ЖУРНАЛИСТИКАҒА БӨЛIНЕТIН ГРАНТ ЕКI ЕСЕ КӨБЕЙЕДI
ЖУРНАЛИСТИКАҒА БӨЛIНЕТIН ГРАНТ ЕКI ЕСЕ КӨБЕЙЕДI
Жақында Бiлiм және ғылым министрi Бақытжан Жұмағұлов Елбасы Жолдауында айтылған мәселелердi тарқатып айту үшiн ең алдымен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiне келдi. Жиында қазақстандық бiлiм жүйесiнде қордаланып қалған күрделi мәселелер талқыланып, отандық бiлiм мен ғылым саласына ерекше назар аударылды. Соның бiрi де бiрегейi – журналистика мамандығына қатысты мәселелер.
Министрдiң журналистикаға бөлiнетiн грант санын үстiмiздегi оқу жылында көбейту туралы уәдесiн алуға түрткi болған ЕҰУ-дың журналистика және саясаттану факультетiнiң деканы, профессор Намазалы Омашұлының сауалы болды.
Ғалым Намазалы Омашев министрдiң бiлiм мен ғылым саласына жасап жатқан игi iстерiн айта келе: "Осыдан бiрнеше жыл бұрын Қазақстандағы бұқаралық ақпарат құралдарының саны 100-ге жетпейтiн уақытта, республика бойынша журналистика мамандығына қазақ және орыс бөлiмiн қосқанда 100 орын грант бөлiнетiн. Елiмiз тәуелсiздiк алып, әлемде ақпараттың алдыңғы қатарға шыққан заманында БАҚ саны Қазақстанда 2,5 мыңнан асып отыр. Оған әртүрлi мемлекеттiк құрылымдар мен ұйымдарда, агенттiктерде жұмыс жасайтын баспасөз хатшыларын қосыңыз. Ал республикамызда журналистика мамандарын даярлайтын 27 оқу орны бар. Былтыр министрлiктен журналистикаға грант бар-жоғы қазақ бөлiмiне 35, орыс бөлiмiне 25 орын бөлiндi. Бұл дегенiңiз әр оқу орнына бiр-бiрден ғана грант тиесiлi деген сөз. Биыл факультетiмiзге тиiстi 100 баллды толық алған талапкерлер оқуға түспей қалды. Орнына "Алтын белгi" иегерлерi мен арнайы квотасы бар студенттер түстi. Осы мәселенi де шешуге атсалыссаңыз" деген ойын бiлдiрдi. Министр Бақытжан Жұмағұлов Намазалы Омашұлының журналистика саласындағы бiлiктi де бiлгiр маман екендiгiн көпшiлiк алдында айта келе, бұл көтерiлген мәселенiң өзектiлiгiне тоқталып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм департаментiнiң директоры Серiк Мәуленұлына: "Алдағы уақытта журналистика мамандарын даярлайтын оқу орны тек Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетi мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетi болуы керек. Өзге қалалардағы журналистика даярлайтын бөлiмшелер өздерiнiң журналист мамандарын даярлауға мүмкiншiлiктерi бар екендiгiн дәлелдей алса, жұмыстарын ары қарай жалғастырсын, ал бәсекеге қабiлеттiлiк таныта алмағандарынан журналистика мамандарын даярлау туралы лицензияларын алып тастау керек. Сөйтiп журналистикаға бөлiнетiн грант санын екi есеге арттыруға болады" деген тапсырма бердi.
Сәтiн салса, биылдан бастап журналистикаға қарымы жетсе де, қалтасы көтермей келген талантты жастарға айқара жол ашылмақ.
Динара ДҮРМӘН