БАУКЕҢ – ҰЛТТЫҚ РУХ, БАУКЕҢ – РУХАНИ ҚАЗЫНА!

БАУКЕҢ – ҰЛТТЫҚ РУХ, БАУКЕҢ – РУХАНИ ҚАЗЫНА!

БАУКЕҢ – ҰЛТТЫҚ РУХ, БАУКЕҢ – РУХАНИ ҚАЗЫНА!
ашық дереккөзі
471

Тарихтан тағылым. Социалистiк қоғамда Отан бiреу едi. Екiншi дүниежүзiлiк соғысты Кеңес Үкiметi Ұлы Отан соғысы деп жариялады. Сол соғыста Қазақстаннан жетi жүз мың адам "Отан үшiн!" деген ұранмен жанын құрбан еттi. Қаншама мыңы еңбекке жарамсыз мүгедек болып оралды. Қан майданда бiздiң қазақтан, тiптен түркiлер тұқымынан қолбасшы болғандар аз. Саусақпен санарлықтай ғана. Солардың бiрi әрi бiрегейi – Бауыржан Момышұлы. Кезiнде Орталық Комитет Батыр атағын бермесе де, халық құрметiне бөленген жан.

Жазушы Александр Бектiң ол туралы жазған "Волокаламское шоссе" кiтабы жүздеген елдердiң тiлдерiне аударылып басылған екен. Демек Бауыржан Момышұлы – әлемдiк тұлға. Ол 1944 жылы "Соғыс психологиясы" кiтабын жазып, Қазақ ССР Ғылым академиясында тұсаукесерiн жасады. Академияның Сәтбаев, Әуезов секiлдi белгiлi ғалымдары сол шығармадан бiрнеше күн бойына автордың дәрiсiн тыңдады. Соғыс өнерiнiң қыр-сырын ашқан мұндай шығарманы орыс қолбасшыларының ешқайсысы да жазған емес. Батырдың "Москва үшiн шайқасы" ше. Орыс генералдарының: "Соғыс туралы шындық" деп бағалағаны бекер ме?! Ал "Ұшқан ұя" романы ше. Әуезовтiң "Абай жолы" эпопеясынан кейiн қазақ халқының бар болмыс бiтiмiн, салт-дәстүрiн танытқан туынды екенiне кiм дау айта алар екен. Жазушы Дидахмет Әшiмханұлы: "Бауыржан – ұлттық рух", – дейдi.

Батыр Баукең туралы өз ұлттық жазушыларымыз да қалам тартты. Солардың бiрi Мамытбек Қалдыбай. Ол Батырдың жанында жиырма жыл бiрге жүрiп, бiрiн-бiрi қайталамайтын ұлағатты әңгiмелерiн iзiн суытпай блокноттарына сол күйiнде түсiре берген. Қазiр оның шығармаларын оқып отырып, Баукеңнiң өзiн көрiп, сөзiн естiп отырғандай әсерге бөленесiң. Жазушы Әзiлхан Нұршайықовтың: "Мамытбек, сен Баукеңдi менен гөрi көп бiледi екенсiң", – дейтiнi сол. М. Қалдыбайдың «Жалғыздық» туралы сұрағына орай Баукеңнiң ой толғамын оқисыздар.

Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

ЖАЛҒЫЗДЫҚ

18 ақпан күнi Мәскеуде ұлтымыздың ұлы тұлғаларының бiрi – Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы тойланбақ. Бұл – егемендi елiмiз үшiн үлкен мерей, үлкен абырой. Төменде оқырман назарына белгiлi жазушы Мамытбек Қалдыбайдың жаңа туындысын ұсынғанды жөн көрдiк.

– Сұрағың болса, ұялып, қызармағын.

– "Жалғыз жүрiп жол тапқанша, көппен жүрiп адас" деген мақалға қалай қарайсыз?

– Ехе-хе-хе. – Баукең дауыстай күлдi. – Сен менен сынақ алмақпысың?

Езу тартып үндемедiм.

– Жалғыздың аты – жалғыз, қарағым, – деп Баукең көп тостырмай сөзiн бастады. – Жалғыз жүрiп ешкiм жол таппайды. Егер таба қойса, оның жолы жол емес. Түсiндiң бе? Ол – жай сүрлеу ғана. Мысалы жалғыз киiк адасып жүрiп жол тапса, үйiрiн iздейдi. Топтың аты – топ. Жалғыздықтың аты – жалғыздық. Адасқан жалғыз киiк жол тауып үйiрiне қосылса, аман қалады. Әрине бiз киiк емеспiз, адамбыз. Адамға жалғыз жүру – дозақтан үлкен азап.

Жалғыздықтың аты құрысын, қарағым. Шынымен жалғыз қалсаң, сүйенер ешкiм жоқ болады, әрi-берiден кейiн сиынар да ешкiм болмай қалады. Сүйенерi, сиынары жоқ жалғыз қайда барады? Қаңғып өледi. Оның тағдыры – сол. Одан басқа тағдыр оған бұйырмайды. Бұл – табиғи заңдылық, шырағым.

– Көппен жүрiп адасқанша, жалғыз жүрiп жол тапқаны (егер таба алса) жақсы емес пе?

– Сенiң бұл пiкiрiңмен мен келiспеймiн. Жалғыздық дейтiн, шырағым, жинақталған ұғым. Ол соғыста да, өмiрде де болмайды. Соғыстағы жалғыздық өз алдына. Ол соғыстың жағдайы.

Ел арасында, туған-туысқан арасында жүрiп жалғыздық шегу деген нәрсе – нағыз масқара! Әрине туысқанның аласы да, құласы да бар. Жекжат-жұрат та сондай. Әрқайсысы әртүрлi. "Битке өкпелеп, тоныңды отқа жақпа" деген қазақтың мақалын бiлерсiң? Жасырары жоқ, ағайынның бiреуi жақсы, бiреуi орташа, бiреуi нашар. Ырың-жырың, түсiнбеушiлiктiң тууы содан. Онсыз тағы болмайды. Менiңше, қанша ырың-жырың күй кешсе де, ағайынның сексен процентi өздерiнiң тұқымынан шыққан ешкiмдi бөтен санамайды. Егер бiреуi тентектiк iстесе, оны кешiредi.

"Е, пәленшекемнiң баласы ғой, бүгiн түсiнбесе, ертең түсiнер. Керегiн берiңдер, тентектiгiн көтерiңдер", – деп шыдамдылық iстейдi. Сөйткен ағайындардың арасында жүрiп, мен жалғызбын деу – қып-қызыл есуастық! Түсiндiң бе?

– Түсiндiм.

– Оның тентектiгiн қашанғы көтере бередi. Менiңше, жалғыздық өз басына өзi мазақ, азап шақырып жүрген ақымақтың iсi. О баста ол жалғыз емес едi ғой. Өзiн-өзi ұстай бiлмесе, амал қанша?

Жалғыз деген тақырып – өте "ақымақ" тақырып. Жалғыз қалғанына оның ағайын-туғандары, жекжат-жұраттары кiнәлi емес. Ол өзi кiнәлi. Сол себептi қоғамды, туған-туысқандарды айыптауға болмайды, оларға өкпелеген есуастың өзiн айыптау керек.

Бұл жағынан бiздiң қазақ халқын өте мықты, өте әдептi халық деп санаймын. Бұл – менiң ойым. Сенiң ауылыңның, туған-туысқандарыңның сырын бiлмеймiн, қарағым. Олармен қатынасым болған жоқ. Қазақша айтқанда, "екi туып, бiр қалғаным" емессiң. Әрi-берiден кейiн қыз алысып жүрмiз. Сенiң ауданың мен бiздiң аудан арасында бiр қарым-қатынас болған емес. Ертең-бүрсү-гүнi бiздiң ауылға бар. Ақсақалдарға жолығып:

– Ассалаумағалейкум! – дегiн. Ол кiсiлер:

– Уаликумассалам, – дейдi.

– Мен Сиқым едiм.

– Иә, қарағым, жақсы келiпсiң, аға баласысың, төрге шық, – деп төрге шығарады. – Иә, қалай, қарағым? Сиқымның қайсысы боласың? – деп әңгiмелеседi. Бұл – ата-бабамыздың дәстүрi. Келген қонаққа кет деп айту жараспайды. Жаман қарсы алған үйдiң әкесiн танытады. Қазаққа "құдайы қонақпын" деген бiр-ақ сөз жетiп жатыр.

Бала кезiм. Намазшам кезiнде қара жолмен үш-төрт атты кiсi келдi.

– Кiм бар-ау?!

Әкем жарықтық жүгiрiп шығып:

– Бiз бармыз, – дедi. Торы аттың үстiндегi сәндi киiнген сақалды кiсi:

– Бiз қырғыз боламыз, – дедi. Әкем:

– Қырғыз-қазақ бiр елмiз ғой, тақсыр, – дедi.

– Құдайы қонақпыз.

– Ойбай тақсыр, аттан түсiңiз. – Сақалды кiсi қырғыздың молдасы екен. Әкемнiң Есенқұл, Нәмет, Момынқұл деген iнiлерi жүгiрiп шықты. Аттарын ұстап, үйге кiргiздiк. Момынқұл көкем еркетотай кiсi едi, бұлғақтап жүр.

– Құнан қойды алып кел.

Момынқұл әкеме жақтырмай қарады.

– Бар дедiм ғой саған! – Ол амалсыз жүгiрiп кеттi. Әкем қырғыздың молдасынан бата сұрап, қойды сойды. Мiне, қарағым, бұл жалғыздықты бiлдiретiн жағдай ма? Өзiң ойлан.

Жалғыздық – адам өмiрiндегi ең үлкен бақытсыздық! Бұл мәселенi, шырағым, дұрыс түсiнгiн. Бұл – жеке бастық, не үй iшiлiк құбылыс емес, бұл – қоғамдық құбылыс. Мысалы келiн екеуiңнiң бiр-бiрiңе мейiрiмiң болмаса, ол – үлкен жалғыздық. Бiр әке-шешеден туған аға-iнiңмен, апа-қарындасыңмен ынтымағың жараспаса, бiр-бiрiңдi түсiнбесең, бұл – ең оңбаған жалғыздық!

"Сенгенiм сен болсаң, күйсеген аузыңды ұрайын" дегендей дос деп сенiп, сырыңды айтып жүргенiң азғын, арсыз бiреу болса, қандай күй кешерiңдi айту қиын. Адам баласы жалғыздықты алғаш түсiнбейдi, кейiннен түсiнедi. "Ә, мынау жақыным, досым екен" – дейсiң, сенесiң. Ал арамза, қу керегiң бар кезде көлгiрсiп, көзiңе өтiрiк күледi. Керегiң жоқ кезде қолын бiр-ақ сiлтейдi.

Олардың өзiнше саясаты бар. Жақынбыз деп iшi-бауырыңа енiп, аяқ-қолыңды тұсайды. Сенiң ойыңмен, пiкiрiңмен, творчествоңмен iсi жоқ. Бар есi-дертi – пайдаланып қалу. Соларды түсiнгенде шын мәнiнде өзiңдi жалғыз сезiнесiң. "Е, мына иттерге менiң керегiм жоқ екен, ақшам, беделiм керек екен ғой," – деп пұшайман күйге түсесiң. Это очень тяжелый процесс. Мұны, қарағым, өзiмнiң жеке тәжiрибемнен алып айтып отырмын…

Мен соғыста өзiмдi өзiм жалғызбын деп ойлаған емеспiн. Әскерден кеткенiме биыл жиырма жетi жыл болды. Осы мерзiм iшiнде әр жыл сайын жалғыздық дегеннiң не екенiн бiрте-бiрте түсiнiп келе жатырмын.

Баукең асықпай қимылдап, темекi тұтатып тартты.

– Жалғыздық дегендi әркiм әртүрлi түсiнуi мүмкiн. Себебi жалғыздық дегеннiң өзi – әртүрлi. Формальдi алғанда менiң бүгiнгi жағдайым – жалғыздықтағы жағдай. Ширек ғасыр бойы сырт дүниемен қарым-қатынасым жоқ, пенсиямды алып, үйде жатырмын. Бiрақ мен өзiмдi кешеге дейiн жалғызбын деп сезiнгенiм жоқ. Қолымда – қаламым, иығымда – басым, кеудемде – жүрегiм бар едi. Сол үшеуi ар, намыс, борыш дегенге түсiнушi едi. Солардың түсiнiгi арқылы мен далада қалып қойған қазақ емеспiн деп ойлаушы едiм. Мақтанды десең дей бер, мен қазақ әдебиетiнде еңбек етiп жүрмiн деушi едiм. Мұның бәрi салыстырмалы түсiнiк, әрине. Мыналар не берiп жүр, мен не берiп жүрмiн деп өзiңдi басқалармен салыстырасың ғой. Сол салыстырмалы түсiнiкпен ширек ғасыр жүрiппiн. Жемiс те бар, оған пәлен дей алмайсың. Әрине ол да – салыстырмалы түсiнiк.

Құдайға шүкiр, 27 жыл отставкiде жүрсем де бiраз еңбек етiп, орысша, қазақша 5-6 кiтап жаздым. Атағым да, шатағым да болды. Лауреат атандым.

27 жыл iшiнде үкiметтiң кабинетiнiң есiгiн бiр рет қағып, ашып көрген емеспiн және қаққым да келмейдi. Бiреудiң үстiнен шағым берiп те көрген емеспiн. Одан Құдай сақтасын деймiн. Мен туралы жақсы да, жаман да сөздi естiп жүрген шығарсың. Екеуiнде де көп өтiрiк бар. Оған құлақ салып жүрген мен жоқпын. Жақсылағандарға да, жамандағандарға да сәлемiм түзу.

Баукең жанарын төмен салып, ойға ендi.

– Е, – деп күрсiне сөзiн жалғады. – Есiме түстi. Саған жалғыздықты алғаш сезiнгенiм туралы айтып берейiн, сен түсiнiп тыңда. Қатыным Жамал Қалыбекқызы менен бiржола кетiп тынған. Көше кезiп, ешнәрсеге (тiптi мейрамханадан тамақтануға да) зауқым соқпай үйге енсем, бөлмелер үрей сыйлап үңiрейiп, тiл қатар емес. Не iстерiмдi бiлмедiм. Терезе алдына барып, сырттағы қараңғылыққа телмiрiп, ұзақ тұрдым. Қайтадан беталды қаңғып, көше кезерiмдi де бiлмедiм. Бiреуге телефон соғуға да ықылассызбын. Соққанда не демекпiн?

Өз үйiңе өзiң сыймау деген қиын жағдай екен, қарағым. – Баукең өшiп қалған темекiсiн көрiп, "Мәссаған, керек болса?!" деп қайта тұтатты. – Өзiмдi қоярға жер таппай ары-берi жүрмiн. Тұңғыш рет өзiмдi жалғыз сезiндiм…

Маған барлай, сынай қарап:

– Сен жалғыздық дегендi түсiнесiң бе? – дедi.

Мен үндемедiм.

– Өте қиын жағдай болады екен. Өзiңдi жалғыз сезiну жүрекке өте ауыр соғады екен. Бұл – менiң өмiрiмдегi ең сын минөтi едi. Кенет қоңырау шылдырлады. Есiктi аштым. Таныс әйел келiп тұр.

Мен қатты қуандым. Оны қалбалақтай қарсы алдым. Ол да өте қуанды.

– Төрге өт, төрле.

Өзi өте ақылды әйел едi. Бiраз әңгiмелескен соң тоңазытқышты ашты. Барын алып, тамақ әзiрлеуге кiрiстi.

– Бауыржан, мен iшке енiсiмен-ақ, сенiң аш екенiңдi сездiм.

– Сезгенiңе рақмет.

– Мен дүкенге барып келейiн. – Ақша бердiм. Төменге түсiп кеттi. Жақын маңайда гастроном бар едi. Бiр шөлмек шарап әкелдi.

Екеумiз тамақтандық, рюмке соғыстырып, шараптан iштiк. Шай қойды.

– Мынаған не жоқ? – деп отырмын. Кейiннен, шаршасам керек, қалғып кетiппiн.

– Бауыржан, жатып дем ал, – деп төсегiме жатқызды. Түн жарымында оянсам, сол жағымда жатыр. Кетпептi. Астапыралла-а! Алғаш:

– Әй, мынау қасымда жатқан кiм? – деп таң қалдым. Байқасам, манағы әйел. Еркектiк намысым қозып, құшақтап сүйдiм.

Оның маған күйеуге шықпақ ойы бар екен, өзi ғылым кандидаты. Мен ыңғай бермедiм. Бiрер айдан соң ол Москва университетiне немiс тiлiнен аға оқытушы болып ауысты.

Оған әлi күнге ризамын. Сын минөтiнде менi жалғыздықтан құтқарды.

Баукең темекi түтiнiн үрлей:

– Өзiмшiл дейтiн сөз бар, қарағым, – дедi екi-үш мәрте жөткiрiнiп. – Ол сөздi әркiм әртүрлi түсiнедi. Мен де ол сөзге баяғыда әртүрлi түсiнетiнмiн. Ендi басқаша түсiне бастадым. Жасым келген кiсiмiн, жаманды-жақсылы творчество адамымын. Көптi көрген, көп нәрсенi түсiнген кiсiмiн. Орысша айтқанда, меня сейчас мучает мое противоречие с моим окружением. Олардың түсiнiгi бөлек, менiң түсiнiгiм бөлек. Екеуiнiң басын қоса алмастан қор боп жүрмiз.

Мен қартайған кiсiмiн. Қартайсам да көлгiрлердiң ықпалына көнбеймiн! Түсiндiң бе? Олардың жоспары мүлде басқа, менiң жоспарым мүлде басқа. Мен екiншi Бауыржан Момышұлы бола алмаймын! Мен бiрiншi Бауыржан Момышұлымын! Беделге бас иiп, ешкiмнiң алдында жалбақтаған емеспiн, жалбақтамаймын! Түсiне бiлгенге, бұл сөздiң мағынасы терең.

Бауыржан Момышұлы екенiмдi мен ешкiмге мiндет iстемеймiн. Отанымның алдында, халқымның алдында қызметтерiмдi ақ ниетпен атқарған азаматтардың бiреуiмiн. Сен дұрыс түсiн, бiрегейi емеспiн, тек бiреуiмiн. "Мақсатына жетер кiсi сабырмен" деп ата-бабам айтқандай бәрiне сабыр етiп келем.

Әрине "бiр өлiм – хақ" деген сөз бар ғой. Бiр күнi болмаса, бiр күнi мен де өлемiн. Ақ ниетпен, адалдықпен өлгiм келедi. Саған айтқан шығармын, қарағым, хал-қадарымша тырысып еңбек еттiм, қырғын соғысқа қатынастым, соғыс бiткеннен кейiн қыршын кеткен жауынгерлердiң әруағына сиынып, қолымнан келгенiнше қазақ, орыс тiлiнде кiтаптар жаздым. Олардың бейiттерiнiң басына мен гүл шоғын қойған жоқпын. Шынымды айтсам, көбiнiң басында бола да алмадым. Оған қанды шайқас мүмкiндiк бермедi.

Соғыста мен өзiмдi өзiм жалғызбын деп санаған емеспiн дедiм ғой. Неге десең, солдаттар, офицерлер, қандыбалақ жолдастарың қауiпке қол ұстасып бiрге барады. Бiрге барғаны былай тұрсын, кейбiреулерi сенен озып, алға кетедi. Қатты айтқаныңа өкпелемейдi. "Неге бүйтiп қатты айтты мына кiсi?" – деп ойланып, шынымен кiнәлi болса, мойнына алады. "Ойбай, мына жерде мен шынымен-ақ абайсыздық iстеппiн ғой, мына кiсiнiң ұрысқаны дұрыс екен", – деп қатты қайғырып, өзiн-өзi жазғырады. Бұл қыл көпiрде тұрғанына қарамастан өзiн-өзi сынаудың әкесi емес пе?

– Ананың оққа қарсы жүгiрiсiн қарашы? Мен бұғып қалып едiм, анау бұққан жоқ, одан менiң жаным артық па? Қатардан қалмайын, – деп соңғы күшiн жұмсап, жүгiрiп, алдыңғы қатарға қосылады.

Қырғын қан майдан ғой. Соғыс – деген үлкен таразы, үлкен сын. Ер намысы деген нәрсе осындайда ғана көрiнедi. Қорқыныш жоқ жерде әркiм батырсынып, аузымен орақ орып, көкiрегiн кере бередi. Ал сын сағатында жанын шүберекке түйiп, намысына тырысып, қой бастаған серкедей топ басына шыққандар соңындағыларды қырғын соғыстың отына магнитше тартады. Себебi басқалар "мен одан кеммiн бе?" деп өкшелей жүгiредi. Кейбiрi қуып жетiп, әрi-берiден кейiн озып кетедi.

Бетпе-бет ұрыста жауынгер мiнез-құлқының жай адамның мiнез-құлқынан айырмасы жер мен көктей. Орнынан кiмнiң бұрын, кiмнiң соң көтерiлгенiн, қалай өлiп кеткенiн бiз бiлмеймiз. Алдыңда, қасыңда кiм, есiңде жоқ. Әркiм өз мiндетiн орындау үшiн арпалысады.

Менiңше, бетпе-бет ұрыста жауынгердiң үш түрi байқалады. Бiрi – жараланады, бiрi – өлiп, бiрi – бәрiнен озып алға кетедi. Олардың жағдайын ұрыс кезiнде анықтау мүмкiн емес. Әрi-берiден кейiн кiмнiң қалай өлгенiн, жараланғанын бiз толығымен бiлмеймiз. Оны түсiрiп алатын киноаппарат немесе жазып алатын жағдай жоқ. Мынау өлiп, мынау қатты жарақаттанып қалды-ау деп қайғырып жүрген ешкiмдi кездестiрмейсiң. Майдан шебiнде қызу шайқас, қызу бетпе-бет соғыста кiмнiң қалай өлгенiн дәл бiлу қиын, шырағым.

Мен өзiм – бетпе-бет ұрыстың офицерiмiн. Бiзге 1942 жылы әскери тiлшi Александр Кривицкий келдi. Мен оның сұрақтарына жауап берiп отырып:

– Сiз неге қазбалай бересiз?! – деппiн ғой ашуланып. Көзi бақырайып, таң қалды. Iшiнен: "Мынау жауынгерлерiн жақсы бiлмейдi. Мұны полк командирi еткен кiм?" – деп ойласа керек. Соны сезiп мен:

– Соғыста белгiлi батырлардан гөрi белгiсiз батырлар көп, – деп едiм, басын изей, қуана құптады. Кейiн сол сөзiмдi "Красная звезда" газетiне өзгертпей жазды.

Жараланып, Мәскеудiң госпиталiнде емделдiм. Кейiн бiраз уақыт Совет Армиясының Орталық қонақ үйiнде тұрдым. Бiр күнi Кривицкий төбе көрсеттi.

– Сiздi редакторымыз редакцияға ертiп кел деп, менi арнайы жiбердi, – дедi күлiмсiрей.

– Жарайды, – деп келiстiм. Редактор iрi денелi кiсi екен. Шенi – генерал-майор. Орнынан тұрып, қарсы жүрiп, маған қолын ұсынды. Бетiнiң бiр жағы қал секiлдi қып-қызыл.

– Жолдас полковник, мен сiздi көргенiме қуаныштымын.

Жарты бетi қанталағандай қып-қызыл. Таң қалып қарағанымды байқаса керек:

– Анам менi осылай туды, ендi қайтем? – дедi. Түсiнген кiсiге бұл оның "менiң мынау бетiмнен сескенiп қалдыңыз ғой" деген сөзi ғой. Е, байқап қойыпты ғой деп қып-қызыл боп кеттiм.

Өзi ақылды кiсi болу керек, менiң мұныма да ыңғайсызданып қалды. Столының тартпасын ашып, "Казбек" папиросын алып, маған ұсынды. Ол кезде сiрiңкенiң де тапшы кезi.

Орнынан тұрды, мен де орнымнан тұрдым. Қалтасынан оттығын алып, алдымен өзiнiң папиросын, одан кейiн менiң папиросымды тұтатты.

Мен бұл қылығына да таң қалуым керек. Жымиып күлдi де:

– Бiзде қазiр бензин таза емес, – дедi. – Бiрiншi тұтанған кезде исi жаман болады, сәл өте құриды. Соны сiз сезбесiн деп алдымен өзiмнiң папиросымды тұтаттым.

– Рақмет, жолдас генерал-майор.

Кривицкий есiк жақта түрегеп, алаңдап тұр. Генерал-майор қоңырау басты.

– Сiздi тыңдауға әзiрмiн, – деп бiр майор iшке ендi.

– Буфетшi қатынға айтыңыз, бiзге екi стакан қара кофе, төрт печенье әкелсiн. Полковникпен кофе iшiп отырып әңгiмелеспекпiн.

Кривицкий сезiмтал, генерал-майордың әлгi сөзiн: "Сен бара бер, екеумiз ғана әңгiмелесуiмiз керек, кедергi жасама" – деп түсiнiп, кiшкене қызарып, кетуге рұқсат сұрады.

– Маған келетiн кiсiлер бар едi.

– Иә, барыңыз. Сiздiң жұмысыңыз көп қой.

Ол бұрылып шығып кеттi. Темекi тартып отырмыз. Бiр сұлу даяшы қатын подноспен алдымызға екi стакан кофе, төрт печенье әкеп қойды. Сызыла қарап:

– Тағы қандай тағамға зауқыңыз соғады? – дедi.

– Рақмет, осы жетедi.

Есiк жабылғаннан кейiн iшке майор ендi.

– Полковникпен әңгiмемдi аяқтағанша ешкiм көңiлiмiздi бөлмесiн. Өкiмет пен майданнан соғылған телефоннан басқа телефонға менi қоспаңыз.

– Құп болады.

Шифоньердiң жартысындай үлкен сейфi бар екен, жазу столының тартпасынан кiлт алып, сейфтi ашты да бiр шөлмек коньяк, екi рюмке алды.

– Жолдас полковник, кездескенiмiз үшiн.

Рюмке соғыстырып, кофе iше бастадық. Өзi асықпай қимылдайды екен. Бiраз ойланып отырып:

– Менiң сiзге сұрағым бар. Бiздiң тiлшiмiз Александр Кривицкий сiздiң полкiңiзде болып, жақсы мақала жариялады. Оқыған шығарсыз? Ұнағандықтан көлемiн қысқартпай, газетiмiздiң бiр бетiне тұтас жарияладық.

– Иә, оны оқыдым.

– Сiз осында дегендi естiгеннен кейiн көрiп, әңгiмелескiм, Панфиловпен қалай танысқаныңызды бiлгiм келдi. Ол кiсiнiң әскери ерлiгi мәлiм болды ғой, ол өз алдына, әрине.

Панфиловтан мен бiр-ақ жас кiшi екенмiн. Марқұм қайтыс болды ғой. Сiз қазақсыз, Панфиловпен соғыста ғана кездестiңiз, қарамағында аз уақыт қана болдыңыз. Осы аз уақыт iшiнде ол кiсiнi қалайша түсiнiп, қалайша ол кiсiнiң барлық мiнез-құлқын, ойларын есiңiзде сақтағансыз? Мен соған таң қалам. Ол кiсiмен кездесулерiңiз эпизодтық кездесулер ғана, үнемi қасында жүрген жоқсыз әрi соғыстан бұрын ол кiсiнiң қарамағында болған емессiз. Солай ғой?

– Иә.

– Аға лейтенант қазақтың айтуы бойынша орыс генералына жоғары баға берiледi. Менiң таңданатын себебiм сол.

– Жолдас генерал-майор, Иван Васильевич қарапайым кiсi едi. Ол өзiнiң осы қарапайымдылығы, адалдығы арқасында адамдарды өзiне баурай бiлдi. Оның үлкен өмiр мектебi болды. Ол қарапайым халық арасынан шықты. – Бiраз шешiле сөйледiм.

– Иван Васильевич әскери академияда бiлiм алған жоқ қой?

– Ол кiсiнiң әскери академиясы – өмiр мектебi. – Генерал-майор үнсiз ойланып отырып:

– Ол рас, – дедi басын шайқап. – Өкiнiшке орай, бiздiң көбiмiз өмiрден үйрене бiлмеймiз, – деп күрсiндi. Күрсiндi де, – солардың бiрi – мен өзiм, – дедi.

Баукең жадырай күлдi.

– Иван Васильевич Панфиловтың ерлiгi – қызғанарлық та, қызығарлық та ерлiк! Соғыста қаза тапқан басқа генералдарымыз аз ба? Бiрақ солардың арасында Иван Васильевичтiң даңқы майданды қақ жарып шықты.

– Жолдас полковник, сiзге өте ризамын. Иван Васильевичтi шын сүйетiнiңiзге көзiм әбден жеттi.

– Иван Васильевичтi сүйгенiм – Отанымды сүйгенiм, жолдас генерал-майор.

– Бұл жоғары түсiнiгiңiз үшiн де рақмет!

Жылы қарсы алған генерал-майор жылы қоштасты. Кривицкийдi шақырып алып:

– Бiздiң машинамен полковниктi қонақүйге жеткiзiп салыңыз. Қайтып келген соң маған жолығыңыз. Менiң сiзбен де әңгiмелесетiн жағдайым болып отыр, – дедi көңiлдене түсiп.

Мен орнымнан тұрдым. Генерал-майор кабинетiнен шығып, алға түстi. Кенет қатарласа, маған сыбырлай:

– Жолдас полковник, өзiңiз бiлесiз, қазiр бүкiл елiмiздi азық-түлiкпен қамтамасыз ету қиын, – дедi. – Өзiмнiң азын-аулақ резервiм бар, тамақ, темекi жағынан сiзге ептеп қарасуыма болады.

– Рақмет, жолдас генерал-майор, мен Бас штабтың карточкiсi бойынша тамақтанып жүрмiн, – деп едiм, таң қалып қарап:

– Е, мұныңыз жақсы екен, – дедi қуанып.

Ол кезде жұрт бiр үзiм нанға зар кез ғой. Кейiннен бiлдiм, маған қамқорлық жасап, Бас штабтың карточкiсi бойынша тамақтануыма ұйытқы болған маршал Василевский екен.

Баукең жадырай, көңiлдене түсiп:

– Байқағаным, генерал-майор ақылды кiсi көрiндi. Оны бiлгенiм, менi түсiндi, – дедi ойлана. – Есiңде болсын, ақылды кiсiге ақылды сөз айтпасаң, ол сенi жөндi тыңдамайды да, сыйламайды да… Онымен танысып, аз уақытқа болса да сырласқаныма ризамын. Бiлсең, ол да менiң бiр мектебiм…

Баукең темекi тұтата отырып:

– Бұл әңгiме неден шығып кеттi? – дедi көк түтiндi үрлей.

– Жалғыздық туралы ой толғаудан…

– Жаңа айттым ғой, мен қандыкөйлек достарымның тiрi қалғандарының бiреуiмiн. Мен олардың әруағын осы уақытқа дейiн сыйлаймын. Қолыма қалам ұстаған себебiм де – сол. Олар менi қартайған шағымда да жалғыздықтан құтқарып келедi…

Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ

Серіктес жаңалықтары