ХАТТАР СӨЙЛЕСЕ...

ХАТТАР СӨЙЛЕСЕ...

ХАТТАР СӨЙЛЕСЕ...
ашық дереккөзі
391

Жазушы Бексұлтан Нұржекеевтiң жеке мұрағат қорынан

Қазақтың белгiлi жазушысы Бексұлтан Нұржекеев жетпiстiң желкенiне шықты. Қазақ әдебиетiнде "махаббат жыршысына" айналған жазушыны жұртшылық, әсiресе әйелдер қауымы қатты құрметтейдi. Жазушының мерейтойына орай оның жеке мұрағат қорында сақталған төмендегi оқырман хаттарының бiр легiн жариялауды жөн көрдiк. Осы хаттар арқылы да Бекеңнiң қандай жазушы, қандай құрметке бөленген азамат екенiн аңғаруға болар деп бiлемiз.

…Иә, саламатсыз ба, қымбатты "Бiр өкiнiш, бiр үмiт" шығармасының авторы (Бексұлтан Нұржекеев)! Сiзге бүгiнгi хат жолдаушы, қиыр шығыста әскери борыштарын өтеп жүрген бiр топ қазақ жауынгерлерi атынан Илияс Орынбекұлы Жолдасов деп бiлерсiз. Адам өмiрiнiң көп жайттары ойламаған, күтпеген жерден болатыны секiлдi, мен де бәрiн күтпеген жерден қалам-қағаз алуыма тура келдi. Бiз жетi ғана бала (iшiнде екi қазақ) шетсiз, шексiз вертолеттен басқа еш байланысы жоқ ну орманда (Тайгада) қызмет етемiз. Сондай бiр көңiлсiз күз айында елден мен екi-үш кiтап алдыртқам, iшiнде сiздiң "Бiр өкiнiш, бiр үмiт" атты шығармаңыз бар екен. Кiтабыңызды оқығанда, сенсеңiз, мен бейне бiр көшiп келген елге тап болғандай болғам. Кiсi киiктей болып бара жатқан бiз үшiн тағы бiр өмiр сүргендей әсерiн берген. Айтып жеткiзгiсiз байлыққа тап болып едiк. Сонда мен қызықтығын кейiнгiлерге бiлдiре кету үшiн, екi парақ қағаз қыстырып былай деп жазғам: "Оқушым, ескерткiш болу үшiн, осы кiтаптан алған әсерiңмен қоса тұратын жерiңдi жаза кет" деп, өзiмiздiң қолтаңбаларымызды қалдырып, қаладағы отрядтың кiтапханасына жөнелткенбiз. Кешегi бiр демалысымда қаладағы отрядта болдым. Бiрден осы кiтапты кiтапханадан iздестiрiп тауып алып парақты қарап, өз көзiме өзiм сенбей қалдым. Менiң бiр парағым төрт параққа толыпты. Мен сiзге осы сөздердi қалай жазылған, солай жеткiзсем деп ойладым.

Мүмкiн сiзге бiр қызығы болар. Қарап көрiңiз. Былай деп басталған.

…"Мен бұл кiтапты 1984 жылдың 21-не қараған ноябрь түнi оқыдым. Түнiмен терезеге ұрған тамшылармен жарыса таң да атқан. Осы кiтаптан басқа еш қызық болмады, ұйқы да келмедi. Кiтап та үлкен байлық-ау. Кiтап талай жанды өзгертер, талай жердi шарлатып қайтарар. Мен де елге барып қайтқандай әсер алдым. Бейне бiр таныс жандар секiлдi. Бәрiн де жеп-жеңiл өмiрдегiдей түсiнесiң, жазған адамға өмiрге осындай туынды әкелген адамға айтар алғысың шексiз едi. Тәке, осы кiтапты жiберген саған да рахмет!".

Мен Шымкент облысы,

Ленин ауданының Аққұмынан – Камчатка. (1983-1985 ж.ж.)

Қатардағы жауынгер Илияс Жолдасов.

* * *

"Маған бұл кiтап өмiрiмнiң бар жолдарын ой елегiнен өткiзiп шықты. Жазған адамға рахмет және алдырған, Илияс, саған да рахмет!"

Рядовой – Миятбек Дандыбаев.

С.Шарахана, г.Ключи. 20.12.1884 ж

* * *

"Мен бұл кiтапты Тайгада жүрiп оқыдым. Өмiрде қандай ұқсас тағдырлар бар, ғажап шығарма екен. Осындай кiтаптар көп болса, көңiлсiз жайттар кем болар едi. Мен де… жаздым."

Чимкент облысы, Монтайтастан.

Мырзахи Кулумбетов.

г. Тайга, 26.11.1984 ж

* * *

"Мына кiтап маған өте ұнады, осындай кiтаптар көп болса, службаның қалай зу ете қалғанын бiлмес едiк".

ряд. Төрехан Аманқұлов.

г.Чимкент, Қызылқұмнан. 25.12.1984 ж

* * *

"Бұл кiтапты оқыған адамның егер жақсы түсiнсе, өмiрге, адамгершiлiкке, ата-анаға деген қадiрi, махаббатқа деген ынтасы артпаса, кемiмейдi деп ойлаймын."

Рахмет бәрiңе,

кiшi-сержант Ернат Салыбаев.

г.Чимкент, ул.Фрунзе. 22.12.1984 ж

* * *

"Мен бұл кiтапты 1984 ж, 28-декабрь күнi оқып шықтым. Өте ұнады, ойға бәрiн түсiрдi. Ата-ананың қадiрiн бiлгiздi. Жазған адамға рахмет айтар едiм".

Сержант Серiк Абеншов.

Қарағанды 83. г.Ключи. 1985 ж.

* * *

"Маған бұл кiтап өте ұнады. Менiң де өткен-кеткендерiм есiме түсiп отырды. Бiз ата-ананы әрқашан да қадiрлей бiлейiк, жiгiттер. Шеген мен Жәмихан секiлдi. Жат болмастан. Оқыңдар. Өте қызықты."

Жорабаев Анарбай,

г.Чимкент. сз Энгелс. 01.05.1985 ж

* * *

"Бұл кiтапты бiр түннiң iшiнде оқып шықтым. Өте ұнады. Бұл кiтаптан мен тек шындықты, адамгершiлiктi, бiр ұрпақтың өмiрiн көрдiм".

Аға-сержант Ұлтарақов.

г.Уст-камчатск. 15.01.1985 ж

* * *

"Иә, оқырман Шегеннiң айтқанын" анықтап айтқанда, бiр-бiрiмiздi жан-тәнiмiзбен оқуға мiндеттiмiз. Сонда менiң жақсыма қарап, сен өз олқылығыңды ұғасың, сенiң жақсылығыңа қарап, мен ұғамын" дегенiне бар ниетiммен қосыламын. Мен бұл кiтаптағы махаббат пен өмiрдi қастерлей бiлетiн азамат Шегеннен үлгi алуды ең басты парызым деп санар едiм. Мың да бiр рахмет саған, автор Бексұлтан Нұржекеев."

Мл.ст.Қайрат Елжанов.

Чимкент обл, Ленин рн, сз Шонақ,

г.Уст-Камчатск, 1985 ж

* * *

"Маған бұл кiтап өте ұнады, өте қызықты кiтап екен. Мұнда жазылғандай ауылға барып келгендей болдым. Кiтаптың тез бiтiп қалғанына өкiндiм. Бүбiштiң қосыла алмағанына көңiлiм толмағандай болдым.

Чимкент облысы, Ленин ауданы,

сз Алтынтобе, Абдiхадир.

г.Ключи 617 "Б" 07.02. 1985 ж

* * *

"Осы кiтаптағылармен кездессем, сонда мен Шегенге: "сен неге оқуға дейiн Бүбiшке үйленбедiң? Әлсiздiк қылдың, жiгiтiм. Қызда жазық жоқ секiлдi" дер едiм. Менде де осындай кезеңдер болған. Жазған адам бәрiн де келiстiрiптi. Егер осылар өмiрде болған болса."

Чимкент облысы, г.Шардара.

ефр. Айтбаев Бакир. Г.Ключи. 617 "Б"

* * *

Және көбiсiн керексiз деп тауып жазбай-ақ қойдым. Негiзi он жетi бала жазған. Ендi сiзден өтiне сұрайтынымыз. Осылар шын өмiрде болған жандар ма? Олардың әзiргi тағдырларын жаза кетпейсiз бе? (Мен осы Шегендi көпке шейiн өзiңiздiң өмiрiңiз болса керек деп жүретiнмiн. Өткенде сiздiң "Жалын" журналындағы "Кәрiс қыз" деген әңгiмеңiздi оқыдым және ырза болдым. Сондағы сiздiң суретiңiздi көрiп, Шегенге тән ешбiр ұқсастық байқай алмадым. Сiздiң жүзiңiзден ешбiр Шегендi көре алмадым).

Сiздiң әзiрде жазып жүрген жаңа туындыларыңыз бар ма? Қандай тақырыпта?

Сiздiң осындай жазушыларыңыз бiр кiтапты оқығаннан соң пайда болмай ма? Кiтаптан тумай ма?

Осы бiр сұрақтарға жауап жазып жiберсеңiз және де мүлгiген орманға кетiп бара жатқан маған үлкен демеу болған болар едi.

Мен де сiздi мыңнан бiр сүйiп оқитын оқушы болғандықтан, мiндеттi түрде жауап күткен болар едiм.

Сау боп тұрыңыз. Сiзге үлкен денсаулық, жоғары творчестволық табыс тiлеушi бiр топ қазақ жауынгерлерi…

Менiң адресiм: Камчатка,

г. Ключи, 617 ВСО "А" Жолдасову Илиясу. 20.05. 1985 ж

* * *

Сәлеметсiз бе, құрметтi Бексұлтан ағай!

Ең алдымен сiздiң шығармашылығыңызды құрметтейтiн оқырман екенiмдi айтқым келедi. Елiмiздiң тарихына қатысты зерттеу мақалаларыңыз сiздiң талантыңыздың бар қырын танытатыны рас, оны кiм-кiмде мойындайтын болар, сонда да мен сiздi көпшiлiкке, әсiресе бiздерге, әйелдер қауымына, сүйiктi еткен әңгiмелерiңiз дер едiм.

Махаббат туралы, ер мен әйел арасындағы ғажайып сезiм туралы қалам ұстағандардың бәрi жазады ғой, алайда сiздiң әңгiмелерiңiзде адамды баурап алатын бiр керемет қасиет бар. Оның не екенiн мен ендi түсiнгендеймiн: сiздiң әңгiмелерiңiзде әйелдi төмендету жоқ. Әр кейiпкер әйелдi өмiрдегi жалғыз ғашығыңыздай бейнелейсiз. Бөрiк кигеннiң бәрi де ерте ме, кеш пе, бiр әйелге ғашық болып, бал сезiмдi бастан кешедi ғой. Бiрақ өкiнiшке орай, сүйiспеншiлiк туралы шығармалар жазғанда, сол сәулелi кезiн ұмытып кетедi-ау деймiн, әйтеуiр ғашықтық сезiмге берiлiп, кейде тiптi ақылға сыймас қадамдар жасаған әйел байғұсты кемсiту, мысқылдау, әжуалау сияқты сарын байқалып тұратындай сезiнемiн.

Көңiл түкпiрiндегi сiздiң шығармашылығыңызға деген құрмет маған түрлi ой салды. Соның бiрi – сүйiспеншiлiк туралы, ер мен әйел арасындағы ең нәзiк қатынастар туралы әйелдiң көзiмен, әйелдiң сезiнуiмен жазылған шығармалар неге аз деген ой. Қанша дегенмен әйелдiң сезiмiн ер адам түсiне бермейдi ғой. Бiздiң студент кезiмiзде өткен бiр пiкiрталас кешiнде бiр құрметтi кiсiнiң "қазақ қызының өзi "сүйем" деп айтуымыздың өзi дұрыс емес деп өзi дұрыс болса, ер мен әйел арасындағы сезiмдi, күйiнiшiмiз бен сүйiнiшiмiздi, жан мен тәннiң ләззатын шығармаға арқау етiп жазуымыз тiптi үлкен күнә шығар? Ондай шығармаң жарық көрiп жатса, таныстарың келесi күнi-ақ: "Е-һе, жайың түсiнiктi болды", – деп қарайтын болар?

Басқаны қайдам, өзiме осы ой қолбайлау болғаны рас. Онсыз да өте сирек жазатын дүниелерiмдi жариялауға бермегенiм де сондықтан. Жазамын да, ешкiмге көрсетпей, көп қағаздың iшiне тығып тастаймын.

Бiр рет қана сол әдетiмдi бұздым. Өзiммен сырлас үш-төрт келiншектiң қолқалауымен бiр түс көргеннен кейiн жазған әңгiмемдi оқып берiп едiм, оларға қатты әсер еттi. Тiптi бiреуi: "Бiздiң әйелдерден шыққан Бексұлтан Нұржекеев бол!" деген тiлек айтып, тост көтердi. Қыздар шуласып, қоярда-қоймай сол әңгiменi жариялатты. Бiрақ менiң талабым бойынша бүркеншiк атпен жариялатты. Жоғарыдағы себеппен атымды жазуға тәуекелдей алмадым.

Сiзге газетте шыққан сол әңгiменiң ксерокөшiрмесiн жолдап отырмын. Қалай ойлайсыз, осылай жазу бiзге ұят па?

Өзiмдi толық таныстыруға жүрексiнемiн, дегенмен бiрер дерек айтайын. Университеттi бiтiрген соң, газет-журналдарда қызмет iстедiм. Жасым қырықтан асып кеттi. Ақылды, бiлiмдi, сүйкiмдi балаларым бар. Мемлекеттiк қызметшiмiн. Астанада тұрамын.

Егер мүмкiндiгiңiз болса, бiр ауыз пiкiрiңiздi бiлсем деп едiм. Астана қаласының бас поштасына №030 қызметтiк куәлiктi ұсынушыға деп жазсаңыз. (Жақсы танитын, араласатын ақын-жазушыларымыз бар, бiрақ мен үшiн бәрiнен сiздiң пiкiрiңiз құндырақ. Шынымды айтсам, осы хатты жазуға батылым жетпей жарты жыл жүрдiм. Сондықтан аты-жөнiмдi жазбағанымды айыпқа бұйыра көрмеңiз. Алла жазса және…мәселiм қайтып қалмаса, бiр күнi өзiм iздеп келiп танысамын.)

Сау болыңыз! Сiзге бар жақсылықты тiлеймiн. "Қамажай".

Шамамен 2003 жыл болар.

* * *

– Айтпақшы, мына кiтапты кешегi айтқан, өзiм пәтер жалдап жатқан шешейдiң үйiнен алғам, – дедi әйел. – Бiлесiз бе, бұл Бексұлтан деген қазақ жазушысыныкi екен. "Қырғыз келiншек" деген әңгiмесi қатты ұнады. Қараңыз, мұқабасы мынадай боп қырқылып кеткен. Аса көп оқылған бақытты кiтап боп шықты бұл. Апайдан арнайы сұрап, қалап алдым.

Ғарышкерiңiз бақытты кiтапты қолына алып, парақтап қарады да, қайтарып бердi. Нешеме уақыттардан бермен қарата бұлайша жұлма-жұлмасы шыққан, табиғи түрде тозған кiтапты көрмеген-тiн.

– Бақытты кiтабыңыз дұрыс-ақ, – дедi бұл әйелдiң тауып айтқан сөзiне ризаланып. – Ал бақытты жазушының бақытты кiтабы десеңiз, тiптi жарасып кетер едi.

– Кiтабы мынадай болған соң, авторы айтты-айтпады, армансыз емес пе? – дедi әйел. – Қараңызшы, қалай жазады, ә? Тыңдаңыз: "Адамның адамшылығын өсiретiн – жақсыны сағыну. Бәрiмiздiң, сiрә, бақыт деп жүргенiмiз – жақсыға жолығу. Жолығуын жолыққан болармыз-ау, қу тiршiлiктiң күйбеңiмен жүрiп, қаншасын жоғалтып алғанымызды айтсаңызшы!".

Әйелдiң әңгiмеге берiлiп кеткенi соншалықты, автобустың жүргелi тұрғаны жайында хабарлаған қарлығыңқы дауысты да естiмедi, одан әрi оқи бергiсi бар.

– Сiз Бексұлтан Нұржекенiң әңгiмесiн бiржола аяқтап шықпақсыз ба? – дедi бұл. – Көлiктен қап кетермiз.

Екеуi автобустың оң жағын ала, орта тұсқа таман жайғасты.

Мархабат Байғұт. "Жас Алаш",

№19, 14.02.2004 ж.

* * *

Сәлеметсiз бе, құрметтi Бексұлтан Нұржекеев аға!

Өзiңiзге шалғай ауылдан күтпеген хат жолдаушы сiздiң әрбiр қаламыңыздан шыққан дүниелерiңiздi сүйiп оқитын оқырманыңыз деп бiлерсiз. Аты-жөнiм – Гүлзада Сыдықова болады. Өзiм жайлы толығырақ айта кететiн болсам, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентiнiң тұрғыны, сол ауданның "Кербұлақ жұлдызы" атты алақандай газетiнiң арнаулы тiлшiсiмiн.

Осы хатты өзiңiзге жазарда көп ойландым. Ақырында, мiне, бүгiн қолыма қалам алып отырмын. Мен сонау мектептегi кезiмде-ақ сiздiң "Бiр өкiнiш, бiр үмiт", "Ерлi-зайыптылар" атты кiтаптарыңызды оқып шыққаным бар. Сондағы менiң кiтапқа деген қызығушылығымды бiлсеңiз ғой. Әсiресе "Ерлi-зайыптылар" атты кiтабыңызды ерекше жақсы көретiнмiн. Мектептегi кездерде оқушылық анкета толтырғанда "Сүйiктi кiтабым – "Ерлi-зайыптылар", сүйiктi жазушым – Бексұлтан Нұржекеев" деп жазатынмын. Кейiннен де көптеген кiтаптарыңызды iздеп оқудан жалыққан емеспiн. Сiздiң кiтаптарыңыз менiң өмiрiме жол ашып бердi десем де болады. Сол кездерден бастап қолыма қалам алып, өлең жаза бастадым. Жазған өлеңдерiм оқығандардың көңiлiнен шығып жүрген соң, аудандық газетке жiбердiм. Бастабында аудандық газет, кейiнен "Ұлан", "Алматы ақшамы" газеттерiнде өлеңдерiм жарияланды. Мектептi 1992 жылы бiтiрiп, осы жылы бiр топ газетке шыққан өлеңдерiмдi құшақтап келiп, Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң журналистика факультетiне оқуға түстiм.

Алматыны "арман қала" деп жатамыз ғой, осы арман қалаға келгенде менiң де арманым көп болды. Сiздiң жазушылық дарыныңызға бас игендiктен бе, сiзбен бiр сөйлесiп жазған дүниелерiмдi өзiңiзге көрсетiп, батаңызды алып, ақылыңызды бiр тыңдасам деп армандайтынмын. Осы арманмен сiздiң кабинетiңiздiң алдында да неше рет тұрып сiздi күткенiм бар.

Ол кезде сiзде хатшы болып iстейтiн Жанаргүл Молдахметова деген талдықорғандық қыз менiң курстасым болатын. Осы қызға барып жүрiп: "Бексұлтан Нұржекеев аға қандай екен?" деген арманыма жетiп, сiздi бiр көрiп те қайттым. Бiрақ сiзбен сөйлесуге батылым жетпедi, өйткенi ол жылдары сiздiң бiр жақыныңыз қайтыс болып, көңiлiңiз болмай жүрген кез екен.

Сiздiң жазған шығармаларыңыз маған қатты ұнап, өзiңiздей жазушы болсам деген арманмен қолыма қалам алып, журналистiк мамандықты иелендiм. Осы журналистiк жолға түуiме өзiңiз, сiздiң кiтаптарыңыз себепшi болды десем, алғашқы жинаққа кiруiм де сiз басқарып отырған "Жалын" баспасында басылды. Өзiңiзге кiрiп, өлеңдерiмдi көрсетiп, бата алып шықсам деген ойымды хатшыңызға айтқанымда, ол маған: "ол кiсiге екiнiң бiрi кiре бермейдi, болмайды, одан да мен сенi басқа кiсiге апарайын, өлеңдерiңдi сол кiсiге көрсет" – деп, менi Есенбай Дүйсенбаев деген ақынға алып барды. Ол кiсi менiң өлеңдерiмдi оқып шығып, "жаман емес, менде қалсын, қажетiме жарар" деп, үш-төрт өлеңiмдi алып қалған болатын. Сөйтiп менiң бiраз өлеңдерiм "Қарлығаш" жас ақындар жинағына кiрiп, бiр қуанышпен кенелткенi бар. Осы "Жалын" баспасы менiң тұсауымды кескендей болып тұрады. Кейiннен Талдықорған қаласынан шыққан "Құлжабай баба" жайындағы кiтапқа екi өлеңiм кiрдi.

1997 жылы ҚазМҰУ-ды бiтiрiп, аудандық газетке жұмысқа орналастым. Тұрмысқа шығып, үй болдым. Көкiрегiмдегi көптеген арманым өткен жылдармен қалып барады. Қаламымнан жұмысқа қатысты ғана туындылар шығып, өлең жазуым да сиреп барады. Бiрақ қолда бар өлеңдерiмдi анда-санда өз газетiме жариялап қоямын. Сондайда өлеңдерiме деген жақсы пiкiрлер оқырмандардан түсiп жатады. Сондай сәттерде: "Осы өлеңдерiм аудандық газеттерден аспай, осылайша тартпаларымда қалып қоя ма?" деп, жүрегiм ауыратын кездерiм де болады.

Ендi, аға, тоқсан ауыз сөзiмнiң тобықтай түйiнiне тiрелiп, хат жазудағы ойымды айта кетейiн. Жыл басында "Жас Алаш" газетiнде жарияланған баспаңыздың алдыңғы жоспарыңыз жайындағы сұхбатты оқып, бiраз өлеңдерiмдi сiзге жолдап жiберудi жөн көрдiм. Сiз оқып көрiңiзшi. Сiзге ұнап жатса, жас ақындар жинағы бар депсiз, көре жатарсыз. Ал өздiгiмнен өлеңдерiмдi естелiкке кiшкене жинақ етiп шығарып алуға мүмкiндiктер қайда? Ал өлеңдерiм әйтеуiр бос дүние болып шығып, сiзге ұнамаса, оған да өкпем жоқ. Шынымды айтсам, көп оқырмандарымның мақтау сөзiнен соң: "мен осы өлеңдерiмдi жөргөгiнде тұншықтырып жатырмын-ау, қайда жiберсем екен?", – деп ойлап қалатыным бар. Сiздiң жазғандарыңыз халықтың көңiлiнен шыға бiледi ғой, ендеше менiң өлеңдерiмдi сiз байқап көрiңiзшi. Менiң тартпамда жатқаннан гөрi, сiздiң урнаңызға түссе, менiң жазғандарыма үмiтпен қарағанымды қоятын шығармын.

Бексұлтан аға, өз ойымды жеткiзе алмадым ба, бiлмеймiн, әйтеуiр хатымды жазып шықтым. Кейбiр ойымды дұрыс жеткiзе алмасам, кешiрiм сұраймын. Сау болыңыз.

Кербұлақ ауданы, Сарыөзек кентi

"Кербұлақ жұлдызы" редакциясы

Гүлзада Сыздықова.

* * *

Аға, саламатсыз ба!

Сiздi мазалап отырған Алма қарындасыңыз ғой.

Өзiм бiраз уақыт емделiп шықтым. Жоқ болып кеткен себебiм сол. Ол жақта жатып "Жау жағадан алғанданы" астын сызып, оқып шықтым. Iшiндегi батаны жаттап алдым, барған жерде таң қалдырсам деген оймен. Кiтабаңыз өте ұнады. "Советтiк идеядан" жоғары туған нағыз көркем шығарма болып шығыпты.

Алма Қыраубаева.

Ғалым. 1990 ж.

* * *

Сәлем хат!

Құрметтi Бексұлтан!

Бiлмеймiн, қай күнi екенiн, ұмытпасам, 1975-1978 жылдардың бiрi ме екен, әйтеуiр, бiр күнi кiтап дүкенiнен бiр кiтап сатып алдым. Онда жасырақ кезiм, денiм сау, уайым жоқ. Қаннен қаперсiзбiн. Балаларым кiшiрек кездерi. Өзiм колхозда сауыншымын, содан, әйтеуiр сол кiтапты оқып шықтым. Әйтеуiр бiлетiнiм, Әтiке деген ақын туралы. Аяқтадым. Ал ендi Әтiкенi ұмыта алшы, ұмыта алмаймын. Бiз өзi Талдықорған ауданындағы атақты Алдабергенов ауылында тұрамыз, көшемiз Суан көшесi боп аталады. Асылбекова көшесi десе, көп ешкiм бiле бермейдi. Осы көшеде көбiнесе Қытайдан келген туыстар тұрады. Кiсiлердiң үйiне бармаймын ба, барсам ешкiм бiлетiн едiм, естiп едiм демейдi. Айта бастаймын. Осылай да, осылай деп. Ар жақтан келген бiр кiсiлер қандай бiлiмдi, дiнiмiзге берiк, көп оқыған ескiше, көргендерi көп қой. Ескiше ендi ғана жан-жағымызды сипалап жатқан жоқпыз ба, көзi көрмей-көрмей, көзi ашылып кеткен зағип жандарша. Бәрiнiң айтатыны: "Әсет деген керемет ақын өткен екен, үлкендер айтып отырушы едi", – дейдi. Содан Тұрлыбек деген кiсi айтты. "Әсет деген ақынды жақсы естуiмiз бар. 3-4 ауыз өлеңiн айтып берейiн, сұрап қалған екенсiң", – деп өлеңiн айтты. Және айтқаны сол кiсiнiң Бәленше деген қажы Құлжа қаласында үлкен мешiт бар, сол мешiтке шақыртып, Әсетке ән салдырған екен, сонда айтыпты. "Бiздiң ислам дiнiнде, мешiтте ән салып, домбыра шертуге болмайды ғой, сонда да болса Әсеттей ақын әншiге ән салдырып, тыңдасақ Алла кешiрер", – деген екен. Сол Тұрлыбек қария айтады: "Ол кiсi сырнайда да ойнаған ғой, сол сырнайын бiздiң бiр шешемiзге сыйлаған екен. Ол кiсi қайынсiңлiсiн ұзатқанда жасауына берген екен", – деп. Сонымен қойшы, әйтеуiр жылдар жылжып өте бердi. Әтiке де көмескi тарта бастады. Содан 1982 жылы мүгедек боп қалдым, жүрiп тұру қиындады. Тағдыр деген қандай, кеше ғана шауып жүргем. Ендi жеңiл жұмысқа тұру керек болды, колхозда химскладқа күзетшi боп орналастым. Арада төрт жылдай уақыт өттi. Жылжып 1986 жыл жетедi. Сөйтiп сол жылғы "Жалынның" алтыншы нөмiрi болу керек, оқып отырсам, менiң Әтiке деп жазғаным Әсет ақын дейдi. Әтiкенiң прототипi Әсет дегендi оқиын. Оған дейiн ондай прототип түгiлi, авторына қарамайды екенмiн ғой. Ал ендi қайтадан авторына қарайын, фамилиясына қарайын. Бексұлтан дейдi Нұржекеев, ал кеп қуан! Ойпыр-ау деймiн, бәсе Әтiке, Әтiке деп жүрсем, кәдiмгi елдiң бәрi бiлетiн Әсет ақын екен ғой. Сiздiң өмiрбаяныңызға қанықтым әбден. Кешке үйге келген соң балаларыма айтып жатырмын, жолдасыма айтайын, осылайда осылай деп. Жоғалғаным табылды деймiн, менiмен олар да қуанады кеп, бiресе мамам қызық деп күледi маған.

Сонымен сiздiң жазғаныңызды iздеп оқитын "ауру" таптым. Қиып-қиып аламыз газет-журналдардан, мейлi не жөнiнде жазсаңыз да. Сiзге тәнтi болдым, аузымнан тастамаймын. Ал Әсет туралы елеңдеп тұратын болдым.

Сол домбыра жасаған адам ар жақтан келген бiр үлкен композитор көрiндi, аты Бақытжан болу керек. Абылай Түгелбаев және сол композитордың семьясы болу керек деп айтып жатты, сондағы анық естiгенiм: "Әсет ақын бiздiң ауылға күйеу болып келедi. "Iнжу-Маржанды" бiздiң үйде отырып шығарыпты. Қалыңдық айнап жүрiп", – дедi. Иә, мұның бәрiн сiзге айтып жатқаным, сiз бiлмейдi деп ойлап отырған жоқпын. Осынша мен құштар болған, бiр керемет сезiм сыйлаған сiздiң бiрде-бiр кiтабыңыздың менде болмауы – мен үшiн үлкен өкiнiш. Егер қолыңыздан келсе, сол бiр кiтабыңызға қолым жетсе, келмесе ренжiмеймiн. Сау болыңыз.

Боранбаева Әспетай.

08.01.1991 ж.

* * *

Сәлеметсiз бе, Бексұлтан ағай, хал-жағдайыңыз қалай?

Жазушылық қызмет барысыңыз қалай жүрiп жатыр?

Бексұлтан ағай, мен сiздiң "Бiр өкiнiш, бiр үмiт" деген кiтабыңызды оқып шықтым. Өте ұнады,

әдебиетке бiржолата бет бұруыма бiрден-бiр себепшi болды. Оқыған сүйiктi кiтаптың авторына өз пiкiрiмдi айтқанша асықтым. Бүкiл семьямызбен оқитын болдық. Менiң пiкiрiмдi тыңдаңыз:Қашанда кейiпкерлер 2 топқа бөлiнедi ғой. Менiң жағымды кейiпкерлерiм көп-ақ бұл кiтабыңызда. Әсiресе – Шеген. Шегеннiң жасында қарапайым болғаны, өсе келе ақыл-парасаты сомдалып, өмiрдегi өз жолын – жазушылық жолын тапқанына қуандым. Шегеннiң ата-әжесiн тастамай, шешесi Жәмиханмен бiрге басқа босағаға кетпегенi дұрыс-ақ. Бәрiбiр роман соңында табысты, ата-әжесiн де, Жәмиханды да риза еттi.

Апасы Бәтжан қандай жанашыр, ақылды адам едi. Шегендi Жәмиханнан емес, апасынан туғандай дерсiң. Жәмиханды да Шегеннiң анасы болғандықтан, жағымсыз дей алмаймын. Оны жұрт, әсiресе Кәмеш тәте жағымсыз көрсеткiсi келедi. Жәмиханның да өзiне тән адамгершiлiгi бар ғой. Отарға шықпай тұрып, ата-енесiн ренжiтпеген сияқты. Шегеннiң анасы туралы повесть жазуы – оның өте ұнамсыз болмағанын көрсетедi. Жалпы, адамның ешқашан жаман болуы мүмкiн емес.

Ал романда аз көлем алса да, Райбек ағайдың iс-әрекетi адам сүйсiнерлiк. Рахмет, рахмет Райбек ағайға! Шегенге жасаған жақсылығы үшiн! Романдағы Шегеннiң ата-апасы, Шәзия, Жағда, Мәдеш, Қорлан-Сара өз бейнелерiмен көңiлге қонымды. Бұл романның кейiпкерлерi – Бүбiш, Кәмеш тәте, Жәмихандардың ұнамды қылықтарымен қоса ұнамсыз қылықтары бар. Кәмеш тәте – көп жағдайда ойлап сөйлемегенi үшiн жағымсыз көрiнедi. Шегендерге қылған iс-әрекетiн қалайша Зейнелге iстемей, бауырына басты екен? Қатiгез болғанымен, балаға деген аналық жүрегi ыстық қой деймiн. Неге адал Шегендi сыртқа тептi? Оның Жәмихан қайтыс болғандағы туыстығы ғана ұнайды.

Ал Шәзия туралы көп пiкiрiм жоқ. Шегеннiң арман-әйелi болған соң, арманы не? Бүбiш. Оның тек сұлулығы, бала кезiндегi Шегенмен достығы тамаша екен! Болмаса жағымсыз дер едiм. Себебi: оның Отармен ара-қатынасы, Таңатпен байланысы бар. Отар мен Бүбiш арасындағы күдiк рас па, жалған ба? Оған Шегеннiң көзi жетпейдi. Ақыры Бүбiш қандай жанға үйлендi екен, сол күдiктi Шеген аша алар ма екен, күдiгi расқа шықса сүйiп өтер ме екен деген сұрақтар көңiлiмде қалды. Бүбiштiң ең ұнамаған жағы – оның оқуын жалғастырмағаны. Мүмкiн одан әрi оқыса, жағдайы басқаша болар ма едi?..

Сәлеммен, оқырманыңыз – Мейрамгүл. 09.01.1982 ж.

Дайындаған Гүлзина БЕКТАСОВА

Серіктес жаңалықтары