ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЛЫҢ ДӘПТЕРI
ҚЫТАЙДЫҢ ҚАЛЫҢ ДӘПТЕРI
"ДАМУШЫ" МЕН "ДАМЫТУШЫ" АРАСЫНДА
Қытайдағы он бес күн заулап өтiп, қайтар алдындағы кеш едi. Арнайы қоштасу кешi. Әркiм әсерiн айтып, болашақ байланыстарға үмiт артып сөйлеп жатты. "Әркiм" – бұрынғы 14 республиканың телевизия мен радио саласының бiрi шығармашылыққа, бiрi техникаға, ендi бiрi тарату желiсiне қатысты мамандары. Ортамызда кезiнде бәрiн бiрiктiрген орыс елiнiң өкiлдерi жоқ. Қалғанының төрт көзi түгел. Орыстың орнын басқан – Қытай. Әлгi кеште бiздiң де сөйлеуiмiзге тура келген. Қазақстанның өкiлi ретiнде. "Осыдан елу жыл бұрын айтулы классик жазушымыз Қытайды аралап келiптi. Бар көрген-бiлгенi "Алыптың адымы" деген атпен кiтап болып жарық көрдi. Қазақ жұрты Қытайдың қандай ел екенiн әлгi кiтап арқылы таныды,– дедiк. Ал бiз классик емеспiз. Бiрақ қалам ұстауға қауқарымыз бар. Сондықтан бiр …очерк жазып берермiз".
Аталарымыз "айтылған сөз – атылған оқ" дейдi. Жалпы уәденi орындау орайында емес, Қытайда көргенiмiз бен көңiлге түйгенiмiздi елiмiздiң құлағы түрiк, көзi қырағы жүретiн журналист қауымымен бөлiсу тұрғысында осы мақаланы жазбаққа отырдық.
Он төрт елдiң өкiлдерiн оқуға шақырған – Қытай Халық Республикасы Радио хабарлары, телевидение және кино түсiру жөнiндегi Мемлекеттiк бас басқармасының Оқыту және даярлау орталығы. Бас басқарма – бiздiң өлшеммен министрлiк. Қытай Мемлекеттiк Кеңесiнiң құрамына кiредi. Ондағы Мемлекеттiк Кеңес – бiздегi Министрлер Кабинетi. Бас басқарма бұқаралық ақпарат құралдарын басқарады. Кино, телевизия және радио индустриясын дамытуға жауапты. Оның кадр даярлау iсiмен бiз ат басын тiреген орталық айналысады. Бұл саладағы ең iрi оқыту орталығы. Оны Ли Гехуа деген адам басқарады. Бұрын Шыңжаңда жұмыс iстеген. Қазақ, қырғыз өмiрiнен бiраз нәрсенi бiлетiн сияқты. Әлбетте, ақ жарылып айтпасы анық. Күлiп қана қояды.
Сол Гехуа жолдас орталыққа он төрт республика өкiлдерi жиналған күнi бас-басымызға бiр-бiр қара дәптер берген. Шамасы, көрген-бiлгенiмiздi жазып жүру үшiн. Бiзге Қытай мемлекетiнiң өзi қара дәптер сияқты көрiнген. Басқасын айтпағанда, қалыңдығы жағынан. Өзгелердiң не жазып жарытқанын қайдам, бiз он бес күн iшiнде қара дәптердi ортасынан асырдық. Арнайы келген лекторлардың дәрiстерiн конспектiледiк, арасында өзiмiздiң көргенiмiздi түртiп отырдық. Сонымен…
Қалың қара дәптер әлгi Ли Гехуаның сөзiмен басталыпты. "Қытай – әлемдегi iрi дамушы ел, – деген орталық жетекшiсi бiздiң бәрiмiзбен алғашқы кездесуiнде. –Сондықтан бәрiнен өзiне пайда iздейдi, ұтыс ойлайды".
Өз елiнiң сипатын екi сөйлеммен жеткiзгенiне таң қалдық. Айтқаны рас. Қытай жиырма бiрiншi ғасыр басында экономикалық өсiм жағынан жер бетiндегi дамыған елдер: Германия, Ұлыбритания, Франция, Италия, Оңтүстiк Кореяны артқа тастап, 2010 жылы Жапониядан мойын оздырса да, өзiн "дамушы ел" деп бiледi. Бұл сипаттама экономикалық жағынан ескiрсе де, саяси жағынан әлi пайдалы. "Дамушы ел" атанып жүру – керек кезде қолын ұзартатын; керек емес кезде жауырынын жалтартатын жақсы желеу. "Қолда өскен түйенiң тайлақ аты қалмайды" деген мақалды бiздiң әжемiз жиi ауызға алып отыратын.
Ли Гехуа басқаратын орталық жылына үш мың маманды оқытады. Оның iшiнде провинцияның электронды ақпарат құралдарының өкiлдерi де, әлемдегi дамушы елдерден шақырылған мамандар да болады. Оқыту мен жол шығыны Қытай мемлекетi есебiнен. Бiздiң алдымызда Африканың Орталық аймағындағы елдердiң мамандарын қайта даярлаған. Олар аудиториялардағы орындықтарға аттарын жазып кетпесе де, түскен фотолары қалыпты. Дамушы елдiң бұл салаға қаншалық мән беретiнi осындан-ақ аңғарылады.
КӨКТЕУ МЕН ШЕКТЕУ АРАСЫНДА
Алғаш дәрiс оқуға Хуан Юн жолдас келдi. Тұрмыс жағынан қытайлықтар қазiр "мырза" деп айтатын деңгейге жеткенмен, саяси құрылыс жағына қарап оларды "жолдас" деп бұрынғыдай үкiлегендi жөн көрдiк. Бұл кiсi – Қытай коммуникация университетi директорының орынбасары. Оның үстiне "Қытайдағы радио мен телевизияның дамуы" атты журналдың шығарушысы.
Бұл елде радио мен телевизия саласы үшiншi кезеңге көтерiлген. Алғашқы саты 1980 жылдан басталған. Ол тұста елде экономикалық реформа жүргiзiлдi. Зор секiрiс туғызған "ашық есiк" саясаты жүзеге асты. Бiз сөз етiп отырған салалар құрылымдық жағынан өзгерiске түстi. Әрi бұл өзгерiстi үкiметтiң өзi жүзеге асырды.
1990 жылдан Қытайдың электронды ақпарат саласы екiншi кезеңдi өткердi. Оның басты белгiсi – кабельдi телевизияның пайда болуы.
"2010 жылдан бастап бұл сала үшiншi кезеңге өттi" деп тұжырған Хуан Юн жолдас. Бұл кезеңнiң елеулi ерекшелiгi – мультимедиа, яғни телевидение, радио, телефон және интернеттiң бiр-бiрiмен кiрiгуi. Бастапқы екi кезеңнiң әрқайсысы 20 жылға созылыпты. Сарапшының пайымдауынша, үшiншi кезең де жиырма жылды толтыратын шығар. Мультимедиа үдерiсi басталған шақта елде 251 радио стансасы мен 272 телевизия компаниясы есепке алынған. Оның ешбiрi жекеменшiк емес! Ал 44-i тiкелей жас ұрпақ тәрбиесi үшiн ашылған! Соңғы екi ақпаратқа леп белгiсiн қойдық.
Бүкiл Қытай бойынша тәулiгiне 2643 түрлi телебағдарлама көрсетiледi. Радионың тәулiктiк хабарлар саны – 1356. Бұдан бiр ғана нәрсенi аңғардық: есеп қатаң. Алып елде бәрi қолмен қойғандай анық. Ендi бағдарламаларды сағат бойынша есептеген екен. Соны көлденең тартты. Бiр тәулiкте ел телекомпаниялары 6710 сағат, радио стансалары 2650 сағат хабар бередi. Мұның бәрi түгелдей өздерiнiң өнiмi! Тағы бiр леп белгiсi амалсыз қойылды. Көрсеткiштер қорасының қақпасын Хуан Юн жалғыз цифрмен жапқан. Бұл – "ашық есiктер" саясаты басталғалы уақытқа қарағанда 20 есе көп.
Қытай телевизия мен радио хабарларын таратуда әлемде ең ұзын желi жасапты. Соның арқасында ел аумағының 97 пайызында тұратындар телевизор көрiп отыр. Бұл – аумақтық жағынан, адам жағынан емес. Әрi, қамтылмай жатқан 3 пайыз жер Тибет тауларында. Сол Тибеттiң өзiнде түтiн саны 20-дан асатын ауылдар телевизор көрсетедi. Ендi Орталық үкiмет өз есебiнен түтiн саны 20-дан кем елдi мекендерге телевизия хабарларын жеткiзу бағдарламасын бастаған. Қытайда басталған iстiң аяқталмай қалуы атымен жоқ. "Оп болды, соп болды, соныменен жоқ болды" сөзi Жүңге мемлекетiне жүрмейдi.
Қытайдағы теле-радио компаниялар табысы бiрiншi реформаның нәтижесi "құлағын көрсеткен" сонау 1982 жылдан берi тұрақты түрде 20 пайыздан өсiп отырған. Сол жылы үкiмет соңғы рет радио стансалары мен телевизия компанияларының барлық шығынын жапқан. Яғни 100 пайызға қаржыландырған. 1983 жылы шығынның аз ғана бөлiгiн стансалар мен компаниялар өздерi жаба бастайды. Келе-келе 2010 жылы мемлекет олардың барлық шығынының 10 пайызын ғана өз мойнына қалдырыпты. Ал олардың жылдық табысы 160 миллиард юаньға жеткен.
Қаражат жеткiлiктi болған соң Қытайдың телевизия өндiрiсi көп сериялы көркем, деректi және мультфильмдер түсiрiп жатыр. Түрлi тәсiлдер меңгерiлген. Көрермендер ақпаратқа көз салып қоймай, мәдени және бiлiм бағдарламаларын көп қарайтын болған. Ақпаратта репортаждардың халықаралық деңгейде болуын талап етедi. Тiкелей эфир күнделiктi әдетке айналған. Әсiресе Сычуан провинциясында жер тiтiреген кезде тiкелей репортаждар аса құнды болыпты. "Бiздiң елдiң көрермендерi хабарлардың мазмұнында өмiрдiң өзi тұруын қалайды" дедi Хуан Юн.
Тура осы сәт ойымызға өз елiмiз оралды. Қазақ телевизиясының 50 жылдық тойы тұсында үлкен көрме жасағанбыз. Бiр бөлiгi әр жылдары қызмет еткен адамдарға, екiншi бөлiгi әр жылдары қолданылған техникаға, үшiншi бөлiгi кейiнгi жетiстiктерiне арналмақ едi. Сол көрмеге ат табуды басшылар бiзге жүктеген. Қисыны солай ма, әлде ұйқас қудық па "Көңiлдiң көзi", "Темiрдiң тезi" және "Өмiрдiң өзi" деп жазып бергенбiз. Арада бiрнеше жыл мен мыңдаған шақырым жатса да, ойдан жүйрiк не бар, шiркiн!
Өстiп бiр шалықтап алдық та, қайтадан Қытай сарапшысына құлақ қойдық. Мұнда телевизия мен радио төрт сатылы: орталық, провинциялық, қалалық және уездiк. Бiзше жiктегенде: республикалық, облыстық, қалалық және аудандық болып шығады.
Барлығын тiркеу мен куәлiк берудi Қытай Халық Республикасының Радио хабарлары, телевидение және кино түсiру жөнiндегi Мемлекеттiк бас басқармасы жүзеге асырады. Орталық компаниялар жаңадан арна ашатын болса, оны Мемлекеттiк бас басқарма құжатты қабылдаған соң бiр ай iшiнде тiркейдi. Егер провинцияда, қалада немесе уезде жаңа телевизия мен радио құрылатын болса, өтiнiштi Мемлекеттiк бас басқарманың сол жердегi органы қабылдайды. Бiрақ тiркеу құқығы Мемлекеттiк бас басқармада. Ең бастысы, ендiгi арналарды компаниялар өз қаржысына ашады. Бас басқарма заң сақталуын бақылауда ұстайды. Қытай Орталық телевизиясы, Қытай Ұлттық радиосы мен Қытай Халық радиосы аталатын үш шешушi, алып ақпарат құралдары тiкелей осы Бас басқармаға бағынады. Оларға әлгi 10 пайыз мемлекет ақшасын бередi. Мазмұнын, жаңа жобалар ашылуын қадағалайды. Бас басқарманың аймақтық органдары жергiлiктi жерде осы функцияны жүзеге асырады. Негiзiнен арна ашу туралы өтiнiш дамыған шығыс пен оңтүстiк өңiрден көп түсетiн сияқты. "Бiзге батыс аймақтағы телевизияны дамыту керек" дедi лекторымыз дәрiсiнiң соңына қарай. Батыс аймақ – бiзге жақын Шыңжаң.
Қытай заңы бойынша жекеменшiк теле және радио стансасын ашуға болмайды. Сол сияқты шетел арналарын қайталап көрсетуге тыйым салынған. Бұл – елдегi ақпарат пен мәдениет қауiпсiздiгi үшiн жасалған шара! Және бiр жуан леп белгiсiн қойыппыз.
– Сiз кадрлар даярлауға қатысып жүрсiз ғой. Сонда байқайтын шығарсыз, жас журналистердiң таланты мен талабы қаншалықты? – деген сұрақ қойдық дәрiс соңында Хуан Юнға. Тапқыр адам екен:
– Ұстаз талабы мен шәкiрт тауаны арасында қайшылық бар,– дедi.
Ал Қытайдағы нағыз қайшылықтар жайында бiз келесi дәрiсте естiдiк.
АЗ БЕН КӨП АРАСЫНДА
Келесi дәрiстi Ван Янпин жолдас оқыды. Халықаралық iстер жөнiндегi маман. Қытай Халық Республикасы Коммерция министрлiгi дипломаттар даярлау орталығының жетекшiсi. Саяси тақырыпқа жазылған бiрнеше кiтаптың авторы.
– Қытайда жер жетедi, бiрақ адам тұратын жер аз. Табиғат байлығы да жетедi, бiрақ оның орналасуы ала-құла, – деп қайшылықтарды түгендеуден бастаған Ван жолдас. Әрi қарай осы тiзiмдi толықтыруға кiрiстi.
Бұл елдiң тарихы өте терең. Бiрақ тарих тамыры арыға тартқанмен, мәдениеттiң бұтағы соған сәйкес биiктей алмай келедi. Технология қатты қарқынмен дамып жатыр, бiрақ аграрлық аймақтарға дендей алмай тұр. Iшкi жалпы өнiм мөлшерi өте көп, бiрақ жан басына шаққанда тым мардымсыз. Елдiң мақтан етердей дамыған Шығысы бар, бiрақ алаңдатардай артта қалған Батысы тағы бар. Елдiң бiр жағы әлемдегi ең биiк таулар болса, келесi жағы шалқыған мұхит. Алып тау арасында Тибет жатыр. Қытайға жағалауға жақын тұрған iрiлi-ұсақты 600-дей арал қарасты. Оның ең үлкенi – Тайвань. Қытайдың Тибет пен Тайваньға қатысты дау-дамайы басылған жоқ. Батыс мемлекеттерi үшiн басты көзiр – осылар.
Асқар таулардан басталатын арналы өзендер көп, бiрақ талай қалада ауыз су тапшы. Су көптiгiнен сел мен тасқын жиi болып жатады. Сондықтан оңтүстiк-шығыстағы ылдиға қарай ағатын өзендердi өрге, солтүстiк-батысқа бұру iсi басталмақ. Оның бiрiншi әрекетi ретiнде Қытай қазiр әлемдегi ең iрi су электр стансасын салып жатыр. "Оның үш пайдасын көремiз" деген лектор жолдас. Бiрiншiден, төменгi жақ тұрғындары тасқыннан қорғалады. Екiншiден, арзан қуат алынады. Үшiншiден, су арқылы қатынас жүйеге келедi.
Осы кездесулер басталмай тұрғанда орыс және әлем ақпарат құралдарында жазылған бiрнеше мақаланы оқығанбыз. Оның бiрiнде "2009-2010 жылғы Қытайдың Iшкi Моңғолия мен Шыңжаң өлкелерiнде болған сұрапыл қыс ел мамандарының осы аймаққа жауын-шашынды көп жауғызу үшiн аспанды атқылағанынан болған" деген болжам айтылған. Тағы бiрiнде орыс ғалымдары Қытайдың өзендердi солтүстiк-батысқа бұру әрекетiн сынға алған едi. Бiр лектор мырзадан осы қатер туралы сұрап едiк, "әзiрге бұл туралы ғылыми дәл есептеулер қолында жоғын" желеу еттi. Хош.
Алып елде күн сайын 22 мың шаңырақ құрылады. Ажырасу туралы дерек айтылмады. Үкiмет жалпы жай үйленудi жақтайды. "1 отбасы – 1 бала" саясаты қатаң ұсталады. Күн сайын 120 миллион тауық үйiтiлiп, 60 миллион шошқа сойылады. Жыл сайын қатарға 20 миллион жұмыс күшi қосылады. Елде 800 миллион жұмыс күшi бар. Бiрақ оның бәрiн еңбек орнымен қамту мүмкiн емес. Жұмыссыздық деңгейi 4,3 пайызды құрап отыр. Жоғарыдағы "1 отбасы – 1 бала" саясаты болмаса және 400 миллион жұмыссыз болып шығар едi. Әрине, бұл саясаттың өзi тағы екi қайшылықты туындатты. Бiрi: жастардан қарттар көп. Екiншiсi: қыздардан ұлдар көп.
Әлемдiк стандарттар бойынша тұрғындарының 7 пайызының жасы 60-тан асатын елдер "қартайған" деп танылады. Қытайда бұл көрсеткiш 2010 жылы 8,3 пайыз екен. Ван Янпин "алдағы он жылда тұрғындардың 25 пайызы қарттар болады" дедi. Бұл – бiр мәселе. Әлгi әлемдiк стандарттарға жүгiнсек, 100 ер балаға 107 қыз болуы тиiс екен. Бұл елде керiсiнше 100 қызға 120 ер баладан келедi. Қазiрдiң өзiнде қалыңдық табу қиын. Жиырма жыл өткен соң 30 миллион сүрбойдаққа әйел жетпейдi. Есептеп көрсеңiз, бiздiкiндей екi мемлекеттiң тұрғындары қатынсыз қалмақ. Бұл… – үлкен мәселе. Әрi iргелес жатқан елдерге, оның iшiнде алдымен Қазақстанға салқынын тигiзуi мүмкiн.
Дәрiс соңынан осы "бiр отбасы – бiр бала" саясатына қайта айналып соққанбыз. Ұлттық азшылықтарға екiншi балаға рұқсат бар. Бiрақ ол аймақтарда ғана жүзеге асады. Егер сiз ұлтыңыз қазақ не сiбе болғанмен, Бейжiңдегi мемлекеттiк аппараттың бiр мекемесiнде жұмыс iстесеңiз, онда ұлттық азшылыққа жатпайсыз. Ел астанасындағы қазақ, ұйғыр азаматтарымен жүздесу барысында бұған көз жеткiздiк.
Жер бетiнде жылы жақтағы әйелдердiң суық аймақтардағы әйелдерге қарағанда жиi бала көтеруi – табиғи құбылыс. Тiптi шөп қалың өсетiн жылдың көктемiнде қоян да бұрынғысынан көп көжектейдi. Адам да – табиғаттың төлi. Қытымыр солтүстiктегi халықтарға қарағанда жаймашуақ оңтүстiктегi халықтардың қатары мыңдаған есе көп болуы содан. Қытайдың оңтүстiгi – әйелдер жиi бала көтеретiн өңiрi. Елуiншi жылдар соңы мен алпысыншы жылдар басында "ядролық соғыста тұрғындар саны көп мемлекет жеңедi" деген тұжырым болды. Сол кезде Қытай басшылары елдегi демографиялық дүмпудi қолдады. Кемi 6, көбi 10 балалы отбасылар болды. 1946 жылы 400 миллион халқы бар мемлекет ширек ғасырда 1970 жылы 800 миллионға бiр-ақ ырғыды. Мао жолдастың "зор секiрiсi" экономика, ауыл шаруашылығы, тiптi мәдениеттен гөрi демографияда дәл көрiнiс бердi. Сол жетпiсiншi жылдардан азық-түлiк тапшылығы басталды. Ядролық соғыстан сау қалатын халқың аштықтан қырылса оның қай жерi артық? Дәл осы тұста "1 отбасы – 1 бала" саясаты қолға алынды.
– Бастапқыда "1 отбасы – 2 бала" деген ереже енгiзiлдi, – деген сұрақ-жауапқа қалдырылған уақытта Ван Янпин жолдас. – Бiрақ аз жыл iшiнде әр үйдегi екi баланың өзi көп болып шықты. Медицина мен бiлiм беру мекемелерi мұншалық көпшiлiктi қамтуға үлгермедi.
Содан кейiн "1 отбасы – 1 бала" саясаты енгiзiлдi. Ол заңға айналды, халық бұған түсiнiстiкпен қарады. "Қазiр бұл саясат заң ғана емес, ел бойынша моральге айналды" деп бiр түйiп тастаған әңгiмелесушiмiз.
Әрине кез келген заң жетiледi. Әсiресе, Қытай жағдайында. Бастапқыда талайлар жалғыз баланың ер жынысты болуын қалайды. Сөйтiп, ер балалар мен қыз балалар қатары арасындағы тепе-теңдiк өзгердi. Бiрi көп, екiншiсi аз. Ендi елде екiқабат әйелдердi ультра дыбысты тексеру арқылы перзенттiң жынысын алдын-ала анықтауға тыйым салынған! Леп белгiсi. Жалпы, көп жағдайда елдi тыйым сақтап, тыйым дамытып отырғаны талассыз.
– Қытай – көп дiндi мемлекет, – деп дәрiсiн жалғастырды Ван Янпин жолдас. –Жүз миллион адам Құдайға сенедi. Ел iшiндегiлер ұстанатын iрi дiндер: христиан, даоцизм, католик, буддизм. Дiн еркi заңмен қорғалған.
Бiздiң сарапшымыз исламды неге ауызға алмады, ұмытып кеттi ме, жоқ, әдейi елемей отыр ма? Бiз ендi жуан етiп сұрақ белгiсiн қойыппыз.
Билiк бұтақтарына қатысты былай айтылды. Ең жоғары орган – Жалпы Қытай халық кеңесi. Ол дауыс беру жолымен сайланады. 3 мың өкiлi жыл сайын наурыз айында он күнге жиналып, бағытты белгiлейдi. Мемлекеттiк Кеңес – жоғары әкiмшiлiк орган, iшкi мәселелермен айналысады. Коммунистiк партия – билiк құрушы партия. Тарихы 1921 жылдан басталған. 2010 жылғы есеппен қатарында 78 миллион мүшесi бар. Әлемдегi ең iрi партия десең артық емес. "Басқа да сегiз партия бар" дегендi естiдiк.
Әкiмшiлiк бөлiнiсте 23 провинция, 5 автономиялы аймақ, орталыққа бағынатын 4 қала, 2 ерекше әкiмшiлiк аймақ бар. Олар: 1997 жылы қосылған Гонконг пен 2002 жылы ел құрамына кiрген Макао.
Алғаш "ашық есiктер" саясаты басталғанда елдегi жан басына шаққанда жалпы ұлттық өнiм төмен едi. Былайша айтқанда, қытайлықтар аштық пен жоқшылықтың табалдырығында тұрған. Сексенiншi жылдар басынан жан басына шаққандағы жалпы өнiм (ЖЖӨ) жылына орта есеппен 10 пайыздан өсiп отырды. Бұл – әлемдiк орташа көрсеткiштен тура үш есе жоғары. Қытай табиғи апаттарға тап болған, жер бетi экономикалық дағдарыстардан шыға алмаған 2009 жылдың өзiнде ЖЖӨ 9,1 пайыз өсiм мөлшерiн сақтады. 2010 жылдың қорытындысы 11,1 пайызды көрсетуi керек. Әлбетте мұнда халықтың өте көп екенiн ескеру керек. Экономика қуатты, бiрақ оны жан басына бөлiп есептегенде көрсеткiш төмен түсiп кетедi.
– Қытай – дәстүрлi аграрлы ел,– деп дәрiстi сабақтады Ван Янпин жолдас.-Шошқа мен тауық, күрiш пен шай өсiруде әлемде бiрiншi орында келемiз.
Сөйте тұра бұл – аса iрi өнеркәсiптi мемлекет. Цемент, көмiр, металл, газ, теледидар, телефон, компьютер, автомобиль және басқа өнiмдер шығаруда жер бетiнде еш елдi теңдестiрмейдi. Киiм мен тоқыма өнiмдерi бойынша тағы теңдессiз. Әлем тұрғындары киетiн аяқ киiмнiң 60 пайызы Қытайда жасалады. Сыртқа өнiм шығарудан бұл ел бiрiншi орында. Ал сырттан өнiм әкелуден 2 орында тұр. Сондықтан Қытай халықаралық саудадағы ең iрi әрiптес болып табылады.
Сарапшының бiлiм беру саласындағы деректерi де қызғылықты. Сондықтан және бiраз цифрдi қара дәптерге мүйiзiнен тiзiп қойыппыз. Елде 700 мың мектеп бар. Бiр мезгiлде 250 миллион адам оқиды. Мектеп жасындағылардың 99,3 пайызы бiлiм алып жүр. 9 жылдық жалпы бiлiм алу тегiн. Бұл аралықтағы оқуға деген барлық қажеттiлiктi мемлекет өз мойнына алған. Жеке мектептер ашудың қиындығы жоқ. Ақылы түрде оқығысы келетiн оқушылар тапсаңыз болды. Жоғары бiлiм жартылай үкiметтiң, жартылай жекешенiң қолында. Бiрақ әскери, техникалық және педагогикалық институттар бiлiмдi тегiн бередi. Елде 46 миллион технолог маман бар. Бүкiл Қытайды дамытып жатқан солар сияқты.
ЖЕР МЕН ҒАРЫШ АРАСЫНДА
Кезектi кездесуге Қытай Халық Республикасы Радио хабарлары, телевидение және кино түсiру жөнiндегi Мемлекеттiк бас басқармасының Бас техникалық директоры әрi техникалық стандарттар комитетiнiң төриесi Сунь Сучуан ханым келдi. Бұл жолы тақырып цифрлауға қатысты. Қазақстанда жыры жаңа басталған цифрлау iсiне көршi мемлекет дендеген. Сондықтан оның тәжiрибесi бiздiң мамандарға қажет болмақ.
Суньның айтуына қарағанда, ақпаратты цифрлаумен айналысқандарына он жылдың жүзi өтiптi. 2000 жыл мен 2003 жыл аралығында технология әзiрленген. Одан 2006 жылы радио сандық үлгiге көшiптi. 2008 жылдан телевизия сандық үлгiмен хабар бере бастайды. Сандық бағдарламаларды көруге арналған рисерверлер тегiн таратылған. Ел астанасы Бейжiңнiң өзi он бөлiкке бөлiнiп, ондағы әрбiр отбасыға бiр-бiрден риверсер таратылды. Басқа 300 қалаларда осы жұмыс жолға қойылды. Рисервердi жасап шығаратын жеке фирмалар оны оператор ретiнде өздерiне бекiтiлген аудан тұрғындарына таратуға мiндеттi. Сол жұмысына қажеттi қаражатты Мемлекеттiк банктен алған. Ал екiншi ресивердi сату арқылы пайда табуларына еш кедергi жоқ. Қытай тұрғындарының әл-ауқаты қазiр өте жоғарылады. Кейбiр үйлерде екiңiз не, үш теледидар тұруы ғажап емес.
Әлбетте сандық жүйеге көшу толық бiтпегендiктен, кәдуiлгi (аналог) хабар тарату тоқтаған емес. Ресивер алған үй қалауынша бұрынғы ескi теледидарды пайдалана бередi. Бiрақ жыл санап аналог жүйемен хабар беретiн арналар азайып келедi. Өйткенi сандық жүйенiң артықшылығы көрiнiп тұр. Бiр сәтте 100 арнаның бағдарламасын қамти аласыз. Оның үстiне Қытайда жасалған ресиверлер арқылы теледидар бағдарламасын көрумен қатар түрлi ойындар ойнауға, хат-хабар жолдауға болады.
– Сандық жүйенiң арқасында елдiң телевизия өндiрiсi үш инновацияға қол жеткiздi, – деген сосын Сунь Сучуан.
Бiрiншiсi: техникалық инновация. Жаңа жүйе өте жедел, сосын көп мақсатты. Әрi шекара дегендi бiлмейдi.
Екiншiсi: құрылымдық инновация. Бұрын бiр қаланың тұрғыны әрi кеткенде Орталық телевизия мен өз қаласы мен провинциясының арналарын көретiн. Одан басқасын бiр бумаға бiрiктiру мүмкiн болмайтын. Ендi бүкiл елдегi телеарналар сандық желiде топтасады. Бұл мiндеттi жүзеге асыруды Қытай Халық Республикасы Мемлекеттiк кеңесi тiкелей қадағалап отыр. Қазiр Радио хабарлары, телевидение және кино түсiру жөнiндегi Мемлекеттiк бас басқармасы құрамында арнайы мекеме осы iспен шұғылданып жатыр. Даярлықтар жасалуда.
Үшiншiсi: қызмет көрсету инновациясы. Бұрынғы аналогтiк жүйеде белгi жiберу бiр бағыт бойынша жүретiн. Телебелгi студиядан шығып, одан Жердегi, сосын ғарыштағы таратушы арқылы көрермен теледидарына жететiн. Сонымен мәселе тынатын. Ендi көрермен сауал жолдау, қосымша ақпарат алу, ақылы қызметтердi тұтыну және бiр-бiрiмен ойын ойнау мүмкiндiктерiне қол жеткiздi. Елде барлық арналардың сол сәтте жүрiп жатқан телебағдарламалары тегiн көрсетiледi. Заңда солай бекiтiлген. Ал ендi жеке қызметтердi пайдаланғаны үшiн ақы төлейдi. Ақысын төлеп өзiңiзге арналған кесте жасата аласыз. Айталық бiр арнаның "Таңшолпаны", сосын ана арнаның, сосын мына арнаның сериалдары, концерттерi, жаңалықтары мен арнайы репортаждары дегендей.
Сандық жүйе арқылы Қытайдағы телевизия қызметi сан қырлы болып шыға келген. Ендi көрермен эфирден өтiп кеткен хабарды көрмей қалдым деп сан соқпайды. Оны өзiне қолайлы уақытта қайталап көре қояды. Тiптi ертерек көруi мүмкiн. Бұл әсiресе телесериал көрермендерi үшiн қолайлы. Өзiңе ұнаған телехабарды туысқаныңның, досыңның теледидарына арнайы жолдай қоясың. Сандық желiде арнайы ақпараттар бағаны бар. Онда алдағы өзгерiстердiң бәрi жазылып тұрады. "Осының бәрi сайып келгенде бұрынғы бұйығы көрермендi болашақ белсендi көрерменге айналдырады" деп тұжырды Сунь ханым! Леп белгiсiн бiз қойдық.
Бiрақ бұл елдiң Қытай екенiн ұмытпау керек. Бүкiл сандық жүйеде арнайы браузер бар. Ол – былайша айтқанда, сүзгi. Артық ақпараттар мен вирустарды ұстап қалады. Жолдағы iркiлiстер мен ақауларды анықтайды. Ел басшылығы ақпарат қауiпсiздiгiн басты назарда ұстап отырғаны талассыз.
Елде телехабарды тарату екi тәсiлмен жолға қойылған. Қалаларда кабель қолайлы. Ауылдар телехабарды спутниктiк антенна арқылы ұстайды. Жерiнiң көбi таулы болып келген батыс аймақтар үшiн ең қолайлысы спутниктiк жүйе екенi түсiнiктi. Бұл орайда Сунь ханым Қытайдың өз спутнигiн ұшырғанын мақтанышпен еске салып өткен. Жасанды жер серiгiнiң аты есiмiзде қалмапты, ал зымыранның аты қазақшалағанда "Ұлы жорық" едi. Қытайдың ғарышқа ұлы жорығы телекоммуникация саласын қоса дамытқанына дау жоқ.
Қайнар ОЛЖАЙ
Алматы-Бейжiң-Шэньян-Алматы