ӘЗIЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ

ӘЗIЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ

ӘЗIЛХАН НҰРШАЙЫҚОВ
ашық дереккөзі
572

Қазақ әдебиетi тағы бiр орны толмас қазаға ұшырады. 89 жасқа қараған шағында көрнектi қаламгер, Қазақ КСР-нiң Абай атындағы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты, Қазақстанның Халық жазушысы Әзiлхан Нұршайықов дүние салды.

Ол 1922 жылдың 15 желтоқсанында қазiргi Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданына қарасты Келiнсүйегi деген жерде дүниеге келген. Ақбұзау ауылындағы орталау мектептi бiтiрiп, Алматыдағы Тау-кен институтының жұмысшы факультетiнде, Семейдегi Абай атындағы Қазақ педагогикалық училищесiнде, педагогикалық институтында оқыған.

1941-1945 жылдар арасында Қызыл Армия қатарында болып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Соғыстан кейiн Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiн аяқтаған.

Әр жылдарда "Қазақстан пионерi" (қазiргi "Ұлан") газетiнде бөлiм меңгерушiсi, "Социалистiк Қазақстан" (қазiргi "Егемен Қазақстан") газетiнде әдеби қызметкер, бөлiм меңгерушiсi, редактордың орынбасары, Павлодар облыстық "Қызыл ту" газетiнде редактор, республикалық "Қазақ әдебиетi" газетiнде бас редактор, "Қазақ кеңес энциклопедиясында" тiл, әдебиет, фольклор редакциясының меңгерушiсi, Қазақ КСР Ғылым академиясы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер болып жемiстi қызмет еткен. Көп жылдар бойы Қазақстан Жазушылар одағында проза кеңесi мен жас әдебиетшiлер кеңесiнiң төрағасы болып келдi.

Алғашқы очерк, әңгiмелер жинағы "Алыстағы ауданда" деген атпен 1956 жылы жарық көрген. 60 жылдардан бастап көркем проза жанрында сүбелi еңбек еттi.

Қаламгердiң қаламынан туған "Махаббат жыры", "Тоғыз толғау", "Автопортрет", "Махаббат, қызық мол жылдар", "Ақиқат пен аңыз", "Екi естелiк", "Жамбылға хат", "Менiң замандастарым", "Қаламгер және оның достары", "Мәңгiлiк махаббат жыры" сияқты кiтаптары оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған.

И.Буниннiң, М.Шолоховтың, Т.Павленконың, А.Якобсонның шығармаларын қазақшаға сәттi тәржiмалаған. 2005 жылы "Қазығұрт" баспасынан он томдық шығармалар жинағы жарық көрген.

Жекелеген шығармалары қырғыз, өзбек, тәжiк, молдован, татар, якут тiлдерiне аударылған.

1980 жылы "Ақиқат пен аңыз" роман-диалогы үшiн Қазақ КСР-нiң Абай атындағы Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты атағы берiлген. III дәрежелi "Даңқ", "Құрмет белгiсi", "Халықтар достығы", II дәрежелi "Отан соғысы", "Парасат", "Отан" ордендерiмен марапатталған.

Әзiлхан Нұршайықов – Қазақстанның Халық жазушысы. А.Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты. Семей қаласындағы М.О.Әуезов атындағы университеттiң, Шәкәрiм атындағы Семей педагогикалық институтының құрметтi профессоры, Жамбыл облысындағы Сарысу ауданының, Семей қаласының құрметтi азаматы.

Көркем әдебиеттi қадiрлейтiн халқымыздың бiрнеше буын өкiлдерi жазушының шығармаларымен сусындап өстi. Оның шығармаларының кейiпкерлерi қашанда жас ұрпақты отансүйгiштiкке, адалдыққа, махаббат пен достық сезiмiне тәрбиеледi. Миллиондаған адамдардың жүрегiне жол тапқан құнды шығармалары ұлттық мақтанышымызға, мәдени мұрамыздың ажырамас бөлiгiне айналды.

Алаштың абыз ақсақалы, аса көрнектi қаламгер, парасатты да бiлiктi Әзiлхан Нұршайықов секiлдi ұлтын сүйген ұлағатты тұлғаның ардақты бейнесi ел жадында мәңгi сақталады.

Қазақстан Республикасының Үкiметi

“МЕН ЖАСТАРДЫҢ ЖҮРЕГIНЕ ОТ ЖАҚТЫМ, КӘРIЛЕРДIҢ ЖҮРЕГIНЕ ЖЫЛУ БЕРДIМ”

Бұл – бұдан 22 күн бұрын ғана (25 қаңтар) Әзағаңның әз жүрегiн жарып шыққан өз сөзi. Өскеменде. Дүйiм көптiң алдында…

Дүйiм көптiң алдында, осы 89 жас ғұмырында Әзағаң қаншама рет сөз сөйлегенiн, қанша рет оған көпшiлiк ду қол шапалақтап, қошеметпен қолтыққа су бүркiп отырғанын кiм бiлсiн. Бұны тiптi өзгенi қойып Әзағаңның өзi де бiлмес, өйткенi ұлан-ғайыр қазақ жерiнiң о шетi мен бұ шетiнде өткен жүздеген, мыңдаған жүздесулердiң қайсыбiрi есте қалсын. Сондай сансыз жүздесулер мен кездесулердiң бәрi бiрдей тарихта таңбаланып, қағазда хатталып та қалмас. Бiрақ бұдан 22 күн бұрынғы… бұл пәниден өзi озар алдындағы… 17 күн бұрынғы сөзi VII Қысқы Азиада алауын тамашалауға келген мың-мыңдаған Өскемен тұрғындарының ғана емес, жалпы қазақтың жадында көпке дейiн қалары сөзсiз.

…Мiне, менiң көз алдымда. Өскеменнiң атақты Спорт сарайы. Кешқұрым. Ат шаптырым кең Сарай қазiр сарай емес, құдды жұлдыздары жымыңдаған түнгi аспанға айналып шыға келген: қолдарына сан құбылған, қызылды-жасылды шырақ ұстаған көрермендер Әзағаң сахнаға шыққанда, теңiздей толқып, қыр қызғалдағындай тербелiп кеткен.

– Мен қазiр 89 жастамын, – деп бастады ол сөзiн әдеттегi әуездi үнiмен. (Сарай iшiн сартылдаған қол шапалақ керней жөнелдi). – Мен сол жасыма қарамастан сiздердiң қуаныш-қызықтарыңызға ортақтасайын деп… шамамның келгенiнше осынау ұлы думанды спорт додасы үстiнде ел мерейiн өзiмше көтерейiн деп… мынау қыстың көзi қырауда сонау Алматыдан келiп тұрмын. (Ол асықпай, аптықпай, әр сөзiн баптап, шегелеп сөйлеп, сөйлеген сайын кәрi қолдарын кәнiгi оркестр дирижерындай әдемi қозғап қойып, бүкiл сарай iшiн бағындырып, ұйыта тыңдатып алған).

– Мен бүгiн Азиада алауын көтердiм, – дедi ол. – Көтерiп қана қойғам жоқ, оны қазанда тұтаттым. Бұл – намыс отының алаулағаны! Бұл – әр кеудеде жiгер мен қайрат отының жанғаны. Бұл Алаудың әуелеп аспандауы – ел мерейiнiң асқақтауы. Мен осы Алауды тұтату арқылы… миллиондаған жастың жүрегiне от жақтым… кәрiлердiң жүрегiне жылу бердiм.

Бұл сөздi кең Сарайдағы қалың нөпiр қандай мағынада қабылдағанын бiлмеймiн, ал өз басым бiр сәт Әзағаңның бүкiл шығармашылық қызметiн, тiптi үстiрт те болсын, еске түсiрiп үлгердiм. Иә, маған сол мезетте Әзағаңның Азиадада көтерген алауы – жазушының өз жүрегiндей болып көрiнген. Ғұмыр бойы махаббат деп, адамгершiлiк, сүйiспеншiлiк деп жырлаған Әзағаңның әз жүрегi осы 89 жасына дейiн қаншама жастың жүрегiне от жағып, қаншама кәрiнiң кеудесiне жылу бердi екен?! Кеше кешкiсiн (24 қаңтар) облыс әкiмi Бердiбек Сапарбаевтiң өзi бастаған бiздер: Досқан Жолжақсынов, Роза Рымбаева, Ұлықбек Есдәулетов, Еркiн Нұразхан, Тоқтар Серiков және мен Әзағаңды алға ұстап, Павлодардан ұшып жеткен Алауды аэропорттан қарсы алғанбыз. Қайтар жолда Әзағаңмен машинада бiрге отырған мен:

– Аға, газетiмiзде эпистолярлық жанрдан үзбей материалдар берiп тұрсақ деген ойымыз бар. Сiздiң жеке архив қорыңызда мұндай материалдар көп шығар, – деп сөздiң ұшын шығарып едiм, ол адамның жан дүниесiне үңiлудегi эпистолярлық мұралардың қызметi жөнiнде бiраз айта келiп:

– Менде кешегi әдебиет, мәдениет, қоғам қайраткерлерiнiң көптеген хаты сақтаулы. Солардың бiразын дайындап қояйын. Керек кезiнде алып тұрыңдар, – деген аса кiшiпейiлдiкпен.

– Ал оқырман хаттары ше? – деп мен "алтын шыққан жердi тереңiрек қаза" түскiм келген.

– Олардың қайсыбiрiн айтайын. Тек "Махаббат қызық мол жылдар" деген романыма қатысты ғана 10 мыңдай хат алғаным бар, – деген ол жай ғана.

Бiр романға қатысты ғана 10 мыңдай хат! Осыншама жүректiң жануы! Осыншама жүректiң жылуы! Жандырған да, жылытқан да – Әзағаң! Неткен бақыт! Қандай абырой!

…Алматыға қайтар күн (26 қаңтар). Түс шамасы. Облыс әкiмiнiң орынбасары Түсiпхан Түсiпбеков бастаған жiгiттер Алматыдан келген алаушыларға арнап қонақүй мейрамханасында дастарқан жайған. Әзағаңмен тағы да қатар отырып қалыппын.

– Шүкiр, тәуба! – дедi ол бiр әредiкте маған ашыла-жарыла тiл қатып. – Осыған да жеттiк. Бәрi де тәуелсiздiктiң арқасы ғой. – Бұдан әрi облыстағы соңғы жағдайларды тiлге тиек ете отырып, облыстың қазiргi басшысы Бердiбек Сапарбаев iнiсiне қатты ризашылығын жеткiздi. Әрине, маған сыр қып. Ал мен оны тыңдай отырып, Әзағаңның өзiне iштей риза болдым. Неге? Өйткенi кешеден берi әкiмнiң алдында бiрнеше жерде сөз алған Әзағаң… сол сөздердiң бiрiнде де Бердiбек iнiсiне жай ризашылығын бiлдiргенi болмаса, көпiрме мадақ пен арзан мақтауға бармаған. Азаматтың көзiнше емес, сырттай бағасын беру қандай жарасымды десеңшi.

– Мынау Түсiпхан деген сөзге ұста екен, – деген ол ендi бiр уақыт дастарқан басында қонақтарға тiлек айтып тұрған облыс әкiмiнiң орынбасарына қарап.

Мен күлдiм. Күлдiм де:

– Аға, бұл жiгiт қазақтың әдебиетi мен мәдениетiн мына бiзден артық бiлмесе, кем бiлмейдi. Өзi әншi, домбырашы да. Кезiнде осы облыстың Мәдениет басқармасының бастығы болған, – деп едiм, Әзағаң:

– Ә, солай ма?! – деп балаша қуанып қалған. – Әр әкiмнiң жанында осындай жiгiттер жүрсе, ел көсегесiнiң көгергенi ғой.

Әзағаң осыны айтты да, қалтасынан фотоаппаратын алып, маған бердi де:

– Қазiр дастарқаннан тұрған соң, бәрiмiз суретке түсейiк. Алдымен тобымызбен. Сосын менi осы отырғандардың әрқайсысымен жеке-жеке түсiрiп ал. Жарай ма, қалқам, – дедi үлкен өтiнiшпен.

Қайран Әзағамның әз жүрегi сонда бiрдеменi сездi ме екен?!.

Дидахмет ӘШIМХАНҰЛЫ

ҚАЙРАН, ӘЗАҒА

1975 жылдың сары күзi. Байжансайға Халық жазушысы, "Махаббат кызық мол жылдар" романының авторы Әзiлхан Нұршайықов келетiн болыпты деген хабар халықтың құлағын елең еткiздi. Байжансай кенiшi – Шымкент облысының Жамбыл облысымен кәрi Қаратай арқылы шектесетiн Мыңшабыр өзенiнiң бастау алатын жағасына орналасқан кен орны. Осы кенiш атымен аталатын кала типтес Байжансай поселкесiнде 6-7 мыңдай халық тұрады. Бұлар – кеншiлер, мұғалiмдер, дәрiгерлер, және т.б. поселкелiк ұжымдарға тиесiлi қызметкерлер.

Мен ол кезде "Байжансай" шахтасының бастығы кызметiнде едiм. Мұндай аты ел құрметiне бөленген жазушының бiздiң жерге аяқ басуы бiз үшiн үлкен қуаныш болды. Әзаға шахта, байыту фабрикасы сияқты ipi цехтарды аралап жұмысшылармен кездестi. Естен кетпес естелiктер айтты. Халық бip көтерiлiп қалды.

Әлi есiмде, кешкi астың үстiнде сұрақтар берiлiп, жауап қайтарылып жатты. Осы келiсiнде "Ақиқат пен аңыз" кiтабының бiрнеше данасын ала келiп, қолтаңба берiп таратты. Батыр Бауыржан туралы сұрақтар қардай жауды. "Махаббат қызық мол жылдар" романы да соғыс жылдарына байланысты ғой. Осы кiтаптың екi-үш бетiн сөзбе-сөз үтiр-нүктесiне дейiн жатқа айтып бергенде, өлең емес қара сөздi де адам айнытпай есте ұстай алады екен-ау деп таң қалыстық.

Мiне, Әзағамен осы жылдан берi таныстығымыз отыз жылдай үзiлiп барып бiз Алматыға көшiп келгеннен кейiн қайта жалғасты. Ағаның үйiн тауып, рұқсат алып, қайта кездесуге мүмкiндiк алдым. Сәлем берiп отырғаннан кейiн (менi танымағанын сездiм) өзiмдi таныстырып, алып барған екi кiтабымды ұсындым. Бiрiншi кiтаптың iшiнде Әзағаның "Қырандар мекенi" атты очеркi бар болатын. Мiне, осыдан кейiн әңгiмемiз басқаша қалыпқа түсiп, ағыл-тегiл шер тарқастық.

Әзағаның өз қолымен жазылған екi хатын көпшiлiкке ұсынып отырмын.

Қымбатты Iлеке (Iлесбай iнiм), қадiрлi Өсеке (Өскенбай бауырым)!

Сiздерге, сiздер арқылы бүркiттiң ұясы iспеттi қиядағы қала бүкiл Байжансай елiне ондағы өзiм жүздескен тамаша азаматтарға шын жүректен шыққан сәлемiмдi жолдаймын.

Әрине, сiздер менi ұмытып та қалған боларсыздар. Қалаға қонақ болып сан адам келедi, олардың бәрiн есте сақтай беру де мүмкiн емес қой. Ал мен сiздердi ұмыта алмадым. Сiздердiң адамгершiлiк, азаматтық бейнелерiңiз, халық үшiн жасап жатқан тамаша еңбектерiңiз үнемi менiң есiмде жүрдi. Әрине, сiздер жайында жеке кiтап жазса да жақсы болар едi. Бiрақ бiр ғана барып кеткен адамның қолынан ондай үлкен еңбек жасау келмейдi ғой. Ол үшiн өздерiңiзбен қол ұстасып, бiрсыпыра уақыт бiрге жүру керек. Бiрге тұрып, сiздер тартқан тауқымет, қуанышты бастан бiрге кешу қажет. Дегенмен "Ат аунаған жерде түк қалады" деген емес пе? Мен сол Байжансайда қалған "түгiм" болсын деген ниетпен, сiздерге арнап осынау "Қырандар мекенi" деген шағын очерктi жарияладым. Осыны сiздерге жолдап отырмын. Аз да болса, көптей көрiп қабылдауларыңызды сұраймын.

Баршаларыңызға тiлектестiк, ағалық, достық сәлеммен Әзiлхан Нұршайықов

13 март, 1976 жыл. Алматы.

ЕСКI ТАНЫСҚА ХАТ

(Бұрынғы инженер, қазiргi зейнеткер Өскенбай Құлатайұлына)

Қымбатты Өсеке!

Сiз маған биылғы қазанның 25-i күнi келiп сәлем бердiңiз. Шынымды айтайын: тақырбастау келген кең иықты, егде азаматты жыға тани алмадым.

Танымаған себебiм, Сiз бен бiз… отыз жылдан аса бұрын кездескен екенбiз. Онда сiз отызға жаңа iлiнген, көмiрдей көл қара шашты, ұршықша иiрiлген жас жiгiт едiңiз. Содан берi Сiздiң өзiңiзге де, өмiрiңiзге де көп өзгерiстер келiптi. Оны әңгiмелесе келе бiлдiм ғой.

Сiз алдымен маған Өзiңiзге хат жазғанымды айттыңыз. Ол не қылган хат, не себептен жазылған? Есiмде жоқ. Сонда Сiз портфелiңiзден "Өмiр өрнектерi" деген кiтабыңызды шығарып, соның 54-бетiндегi менiң хатымды көрсеттiңiз. Оқып шықтым. Одан кейiнгi беттерде менiң "Қырандар мекенi" деген очеркiм басылыпты. Оны да оқып бiтiрдiм. Ол очерк "Социалистiк Қазақстан" газетiнiң (қазiр "Егемен Қазақстан") 1976 жылғы 13 наурыз күнгi санында шығыпты.

Сiзге жазған хатымды және Сiздер туралы осыдан 30 жыл бұрын жазған очеркiмдi оқып, қуанып қалдым. Сiз маған өзiңiз жазған "Өмiр өрнектерi" (2001) мен "Сағым жылдар" (2006) атты екi кiтабыңызды сыйладыңыз. Екеуiн де оқып шықтым. Бiрiншi кiтаптағы "Өмiр өрнектерi" повесiңiздi бас алмастан оқыдым. Соғыс кезiндегi елдегi ауыл өмiрiн көзiме елестетiп, өзiме ғибрат алдым. Бар ғұмыры шопандық еңбекпен өткен Құлатай ақсақалдың адамгершiлiк асыл қасиеттерiне сусындадым.

Сол сияқты Дақмырза аталарыңыз айтқан әңгiмелер де әрi қызықты, әрi ғибратты екен. Бұлардан басқа шахтерлер өмiрiнен жазылған этюдтер.

Ал екiншi кiтаптан ерекше сүйсiнiп, тебiренiп оқығаным "Клараның күнделiгi" болды. Қазiргi жастарға, жас жұбайларға тәлiм-ғибраты мол тамаша дүние. Клараның жаңа қосылған жас жарын 5 жылға оқуға жiберуi – бiр ерлiк. Қолында қалған ата-енесiн әлпештеп бағу – екiншi ерлiк. Отыны жоқ, суы жоқ, тұрмыс қиыншылығы бастан асатын артта қалған колхозды ауылда тапжылмастан 5 жыл бойы ұстаздық етiп, жас ұрпақты тәрбиелеуi – үшiншi ерлiк. Сондай ауыр жағдайда жүрiп, қалада оқуда жүрген сүйген жарына егiз бала сыйлап, оларды ауру-сырқаудан аман алып шығуы – төртiншi ерлiктiң түбi – махаббат. Махабаттан туған ерен ерлiк! Одан кейiн тағы үш баланы өмiрге әкеледi.

Бұл кiшкентай мазмұнды жазбаларда жас отбасының жұптықты сақтай бiлуiнiң үлгiсi жатыр. Әттең, бойжеткен қыздардың бәрi осы күнделiктi оқыса, шiркiн! Берiк семья құрудың өнегесiн үйренер едi. Осындай тұрақты семьялар көп болса, мемлекетiмiздiң iргетасы нығаяр едi!

Кiтаптан Сiздiң сол адал жарыңыздан айрылып қалғаныңызды бiлгенде қатты қиналдым. Бiрақ Клараның орнына Сәнiм сияқты тамаша жар тапқаныңызға қуандым. Бiр еркекке бiрiнен соң бiрi екi жақсы жар кездесуi өмiрде сирек кездесетiн оқиға. Оны бiрiншi кiтаптың 141-бетiндегi "Сәнiмге" деген өлеңдi оқып бiлдiм. Сәнiмнiң тамаша қасиеттерi айтылыпты.

Немерелер улап-шулап келгенде

Асыр салып, олар үйге енгенде,

Қабақ шытпай, айналып та, толғанып,

Аймалайсың, жылы ұшырай бергенде

Құда-жекжат, нағашылар, қайындар,

Жора-жолдас, бажалардай – жайым бар.

Ағайынның тiлiн тауып табысқан,

Жарқыраган он жыл бойы айым бар.

Осылай депсiз. Тамаша!

"Тымауратсам емделетiн дәрiм – сен" дейсiз. Ол да рас. Сiз бақыттысыз. Сiздiң әйелдерiңiздi ардақтай бiлген тамаша қасиеттерiңiзге тәнтiмiн.

Екi кiтаптың да жартысын өлеңмен толтырыпты. Бұрын баспасөз бетiнде жарияланбаған, өз дәптерiңiзде сақталған өлеңдер екен. Олар туралы көп айтып жатпайын. Бiр сөзбен айтсам, Сiз – ақын екенсiз. Бар өлеңдерiңiздiң тәрбиелiк мәнi бар. Бiздiң атақты ақындарымыздың iшiнде мерейтой өлеңдерiн көп жазған қаламгерлер бар. Сiздiң арнау өлеңдерiңiз солардың кейбiреулерiмен таласа алады деп ойлаймын.

Екi кiтапта да тұнып тұрған өмiр бар. Бiздiң замандастарымыздың өмiрi. Және ұлағатты өмiр! Сол өмiрдiң детальдарын ерiнбей-жалықпай, тиянақты жинап жүргенiңiзге және оларды оқырманға керектi кiтап етiп шығарғаныңыза рахмет.

Сәнiм келiн және барлық бала-шағаларыңызбен, осы кiтаптардағы құда-құдағи, дос-туыстарыңызбен тегiс аман болыңыздар. Олардың аттарын кiтапқа кiргiзiп көп мақтануыңызға болады. Өмiрден өтiп, аттары атаусыз қалатын адамдар көп қой.

Сау болыңыз, бауырым! Зор құрметпен, Сiздiң бұрынғы… Ә. Нұршайықов.

28 қаңтар күнi Әзағамен хабарласып кездесуге келiсiмiн сұрадым. “Өскен айналайын, бiр сағаттай қыдыруға сыртқа шығып едiм, сағат 12-лерде келе ғой”, – деп келiсiм бердi. Тура 12-де Құрманғазы көшесi, 90-шы үйдiң қасына ағамен кездестiк. Сол жерде суретке түстiк. Содан 28-пәтерге үйiне кiрiп жайғасқаннан кейiн, баспадан жаңа шыққан "Замандастар" атты кiтабымды ұсындым. 62-бетiнде ағаның суретi берiлiп, өмiрбаяны жазылған едi.

"Ардақты аға, ұстаз аға! Сiздiң өмiр жолыңыз келешек ұрпаққа өнеге! Тек сiзден үйрене бiлсiн, сiздi оқып-тоқып бiлсiн жас ұрпақ.

Сiзге зор денсаулық тiлеймiн.

Құрметпен iнiңiз Өскенбай", – деп қолтаңба жазып едiм.

Оқып көрiп, кiтапты екi қолымен ұстап, жүрегiне басты.

Бұл ағалы-iнiлi екеумiздiң соңғы кездесуiмiз, соңғы сұхбатымыз едi.

Ой, шiркiн, жалған дүние-ай, десеңшi?! Кiм ойлапты 15 күннен кейiн, Әзағаның марқұм боларын. Топырағың торқа, иманың саламат болсын Әзаға. Алла қаласа, Халима жарыңыздың жанына орналастыңыз. Қош бол, мәңгiлiк махаббаттың жыршысы.

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ

АРДАҚТЫ ӘЗАҒАМЫЗ ЕДI

Әзiлхан Нұршайықов ағаның қайтыс болғанын естiгенде төбеден жай түскендей әсер еттi. Денсаулығының сыр берiп жүргенiн бiлсек те, дәл осылай аяқ астынан көз жұмады деп ойламап едiм. Жақында ғана Өскеменде Азиаданың алауын ұстап, сергек кетiп бара жатыр едi. Әдебиет ортасы "Әз-аға" деп аса құрмет тұтатын. Өзiм де сан кездесiп, емiн-еркiн әңгiмелескенмiн. Ақиқатқа жүгiнетiн, әдiлдiктi ұстанатын ағаның жылы жүзi, қарапайымдылығы, басқаның тiлегiне, өтiнiшiне сергек қарайтыны көңiлiмде қалды. Жазғандарын сүйсiнiп, құмартып оқып, мол рухани нәр алатын еңбекқор да шебер жазушыны қимаймыз.

Бақыл бол, Әз-аға, иманың жолдас, жаның жәннатта болсын!

Тоқтар БЕЙIСҚҰЛОВ, жазушы, ғалым

Серіктес жаңалықтары