ҰЛТТЫҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТI

ҰЛТТЫҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТI

ҰЛТТЫҢ АДАЛ ПЕРЗЕНТI
ашық дереккөзі
281

Таяуда «Орхон» Баспа үйiнен (2011 жыл. Алматы) көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, филология ғылымының докторы, партизан-жазушы Әди Шәрiпов туралы «Жақсылыққа жаралған жүрек» атты естелiктер жинағы жарыққа шықты. Осы кiтапқа алғысөз ретiнде жазылған төмендегi материалды назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Тұлға! Орысша – личность – қай жағынан қарасаң да, қалың қарадан ерек, жаратылысы бөлек бiтiм. Бұдан да әрiге тереңдесек, Тұлға – ұлты үшiн, елi мен жерi үшiн, мемлекет пен қоғам үшiн арпалыспен ғұмыр кешкен, осы жолда өзiн күрескерлiкпен шыңдай бiлген кесек бейне! Мiне, осындай дәрежеге жеткен Азаматты Тұлға десек, аузымыз толмас па! Жарасымды болмас па!

Бүгiнде жасы 70-80-дi еңсерiп тастаған аға ұрпаққа асыл бейне, кейiнгiге аты тек аңыз болған көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, бұрынғы партизан, сосын жазушы, азамат Әди Шәрiпов туралы осы кiтапты баспаға дайындау кезiнде менiң көкейiме ылғи да "Тұлға" деген сөз ұялай берген. Шын мәнiндегi Тұлға! Қай қырынан қарасаң да көз сүйiнтiп, көңiл көншiтер кесек бiтiм!.. Алайда бұған қоса мына бiр сөзге тағы қарап көрiңiз. "Жақсылыққа жаралған жүрек"… Бұл – сырбаз ақын Сырбай Мәуленовтың өзiнiң үзеңгiлес досы, замандас қаламдасы, кезiнде бар жағынан құрметтеген, қолыңыздағы кiтаптың бас қаһарманы Әди Шәрiповке қаратып айтқан сөзi. Бiз бiлетiн Сырағаң асыл сөзiн әркiмге қор ете бермейтiн, не айтса да әдiлiмен, ақжүрек, ақниетiмен айтатын арлы азамат едi десек, оның Әди аға туралы айтылған бұл сөзi де боямасыз, бүкпесiз, шын жүректен шыққанына осы кiтапқа кiрген кез-келген адамның кез-келген сөзi дәлел болары анық.

Расында, бұл жинаққа кiрген әр шығарманы оқығанда, Әдағаң қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, адамға жақсылық жасаудан еш танбаған, бұл жақсылығына еш уақытта қарымта күтпеген, адамға деген осындай iзгiлiк iсiнiң барлығын азаматтық парызым, перзенттiк борышым деп қана бiлген үлкен жүректi жан болғанына көз жеткiзер едiк. Және бiр қызығы, мұндағы естелiк иелерiнiң қай-қайсысы да құдды келiсiп алғандай-ақ бiрiнен бiрi Әдағаңның осындай тұлға ретiнде қалыптасу жолындағы қайсарлығы мен қайраткерлiгiн, адамдығы мен азаматтығын, iскерлiгi мен iрiлiгiн, Отанын, ұлтын сүйген ұлы патриоттың әр кездегi ерен ерлiктерiн бәрi де бiр кiсiдей сүйсiне еске алады, бiрiнiң айтқанын бiрi толықтыра отырып, көпке үлгi болар бiр адамның толыққанды бейнесiн жасайды. Егер бұл сөздерiмiздi таратып, тарқатып айтар болсақ, қолыңыздағы кiтаптан түйер түйiндерiмiз мынау болмақ:

Әди Шәрiпов – бүкiл жастығы мен есею жылдары аса қайшылықты, қан-қасапты, тар жол-тайғақ кешулi заманға тап болған, бiрақ сондай заманның өзiнде, алдымен Алла жар болып, сосын бойға бiткен барлық қайсарлығымен, тектiлiгiмен небiр қауiптi де қатерлi соқпақтардан аман өте бiлген, адамзаттық жолы тым күрделi Тұлға. Осы сөздердiң арасындағы "тектiлiгiмен" деген сөзге баса назар аударған жөн. "Шөп шыққан жерiне шығады", Әдағаңның өз әкесi Шәрiп те, атасы Қайранбай да Қағбаға тәу етуге жеткен қажы болса, сол сапарда екеуi де елге жетпей шейiт болса, оларды қалай Құдай жолындағы адал мүмiндер демеске. Құдай жолы – адамшылықтың, iзгiлiктiң, жақсылықтың жолы екенi белгiлi. Ең тамашасы сол, естелiктердi оқып отырғанда, Әдағаңның осы жолдан – адамшылық, iзгiлiк, жақсылық жолынан ғұмыр бойы айнымағанын көрiп риза боламыз. Нағыз тектiлiк дегенiмiз осы болса керек. Институтта оқып жүрген кезiнде, әлдебiр тексiз курстастың бұны "қажының баласы" деп көрсетiп жiберуiнен қаншама зардап шексе де, кейiн министр болып тұрған кезiнде сол тексiз "неменiң" өзiне жақсылық жасауының өзi Әдағаңның шын мәнiндегi тектiлiгiн көрсетедi. Бұл – әрине Әди өмiрiнен алынған мың мысалдың бiрi ғана.

Әди өмiрi дегенде еске түседi, ол өзiнiң ғұмырында Абайдың мына бiр өлең жолдарын үнемi басшылыққа алып отырғандай көрiнедi:

"Өзiңе сен, өзiңдi алып шығар,

Еңбегiң мен ақылың екi жақтап".

Иә, Әди аға ғұмыр бойы тек өзiнiң еңбегi мен ақылына, қала бердi қайраты мен қажырына сенiп өткенi байқалады. Осы еңбек пен ақыл қайратпен қосылып, оны бiр биiктен бiр биiкке көтередi. Қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да, ол зор құрметке, үлкен абыройға бөленедi. Жақсының аты – жақсы. Азамат Әди Шәрiпов мектепте мұғалiм, соғыста партизан, бейбiт өмiрде мемлекет, қоғам қайраткерi, әдебиетте үлкен жазушы, ғылымда үлкен ғалым бола жүрiп, атағынан ат үркетiн небiр мансаптарды иелене жүрiп, ол ешқашан адамдығын, адамшылығын ұмытпайды. Осы қасиетi оны тек үлкен әрiппен жазылар Адам дәрежесiне көтередi. Сол үлкен адамның шарапаты мен жақсылығы кiмге тимеген! Әлсiз жасқа… дәрменсiз кәрiге… жазықсыз жапа шеккенге… талайсыз бейбаққа… қызметтес досқа… қатарлас әрiптеске… тiптi жоғарыда айтқандай, өзiне қастық iстегенге де! Мiне, тағылым дегенiмiз осы емес пе!

Әди Шәрiпов тағылымының тағы бiр үлгiсi төмендегiдей:

Ол кеңестiк идеологияның қылышынан қан тамып тұрған дәуiрде өмiр сүрдi. Қатардағы қараның бiрi емес, аса iрi қызметтер атқарды. Сөйте тұра, оның ағысқа қарсы жүзген кездерi де өте көп. Әсiресе ұлт, қазақ мәселесiне келгенде. Мәселен ол министр болып тұрғанда, мына қызметiм қалай болып кетер деп, жоғары-дағылардың қас-қабағына қарап жалтақтамай, жасқақтамай қаншама қазақ мектебiнiң ашылуына жол ашты, қазақ тiлiне қатер төнген сәттерде жан аямай қарсы тұрды, қай уақытта да көркем тiлдiң қазан-ошағындай болған Жазушылар одағына, сол тiлдiң шебер ұстасы – қаламгер қауымға қаншама жағдай жасады. Әдағаңның бұл қызметiн ерлiкке бағалауға болады. Тоқ етерiн айтқанда, ол ұлт мүддесi жолындағы күресте де партизандық жаужүректiгiнен танбаған ғой.

Әдағаңның дүниеден өткенiне бiраз жыл болды. Осы аралықта оның атына Алматыда бiр мектептiң, бiр көшенiң аты берiлдi, Әди Шәрiпов мұражайы ашылды. Ол туралы көптеген ғибратты естелiктер жазылды. Бұл жұмыстың басы-қасында ылғи да оның адал жары Клара Жағыппарқызы Мыңжасарова жүргенiн ризашылықпен айтқан жөн.

Осындай адал жары, асыл достары, сүйiктi шәкiрттерi, ең бастысы, туған халқы барда, Әди Шәрiпов есiмi ешқашан ұмытыл-майтыны, оның екiншi ғұмыры тым ұзақ болары анық.

Дидахмет Әшiмханұлы

Серіктес жаңалықтары