ҰЛТТЫҢ СӨЗIН ҰРАНДАП АЙТҚАНДА...
ҰЛТТЫҢ СӨЗIН ҰРАНДАП АЙТҚАНДА...
Өткен аптада Парламентте бiр тосын оқиға болды. 23 ақпанды тойлап үйренiп қалған ба, кiм бiлсiн, депутат Тәңiрберген Бердоңғаров әдетiнше сөз алып, депутаттық сауалын жолдардың алдында, жиылған жұртты құттықтап та үлгердi. Бұл не? Құлдық санамыздан әлi де арыла алмағанымыздың көрiнiсi ме? Өзгелердiң мерекесiн мадақтауды қош көретiн азаматтар Парламентте отырса, бiз қалай ел боламыз, қалай жұрт боламыз?! Әрине, бiр Тәңiрберген Бердоңғаровтың жеке пiкiрi ғой деп елең етпей, ескермейтiн де шығармыз. Бiрақ бiрдiң пiкiрi мыңға кесiрiн тигiзетiнiн ұмытпайық. Қазақ дейтiн ұлт бар, қазақ дейтiн мемлекет бар. Қазақ дейтiн халықтың өз төл мерекесi, өзiнiң тiлi, өзiнiң салт-дәстүрi бар. Ұлықтасақ, өзгенiң "қаңсығын емес", өзiмiздi ұлықтайық. Тәңiрберген Бердоңғаровтың сөзi қамшы болған азаматтарымыз да бар екен, шүкiршiлiк! Мәжiлiс депутаты Бекболат Тiлеухан әрiптесiнiң сөзiн тыйып тастап, Парламентте асқақ үнмен былай деп атойлады:
– Тәңiрберген, мен сенi жақсы көремiн! Сен – менiң досымсың, iнiмсiң! Бiрақ… сен тәуелсiз Қазақстанның тұсында қалыптасқан адам ретiнде мұндай нәрсеге бажайлап қарауың қажет! Өйткенi сен – Парламент депутатысың… Бiреудi Валентин күнiмен құттықтайтын көшеде жүрген адам емессiң ғой!.. Сен – саясаткерсiң… Қазақстан Республикасы халқының атынан сөйлегеннен кейiн ауыздағы сөзiңдi бағуың керек! Бөтен мемлекеттiң Отан қорғаушылар күнiмен Қазақстан Республикасының Парламентариясын құттықтау деген нәрсеге абайлап қарауыңды өтiнемiн! Өйткенi бiз – тәуелсiз елмiз ғой! Өз туымыз, елтаңбамыз, мемлекеттiк тiлiмiз, Президентiмiз бар.
Оңаша жерде бiреудi Валентин күнiмен құттықтайсың ба, туған күнiмен құттықтайсың ба, өз еркiң. Ондай нәрселер бола бередi. Ал Парламенттiң қабырғасында саған ешқандай қатысы жоқ бөгде мемлекеттiң мейрамын ұлықтау және "осыған сендердiң де қатыстарың бар!" деп жұртты осы нәрсеге қарай бейiмдеудiң арғы жағында нағыз өресiздiк жатыр деп ойлаймын. Ендi саяси қателiк деп қатты айтпай-ақ қояйын…
Айтпаса, сөздiң атасы өледi. Менiң артымда өзiм сияқты ойлайтын сайлаушыларымның талап-тiлегi тұр. Менiң айтқанымды iстер-iстемес, бiрақ халықтың талап-тiлегiн жеткiзу Парламент қабырғасындағы менiң миссиям деп бiлемiн. Сондықтан жат елдiң мейрамын ұлықтаудың қажетi жоқ екенiн айтуды мiндетiм деп түсiндiм.
Балпаң-балпаң кiм баспас,
Басарға балтыр шыдаса?!– деп Махамбет айтқандай, кейбiр нәрсенi балпаң-балпаң басайық десек, балтырымыз шидей болып, бес бақайымыз бес жаққа қарап тұр. Өз iшiмiзде онша бiрлiк болмай тұр. Өз қандастарымызда намыс жағы кемдеу болып тұр. Санамыз құлданып тұр! Әлi де болса осылай… Бұдан арылмайынша, билiктiң де қолынан ештеңе келмейдi. Өйткенi бұл бүкiл қоғам болып күресiп, қоғам болып талап ететiн нәрсе. Егер қоғам 23 ақпан – Кеңес әскерi күнiмен, 7 қараша – шеру күнiмен, 29 қазан – Комсомол күнiмен құттықтаған кезде шар ете қалатын болса, Тәңiрберген сияқтылар ешқашан ондай сөздi айтпаған болар едi. Қоғамның өзi осыны тiлеп тұрған соң, өз iшiнен шығып жатқан дүние ғой. Соны бiлiп, бiреулердiң көңiлiнен шығайын деген саясатпен айтып отыр. Арғы жағында сондай саясат жатыр. Кейбiреулерде "билiктiң бiразы орысшылдардың қолында. Соларға жағатын болсам, жаман болмас" деген ой да болуы ғажап емес. Алайда… бiз өмiр сүрiп отырған Қазақстан деген мемлекеттiң иесi – қазақ деген ұлтты аттап өтпейiк! Осы мемлекеттiң негiзiн құрайтын жұрттың талабы бар. Сол талабын жасқанбай айтуымыз керек. Бары – осы.