ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ САУДА

ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ САУДА

ШЕКАРА МАҢЫНДАҒЫ САУДА
ашық дереккөзі
352

"Қорғастың" ашылатын күнi алыс емес

Қазақстан мен Қытай тараптары бiрлесе атқарып жатқан бұл жобаға әлемде балама жоқ шығар. Сауда-саттық саласында әлi ешкiм қолға алмаған, бiрегей iс – бұл.

Бiрнеше ғасырлық тарихи байланысы бар тату екi елдiң дәл бұлайша, екi мемлекет шекарасында Шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығын тұрғызу жөнiнде бiрлескен шешiмге келуi – бұрын-соңды болмаған жағдай. Тараптардың көздеп отырғаны – Қытай мен Қазақстанның азаматтары мен кәсiпкерлерi арасындағы сауда қатынасын жеңiлдету. 2018 жылы бұнда, Қорғаста 528 гектар жерде өзiнiң инфрақұрылымы, коммуналдық желiсi, әкiмшiлiк ғимараттары, көрме ғимараттары және кедендiк бақылау пунктi бар тұтас "қала" бой көтермек.

Бұнда Қытайдың түкпiр-түкпiрiнен тауарлар жеткiзiледi. Сол кезде кәсiпкерлерiмiзге Қытайдың шалғай қалаларына бару үшiн виза ашқызудың қажетi болмай қалады. Қорғасқа келiп, ұнаған тауарды таңдап, тапсырысты рәсiмдеп, әрi қарай оның жеткiзiлуiн күту ғана қажет. Барлығы айтарлықтай жеңiлдейдi. Жеке тұлғаларға жеке тұтыну үшiн елу келiден артық емес және құны мың бес жүз еуро тұратын тауарды кедендiк рәсiмдеусiз сатып алуға болады. Бұл – көптеген азаматтардың қызығушылығын арттыратыны сөзсiз. Қаладан небәрi үш жарым сағаттық жерден тауарды қытайлық өндiрушi-кәсiпорындар бағасымен сатып алуға мүмкiндiк туған жағдайда, алматылықтардың барахолкаға баруға ықыласы төмендерi анық. ШЫХО құрылысы осылайша ел экономикасының әрi қарай дамуына үлкен серпiлiс әкелмек.

Айтпақшы, орталықта тек қытай тауарлары ғана болмайды. Бұнда қазақстандық өндiрушiлердiң және үшiншi елдер өндiрушiлерi мен кәсiпкерлерiнiң де мүддесi көзделген. Кедендiк одақ құрылған қарсаңда бұл iстiң маңызы зор болып тұр.

Осы турасындағы ой-пiкiрiн Панфилов ауданының әкiмi Ермек Келемсейiт былай деп жеткiздi:

"Ауданымыздың, оның iшiнде Жаркент қаласының барлық болашағы Шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы құрылысымен тiкелей байланысты. Бiздiң аумақ арқылы "Батыс Қытай – Батыс Еуропа" автокөлiк жолы өтедi. Осы жолдың бойындағы барлық сервистiк қызмет жобалану үстiнде. Ауданымыздың үстiмен жолдың тоқсан шақырымы өтедi. Қорғасқа дейiн темiржолдың құрылысы жүргiзiлуде. Бұл – бiздiң аудан тұрғындары үшiн жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Бүгiнде ШЫХО-ның өзiнде Қорғасқа жақын поселке тұрғындары үшiн жаңа жұмыс орындары құрылуда. Тiптi бос жұмыс орындары пайда болды қазiр бiзде. Жұрт қазiрде жалақысы аз жұмыстарға барғысы келмейдi. Сенсеңiз, бiз бүгiнде аула тазалықшылары штатын жасақтай алмай отырмыз. Жұмыспен қамту орталығына ешкiм бармайды. Өйткенi жұмыс жеткiлiктi. Жеке инвесторлар қаржысын тарту арқылы iске асатын үлкен құрылыстар тек ШЫХО аумағында ғана емес, қанаттас жерлерде де жүргiзiледi. Олар – мейрамханалар, қонақүйлер және сервистiк орталықтар".

НЫСАННЫҢ ӨЗIНДЕ

Егер тоқсаныншы жылдар басында көптеген тұрғындар Жаркент пен осы маңдағы поселкелердi тастап жұмыс iздеп Алматы мен Астанаға жөңкiлген болса, бүгiнде жағдай күрт өзгерген. Жұрт өзiнiң атамекенiне қайтадан орала бастады. Ауыл шаруашылығы аяғынан тұрып, шекаралық сауда айналымы қарқын алуда.

Бүгiнде барлық уақытта, тiптi суық ауа райына да қарамастан құрылыс жұмыстары қарқынды жүргiзiлуде, құрылыс орны тегiстелiп, қазiргi уақытта өрт сөндiру қызметi депосы, полиция учаскесi ғимараты, қазандық, әкiмшiлiк ғимараттар кешенi тұрғызылды.

ШЫХО инфрақұрылымының сексен пайызы аяқталып тұр. Iстi тек аяз ғана кiдiртуде. Өйткенi құрылыс СНИП-ы кейбiр жұмыстарды суық мезгiлде жүргiзуге рұқсат бермей отыр. Алайда, қыс аяқталысымен құрылыс толық көлемде жүргiзiле бастамақ. Осы кезде мұнда мыңға жуық жұмыскер еңбек ететiн болды.

КЕЛЕШЕККЕ СЕНIМ МОЛ

"Қорғас" ШЫХО" АҚ вице-президентi Людмила Александровна Кайдаш: "Осы жылы нысанның iске қосылу рәсiмiн өткiзу жоспарланып отыр. Алайда бұл тұтас кешендi толықтай пайдалануға беру деген сөз емес, кейбiр кемшiн тұстарды жетiлдiре түсуiмiз керек. Кесте бойынша нысанды iске қоса беремiз, ал жылумен, электрмен жабдықтау, канализация науларын тазалау секiлдi мәселелер кейiнiрек шешiлмек. Қазiр ең бастысы – мемлекеттiк шекара күзетi нұсқасын құру. Құрылысы толық аяқталған соң ШЫХО Кедендiк одақ құрылымындағы шешушi бөлiмнiң бiрi бола алады. Сондай-ақ ресейлiктер мен белорустар бiз туралы бiледi. Олар бiзбен жұмыс iстеуге даяр. Ресейлiктер бiзге келiп жатыр. Қазiрдiң өзiнде орталық аумағында бiрнеше жер учаскесiне ресейлiк бизнес өкiлдерi өз инвестицияларын салады деп күтiлуде",– дейдi.

2011 жылдың бiрiншi шiлдесiнде ШЫХО-ның ашылу салтанаты болады деп жоспарлануда. Оған дейiн Шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығындағы жылу, су, электр қуатын беру секiлдi барлық инфрақұрылым дайын болмақ. Бұнда асфальт жолдар, тротуарлар төселедi, толықтай көгалдандыру жүргiзiлген. Инвесторларға ғимараттар, қоймалар, көрме орталықтары мен қонақүйлер құрылысына қаржы жұмсау ғана қалады. Сондықтан қазiрдiң өзiнде мемлекет өз жұмысының басым бөлiгiн атқарды деп айтуға болады. Ендiгi жұмыс елiмiздiң iрi және орта бизнес өкiлдерiнiң қолында. Мемлекет оларға табыстың жаңа кепiлдендiрiлген көзiн ұсынады. Ал қосымша табыс керек пе, жоқ па, оны бiздiң кәсiпкерлер өздерi шешетiн болады…

Едiге БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары