззат пен сұлу көркем бәрi бiрдей, Қай затқа бағаланар сенiң басың, жар-жар-ай.
Ақ көйлектiң жағасын ырға тартқан, жар-жар-ай,
Машинамен қандай қып шырға тартқан, жар-жар-ай.
Көп қыздардың iшiнде тоты дана, жар-жар-ай,
Қияз жүздi асылдың хорға тартқан, жар-жар-ай.
Ақ маңдай, қарақат көз, сүйген сәулем,
Секiлдi нәзiк белiң сымға тартқан, жар-жар-ай,
Көлбеңдеп дәл алдымнан өткенiң де,
Бағалы жүйрiк аттай сыйға тартқан, жар-жар-ай.
Бар назымды жеткiздiм бiр өзiңе, жар-жар-ай,
Бiлесiң жазылғанын қандай қаттан, жар-жар-ай.
Ғабит МҮСIРЕПОВ,
"Адамның анасы":
Мақтасақ – әйелдi мақтайық та, құрметтейiк те әйелдi. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетiн сарқылмайтын күш, көздi бұлақ емес пе!..
* * *
Құрметтейiк, көтерейiк те әйелдi! Ана әйелдi құрметтейiк! Оның сүюi таусыла ма, бүкiл дүние соның емшегiн емiп, ер жеткен емес пе? Адамда не қасиет болса, бәрi күннiң көзi мен ананың сүтiнен алынған қасиет. Ананың құрметi әлi жеткен жоқ!
* * *
Бас иейiк те, құрметтейiк те ұлы адамдарды тапқан ананы! Аристотельдi де, Фирдоусидi де ана тапты. Ескендiр мен соқыр Гомер де ананың баласы. Бәрiн де дүниеге жетектеп әкелген ана. Ананың ұлы орны қашан да өзiнiкi!
– Мен тәңiрi құлы Темiрмiн, тиiстi сөздi ғана айтам! Мен көп жасқа келдiм. Менiң табанымда қара жер де ыңырсиды. Мына қолыммен өлiм құрбандығын баудай түсiрiп жүргенiме отыз жыл болды. Неге бүйтесiң дейсiң ғой, оны да айтайын: мен патша, алдымен осыны бiлем. Патшаның патшалығы неғұрлым кең болса, соғұрлым оның өзi де ұлы патша. Мен өзiмнiң патша екенiмдi танысам, патшалығымды кеңейте беруiм керек. Әйтпесе мен қандай патшамын? Сондықтан мен мемлекет алып, өзiме ел бағындырам. Бұл – бiр. Екiншi, өлiм менiң ұлым Жәңгiрдi алып, жүрегiмнiң күнiн сөндiрдi. Сондықтан өлiмнiң күнбе-күнгi құрбандығына арнаған адамын тартып алып, кегiмдi алып жүрмiн. Менiмен патшалық үшiн, ел үшiн көп адам алысты. Бiрақ адам үшiн ешкiм алысып көрген жоқ. Адам деген кiм? Менiң жолымда неге тұрады? Мен оны бiлмеймiн. Баязит сұлтанды жеңiп алғанымда:
– Құдайға мемлекет, адам дегенiң түкке тұрмайды екен… Көресiң бе, Құдай мемлекет пен адам баласын, сенi мен секiлдi адамға берiп қойды: сен соқырсың, мен ақсақпын деген Темiр – мен болатынмын. Баязиттi шынжырлап менiң алдыма әкелгенде, мен осыны айттым. Баязит шынжырдың салмағынан жаншылып, майысып тұра алмады. Бақытсыздыққа ұшырап, өмiрдiң құлаған молаға шыққан жусанындай ащы уын татып тұрған Баязиттiң көзiне қарап тұрып мен осылай дегем.
Қасым АМАНЖОЛОВ,
"Дариға, сол қыз":
Өңiмде ме едi, түсiмде ме едi,
Көрiп ем ғой бiр армандай қызды…
Бiр нәзiк сәуле күлiмдеп едi,
Сұрапыл соғыс соқты да бұзды.
Сапырды дауыл, тебiрендi теңiз,
Тулады толқын, шайқалды шың-құз…
Қып-қызыл өрттiң iшiнде жүрмiз,
Қайда екен, қайда, дариға, сол қыз?!
Бiржан сал,
"Ләйлiм шырақ":
Ләйлiм шырақ, дегенге, Ләйлiм шырақ,
Таудың аққан құм қайрақ сен бiр бұлақ.
Қайыс болсын, жiп болсын, неге керек,
Шiдерiмнiң бағасы қырық қысырақ.
Өзiме бер, шiдерiм тауып алсаң,
Елу теңге берер ем, сүйiншi алсам.
Жерде шiрiп қалса да, өзiме бер,
Шыбын жаным қиылсын, бiтiм алсам.
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ,
"Ұшқан ұя":
…Әкем содан айтыс қуып, әндетiп жүре-жүре отыз үш жасында Байтана руынан Әбдiрахманның Рәзия атты қызына үйленiптi. Ол – менiң шешем едi. Ол кiсi мен үш жасқа толар-толмаста қайтыс болған. Анамның қандай кiсi болғанын тек әжем мен әкемнiң әңгiмелерiнен ғана бiлемiн. Қайран әжем өле-өлгенше Рәзия келiнiнiң қазасына қайғырып өттi. Мезгiл-мезгiл тоқаш қуырып, ас пiсiрiп, келiнiнiң әруағына бағыштап құран оқытар едi. Жатқан жерiң жаннат болсын, маңдайыма сыймай кеткен перiштем, Рәзия, – деп өзiнен-өзi отырып, көзiне жас алып қайғыратын. Сөйтiп Рәзиядан қалған немерелерiнiң басынан сипап, маңдайымыздан сүйетiн.
Әбiш КЕКIЛБАЕВ,
"Әйел күлкiсi":
Әйел күлсе ұғамын,
Жарқылдап жүр деп аналар.
Жамылмай ажал тұманын
Есен-сау жүр деп ағалар.
Құлпырып тұр деп гүл шығып,
Сабағынан үзiлмей.
Әсемдеп мынау тiршiлiк
Әйелдiң күлген жүзiндей.
Сайын МҰРАТБЕКОВ,
"Ананың арманы":
Өзiнiң еншiсiндегi үлкен кебеже қара сандықта: үш баласы әперген үш қамзол бар – көк барқыт, жасыл барқыт, қоңыр барқыттан тiгiлген, бiрде-бiрiн иығына iлген емес, әдемiлеп қаттап бүктеп, қалампырлап салып қойған. Ол аздай әнеу бiр кезде Мәржәпия қара плюштен тағы бiр қамзол тiгiп әкеп бердi. Сонда әжемнiң қазiр, сүйегiме салынады деген төрт су жаңа қамзолы бар, ал тазадан тiгiлген атлас, шәйi, жiбек көйлек дегендер бүкiл бiр ауылдың кемпiрлерiне үлестiруге жетерлiктей шығар. Амал не, әжем соның бiрiн кимейдi. Ылғи бiр арзан бұлдан тiгiлген көйлектер мен әкемнiң етек-жеңi қырқылған ескi пиджагiн киiп алып, ертеден қара кешке дейiн салп-сұлп етiп үй шаруасынан қолы босамай жүргенi. Бейнетқор-ақ адам. Қай баласының үйiне барса да басынан асқан үй шаруасына тап болады.
Қадыр Мырза Әлi:
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бiр жұлдыздан тұрады ахаббаттың аспаны.
Сол бiр жұлдыз жанады сол аспанды жарық қып,
Жарықта да түк көрмес ғашық болған жарықтық!
Сол жұлдызсыз белгiлi, оның естен танары,
Маңдайда емес, жүректе –
Ғашықтардың жанары.
Сол жүрекпен қараймын, сол жұлдызға сүзiлiп,
Шаңыраққа iлiндi ол, көк аспаннан үзiлiп.
Мың жұлдызы болса да, байқамайсың басқаны,
Бiр жұлдыздан тұрады шаңырақтың аспаны!
Бердiбек СОҚПАҚБАЕВ,
"Қайран менiң Әлиман жеңгем":
…Мiне, шай да келiп қалды. Әлиманның шайы осындай – тез қайнайды, сарғайтып күттiрмейдi. Көңiлдi таза дастарқан, аппақ ақ нан, қант. Кесенiң түбiнен етiп, сүт қатып құйған шайы қандай дәмдi Әлиманның! Таңдайыңа балдай татиды, iшесiң, iше бергiң келедi.
Ауыл әйелдерiне тән ибалықты Әлиман берiк ұстайды.
Жаулықты кiршiксiз аппақ етiп киедi, бiр тал шашын сыртқа шығармайды. Қолына күмiс бiлезiк, жүзiк салады. Көйлектi мол киедi. Қарашы, шай ұрттауының өзiнде қаншама әдептiлiк жатыр! Ұрттағаны ернiнiң ұшын ғана тигiзгенi тәрiздi – түк естiлмейдi.
Жауын басылған. Терезеден төрдегi бұрышқа қиғаштап күн сәулесi түсiп тұр. Үйдiң басқа жерi тұп-тұнық болғанда, әлгi жарық сәуленiң iшi быжынап ұшып жүрген мың-миллион ұсақ шаң-тозаң.
Мұқағали МАҚАТАЕВ,
"Әйелдер-ай!":
Әйелдер-ай!
Әйелдер!
Қандайсың?!
Әдемi боп кетiпсiң ғой әрқайсың.
Бiреу жерiп тұрса-дағы қалмайсың,
Бiреу сүйiп тұрса-дағы бармайсың.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қандайсың?!
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай,
Жанарлардың жауын алып тұрғаны-ай!
Бiле тұра бүйректерiң бүлк етiп,
Кетесiңдер тыңдай тұра, тыңдамай.
Әйелдер-ай!
Әйәйлар-ай, қулар-ай!
…Әйелдердi еркектерден көп дейдi.
Ойбай,
Ойбай!..
Бола берсiн көп, мейлi!
Әйел деген әдемi ғой, әдемi,
Әдемiлiк бiзге көптiк етпейдi…
"Ана сен бақыттысың":
Ана,
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсiп жатқанда да құламадың
Тәңiрiңнен мен едiм ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!
Бармын ғой,
Тiрiмiн ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймiн, мен өзiңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзiңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңдi қашырмағын.
Мен сенiң қанықпын ғой көз жасыңа
Өзiм кепiл тот басып, тозбасыма.
Екi жыр жазсам саған бiрiн арнап,
"Ана" деп жаздым ылғи сөз басына.
(Тәңiрiм кеше көрсiн кесiрiмдi)
Аспанға жазсам сенiң есiмiңдi!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иiлген бесiгiңдi…
Әзiлхан НҰРШАЙЫҚОВ,
"Махаббат, қызық мол жылдар":
"Бұл қыздарды көрiп отырған мен неткен бақыттымын! – деймiн тағы да iшiмнен. – Соғыс бойы жауды жеңiп, сендердi көрсем деп имандай арман тұтып едiм iшiме. Сыз окопта суық жаңбыр төбеден сорғалап тұрғанда да сендердi ойлағанмын. Ақ қар, көк мұзда жол жағасында жау танкiсiн тосып, зеңбiректi құрып қойып, шұңқырдың төбесiне плащ-палатка тұтып, тiсiм-тiсiме тимей сақылдап, тоңып отырғанда да сендер жүрегiмде жатқансыңдар, қыздар. Жаяу жорықта жан қиналып, күндiз жау самолеттерiнiң төбеден атқылаған оғы шинелiмнiң етегiн шұрқ-шұрқ тескiлеп, түнде ұйқы қаумалап, кiрпiктерiме қайта-қайта желiм жағып, буындарымды босатып, мазамды алып, есiм шығып келе жатқанда да сендер менiң ойымнан кетпегенсiңдер, арулар. Сол күндердiң, сол айлардың, жылдардың бәрiнде де мен сендердi бiр минут та есiмнен шығарған емеспiн. Жалғыз менiң ғана емес, майдандағы бар жiгiттiң жүрегiнде болдыңдар сендер. Сендерден ауық-ауық хабар алу қандай бақыт едi майдандағы жiгiттерге. Әр жауынгер қолына үшкiл хат тиiп, оның сыртындағы өзiне таныс қолдың таңбасын көргенде жел қозғаған жапырақтай дiрiлдеп, тез оқып шыққанша тағаты қалмай асығатын. Жаңа ғана жаудың жебiр танкiн жайратып, қираған болаттың берiктiгi мен сұстылығын өз бойына, өз өңiне жиып, шымырқанып тұрған қаһарлы солдаттың қыз хатын оқып шыққанда жаны жадырап, қара көзi күлiмдеп, бүйрек бетiне алқызыл бояу шабатын. Ақ тiстерi ақсия көрiнiп, өзгеше бiр рақат табатын. Осы бiр өңi жұмсарып, жүзi жылып, жүрегi нәзiк лүпiлге басқан шағында оның көкiрегiне өзгеше бiр күш құйылатын. Сол сәтте ол бiр емес, жаудың бiрнеше танкiн жалғыз өзi жайратуға әзiр болатын. Мiне, майдандағы жiгiттердi бiресе болаттай қатайтып, бiресе қорғасындай ерiтетiн сендер едiңдер, сендердiң ғажайып хаттарың едi, қыздар. Сендердiң "жауды жеңiп қайтыңдар!" деп әр хатта айтатын әмiрлерiңдi орындап, тезiрек Берлинге барып, одан соң өздерiңе жетсек деп ынтығушы едiк бәрiмiз. Бiр қазақ қызының жүзiн көрiп, қасында отырсақ, арманымыз болмас едi деп аңсайтын едiк бiз. Ендi мiне, мен бiреуiңнiң ғана емес, бiр аудитория толы қыздың қасында отырмын. Қандай бақыттымын мен! "Мен бақыттымын!" деп Алатаудың төбесiне шығып айғайлағым келедi қазiр. Отан армиясының сапында зұлым жауды жеңгенiме бақыттымын! Сөйтiп, өз елiме оралып келгенiме бақыттымын! Қаншама ер-азамат туған жерге жете алмай, туған елдiң топырағында өскен қызыл гүлдей қыздардың ақ жүздерiн көре алмай, арманда өттi. Өлер алдындағы әр солдаттың аузында ең соңғы сөзi әйел аты болды. Бiреуi анасын, бiреуi жарын, бiреуi ғашығын есiне алып, тiлi күрмелiп, мәңгiге көз жұмар алдында ақтық күш жиып, солардың есiмiн атады. Олардың өздерiне деген махаббатының қарызын солдат сол бiр ауыз сөздi ұмытпай айтып өтеуге тырысты. Содан кейiн Отан сүйгiш, ана сүйгiш, жар сүйгiш солдат жаны мәңгiге тыншықты".
Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА