Тоқтар ӘУБӘКIРОВ: МАҒАН ӘУЕЛI ҚҰДАЙ, СОСЫН ХАЛҚЫМ ЖАР
Тоқтар ӘУБӘКIРОВ: МАҒАН ӘУЕЛI ҚҰДАЙ, СОСЫН ХАЛҚЫМ ЖАР
Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, қоғам қайраткерi, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкiров соңғы кезде халық арасына сирек шығады. Ол бұған дейiн баспасөзге берген сұхбатының бiрiнде: "Жылқы малына деген сүйiспеншiлiгiм алабөтен. Жылқылардың өрiсте құйрық-жалдарын төгiлтiп шауып жүргенiн тамашалауды ұнатамын", – деп Қамбар атаның тұқымын өсiрiп жатқандығын айтып едi. "Қазақ журналистерiнiң клубына" Тоқтар Әубәкiров келедi екен" деген жағымды хабарды естiп бiз де жеттiк алып-ұшып. Қазақтың маңдайына бiткен алып тұлғалы ұшқышпен жүздесудiң өзi бақыт емес пе?! Өзiн салмақты, байыпты ұстайтын Тоқтар ағаның әңгiмесi де сан алуан тақырыпта өрбiдi.
– 1990 жылдары малды құртып алып едiк. Қазiр бiртiндеп мал шаруашылығын қолға ала бастадық. Өзгесiнде болмаса да, ауылдағы жұрттың қолында мал бар. Олар сол малмен күн көрiп жатыр. Ауылда туылсам да, өмiр-бақи қалада жүрдiм. Сөйтсем де, "Қазақты асырайтын – мал. Малды жоймаңдар!" деп талай депутаттық сауал жолдадым. Бiр ауылда бiр өнеркәсiп жоқ. Халық жұмыссыздықтың зардабын тартуда. Ешкiмге қол жаймай-ақ қорасындағы азды-көптi малының етiн жеп, сүтiн iшiп отыр. Тәубе деу керек, анау Ресейдегi орыстар басын арақтан көтере алмай жатыр. Әрине бiзде де iшiмдiкке салынып жатқандар бар, бiрақ дәл Ресейдегiдей емес.
Бүгiнгi халықты кешегi күнмен салыстыра алмайсың. Шалғайдағы ауылдағы жұрттың да сезiмi оянды. Көзi ашық. Олар да газет оқиды. Саясаттан да, елдiң әлеуметтiк жағдайынан да хабардар. Ауылда халықтың 40 пайызы тұрады. "Отан – бiздiң анамыз. Бiрақ мемлекет бiзге неге көмек көрсетпейдi? Бiздi неге ұмытып кетедi?" деп жыларман күй кешкенде, бiз оларға: "Күте тұрыңдар, сендерге де уақыт келедi" деп алдауқаратамыз. Бiрақ ауыл тұрғындарының тұрмысын ойлайтын уақыт қашан келедi?
Академик Асқар Жұмадiлдаев "Қазақтың маңдайына бiткен екi-ақ ғарышкерi бар. Соның бiреуi ауылда жылқы бағып жүр…" деп менi айтыпты. Иә, қорамдағы 4-5 жылқыма қараймын. Жылқы – сатқын емес. Ол сенi қарсы алады, тыңдайды, ақыл қосады. Көңiлiң құлазыған кезде рух бередi. Арасында Тұран-Астана университетiнде дәрiс беремiн. Себебi зейнетақы жетпейдi.
– Биыл Гагариннiң ғарышқа ұшқанына 50 жыл. Ресей бұл айтулы датаны үлкен той қылып, дүрiлдетiп өткiзгелi жатыр. Осыған байланысты Ресей тарапынан ұсыныс түстi. Тiптi ғаламторда бiрiншi қазақ ғарышкерi Әубәкiровтi шақырамыз деп, ағылшынша да жүр, орысша да жүр. Олар шақыруында "Бағдарламаның бәрiне қатысасыз. Кремльге де қонақ боласыз" дедi. Ал бiздiң мемлекетте аталып өтiле ме, жоқ па, бiлмеймiн. Әзiрге ешкiм ештеңе айтқан жоқ.
Ал қазiр бiзде екi ұшқыш – Мұхтар Аймаханов пен Айдын Айымбетов те дайын тұр. Оларды ұшыру үшiн әрқайсысына шамамен 20 млн. доллар сұраған болатын. Алайда дер кезiнде бұл қаржыны тауып бере алмағандықтан да кейiнге шегерiлген-дi. Ендi қазiр ақша бөлiп едi, бiрақ ресейлiктер қабылдамай жатыр. Өйткенi бұдан былай Американың "Шаттл" зымыран тасығыштары жiберiлмейдi екен. Ол Ресейде ғана бар. Ресейлiктер оны бес жылға жалға алған. Жылына үш-төрт рет ұшырылса да, мiндеттi түрде оның екеуi АҚШ азаматы болады. Неге десеңiз, халықаралық станцияның 70 пайызы АҚШ-қа тиесiлi. Ресейлiктер болса, өз ғарышкерлерiн бiр-бiрден ғана жiбере алады. Ал бiздiң ғарышкерлерiмiз космосқа ұшу үшiн, ресейлiктердiң орнына отыруы тиiс. Сондықтан да Айдын елге оралса, Мұхтар оқуын жалғастыру үшiн Ресей азаматтығын алды. Ол жiгiттерге үнемi ақыл-кеңесiмдi айтып, қолдан келгенше көмектесем. Маған рахметтен басқа айтары жоқ. Бiрақ алдағы бес жылдың iшiнде бiр қазақ ұша алмайды.
Көптiң көңiлiн алаңдатқан "ҚазСат-2" былтыр ұшу керек едi. Оны 2010 жылдың желтоқсанында көкке көтерiледi десе, жақында ағымдағы жылдың наурызында ұшады дегендi айтты. Бiрақ бұл наурызда да ұшпайтын сияқты. Әрi қарай қалай жылжитынын бiлмеймiн. "ҚазСат-2"-нi Ресей, Қазақстан, Франция, Италия бiрiгiп жасады. Ал жоғалған "ҚазСат-1"– дi кепiлдемемен ұшырсақ та, ресейлiктер ақшасын бермей жатыр. Бермейдi де. Жалпы "ҚазСатты" ұшыру керек, "Бәйтерек" кешенiн салу тиiс дегендi екi қолымды көтерiп қолдаймын. Ол үшiн кейiнгi жастар нанотехнологияны жетiк меңгергенi дұрыс.
– Ғарышқа аттанар кезiмде "Қазағым, сен үшiн отқа да, суға да түсуге дайынмын!" деген намысты сөз бойымды кернеп өттi. Менi әуелi Құдай, сосын халқым қолдайды. Кезiнде Ресейден елге оралған соң, қазақша бiлмейтiнiме қатты намыстандым. Ел iшiн көп аралаймын. Қазақ тiлiнен мүдiрiп, жауап беру қиынға түсiп жататын. Өзiмдi өзiм қайрап, қазақ тiлiн үйренуге бел будым. Шынымды айтсам, мен қазақ тiлiн өлең арқылы үйрендiм. Бiрде ақын Олжас Сүлейменовпен уәделесiп, "ендiгi кездескенде қазақ тiлiнде сөйлесетiн боламын" дедiм. Ер азамат емеспiн бе, сөзiмде тұруға тырысып, күн сайын Абайдың, одан бергi ақындардың өлеңдерiн тыңдап, қазақ тiлiн бiр кiсiдей меңгерiп алдым. Бүгiнгi жастар орысша да, ағылшын тiлiн де үйренсiн, бiрақ ең бiрiншi өз ана тiлi – қазақ тiлiн бiлуi тиiс. Ал қазақша үйренгiсi келмейтiн қазақтарды өз-өзiне қарсы адамдар деп санаймын.
P.S. Кездесу барысында "Еркiн интернет үшiн" жастар қозғалысының мүшелерi Тоқтар Әубәкiровтi президенттiкке үмiткерлердiң қатарынан көргiсi келетiндiгiн жеткiздi. Алайда Тоқтар аға: "Сайлауға қатыспау – менiң азаматтық тұрғыдағы ұстанымым. Мынандай қысылтаяң уақытта сайлауға кiм түсе алады? Өз бағдарламаңды халыққа жеткiзуiң керек. Ол үшiн бүкiл облысты аралап шығу керек", – деп ойын сабақтай түстi. Десе де, тұңғыш ғарышкер қазiр өзiне хабарласып, "сайлауға түссеңшi" деп үгiттеп, жылы қабақ танытып жатқан ниеттестердiң көп екендiгiн жасырған жоқ.
Жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ