Манчестер метрополитен университетінің зерттеушілері анар экстракты егде жастағы адамдарда «жастық гормоны» саналатын IGF-1 деңгейін арттыратынын анықтады. Нәтижелер Nutrients журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Зерттеуге 55–70 жас аралығындағы 72 ерікті қатысты. Олар 12 апта бойы күн сайын 740 мг анар экстракты бар капсуланы немесе плацебо қабылдады. Үш айдың соңында анар алған топта IGF-1 гормонының деңгейі едәуір өскені байқалды.
IGF-1 жасушалардың жаңаруына, бұлшықет пен сүйектің мықты болуына, қан тамырлары мен мидың жұмысын жақсартуға ықпал етеді. Әдетте жас ұлғайған сайын бұл гормонның деңгейі төмендеп, әлсіздік пен түрлі аурулардың даму қаупін арттырады.
Анар экстракты теломерлерге – хромосомалардың ұшындағы жасушалық қартаюды көрсететін «қорғаныш қақпақшаларына» – айтарлықтай әсер етпеді. Дегенмен IGF-1 артуы қан тамырлары жүйесі мен жалпы жағдайға пайдалы болуы мүмкін.
Ғалымдар бұл нәтижелер үміт күттіретінін атап өтті, бірақ анар экстрактының ұзақ мерзімді әсерін және ықтимал қауіптерін нақтылау үшін қосымша зерттеулер қажет екенін ескертті.