КYЛЕМIЗ БЕ, ЖЫЛАЙМЫЗ БА?!.

КYЛЕМIЗ БЕ, ЖЫЛАЙМЫЗ БА?!.

КYЛЕМIЗ БЕ, ЖЫЛАЙМЫЗ БА?!.
ашық дереккөзі
282

Ұлттық болмысынан ажыраған, жетi атасын бiлмейтiн жетесiз ұл мен қыз, олардан туылған мәңгүрт ұрпақ, салт-дәстүрлерiн ұмытқан келiн мен күйеу бала… Барлығымыздың болмаса да, көпшiлiгiмiздiң көзiмiз үйренген жайт бұл. Үйреншiктi жайтқа айналғаны соншалық, қоғамдағы осы бiр дерттiң шипасын iздеуге тiптi талпынбайды да екенбiз. Сонда бұған кiнәлi кiм? Өзге ме? Жоқ елiктегiш, жағымпаз, жалтақ, көрсеқызар сияқты. Күлемiз бе, әлде жылаймыз ба?!.

Дәл осындай атаумен М.Әуезов атындағы Академиялық драма театрында драматург, сыншы Еркiн Жуасбектiң комедиясының тұсауы кесiлдi. Режиссерi – ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi Мұрат Ахманов, қоюшы суретшiсi – Қабыл Халықов.

Оқиға желiсi немiс халқына күйеу бала болған ұлы мен кәрiстердiң келiнi атанған қызының ата-анасының үйiне келе жатқаны жайлы хабар келiп, әке-шешесiнiң қарбалас дайындығынан басталады. Көптен күтiп жүрген балаларын көрiп, қос қария көзайым болады. Алайда бұл қуаныштары ұзаққа созылмайды. Әйелiнiң ырқынан шыға алмаған ынжық ұл өз елiн менсiнбей, өзге елдi Отанынан артық көретiн байлыққұмар қыз, солардан туған ұлтты сүю деген ұлы сезiмнен ада, көрсеқызар, таяз ойлы санасыз ұрпақ… Бәрi-бәрi кезiнде ұлттар достығының ұйытқысы, үлгiсi болғысы келiп, жат елмен жекжаттық, құдаластықты алдына мақсат қылып қойып, балаларынан да соны талап етiп, соңында дегенiне жеткен қарияның әрекетiн жылдар сараптап, таразы-уақыт елегiнен өткiзiп, әдiлiн саралап, салдарын алдына әкелiп ұсынғанда, өз әрекетiнiң олқылығын түсiнiп, сол қателiгi қатер болып, жүрегiне қанжардай қадалады.

Осы негiзде өрбитiн пьеса оқиғалары шынында да қоғамда белең алып, көкейде жүргенмен, көп қозғала бермейтiн қазiргi күннiң өзектi мәселесi. Спектакль негiзiнен басынан аяғына дейiн терең әжуа, ащы шындыққа құрылған. Комедиядағы ашық та, астарланып та жеткiзiлетiн оқиғалар езуге күлкi үйiре отырып, халқымыздың бүгiнгi ахуалын зерделей бiлуге, болашағы туралы ойлануға шақырады. Ұл мен қыз, келiн мен күйеу бала, немерелерiне дейiн шетелдiк есiмдi иеленген, құндылықтары да өзгерген бұл отбасы – кезiндегi кеңестiк көзсiз интернационализмнiң бүгiнгi зардабының нақты көрiнiсi. Ұлттық болмысынан ажыраған ұлт қасiретiн, ұрпақ тексiздiгiн, өз қолын өзi кесе алмай отырған ата-ананың өзегiн өртеген өкiнiштерiн… қысқасы қазақ қоғамының "заманауи" таным-түсiнiгiн, қасiретiн комедияландырып көз алдыңызға әкеледi. Тамашалайсыз. Iшек-сiлеңiз қата күлесiз… Iле-шала езуiңiз сап тиылып, мұңаясыз. Дәл өмiрдiң өзi сияқты. Сырттай театр актерлерiнiң өнерiне сүйсiнiп, мәз болғаныңызбен, iштей нағыз өмiр "актерлерiнiң" жiгерсiздiгi мен намыссыздығынан жерiнiп, күмiлжисiз. Бейне бiр кешiп жатқан бүгiнгi қоғамның хал-ахуалын, сүрiп жатқан шынайы өмiрiңiздiң жай-күйiн сыртынан тамашалап отырғандай әсерде болатыныңыз сөзсiз. Күнделiктi күйбең тiрлiк қамында көзге көрiнiп, сезiле бермейтiн пендешiл пиғылымыз бен рухани осалдығымыз дәл осы сәтте санаңызда тайға таңба басқандай тым анық көрiнiс бередi.

Сол кезде өзге емес, өзiңiз үшiн ұялып төмен қарайсыз… Әсiресе, қазақ болудан қашып, өзге ұлттың атын жамылып, соны мақтан көретiн кейiпкерлердi сахнаға шығару арқылы режиссер де, автор да қоғамымыздың көптеген олқылықтарын, адамдары рухани таязданып, ушығып бара жатқан замана iндетiн көрсете отырып, көп нәрсенi ұғындырғысы келгенiн аңғару қиын емес. Елiктегiш қазақтың да, ұйқышыл қазақтың да, жалқау қазақтың да, көрсеқызар қазақтың да бетпердесiз бейнелерi көрiнедi. Осы арқылы көрерменiн, болашақ елдiң тiрегi – жастарды ұлтымызға төнiп келе жатқан үлкен қатерден сақтандырады, жамандықтан жирендiре отырып, дұрыс жолға түсудiң бағытын нұсқайды. Бұл жөнiнде қойылымда әлжуаз, жалқау Мэлс есiмдi кейiпкердiң рөлiн сомдаған актер Жалғас Толғанбай: "Ұйқыны жақсы көретiн, әлi ұйықтап жүрген адамдар көп қой бiзде. Бұл жерде менiң сомдап жатқан образым, менiң кейiпкерiм қазақты сондай бiр жағымсыз қасиеттерiнен арылтып, уақытының барлығын бос ұйқымен өткiзбей, халқы үшiн қызмет етуге жұмсаса екен деген ниеттен туған болатын. Қазiр қазақта шетелге кетiп жатқан адамдар да, өз ұлттық қалпынан, дiнiнен, дiлiнен ажырап жатқан түсiнiгi таяз, танымы тар бауырларымыз да жетерлiк. Осы сынды олқылықтарға теңiздiң бетiне тамған тамшы құрлы тосқауыл бола алсақ – бiздiң өнер адамы ретiндегi мысқалдай болса да мiндетiмiздiң орындалғаны. Ал ендi сахналаған образыма келсек, кейiпкерiм бастан-аяқ ұйқыны аңсап жүрген, өзiнiң жетi атасын бiлмейтiн, қызы мен туған жиенi қосылам деп жатса, "базар жоқ" деп бәрiне немқұрайлы қарайтын намыссыз адам ретiнде көрiнедi. Жасыратыны жоқ, бiздiң қоғамда да мұндай жайттар аз кездеспейдi. Сондай адамдарға, әрекеттерiне қарап тұрып, Абай атамызша айтсақ, "қайнайды қаның, ашиды жаның". Бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарудың орнына, осылай сан-саққа шашырауымыз қазақ деген ұлы халық үшiн ұят нәрсе. Қазақ болып туылғаннан кейiн, қазаққа тән болмысымызды, дәстүрiмiздi, қазақтығымызды сақтап, ұрпақ тәрбиелеу мәселесiне үлкен мән бергенiмiз жөн. Өйткенi елiмiздiң ертеңi – сол жастар. Спектакльдi сахналау барысындағы театрдың, автордың, режиссердiң, жалпы барлық ұжымның алдына қойған мақсаты – осы", – деп пiкiрiн бiлдiрсе, немере қыз Эля бейнесiндегi Салтанат Бақаева: "Қойылымда сахналаған образым – негiзiнен қызық әрi түсiнiксiз кейiпкер. Менiңше, оның осындай болып бойжеткенiне өзi кiнәлi емес, оған кiнәлi өскен ортасы, тәрбиелеп өсiрген әке-шешесi және қоғам деп ойлаймын. Шын мәнiнде, менiң кейiпкерiм кейпiндегi ұлттық рухы әлсiз адамдар бiздiң қоғамда көптеп кездеседi. "Өнер дегенiмiз – өмiрдiң өзi" – дейдi ғой. Ендеше сол өмiрдi неге өнер арқылы көрсетпеске? "Дос жылатып айтады". Өз олқылықтарымызды өзiмiз түзеуге тырыспасақ, өзгеге оның ешбiр қажетi жоқ. Ал жастарға "елiктемеңiздер!" дегiм келедi. Көрерменiне ұсынылып отырған аталмыш комедияның негiзгi мақсаты да – өзгелерге елiктемей, керiсiнше өзiмiздiң қазақы қасиеттерiмiздi қанымызға сiңiрiп, қастерлеп, ұлттық ерекшелiктерiмiздi көтерiп, соны мақтан тұтуға үндеу, жастар санасына ой тастау".

Сахнадағы көзге қораш көрiнген кейбiр оғаштау қылық, көрiнiстердi ескермегенде, жалпы қойылымды сәттi сахналанды деп айта аламыз. Ең бастысы, қазақы намысымызды жанып, ұлттық рух биiкке көтерiле алды. Әсiресе мәселенi режиссерлiк тұрғыдан жан-жақты көре бiлiп, комедияны жаңашыл формада ұтқыр бере алуы, сахнаның үлкен астармен шебер декорациялануы да қойылымның құндылығын, көтерiлiп отырған мәселенiң өзектiлiгiн, мән-маңызын одан әрi аша түскендей. Ал ендi әртiстер ойынына, шеберлiгiне келсек, қарт ата мен апаның бейнесiн сомдаған Бахтияр Қожа мен Данагүл Темiрсұлтанованың, немiс келiндi ойнаған Дәрия Жүсiптiң, ұйқыдан басқаға бас ауыртып қарамайтын жалқау да жалтақ қазақ азаматының рөлiндегi Жалғас Толғанбайдың, жалпы қай-қайсысының болмасын өз образдарына тыңғылықты iзденiп, дайындалғандықтары, бүгiнгi қоғамымыздың дертiн бар жүректерiмен сезiнiп, жанын сала ойнағандары көрiнiп тұр. Әсiресе Айжамал бейнесiн нұсқалаған әртiс Шынар Жанысбекованың аузымен айтылған: "Неге бiз ылғи бiреудi ренжiтiп алудан қорқамыз? Ал қазақты ренжiтуден неге ешкiм қорықпайды?!." деген ащы сөзi көпшiлiгiмiздiң өңменiмiзден өтiп, шекемiздi шымырлатқаны жасырын емес. Оқиға желiсi ширығып-ширығып, "Иә, расында да неге бiз бiреуге жалтақтап, елiктеп өмiр кешуге тиiспiз?.." – деген ойға алып келедi көрерменiн. Осы арқылы ұлттық болмысымызды, қазақы табиғатымызды қашанда биiкте ұстау, оны жан-жүрегiмiзбен қадiрлеу қажет екендiгiне тағы бiр мәрте қойылым арқылы көз жеткiзе түсiп, үлкен әсермен қайтатыныңыз анық. Өйткенi Р.Ролланша айтсақ, өнер дегенiмiздiң өзi – ықшамдалып берiлген өмiр. Осы тұрғыдан келгенде, бүгiнгi қоғамның шындығын бейнелеуде аталмыш қойылымның да арқалаған жүгiн жеңiл деп айта алмаймыз. Соған қарамастан спектакльдi алға қойған үдесiнен шыға алды деуiмiзге толықтай негiз бар. Бұл жөнiнде қойылым авторы Еркiн Жуасбек: "Алғаш пьесаны жоба ретiнде жазған кезде, сахнадан дәл осындай спектакль көремiн деп ойлаған жоқпын. Шын мәнiнде бүгiнгi таңдағы, жаһандану заманындағы дiнiмiздегi, ұлттық қасиетiмiздегi алаөкпелiк ерiксiз осы дүниенiң тууына түрткi болды. Қазақстанның үстiнен де, астынан да өтiп жатқан жаңалықтардың бәрi бiздiң елiмiзге, әсiресе жастарымызға қалай әсер етедi, қандай зиянын, қандай пайдасын тигiзетiнiн ой елегiнен өткiзiп, саралаған кезде, өзiмiздiң ұлттық қасиетiмiзден ажырап қалмаймыз ба деген мәселенiң болғаны рас. Тұсауы кесiлiп жатқан қойылым негiзiнен сол мәселелер туралы жазылған пьеса болатын. Қағаз бетiне түскен ойымды театр одан әрi тереңдетiп, көз алдымызға бүгiнгiдей спектакль етiп әкелiп отыр. Яғни бұл дегенiңiз автор тарапынан жасалған жобаны режиссер, актерлер шарықтау шегiне жеткiзiп, көрерменiне күле отырып жылайтындай қойылым етiп өмiрге келтiрдi деп айтуға болады. Сондықтан қайткен күнде де қазақтың қазақ болып қалатыны оның ұлттық қасиетi мен тiлiнде екендiгiн көрерменнiң есiне тағы да бiр мәрте сала алсақ, одан асқан мақсат жоқ. Сөз жоқ, менiң мақсатым орындалды деп ойлаймын", – деп ағынан жарыла ой бөлiстi.

P.S. Автордың бұл пiкiрiмен қарапайым көрермен ретiнде бiз де толықтай келiсемiз. Олай дейтiнiмiз, бүгiнде қоғамда белең алып тұрған ұлтсыздану, шектен тыс елiктеушiлiк пен жағымпаздық сынды аса қатерлi дертiмiздiң үстiнен дөп басқан қойылымның ұлттық болмысынан, қазақы тамырынан ажырап қалмау мәселелерi алаңдататын кез келген көрермендi бей-жай қалдырмасы анық. Бәлкiм, Сiз де ойланарсыз?!.

Назерке ЖҰМАБАЙ

Серіктес жаңалықтары