СЫН ТУРАЛЫ СӨЗ

СЫН ТУРАЛЫ СӨЗ

СЫН ТУРАЛЫ СӨЗ
ашық дереккөзі
716

Жақында Қазақстан Жазушылар одағының жоспарлы сын кеңесiнiң отырысы болып өттi. Кезiнде "ағалар алқасы" орналасқан одақтың кiшi залына белгiлi ақын-жазушылар, көрнектi ғалымдар мен журналистер жиналып, жарты ғасырға жуық қазақ сынына өзiнiң қолтаңбасын қалдырған Бақыт Кәрiбаеваның шығармашылық есебiн тыңдады. Сыншы еңбектерiнiң кезiндегi қоғамдық ой-пiкiрге ықпал еткенi тiлге тиек етiлдi. Оның сыни көзқарасы, ғылыми тұжырымдамаларының бүгiнгi күнмен тұтасып жатқаны жайлы жақсы лебiздер мен ой-толғаныстар ортаға салынды.

1970 жылдардан бастап әдеби сынға араласа бастаған Кәрiбаеваның сын саласындағы еңбек жолына жарты ғасыр толыпты. Ең алғашқы еңбегi "Жұлдыз" журналына жарияланды. Онан кейiнгi кезеңдерде "Ленишiл жас" газетiнде қызмет атқарып жүрген Сағат Әшiмбаев, Оралхан Бөкей сынды қазақтың бiртуар азаматтарының ықыласына бөленiп, сын әлемiнiң кеңiстiгiне кең қанат жая бастайды. Тәлiмдi ағалардан тағылымды ғибрат ала бiлген Бақыт апай – бүгiнде сын саласында өзiндiк қолтаңбасы бар сыншы. Ойы азат, байламы бөлекше сыншы екенiн танытты. Қазақ әдебиетiнiң тарихын, ұлттық мемлекетiмiздiң қалыптасу дәуiрiн кеңес үкiметiнiң құрылуымен байланыстыратын бұрмалаушы қоғамның, дерттi дәуiрдiң әдеби сыны жайлы көзқарасы, таным-түсiнiгi айрықша жанға айналды. Оған дәлел, Бақыт апайдың М.Қаратаевтың атына жазған ашық хаты қазақ қоғамына үлкен ой салды. Оның "Сын қандай, сыншы қандай?" атты мақаласы – сыншылық өмiрi мен шығармашылық деңгейiн биiктетiп көрсететiн жiлiктi дүние.

"Бұл кiсiнiң әдеби сынға араласып жүруi – патриоттығы. Ұлттық руханиятымызға көңiлiн аударып жүруi – әдеби сынға деген ғашықтығының көрiнiсi. Кәрiбаеваның әдеби сындағы бiр ерекшелiгi, шығарманың мәтiнiне кiрiп талдауында, әдеби үдерiстердi сабақтастыра айта алуында" – дейдi филология ғылымдарының докторы, профессор Темiрхан Тебегенов.

Жиналыста сөз алғандардың бiразы бүгiнгi әдебиетте сынның болмауына әр түрлi себептер айтты. Солардың бiрi – сыншы, Амангелдi Кеңшiлiк:

"Бүгiнде ақын да, жазушы да жарамсақ болып кеттi. Бұның бәрi де, бiздiң бойымызға кеңестiк кезеңнен қалып қойған бiр сарқыншақ сияқты. 20 ғасырдың басында ұлттың рухани әлемiн байытатын әдебиет жасауға, Алаш зиялыларының талпынысы болды. Онан кейiн сол рух жоғалып кеткен сияқты. Нағыз әдебиет қашан болады? Нағыз әдебиет – әдебиеттегi әдiлеттiлiк, адалдық үшiн күрес басталған кезде туады. Бүгiнгi билiк бiр нәрсенi түсiнуi керек. Халықтың iшiндегi ащы запыран әдебиет арқылы шығады", – дейдi.

Сын жанрын кезiнде саясат құралына айналған әдебиетке ара түсу мақсатында ағынға қарсы ой-пiкiрлерден бастаған сыншының әлi де берерi көп. Ол өз еңбектерiн өмiр тәжiрибесiнен, тарихи деректi негiз ете отырып, дәлелдедi. Сыншыға қарсылық қатты болғанымен, шындықтың өлмейтiнiн, ақиқаттың мәңгi өмiр сүретiнiн уақыт өзi көрсетедi. Бiз де қарымды қаламгер Бақыт Кәрiбаеваға шығармашылық табыстар тiлеймiз.

Жәнiбек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары