МҮБӘРАК МӘУЛIТ

МҮБӘРАК МӘУЛIТ

МҮБӘРАК МӘУЛIТ
ашық дереккөзі
210

Алла Елшiсiн (с.а.у) жақыннан танып бiлгендер оны ардақ тұтып, қатты жақсы көрдi. Қаншама ғасырлардан берi, дүйiм жұрт Алла Елшiсiнiң (с.а.у) өзiне баурап алатын рухани тартылыс күшiне сәмбi талдай иiлiп, Хақ жолына қалтқысыз қызмет етуде. Ғалам тарихына көз жiберткен болсаңыз, Пайғамбарымыз (с.а.у) көрсетiлген құрметтiң, басқа ешкiмге көрсетiлмегенiне көз жеткiзесiз. Алла Елшiсiнiң (с.а.у) өмiр сүрген дәуiрiнде оны өз көзiмен көрген бақытты жандар (сахабалар) болды. Бiр кезеңде Оны көргендердi көру арқылы бақытқа (табиндер) қол жеткзiп, соларды көзiмен көруге ынтыққандар (тебе-табин) болды. Бұл – Алла Елшiсiнiң: "Ең жақсы ғасыр – менiң өмiр сүрген ғасырым, одан кейiнгi жақсы ғасырлар, бұл ғасырлардан кейiнгi ғасырлар", – дегенiмен үндесуде.

Пайғамбарымыз (с.а.у) жамандық атаулы жер бетiн жайлап алған қараңғылық дәуiрiнде дүниеге келдi. Надан арабтардың азғынданғаны соншалықты, нәресте қыздарды тiрiдей жерге көметiн. Кейбiр тайпалардың дәстүрiнде жалқыға тиiстi (әйелдер) құндылықтар, бәрiне ортақ саналатын. Пайғамбарымыз (с.а.у) осындай тұрпайы тобырдан адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған әдiлеттiлiктi һәм ар мен ұятты ұлықтаған, мейiрiмдiлiк пен қайырымдылықты заңдылыққа айналдырған, қой үстiнде бозторғай жұмыртқалаған керемет қоғам жасады. Сондықтан Мұхаммед (с.а.у) оның өмiр сүрген қоғамын, оның дәуiрiн ешқандай бiр реформатормен, ешқандай бiр қоғаммен, ешқандай бiр тарихи кезеңмен салыстыруға келмейдi. Пайғамбарымыз (с.а.у) адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған теңдессiз тұлға-тын. Пайғамбарымыз (с.а.у) тұлғасы несiмен ерекшеленедi дегенде, ол өз дәуiрiнiң iрiлi-ұсақты бүкiл мәселелерiне реформа жасады. Өзi танып-бiлген барлық адамдардың көңiлiне қуаныш ұялатып, жүректерiне гүл ектi. Тiптi әрбiр науқас адамдардың қалiн сұрап, көңiл айтуды да ешқашан ұмыт қалдырған емес. Сол шақтағы күллi рухани сырқаттардың ем-шипасын жасап, артынан өзiнiң өкшесiн басар Исламдық үрдiстi жалғастыратын кемелдi iзбасар буынды тәрбиелеп қалдырды.

Кезiнде Рим мен Грецияда және өзгеде елдерде үлкен өзгерiстер болды. Алайда, бұл елдердегi үлкен өзгерiстерде iзгiлiкпен қатар кейбiр салаларда керi кетушiлiктер де орын алып, адамгершiлiк құндылықтар аяққа тапталды. Бұл ұлы өзгерiстерде саяси-экономикалық iлгерiлеумен бiрге зорлық-зомбылық пен қиянаттың небiр түрi орын алып, адамзат баласының көз жасы көл, қаны судай болып ақты.

Ал екi дүниенiң төресi болған Алла Елшiсiнiң (с.а.у) адамзат қоғамына әкелген илаһи түзiмi мейiрiмдiлiк пен рахымдылықтан тұратын. Құран Кәрiмде: "Бiз сенi бүкiл әлемге рахым етiп қана жiбердiк" (Әнбия, 106) деп бұйырылған. Алла Елшiсi (с.а.у) илаһи бұл пәрмендi өзiнiң өнегелi ғұмырымен сәттi һәм салтанатты түрде жүзеге асырды. Ол (с.а.у): "Мен лағынеттеушi емес, рахым етушi етiп жiберiлдiм" деген болатын. Оның (с.а.у) соңынан ергендер алғашқыда қайғы-қасiретке душар болғанмен, мұсылмандық қозғалыстың нәтижесiнде араб қоғамындағы қараңғылық пен қарадүрсiндiктi еңсерiп, ар мен әдiлеттi ту етiп ұстаған кеуделi қоғамды құрды. Алла Елшiсi (с.а.у) Меккенi азат еткенде, мұсылмандық қозғалыстың ең қас дұшпаны болған Меккелiк Құрайыш мүшiрiктерiн "Барыңдар, бүгiн барлығың азатсыңдар, ешкiм де жауапқа тартылмайды", – деп, асқан дегдарлық танытып, оларды өзiнiң мейiрiмiне алды. Әлбетте, Алла Елшiсi (с.а.у) қалаған болса, Меккелiк мүшiрiктердiң өзiне көрсеткен қорлығы мен құқайының қарымтасын қайтаруға қақылы-тын. Бiрақ Алла Елшiсi (с.а.у) Құранда бұйырылған өзiнiң бiтiм-болмысына сай, әрбiр iстi мейiрiм мен рахым және парасат-пайыммен шешудi таңдады.

Ғасырымыздың кемеңгер ойшылдары Пайғамбарымызға (с.а.у) өнегелi өмiрiне былай деп баға бередi: жүздеген данышпан адам Араб түбегiне барған болсақ, бүгiнгi күннiң соншама жетiстiктерiне қарамастан, адамзаттың мақтан тұтар тұлғасының (с.а.у) бiр жылда жасаған iсiн, бiз жүз жылда да жасай алмаған болар едiк. Айталық шылым шеккен бiр адамға он адам келiп, шылымның адам ағзасына әкелер зиянын, оның қатерлi iсiк ауруын тудыратынын қанша түсiндiрiп бақса да, оған шылым шегуiн қойдырта алмайды. Ал Пайғамбарымыз (с.а.у) өмiрiне көз жүгiртер болсақ, айналасындағы адамдардың қанына сiңiп қалған қаншама жаман мiнездердi бiр сәтте түп-тамырымен қоса жұлып алып, олардың орнына нағыз адами құндылықтарды ектi. Жаман әдеттердi бiр сәтте жоюға байланысты, арақ iшуге тыйым салған кездегi жағдай бiзге маңызды мысал бола алады: өзiңiз ойлап көрiңiз әбден араққа бой адырған, iшпеген кезде көзi қарайып, басы айналатын бiр қауым "арақ iшу харам" деп айтылған сәт, аузына дейiн апарып iшейiн деп тұрған кесесiн аузына апармай жерге лақтырған едi.

Алла Елшiсi (с.а.у) өмiр сүрген алтын ғасырымен қиямет-қайымға дейiнгi аралықтағы ең маңызды деген оқиғаларды, бұлардың себептерi мен салдарын жiпке тiзiп көрсетiп, бiзге ескертiп кеткен. Пайғамбарымыз (с.а.у) бұл хадис-шарифтерiнде Моңғол шапқыншылығын, Сирияның жаулап алынуын, Ефрат өзенiнiң құнының қалай асқақтайтынын, Таликан мұнай көзiнiң ашылатындығын, ақырзаманның бүлiктерiмен азғынданған адамзат баласының мiнез-құлқының қалай болатындығына дейiнгi оқиғалардан хабар бередi. Бұл жағдайлардың болып жатқандығын көрiп тұрып Оның (с.а.у) Хақ Елшiсi екендiгiн мойындамасқа лажың қалмайды.

Ғылыми, жаратылыстану мен технологиядан бейхабар, өмiрiнде екi ауыз сөз жазу жазбаған, Алла Тағаладан басқа ешкiмнен ештеңе үйренбеген Мұхаммед (с.а.у) өткен өмiр мен келешектi көзбен көрiп қолмен ұстағандай етiп бiлгендiгi, сөз жоқ, оның кемеңгерлiгi һәм ұлылығы болатын.

Алла Елшiсiнiң (с.а.у) жалқыға болсын, жалпыға болсын әкелген оң өзгерiстерiн мен реформаларын, егер кiтап етiп жазар болсақ, том-том кiтаптарға симаған болар едi. Дегенмен Алла Елшiсiнiң (с.а.у) пайғамбарлыққа тән мынандай ерекше сипаттары бар-тын:

Уахданиет – Ол (с.а.у) бүкiл ғұмырында Ұлы Жаратушының бiр, тек жалғыз екенiн үндеумен болды. Тiптi Алла Елшiсi (с.а.у) пайғамбар болмастан алдында надан арабтарша пұттарға табынған емес-тiн. Жас күнiнде пұтқа тағзым ету мерекелерiне барғанда басы айналып талықсып кетiп, бейне иллаһи күш оны "уахданиетке" қарсы келуден арашалайтын.

Әдiлет – Алла Елшiсi (с.а.у) туа бiттi әдiлеттi болатын. Ол жиырма жасқа толғанда Меккеде Хилфул-Фудул (намыс одағы) қоғамы құрылды. Бұл қоғам Меккеге сырттан келгендердiң құқығын қорғауды мақсат еттi. Алла Елшiсi (с.а.у) жастығына қарамай осы қоғамдық ұйымды құрушы һәм қоғамдық ұйымның ережелерiн белсендi түрде жүзеге асырушылардың бiрi болды. Меккелiк кейбiр аристократтар сырттан келген кейбiр қамқорсыз жандарға күш көрсетiп, дүние-мүлкiн тартып алып, тiзесiн батыратын. Осы кезде Алла Елшiсi (с.а.у) әлгi қамқорсыз жандарды жанын салып қорғайтын. М.Хамидуллаһ: Әбужаһилдiң әлсiздерге әлiмжеттiк жасап, бұған Мұхаммед (с.а.у) қарсы тұрып, Хилфул-Фудул жарғысына сай жәбiр көрушiнiң көрген зиянын өтеуге мiндеттейтiн. Ол екеуiнiң арасындағы дұшпандықтың осы кезден-ақ басталғандығын айтады.

Аманат – Алла Елшiсi (с.а.у) ешқашан аманатқа қиянат жасаған емес. Пайғамбарлыққа дейiнгi ғұмырына көз жiберетiн болсақ, Мекке қаласында кез-келген жан сапарға шығатын болса, қимас мүлкiн Мұхаммед (с.а.у)-ға аманаттайтын едi. Кейбiр деректерге қарағанда арабтар Пайғамбарымызға (с.а.у)-ға әйелдерiн де аманаттайтын болған. Сондықтан да арабтар Алла Елшiсiн – "Мұхаммед-Әмин" (Сенiмдi Мұхаммед) деп атады. Кейiн мұсылмандар пұтқа табынушылардың зорлығына шыдай алмай Меккеден Мәдинаға көшкенде Мұхаммед (с.а.у)-ның кешеуiлдеуiнiң себебi, Құрайыш пұтқа табынушылары Пайғамбарымыз (с.а.у)-мен қанша дұшпан болса да, оған дүние-мүлiктерiн аманаттайтын. Алла Елшiсi (с.а.у) уақыт күттiрмес қасиеттi көш реформасы кезiнде де өзiне деген сенiмге селкеу түсiрмей, пұтқа табынушылардың аманатын өз иелерiне қайтарып, көштiң соңында қалған едi.

Фатанат – Алла Елшiсi (с.а.у) ақылмен бiте-қайнасып туған-тын. Оның әрбiр iс-әрекетi ақылдан тұратын. Ақылға терiс оның бiрде-бiр сөзiн немесе iс-әрекетiн көре алмайсың. Өйткенi Ұлы Жаратушы өзiнiң сүйiктi Елшiсiн әу баста-ақ имани ақылға малып, оның өмiрi мен тағдырын ақылмен өрген-тiн. Алла Елшiсi (с.а.у) де әрбiр iстi ақылымен таразылап, байыпты түрде iске асыратын. Ол дiннiң өзегi ақыл екендiгiн "Ақылы жоқтың – дiнi жоқ" деп ұқтырған болатын.

Исмат – Алла Елшiсi (с.а.у) күнәсiз-тiн. Оның күнәсiз болуы, Ұлы Жаратушының оның бойына күнәсiздiк ұрығын (исмат) егуiнде болатын. Пайғамбарлар қате жасауы мүмкiн. Бiрақ күнә жасауы мүмкiн емес. Олар ең жақсыны емес, жақсыны таңдаған болса, қате жасаған болады. Яғни пайғамбарларды, қате жасағанда да пенделiкке тән қате жасаудан пәк деп ұққанымыз жөн.

Тәблиғ – Алла Елшiсi (с.а.у) тылсымнан келген илаһи жарлықты теңдессiз ғибрат тұрғысында түсiндiретiн. Оның әрбiр мәселенiң мән-жәйiн терең бойлап, көзбен көрiп, қолмен ұстағандай етiп ұғындыратын. Қажет кезде базбiр мәселелердiң шешiмiн көркем мiнезiмен меңзейтiн. Оның сөйлеген сөзi мен шығарған шешiмiнен әсте мiн табу мүмкiн емес-тiн. Оның осындай өнегесiнен мысал келтiрер болсақ:

Мұхаммед (с.а.у) қылмысқа жаза беруден бұрын, мұсылмандарға қылмыс жасамауды насихаттады. Исламнан бұрынғы қараңғылық дәуiрдегi тайпалық түсiнiк бойынша қылмыс саналмаған кейбiр санаға сiңiп қалған қасаң әдеттердi, жазалап емес, мүмкiндiгiнше ол әдеттiң келтiрер зиянын айтып, түсiндiруге тырысты. Бiр күнi мұсылмандықты қабылдағанымен қараңғылық дәуiрде бойына сiңiп қалған зинақорлық секiлдi жиiркенiштi әдетiнен арыла алмаған бiр жас жiгiт Мұхаммед (с.а.у)-ға келiп:

– Ей, Аллаһтың Елшiсi, маған зина жасау үшiн рұқсат берсең?! – дейдi. Пайғамбарымыздың жанында отырғандар жiгiттiң әбес өтiнiшiн ести сала, оған бiрден ұрса бастайды. Сонда Мұхаммед (с.а.у) жiгiттi қасына шақырып, былай дейдi:

– Осындай нәрсенiң сенiң анаңа жасалғанын қалар ма едiң?

Жiгiт:

– Әке-шешем Сенiң жолыңда құрбан болсын, ей, Алланың Елшiсi, әрине қаламаймын! – дейдi тiксiнiп.

– Ешқандай адам анасына мұндай жиiркенiштiлiктi қаламайды. Сенiң қызың болса, оған осындай нәрсенiң жасалғанын қалар ма едiң?

Жiгiт:

– Жаным Саған құрбан болсын, ей, Расулалла, еш қаламас едiм! – дейдi жаны одан сайын түршiгiп.

– Ешбiр жан да қызына мұны тiлемес едi. Ал әпкелерiңе осындай нәрсе жасалғанын қалар ма едiң?

– Жоқ, Пайғамбарым, мұны да қаламаймын.

– Ешкiм де әпкелерiне мұндай сорды қаламайды. Қарындастарыңа ше, оларға осындай жамандық жасалғанын қалар ма едiң?

– Жоқ, қаламаймын.

– Ешкiм де қарындастарын қасiретке душар еткiсi келмейдi, – деген Алла Расулы (с.а.с.) қолын әлгi жiгiттiң жүрек тұсына қойып: "Аллам, бұның күнәсiн кешiр, жүрегiндегi жамандықтарды тазала, намысын сақтауға жәрдемшi бол!" – деп дұға етедi. Мiне осылайша, жiгiтке ашуланбай, оның көңiлi жай табатындай етiп зинақорлықтың жиiркенiштiлiгiн жанды мысалдармен түсiндiрiп, соңында әкелiк мейiрiм танытып, жанын құрттай жеген әлгi күнәдан құтылуы үшiн дұға етедi.

Алла Елшiсiнiң (с.а.у) туған күнiн тойлауды базбiр зерттеушiлер "бидғат" (дiнде жоқ ережелер) деп бiледi. Дiнге кейiннен енген рәсiмдер Исламға қайшы және қайшы емес болып екiге бөлiнедi. Пайғамбарымыздың (с.а.у) туылған күнiнде оны еске алып, оның адамзат баласына қалдырған өнегесiн қастер тұту, әсiлi Исламға қайшы емес.

Әрбiр жылғы мәулiт мейрамы сайын (әрине күн сайын Алла Елшiсiн қастер тұтқан болсақ, оған не жетсiн) мына беу дүниенi түнектен арылтушы адамзаттың мақтан тұтар тұлғасы Мұхаммед (с.а.у)-ға салауат айтып, оның өнегелi өмiрiн ардақтап, оның сүннетiнен қуат алып жаңаша түлеу, Исламның шоқтығын биiктете түсетiнi анық. Лайым, Мұхаммед (с.а.у)-ның үмбетi саналар қазақ жұртшылығы да осы мәулiт мейрамындағы рухани нәрден сусындап, келешегiн кемелдi етсiн һәм қасиеттi мәулiтте Хақ-Тағаланың құт-берекесi арта берсiн деп тiлеймiз!

Ақмарал САТЫБАЛДЫ

Серіктес жаңалықтары