КӘСIПКЕРЛIККЕ КЕДЕРГIЛЕР

КӘСIПКЕРЛIККЕ КЕДЕРГIЛЕР

КӘСIПКЕРЛIККЕ КЕДЕРГIЛЕР
ашық дереккөзі
360

Екi мыңға жуық кәсiпкер мен сарапшы тартылған зерттеу нәтижесiнде отандық шағын және орта кәсiпкерлiкке келетiн кедергiлер анықталды. Жемқорлық проблемасы бесiншi сатыға сырғыған сауалнамада бизнесмендер ауқымы тар нарыққа, әдiлетсiз бәсекеге, бiлiктi мамандар тапшылығына, салықтың салмағына наразы.

ҚР Президентi Н.Назарбаев дүйсенбi күнгi республикалық БАҚ өкiлдерiмен кездесу барысында маңызды мәселелер қатарында отандық шағын және орта кәсiпкерлiктi дамыту мәселесiн атады. Мемлекет тарапынан кәсiпкерлiктi нығайту бағытында жасалған шаралардың ауқымдылығы жағынан, 183 елдiң iшiнен Қазақстан 59-орынды иемденгенiн мәлiмдеген Елбасы 2011 жылғы халыққа Жолдауында 2020 жылға қарай шағын және орта кәсiпкерлiк үлесiн ЖIӨ-нiң 40 пайызына жеткiзу туралы мақсат қойылғанын айтты. Отандық бизнестiң бүгiнгi ахуалын дөңгелек үстел басына жиылған кәсiпкерлер де кеңiнен талқыға салды. Өткен аптада Алматыда дөңгелек үстел ұйымдастырған Business Resours медиахолдингi "ҚР шағын және орта кәсiпкерлiк: дамуға бағытталған заманауи ахуал мен келешегi" тақырыбындағы дағдарыстан кейiн алғаш рет ұйымдастырған зерттеуiнiң нәтижесiн жариялады. ҚР Сауда-өнеркәсiп палатасы мен ЕҚДБ шеңберiндегi BAS бағдарламасымен бiрiге отырып, жүргiзiлген сауалнамаға елiмiздiң түкпiр-түкпiрiндегi 2 мың кәсiпкер мен сарапшы тартылған. Жобаның мақсаты – отандық шағын және орта кәсiпкерлiктiң әлемдiк қаржылық және экономикалық дағдарыстан кейiнгi дамуы, олардың түйiндi түйткiлдерi, қазақстандық кәсiпкерлiкке жақсы жағдай жасалған өңiрдi анықтау және елiмiздегi шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға қатысты мәселелерге қоғам назарын аудару.

Зерттеу жұмысының жетекшiсi Қарлығаш Мұқаш ханымның айтуынша, басым бөлiгi телефон арқылы жүргiзiлген сауалнаманың қорытындысында елiмiздегi экономикалық ахуалға "жағымды", "жағымдырақ" деген баға берiлген. Ертеңге деген үмiтi басымдар қатары әсiресе, Қызылорда, Қостанай, Солтүстiк Қазақстан, Атырау облыстарында көп. Ал Алматы, Жамбыл, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласындағы кәсiпкер ағайын отандық кәсiпкерлiктiң бүгiнгi жағдайын онша жағымды санамайды. Бизнестi кеңейтудiң кедергiлерi анықталған тiзiмнiң басында тауарды өткiзу нарығының шектеулiлiгi, әдiлетсiз бәсекелестiк, әкiмшiлiк кедергiлер, кәсiби бiлiктiлiгi жоғары мамандардың тапшылығы тұр. Сондай-ақ шикiзат бағасының өсуi мен мердiгерлiк қызметтiң қымбаттауы (9,1%), салық салмағының ауырлығы (5,4%), инфрақұрылымдардың жетiспеуiн (2,6%) бизнесмендер қауымы бүгiнгi қиындықтар қатарына жатқызған. Респонденттердiң небары 0,5 пайызы кәсiпкерлiкпен айналысуға ештеңе де кедергi келтiрмейдi деген ұстанымда. Кәсiпкерлер пiкiрiнше, отандық нарыққа шетелдiктердiң көптеп енуiмен тұспа-тұс келетiн маман тапшылығы бәсекенi күшейтпек. Соған қарамастан, сауалнамаға тартылғандардың әрбiр екiншiсi жеке кәсiбiнiң уақыт өткен сайын дами түсетiнiне сенiм бiлдiрген.

ҚР Статистика жөнiндегi агенттiктiң деректерiне сүйенсек, 2010 жылдың алғашқы жартысында елiмiзде барлығы 564 012 шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiсi тiркелген. Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлiгi кәсiпкерлiктi дамытуға кедергi келтiретiн жайттарды жойғанда ғана аймақтардағы экономикалық ахуал түзеледi деген сенiмде. Ал зерттеу жұмысының қорытындысына көңiлi толмағандар қатарындағы "Болат" шаруа қожалығының жетекшiсi Болат Қасымжанов: "Әрине, шағын кәсiпкерлiк мұндай зерттеу жобаларына зәру. Бiрақ бiзге нақты iс жүзiне асыра алатын пайдалы зерттеулер қажет. Олар белгiлi бiр мақсатта, нақты бiр салаға негiзделуi тиiс", – дедi. Ал Кәсiпкерлердiң тәуелсiз ассоциациясының президентi Тимур Назхановтың пiкiрiнше, шағын және орта кәсiпкерлiкке қатысты проблемалардың түзiлу ретi дұрыс емес: "Ең бiрiншi кезекте – жемқорлық, одан кейiн барып өткiзу нарығының шектеулiлiгi, салық пен салықтық әкiмшiлiкке қатысты қиындықтар тұр". Зерттеу барысында "лауазымын асыра пайдаланудың салдарынан жемқорлыққа жол берiлдi, кәсiпкерлiктiң басты дертi – жемқорлық" деп мұң шаққандар қатары Алматыда (34,2%), Оңтүстiк Қазақстан облысында (22,7%), Маңғыстау (20,6%), Батыс Қазақстан (18,1%), Қарағанды (17,1%) облыстарында кездескен. Бiздiң "Жемқорлық проблемасы бүгiнде кәсiпкерлер үшiн шынымен-ақ өзектi мәселе емес пе?" деген сауалымызға жауап берген ҚР Сауда-өнеркәсiп палатасының президентi Ерлан Қожасбай: "Кез келген зерттеу – субъективтi. Ол көптеген факторларға байланысты. Бiздiң Палата тапсырысымен арнайы жүргiзiлген бұл жоба қандай да бiр жағдайдың көрiнiсi болып табылады. Сауалнама нәтижесiнде жемқорлық бесiншi орында тұр. Демек өзге қиындықтарға қарағанда, кәсiпкерлер үшiн жемқорлық аса өзектi емес. Бұрын әкiмшiлiк кедергiлер алдыңғы қатарда тұрса, бүгiнде ол төртiншi сатыға сырғып, есесiне, өткiзу нарығының шектеулi болуы күр тәртiбiне шыққан. Мен мұнымен келiсемiн. Өйткенi территорияның үлкендiгiн, нарықтардың бiр-бiрiнен тым алшақ орналасуын ескерсек, шындыққа жанасады. Кедендiк Одақтың құрылуы нарық ауқымын кеңейтуге мүмкiндiк бередi. Осының арқасында елiмiздегi кейбiр компаниялардың тауар айналымы күрт өстi. Сонымен қатар зерттеуде айтылған әдiлетсiз бәсеке, әкiмшiлiк кедергiлер, қаржы тапшылығы секiлдi мәселелердiң қиындық туғызатыны да рас", – дедi.

Зерттеу қорытындысында алматылық респонденттердiң 40,4 пайызы келешегi үшiн алаңдайтындықтан, пессимистiк көзқараста болған. Дөңгелек үстелде сауалнаманың қорытындысымен танысқан Алматы қалалық кәсiпкерлiк пен өндiрушiлiк басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Рахметов: "Алматылық кәсiпкерлердiң 40 пайыздан астамы пессимистiк көзқараста болуы – мен үшiн тосын жайт. Өздерiңiз бiлесiздер, қала бюджетiне келiп түсетiн кiрiстiң 61 пайызын шағын және орта кәсiпкерлiктен түсетiн қаражат құрайды. ШОК-тi өрiстету, оны барынша дамыту бағытында Алматы қалалық әкiмдiгi тарапынан атқарылып жатқан шаруа көп. Сондықтан алдағы уақытта да кәсiпкерлермен барынша тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауға мүдделiмiз. 2011 жылдың 22 ақпанындағы көрсеткiштер бойынша Алматы қалалық үйлестiру кеңесiнiң шешiмiмен жалпы құны 23 млрд. теңгеге тең 23 жоба қаралып, жүзеге асыруға қарар қабылданған. 2131 жұмыс орны сақталып, 2460 жаңа жұмыс орны ашылды", – дедi. Осы мәселеге орай, бiзге пiкiрiн бiлдiрген Ерлан Қожасбай мырза: "Менiңше, мұның екi себебi бар. Бiрiншiден, Алматы – жылжымайтын мүлiк нарығы өте қымбат қала. Кәсiпорындардың көпшiлiгi құрылыс пен жылжымайтын мүлiк нарығы саласына маманданған. Сауалнама қатысушылары жағдайды жағымсыз деп бағалағандықтан, зерттеу көрсеткiшiн төмендеткен. Екiншiден, Алматыдағы бәсекелестiк өзге өңiрлерге қарағанда күштiрек, нарық ауқымы кең, халық саны көп. Бәсекелестiкке төтеп беру тұрғысынан алғанда, алматылық кәсiпкерлер шаруаға мығым әрi кәсiби сауатты, ақпаратқа дер кезiнде қол жеткiзедi. Осындай жайттар алматылық шағын және орта кәсiпкерлiк өкiлдерiнiң пессимистiк көзқарасты ұстануына себеп болуы мүмкiн". ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өндiрiсi кәсiпорындарының ассоциациясы президентiнiң орынбасары Евгений Бессонов Тимур Назханов көтерген салық мәселесiн қаузады. Оның айтуынша, отандық шағын және орта кәсiпкерлiкке арналған салық көлемiн 6 пайызға дейiн арзандату керек. Қосымша құн салығына (ҚСҚ) қатысты сын айтқан Бессонов шетелдiктерге салынатын қосымша құн салығы бiр бөлектiгiн, ал iрi бизнес өкiлдерiне түрлi жеңiлдiктер қарастырылғанын, кейбiреуi тiптi салық жауапкершiлiгiнен мүлде босатылғанын, есесiне шағын және орта кәсiпкерлiкке тиесiлi ҚСҚ тым көптiгiн айтты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары