Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: YМIТКЕРЛЕРГЕ ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIК ЖАСАЛҒАН ЖОҚ

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ: YМIТКЕРЛЕРГЕ ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIК ЖАСАЛҒАН ЖОҚ

Дихан ҚАМЗАБЕКҰЛЫ:  YМIТКЕРЛЕРГЕ ЖАЛПАҚШЕШЕЙЛIК ЖАСАЛҒАН ЖОҚ
ашық дереккөзі
196

Елбасы Н.Назарбаев кезектен тыс сайлау өткiзу жөнiнде жарлыққа қол қойғалы берi президенттiкке үмiткерлер Орталық сайлау комиссиясына өтiнiш берiп, лингвистикалық комиссияның сынағынан сүрiнбей өтуге тырысты. Олардың қазақ тiлiн қаншалықты деңгейде бiлетiндiгi арнайы белгiленген қатаң талаптар арқылы тексерiлдi. Ал лингвистикалық комиссияны кiм жасақтайды? Комиссия мүшелерi кiмдер? Бiз президенттiкке үмiткерлерден алғаш болып емтихан алатын лингвистикалық комиссияның мүшесi, филология ғылымының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлын аз-кем әңгiмеге тартып едiк.

– Дихан мырза, Президенттiкке үмiткерлердiң мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн анықтайтын комиссияны кiм тағайындайды? Олардың мiндетiне не жатады?

– Лингвистикалық комиссиясының құрамын Орталық сайлау комиссиясы тiл саласының жауапты азаматтарымен ақылдаса отырып тағайындайды. Оның iшiнде елiмiзге белгiлi әдебиетшi-ғалымдар таңдалып алынады. Конституцияға сәйкес, сайлау осымен үшiншi мәрте болып отыр. Бiрiншi комиссияның төрағасы, академик Әбдуәлi Қайдар болса, екiншi комиссияның төрағасы академик Өмiрзақ Айтбайұлы, ал қазiр академик, профессор Мырзатай Жолдасбеков төрағалық етуде. Бүгiн жұмыс iстеп жатқан комиссияның құрамында М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейiт Қасқабасов, А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының директоры Шерубай Құрманбайұлы, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық универститетiнiң кафедра меңгерушiсi Фаузия Оразбаева және мен бармын. Өзiм осымен екiншi мәрте комиссия мүшесi болып отырмын. Алдыңғы, яғни 2005 жылы болған комиссияда да болдым. Бiздi "бағалап берiңiздер" деп шақырды. Сондықтан бiз үмiткердiң саяси көзқарасын емес, қазақ тiлiн қаншалықты дәрежеде бiлетiндiгiн анықтаймыз.

Бұрын үмiткерлер алдына бiрнеше тақырып берiлетiн, яғни таңдауға мүмкiндiгi болатын едi. Ал қазiр әр шығарма тақырыбы конвертке салынады. Бiрiншiсi – жазбаша сынақ. Екiншi – көркем шығармадан мәтiн оқиды. Бұл да конверттен алынады. Үшiншi – еркiн әңгiме сынағы. Мұнда қазақ тiлiн бiлуiн анықтау үшiн қосымша сұрақтар қойылады. Әр үмiткердiң тақырыбы әртүрлi. Мәселен Елбасы "Әлем және Қазақстан" атты тақырыпта шығарма жазды. Одан соң Абайдың қарасөздерi мен өлеңдерi келдi. Мәнерлеп оқып бердi. Үшiншi – "Қоғам және демократия" деген тақырыпта еркiн әңгiме өрбiттi.

– Президенттiкке үмiткердiң бiрi қазақ тiлiнен 28 қате, ендi бiрi 36 қате жiберiп, сүрiнгенiн естiдiк. "Президент болам" деген арманды арқалаған азаматтардан қарапайым халық та мұндайды күтпеген болар…

– Әрине. Орфографиялық па, стилистикалық па, тыныс белгiсi ме, барлық қатесiн өз жүйесiмен көрсетiп, жазып қойдық. Мұның бәрi бейнежазбада сақтаулы. Мәселен емтихан алушы ретiнде Уәлихан Қайсаров мырзаны екiншi рет көрiп отырмын. 2005 жылы оның қазақ тiлге даярлығы бiршама тәуiр болатын. Әсiресе еркiн тақырыпты әңгiмелегенi есiмде қалыпты. Ал бұл жолы шығармасын айтпағанның өзiнде еркiн тақырыпта да көсiлiп сөйлей алмады. Содан кейiн бiр жолыққанымда "Уәлихан мырза, бұрынғы формаңыздан сәл айрылып қалыпсыз ғой" дедiм. Мысалы оған "Халықаралық ынтымақтастық аясындағы Қазақстан" деген тақырыпта еркiн әңгiме айту керек болып едi, сөйлей алмады. "Түркi ынтымақтастығы туралы не айтасыз?" деген сауалға екi сағат iшiнде Түркияның бiздiң тәуелсiздiгiмiздi мойындағанынан басқа ештеңе деген жоқ. Соған қарағанда осы мәселенi жиi көтеретiн қазақ газеттерiн оқымайтын болу керек, мәдени-ғылыми ортадан алшақ жүруi мүмкiн. Бұл – менiң жеке пiкiрiм. Ал Президенттiк сайлауға қатысуға өзiн-өзi ұсынған Астана қаласының тұрғыны Қанат Есжановқа да мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгермеген деген шешiм шығарылды. Ол жазба жұмысынан 36 қате жiбердi.

– Жалпы үмiткерлердiң интеллектуалдығы жайында не айтасыз?

– Уәлихан Қайсаров Қасым Аманжоловтың өлеңiн мәнерлеп, оқып бердi. Парасат-бiлiгi жоғары болғанмен тақырыпты бiлмейдi. Бiр қызығы, "Қандай классик-жазушыларды сүйiп оқисыз?" деген сұраққа кiбiртiктеп, сасқалақтап қалды ма, әйтеуiр жауап бермедi. Бәлкiм сасқандығынан емес, оқымаған да шығар деген ой келедi.

– Сонда жұрттың бәрi жата-жастана оқыған М.Әуезовтiң "Абай жолын" да оқымағаны ма?

– Оқыса, бiлсе, айтар едi ғой. Осыдан кейiн оның мемлекеттiк тiлдiң айналасындағы рухани дүниелердi қаншалықты дәрежеде бiлетiндiгiне күмәнмен қарауға болатын сияқты.

– Ол өзiнiң Жоғарғы сотқа шағымданғанын жеткiзген едi. Сiздер ештеңеден қаймықпайсыздар ма?

– Бiз бұған дейiн де бiрнеше мәрте кездесiп, сөйлестiк. Бiз неден қорқамыз? Бәрi жазбада сақтаулы. Бәлкiм ол өзiнiң заңгерлiк бiлiмiне қарай бiрiншi сынақтан құлап қалдым, тағы да тапсыруға мүмкiндiк алсам деген ниетпен айтып жүрген шығар. Егер лингвистикалық комиссияға байланысты мәселе болса, бәрi қағазда қатталып тұр. Орталық сайлау комииссиясы рұқсат берсе, оны кез келген адам көре алады.

– Қазақ тiлiнен сынақ тапсырған басқа үмiткерлер туралы пiкiрiңiз қандай?

– Мұсағали Дуамбеков тапсырды. Ойын жеткiзе бiледi, бiрақ елдi артынан ерте бiлетiн рухани терең ойлар айта алған жоқ. Қате жiбердi. Сәлiм Өтеннiң де жазбаша шығармасында тыныс белгiлерiнен, стилистикалық жағынан қателер бар. Бiрақ сөздiк құрастырып, кiтап жазып жүрген адам екен. Сондай-ақ Қанат Төрегелдиев, Гүлдана Тоқбаева және Мэлс Елеусiзов сыннан сүрiнбей өттi. Қанат Есжанов, Толыбай Баймурзин және Майя Қарамаева мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгермегенi үшiн Қайсаровтың қатарына қосылды. Менiңше, бұл жерде саяси тұрғыдан қысым болды деп айту қиын. Бұл жерде "Қазақ тiлiн бiле ме, бiлмей ме?" деген бiр-ақ талап бар. Қанға сiңген "жалпақшешейлiкпен" өткiзе берсек не болады? Бiлiм жүйесiнiң барлығында қазақ тiлi оқытылады. "Басқа пәндi беске оқиды, қазақ тiлiнен де бес қоя салайын" деген жалпақшешейлiк бұрыннан бар. Егер мектепте, жоғары оқу орнында талап қатаң болса, қоғамда қазақ тiлiн еркiн меңгергендердiң қатары артып, тiл мәселесi шешiлер едi. Сондықтан да лингвистикалық комиссияның талабын қоғам дұрыс түсiнедi деп ойлаймын. Тiптi комиссияның бiр мүшесi: "Қазақ тiлiнен қате жiберген адам ертең қандай президент бола алады?" дегендi ортаға салды. Дәл осы пiкiрдi сiз де, басқа да айта алады. Себебi бұл көзге көрiнiп тұрған шындық.

P.S. Лингвистикалық комиссияның мүшесi Дихан Қамзабекұлына "Ғани Қасымовтың қазақ тiлiн жетiк бiлуiне жұрт күмән келтiредi. Ол кiсi бұл сыннан қалай өттi?" деген сауалды да қойған едiк. Алайда бұл сұраққа тосылып қалған Дихан мырза "Сiз айып етпеңiз, қазiр бiрдеңе айтсам, саясатқа айналдырып аласыңдар ғой" деп күлумен ғана шектелдi. Расында да, Қазақстан патриоттары атынан ұсынылған үмiткер Ғани Есенгелдiұлына "мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген" деген ұйғарым жасауға не түрткi болды? Қазақ тiлiнде қамшы салдырмай сөйлейтiн Уәлихан Қайсаровты мемлекеттiк тiл сынағынан сүрiндiрген лингвистикалық комиссия сенатор Ғани Қасымовтың талабын оң бағалағаны ма?!

Әңгiмелескен Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары