ЕЛIМIЗДЕ 15 МЫҢ АДАМ ҚАТЕРЛI ДЕРТ ЖҰҚТЫРҒАН
ЕЛIМIЗДЕ 15 МЫҢ АДАМ ҚАТЕРЛI ДЕРТ ЖҰҚТЫРҒАН
Әлем жұртшылығын алаңдатып отырған ВИЧ, СПИД, туберкулез iндетiнiң алдын алу мәселесi күн тәртiбiнен түспек емес. Себебi жыл сайын осы дертке шалдығатын сырқаттардың саны да кемiмей отыр. Айта кетерлiгi сол, соңғы жылдары қатерлi аурудың бұл түрлерi Орта Азия елдерiн шарпып барады.
Таяуда АҚШ-тың халықаралық даму жөнiндегi USAID агенттiгi қаржыландыратын ВИЧ және туберкулез бойынша "Сұхбат" атты жобасы Аймақтық бақылаушы комитетiнiң екiншi мәжiлiсiн өткiздi. Орта Азияның мемлекеттiк, үкiметтiк емес және халықаралық ұйымдары мамандарының басын қосқан жиында науқас адамдарға ерте диагноз қоюдан бастап, ем алуға дейiнгi баспалдақты бақылап отыру шарасы сөз болды. Қысқасы, USAID пен Денсаулық сақтау министрлiгi қолға алған бес жылдық "Сұхбат" жобасы қарапайым халықты туберкулез бен ВИЧ-тен сақтандыруды мақсат етпекшi.
Эпидемиологиялық қадағалаудың деректерiне сәйкес, 2010 жылы Орта Азия елдерiнде ВИЧ дертiн жұқтырудың 20 мың жағдайы есепке алынса, былтыр Қазақстанда 15 мың 605 адам тiркелген. "ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың арасындағы өлiмнiң басты себебi – туберкулез болып отыр. ВИЧ пен туберкулездiң "отаны" ретiнде Тәжiкстанды айтуға негiз бар", – дейдi ВИЧ және туберкулез бойынша "Сұхбат" атты USAID жобасы директорының орынбасары Эльмира Имамбақиева.
Аймақтық бақылаушы комитетiнiң екiншi мәжiлiсiне Орта Азия мемлекеттерiнен келген мамандар арнайы жүргiзген зерттеу қорытындысын ала келiптi. ВИЧ және туберкулез ауруының алдын алуға бағытталған техникалық сараптама және түрлi семинарлар мен тренингтер есiрткi пайдаланушылардың, сотталғандар мен мигранттардың, ВИЧ-пен сырқаттанғандардың арасында жүргiзiлген. Мәселен Азия және Шығыс Еуропа мемлекеттерi бойынша өңiрлiк зерттеушi Эстер Энн Савиль мырза Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжiкстан тұрғындары арасына анкеталық сауалнама таратып, қажеттi мәлiметтерге қол жеткiздi. Ол әсiресе Ауғанстан мемлекетiнен тасымалданатын есiрткi бизнесiнiң Тәжiкстанда тамырын тереңге жайып жатқандығын алға тартады. Соның салдарынан жастар арасында есiрткiге тәуелдiлер көбейiп кеткен. Сондай-ақ жұмыссыздықтың салдарынан Өзбекстан, Тәжiкстан, Қырғызстаннан ағылатын еңбек мигранттарының да жұқпалы дерт түрiн жұқтыруға бейiм екендiгiн ашып айтты.
Аталмыш жоба Қазақстанның ұлттық басымдықтарына, Денсаулық сақтау жүйесi мен ұлт денсаулығы туралы Кодекстiң қаулыларына толығымен сәйкес келедi. Сондай-ақ министрлiк елiмiздiң денсаулық сақтау жүйесiн дамыту туралы 2011-2015 жылдарға арналған жобаны жасағаны белгiлi. Мұнда ВИЧ-инфекциясының алдын алуға үлкен мән берiлген. Денсаулық сақтау министрлiгi мамандары құрамына мемлекеттiк органдар мен халықаралық және ҮЕҰ өкiлдерi кiрген аймақтық бақылау комитетi бұл мәселенi шешуге өзiндiк үлесiн қосады деп үмiттенедi.
USAID агенттiгiнiң ВИЧ және туберкулез бойынша "Сұхбат" жобасы осы iндеттермен сырқаттану қаупi төнiп тұрған азаматтарды сақтандыру жөнiнде техникалық көмек көрсетедi. АҚШ-тың халықаралық даму жөнiндегi агенттiгi арқылы американ халқы тарапынан жасалынып отырған бұл жоба жанына дәру iздеген қаншама жанның аурудан дер кезiнде айығып кетуiне, дер кезiнде алдын алуға септiгiн тигiзiп келедi. Кейбiр мәлiметке сүйенсек, американ халқы 1992 жылдан бастап Орта Азия елдерiндегi демократиялық институттарға, денсаулық сақтау, бiлiм беру салаларына ерекше қаржылай және моральдық қолдау көрсетiп, олардың экономикалық дамуына серпiн беру барысында USAID бiр жарым миллиард АҚШ долларынан астам қаржы жұмсаған.
Бұл жоба Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Өзбекстан және Түркiменстан елдерiнде Popularion Services International, Project HOPE серiктестер консорциумы, Шығыс-Батыс СПИД қоры және "ВИЧ-ке шалдыққан адамдардың қазақстандық одағы" қоғамдық қорларының көмегiмен жүзеге асырылу үстiнде.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ