Зұлқайнар ҚОЖАМҚҰЛОВ: "ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚҰДIРЕТIМЕН ҚАЗАҚЫ СЕЗIМДI БЕЙНЕЛЕГIМ КЕЛЕДI"

Зұлқайнар ҚОЖАМҚҰЛОВ: "ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚҰДIРЕТIМЕН ҚАЗАҚЫ СЕЗIМДI БЕЙНЕЛЕГIМ КЕЛЕДI"

Зұлқайнар ҚОЖАМҚҰЛОВ:  "ҚЫЛҚАЛАМНЫҢ ҚҰДIРЕТIМЕН ҚАЗАҚЫ СЕЗIМДI БЕЙНЕЛЕГIМ КЕЛЕДI"
ашық дереккөзі
345

Зұлқайнар Қожамқұлов – оңтүстiк өлкесiне ғана емес, республикаға танымал қылқалам шеберлерiнiң бiрi. Кескiндеме өнерiнде өзiндiк өрнегi бар, өзiне тән қолтаңбасы бар. 1981 жылы КСРО Суретшiлер одағының мүшесi, 2004 жылы "НИКОР" әлем халықтарының қолөнерi халықаралық қауымдастығына еңбегi сiңген суретшi атағын алған. Кезiнде марқұм Бексейiт Түлкиевтiң өмiрде де, өнерде де қатар жүрген айырылмас серiктерiнiң бiрi болды. Ол екеуiнiң қолынан шыққан "Ұлы көш" тарихи тақырыпқа салынған ең күрделi, тың туындылардың бiрiне айналды. Бүгiнде жеке шығармашылық жұмыстармен айналысып жүрген Зұлқайнар Қожамқұловпен арадағы әңгiмемiз кескiндеме өнерiнiң бүгiнгi жайы, суретшi тағдыры турасында өрбiдi.

ТҮП-ТАМЫРЫҢДЫ IЗДЕМЕЙ ТҰРА АЛМАЙДЫ ЕКЕНСIҢ

– Зұлқайнар Қожамқұлұлы, одақ ыдырағаннан кейiн Суретшiлер одағының, көркемсурет қорларының жұмысы тоқырауға ұшырады. Бiрақ қазiр жаңа өмiрге бейiмделген қылқалам шеберлерi аз емес. Солардың бiрi өзiңiз десек, артық айтпағанымыз шығар…

– Көптеген қылқалам шеберлерi сияқты мен де туындыларымды сатып күн көрiп жатырмын. Алматы сияқты үлкен қалалардағы галереялар еңбектерiмдi сатып алады. Қалталы азаматтар. Ең бастысы өнердiң қадiрiн бiлетiн жандар. Мен сурет туындыларын коммерциялық және шығармашылық деп бөлемiн. Коммерциялық туындылар – көшiрме дүние. Ол компьютердiң, түрлi техникалардың көмегiмен жүзеге асырылады. Сурет өнерiнiң қадiрiн бiлетiндерге ол керек емес. Керегi – шығармашылық туынды. Шығармаға бiр қарағаннан олар суретшiнiң не айтпақ болғанын түсiне қояды.

– Ал сiздiң шығармашылық жолыңыз, бағытыңыз қандай?

– Еуропалық мектептiң өкiлi саналғаныммен мен номадттық, яғни көшпелiлiк стильде салғанды ұнатамын. Өз ойымды ұлттық құндылықтармен ұштастырамын. Қазақы ою-өрнектердiң техникасына қарап отырып, соны өзiмнiң еңбектерiме қолданамын. Сосын барып шешiм қабылдаймын. Қалада өскендiктен мен ұлттық тәрбиенi бойыма сiңiре алмадым. Бiрақ адам бәрiбiр өзiнiң түп-тамырын iздемей тұра алмайды екен. Мен қазiр сол тамырдан нәр алғым келедi. Асық ойнауды, беташарды, тұсаукесердi бейнелеймiн. Қылқаламның құдiретiмен қазақы махаббатты, қазақы сезiмдi көрсеткiм келедi.

– Туындыларыңызды сатып алып жатқан азаматтардың iшiнде шетелдiктер де бар ма?

– Бар. Көбiне туристер алады. Жатжерлiк адам Қазақстанға келген соң, осы елге тән бiр дүниенi алып кеткiсi келедi. Оларға дүкендегi қытайдың қаптаған арзанқол суреттерi керек емес. Бiрақ сурет сатып байып жатқан бiз жоқ. Айталық мен Алматыда көрме өткiзуiм керек. Ол үшiн туындыларымды галереяға қоямын. Оған ақша төлеу керек. Бояуға, кенеп алуға ақша қажет. "Қара қазан, сары баланың қамы" тағы бар. Сондықтан да мемлекеттiк тапсырыстарды орындауға мәжбүрмiз. Тендерге қатысамыз.

– Бiрақ мемлекеттiң суретшiлерге беретiн тендерi аз дейсiз ғой.

– Тендер бар, бiрақ оны ұтып аласың ба, жоқ па, мәселе осында. Жуырда Шәмшi Қалдаяқовтың мүсiнiне конкурс өттi. Оған мен де өз жобамды қойған болатынмын. Бiрақ жолым болмады.

– Жалпы кейiнгi кездерi мүсiншiлердiң мiндетiн суретшiлердiң меншiктеп алғаны жөнiндегi әңгiме жиi көтерiлiп жүр. "Шымшық сойса да, қасапшы сойсын" деген емес пе?

– Мүсiншiнiң қолынан келген нәрсе суретшiнiң қолынан келмейдi дегенге келiспеймiн. Шетелде суретшi деген бiр ғана ұғым бар. Менiңше, осы дұрыс. Мен сурет те саламын, мүсiндi де жасаймын, графикаға, керамикаға, гобеленге де таласым бар. Әр өнердiң өз айтары бар. Өзiңнiң кейбiр толғанысыңды, ойыңды түсiруге бiр ғана қылқалам аздық етуi мүмкiн. Мәселен Сальвадор Дали суреттi де салған, мүсiндi де жасаған. Ал Леонардо да Винчи әрi сурет салды, әрi конструкция, тiптi адамның анатомиясын да жасаған. Мүсiншiлiк қолыңнан келсе, оны неге жасамасқа?

"ҰЛЫ КӨШТI" САЛУ – СПОРТ ЗАЛДАН БАСТАЛҒАН

– Дегенмен сiз елге суретшi ретiнде белгiлi адамсыз. Халық сiздi "Ұлы көштiң" авторларының бiрi ретiнде таныды. Осы тарихи туынды қалай салынып едi?

– "Ұлы көштiң" салынуы 1995 жылы басталды. Оны аяқтауға екi жылдай уақыт кеттi.

Бiз Бексейiт Түлкиев екеумiз табиғат аясына көп шығып, сурет салуды ұнататынбыз. Бiрде Бексейiт халқымыздың өткенiн, тарихи тұлғаларын бейнелейтiн панорамалық туынды салу туралы ұсыныс бiлдiрдi. "Осы суреттi екеумiз салсақ" дедi. Мен қарсы еместiгiмдi бiлдiрдiм.

"Ұлы көштi" салу Бексейiт туып өскен Оңтүстiк Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Кеңесарық орта мектебiнiң спорт залында басталды. Алғашқыда суреттiң көлемi 6х3 едi, кейiннен 6х3,5 болды. Алдымен туындының композициясын құрдық. Ойласа келе, былай деп шештiк. Бабалардың бейнесiн бiрiнен кейiн бiрiн сала берсек, "Ұлы көш" ылғи портреттерден тұратын қызықсыз туынды болып шығар едi. Сондықтан шығарманың ортасы мен төрт бұрышын ұстап тұратын мықты жүйе қажет болды.

Аңыздарға қарағанда, Шыңғысхан өз заманында бiр ақ боз атты ерттетiп, оған ешкiмдi мiнгiзбей, өзiмен бiрге алып жүредi екен. Ол атқа әруақ мiнедi деген түсiнiк болғанға ұқсайды. Бексейiтке осы аңыз қатты әсер етсе керек. Сондықтан шығарманың ортасына Тәңiрi бейнесi – күндi, одан кейiн ерттеулi ақ боз атқа мiнген Алтын адамды салдық. Туындының бiр бұрышына Қорқыт, екiншi бұрышына Домалақ ана, үшiншi бұрышына Асан қайғы, төртiншi бұрышына ақ ұсынған келiншек салынды. Ал халқымыздың тарихындағы ұлы тұлғалар тап бiр көктен түсiп келе жатқандай әсерде бейнелендi.

Осындай тарихи мағынасы бар суреттi салу барысында бiзге қолдау қажет едi. Ақыры ойласа келе, Бексейiтке аға болып есептелетiн Амалбек Тшановтан көмек сұрауға бел байладық. Тшанов ол кезде Жамбыл облысының әкiмi болатын. Әлi аяқталмаған суреттi бейнетаспаға түсiрiп, Таразға аттанып кеттiк.

ЕЛБАСЫ ӘРҚАШАН ТАРИХИ ТҰЛҒА БОЛЫП ҚАЛА БЕРЕДI

– Тшановтың уақыты тар екен. Суреттi барып көруге уақытым жоқ дедi. Осылай боларын алдын-ала бiлген бiз дереу таспаны көрсете қойдық.

Шынын айту керек, суретке Амалбек аға өте қатты қызықты. Бiздi қолдауға уәде еттi. Уәдесiнде тұрды да. Ол Тараздағы бiр профилакториядан орын дайындап бердi. Бiз жұмысымызды осы жерде аяқтадық.

Осы профилакторияда "Ұлы көштiң" композициясы өзгерiп кете жаздады.

– Қалайша?

– "Ұлы көштi" салу барысында бiзге танымал азаматтар кеңес берiп отырды. Тiптi Елбасының айналасына сол кездегi Парламент депутаттарын салу туралы ұсыныстар айтылды. Осы үшiн бiраз келiспеушiлiктер де болған. Уақыт өте келе көзi тiрi қоғам қайраткерлерiнiң алғашқылары "Ұлы көшке" "iлесе" бастады. Бiрақ мұндай бағытпен ұзаққа бармасымызды түсiндiк. Ақыры Бексейiт екеумiз шығармадағы көзi тiрi қайраткерлердi алып тастап, "Ұлы көштi" о бастағы композициямыз бойынша жалғастыра бердiк.

– Дегенмен көзi тiрiлердiң iшiнен Н.Назарбаевтың бейнесi қалды ғой.

– Елбасы – Қазақстанның тұңғыш президентi. Ол бiздiң Тәуелсiздiгiмiздiң тұғырын қалады. Сол кiсiнiң арқасында көптеген жетiстiктерге жеттiк. Қазiр ойлап отырсам, "Ұлы көшке" салынуы тиiс әлгi дөкейлердiң бәрi де қазiр қызметтерiнен кетiп қалыпты. Ал қандай заман болса да Елбасы тарихи тұлға болып қала бередi.

– "Ұлы көштi" мемлекет басшысымен таныстыру қалай өттi?

– Таныстыру 1997 жылдың 25 қазанында өттi. Бiз суреттi бес бөлiкке бөлiп, "Камазбен" Тараздан Алматыға алып бардық. 24 қазанда кешкiсiн туындыны мемлекет басшысының Алматыдағы резиденциясына алып келiп, оны түнi бойы құрастырдық. Үйге таң ата қайттық. 25 қазанда бiзге "Ақ үйден" телефон шалып, Елбасының суреттi көруге келетiнiн хабарлады.

БЕКСЕЙIТТI ӨЛТIРГЕНДЕРДIҢ ҰСТАЛМАҒАНЫНА ӘЛI КҮНГЕ ТАҢҒАЛАМЫН

– Мен резиденцияның төменгi қабатына түсiп, қайта көтерiлсем, Елбасы келiп суреттi тамашалап жүр екен. Қасында – Бексейiт. Ол әрбiр тұлғаны жеке-жеке таныстырып өттi. Назарбаевтың бейнесiне келгенде: "Мынау – Қазақстанның тұңғыш Президентi", – дедi. Басқа артық ауыз сөз айтқан жоқ. Елбасы бәрiн көрiп болған соң: "Елге үлкен еңбек жасаған екенсiңдер, рахмет сендерге", – деп ризашылығын бiлдiрдi.

"Ұлы көштiң" қасында тұрып Елбасы Бексейiт екеумiзге шығармашылық жоспарымыз туралы сұрақтар қойып, еркiн әңгiме құрдық. Сол жерде мемлекет басшысына "Жiгiттердiң еңбегiн ескеру керек" деген ұсыныстар да айтылған болатын. Елбасы бұл ұсынысқа ешқандай пiкiр бiлдiрген жоқ. Бұдан кейiн ол резиденцияны аралап жүрiп, суреттi iлетiн жердi өзi көрсеттi. "Ұлы көш" әлi күнге сол ғимаратта тұр. Мiне, туындының қысқаша тарихы осылай болып едi… Өкiнiшке қарай, ұзамай Бексейiттен айырылып қалдық.

– Бексейттiң өлiмi туралы алып-қашты әңгiме көп. Оның өнердегi әрi өмiрдегi үзеңгiлес серiгi ретiнде сiз бұған не айтасыз?

– Әлi есiмде, 1972 жылы болатын. Екеумiз Шымкенттегi көркемсурет мектебiнде таныстық. Далада сiркiреп жаңбыр жауып тұрған. Бексейiт – орысшаға шорқақ ауыл баласы, мен – қазақшаны жақсы түсiнбейтiн қала баласымын. Бiрақ екеумiз тез тiл табыстық. Ол ертең Алматыға, Көркемсурет училищесiне түсуге кететiнiн айтты. Мен де сол оқу орнына дайындалып жүргенмiн. Ертеңiне асығыс-үсiгiс жолға жиналып, екеумiз пойызға отырдық. Училищеге бiрге түстiк, бiр группада оқыдық. Өмiр бойы бiрге жүрдiк.

Бексейiт сырт көзге тұйық көрiнгенiмен, өмiрде өте ақжарқын болатын. Әзiл әңгiмелердiң майын тамызып айтатын.

…Мен сол күнi Жетiсайда жүрген едiм. "Бексейiт қайтыс болыпты" деген суық хабарды қызым телефон арқылы хабарлады. Не сенерiмдi, не сенбесiмдi бiлмедiм. Алматыға дереу аттанып кеттiм. Кейiннен бiлгенiм, қанды оқиға көлiк тұрағында болған көрiнедi. Жаназа кезiнде қаптаған қызыл жағалылар жүрдi.

Тосын өлiмiнен кейiн бәрiмiз үрей құшағында жүрдiк. Бексейiт ешкiмге зиянын тигiзген жоқ. Олай болса, оның өлiмi кiмге керек болды? Бексейiтке пышақ салған қаскүнем ертеңгi күнi, бәлкiм менi де, сенi де ажал құштырар дедiк?!

Бексейiттi өлтiргендердiң ұсталмағанына, бұл қылмыстың ашылмағанына әлi күнге таңғаламын. Бексейiт тiрi кезiнде құқық қорғау органдарының басшыларымен, оның iшiнде Бас прокурормен жақсы таныс болатын. Олар тым құрыса, Бексейiттiң әруағы үшiн осы қылмысты ашуы керек едi ғой…

Бексейiт өлгенiмен, артында оның есiмiн өшiрмейтiн суреттерi қалды. Өнер – мәңгiлiк деген осы шығар.

Әңгiмелескен Бақытжан Әбдiрашұлы

Серіктес жаңалықтары