ИСЛАМ ӘЛЕМI

ИСЛАМ ӘЛЕМI

ИСЛАМ ӘЛЕМI
ашық дереккөзі
531

Қазiргi заманғы көпке белгiлi ислам тұлғаларының бiрi, бүгiнде Америкадан орын тапқан Фетхуллаһ Гүлен туралы пiкiрлер көп. Оның iшiнде оған қарсылықты, қайшылықты ой-тұжырымдар да баршылық. Алайда кез келген ақыл-ой қойнауынан өзiмiзге қажеттi нәр мен дән iздер болсақ, төменде жарияланып отырған материалдан да сол iздегенiмiздi табарымыз сөзсiз. Ең бастысы, мұнда айтылғандардың көбiн күн сайын көрiп-бiлiп, көз алдымыздан өткiзiп жатқанымыз анық.

Редакциядан

Фетхуллаһ ГҮЛЕН

Ислам әлемi пайда болған сәтiнен бастап, тарихтың бiрде-бiр кезеңiнде бүгiнгiдей қасiрет шеккен емес. Бақсыздықты басынан өткерiп, көлкiлдейтiн де тұратын көкжиегiнен көзi талып, жүрек сенбес қатерлi күй кешiп, керi қарай ешуақытта қазiргiдей шегiнген емес. Бәрiнен де сұмдығы – мына жамандық пен жақсылықты ажырата алмаған заманда жетуге тиiс биiктiк пен дәл осындай күй кешiп жатқан бейшара хал-ахуал арасындағы айырмашылығын таразыға салып есептесуге шамасы келмегендiгi.

Ислам дiнi өз өкiлдерiне iзгiлiк пен имандылыққа ұмтылуды, ар-абыроймен ғұмыр кешудi, ғылым мен бiлiмге құштар болуды, тiршiлiк пен жаратылыстың мәнiн ұғуды, түрлi уақиғалар мен заттың тiлiн түсiне бiлудi, шариғатты толық меңгергендей "ғалам" атты ғаламат кiтаптың негiзгi заңдылықтарын керемет бейнеде талдай бiлудi бұйырады. Әйткенмен бүгiнгi Ислам әлемi бұдан бейхабар сияқты. Хабардар болса да, бiрен-сараны ғана бiледi. Ал бiлгендердiң өзi ауыздарына құм құйылғандай үнсiз қалады, яки үндерi естiлмейдi. Сондай-ақ Ислам әлемiнде басқа қоғамнан мирас болып ауысып келген азғындық пен бұзақылық сынды қоғамға кесiр тигiзетiн жағымсыздықтар кәдуiлгi дағдылы қасиетке айналған iспеттi. Технологиялық мүмкiндiктер болса, әлгi азғындықтың белең алуына қызмет етуде. Қараусыз қалған жандардың басы айналып, не iстерiн бiлмей дал. Жас ұрпақтың бiр бөлiгi нашақорлық пен зинақорлықтың торына түсiп, "ойдағыдай өмiр сүремiн" дегендей ойына келгенiн жасап, iштей iрiп-шiруде.

Адам баласы қай кезде болмасын, исламдық динамиканың күш-қуаты мен байлығына байыппен үңiлiп, мән берiп қарағанда жан-жақты дамыған кенттердi, жәннаттың кескiнiндей шаһарларды, фирдаус жұмағын үнемi еске салатын ауыл-аймақтарды, бағы ашылып, үкiлi үмiт арқалаған адамдарды, ақиқаттың кең алқабында жүрiп, күрмеуi күрделi мәселелердi шешетiн зерттеушiлердi, ғылымға деген құмарлығымен кiтапхана мен зертханаларда күндiз-түнi көз майын тауысқан ғалымдарды, еңбек жолында түн ұйқысын төрт бөлген ерлердi және Хақ Тағалаға өмiрiн арнаған жанқиярларды ерiксiз көргiсi келедi. Өкiнiшке қарай, көзге iлiккен жәйттар қалағандай емес. Бой көрсеткен дүниелер мүлдем басқа. Қазiргi таңда Ислам әлемiнiң қанатын кең жайған кеңiстiгiнде бiр кездерi жер-жаһанға аты шыққан әлгi сана сәулетшiлерi сынды зиялылар мен кем-кетiгiмiздi толықтырып, жанға мәуелi мән дарытар жанып тұрған шырақтарды көрсету мүмкiн болмай барады…

Әсiлiнде, Ислам дiнi өкiлдерi қай кезде де мына бес күндiк өмiрде басқа жұрттан бақытты әрi о дүниеге деген дайындығымен әлдеқайда үмiттi және кез келген мәселеде iлгерi болуы керек едi ғой. Жүрегiне қонған иманы үшiн, ел мен жердiң жарқын келешегi үшiн жасақтап, пысықтаған жоба-жоспарлары арқылы жер-жаһанға үлгi болады деп көкiрегiмiзге үмiт ұялатқан жоқ па едi?! Бүгiнгi күннiң күрмеуiне iлiккен күрделi мәселелерi шешiмiн табады деп күтiлiп едi.

Шынтуайтына келгенде, бiздер де ғылым мен мағрифатты (Негiзгi мағынасы "тану" және "бiлу". Яғни жаратылыстың мәнiн, өмiрдiң мақсатын iзденiп, ақиқатты тану) дiн өкiлдерi қалыптастырған ортада ғана iздеу керектiгiне иланып едiк. Кемелдердiң көркем мiнезi мен жаһандық ортақ адами құндылықтарды да әлгi дiн өкiлдерiнiң бойынан көрiп, олардан үлгi алу керектiгiне имандай сенiп едiк!.. Арнасынан ауып кетпеген әдiлет, құлдырап қалмаған құқық, сенiм-наным мен ой-сана бостандығы сынды құндылықтарды тiлге тиек еткенде, әрбiр адамның көз алдында әлгi Ислам әлемi елестетiлсiн деп тiлеп едiк.

Шынымен де солай болды ма? Қайдам, дәл қазiр олай емес. Себебi бүгiнгi мұсылманның бойындағы иман жараланды. Табандылық тайғанақтап, ерiк-жiгердiң қанаты қырқылды. Ғылым мен мағрифат идеологияларға жарамсақтанды. Адамгершiлiк хақында жиi-жиi әңгiме өрбiткенiмен, ақиқатында "амал – адамның айнасы, сөзiне қарама" деген қағидат басты ұстаным болып қалыптасты; Шынайы iстi көрмейiнше, сөзге ешқандай да бiр сенiм жоқ. Ал адам баласына, адами құндылықтарға құрмет тәрiздi өмiршең мәселелер әртүрлi жиындар мен басқосулардың шеңберiнде қалып, жарыққа шығып үлгермеген "жылтыр" тақырыптарға айналды…

Сонымен қатар Ислам әлемiнiң қазiр ғылым мен технология саласында, өнер мен сауда-саттық арнасында артта қалғаны жасырын емес. Жер бетiндегi жағдайымыз осы. Соншалықты келеңсiздiктерге құрбан болғанымызға қарамастан, еш болмаса бiр-бiрiмiзбен тату-тәттi өмiр сүрсек екен ғой; Олай болмай тұрғаны өкiнiштi-ақ!

Бүгiнгi күнi Ислам әлемi өзiне жат "таңғажайып" дүниелердi де өндiруде. Бұлар – ғадауат пен өшпендiлiк, кекшiлдiк пен жауыздық, өсек пен ғайбат, қастандық пен жеккөрушiлiк. Әттең, өз iшiмiзде бiр-бiрiмен алысып-жұлысатын жауларды туғыздық. Дұшпандық пен қауiп-қатерлердi қолдан жасап алдық. Топтарды қасқырша қырқыстырып қойдық. Және бiр кездерi көкiрек көзi ояу әулиелер аяқ басқан киелi мекендердi құбыжықтардың сайран салар тозағына айналдырдық.

Ұлы Ислам дiнiмiз екi жаһанның бақытын уәде еткенiндей, бiздерге кәмiл адамдық биiктiктi нұсқап, өмiрге жан бiтiрiп, рух сыйлайды емес пе?! Өкiнiшке қарай, дәл осындай хас дiнiмiздiң өзiне ғана тән тылсым дүниелерге толы құбылыстарының Ислам әлемiнiң кейбiр тұрғындары үшiн ешқандай мәнi де, керегi де қалмаған сияқты. Менiң көрiп-бiлгенiм – иман келтiрген жандардың әлсiздiгi мен опасыздығы және дiн дұшпандарының қастандығы.

Қалай дейсiз ғой?

Иә, дiннiң атынан бiр iс-шараға мұрындық бола қалсаңыз, бiрден дiнсiздiктiң қарсылығын сезесiз. Сiздiң беки түскен сенiм мен иманыңызға, оттай жанған үмiтiңiзге, метафизикалық ой-толғауыңызға қарап мазаққа айналдырады. Ал осының нәтижесiнде базбiр ұятсыздардың арсыздығына куә боласыз. Диалог пен үнқатысуды, толеранттылық пен сабырлылықты, баршаға құшақ жайып, тату-тәттi өмiр сүру керектiгiн алға тартсаңыз, лақтырылған тастың астында қалып, бүгiнгi күннiң "Харижиттерiнiң" (Харижиттер – Сыффин шайқасында төрешiнiң тағайындалуына разы болып қабылдағаны үшiн Хазiрет Әлiден алыстап кеткен, халифатты Хазiрет Муавиеге бермегенi үшiн Хазiрет Әлiнi үлкен күнәға кiрдi деп кiнәлаған және өздерiндей ойламайтын (сахабалар да болса) өзге мұсылмандарды кәпiрлер деп үкiм шығарған адасқан ағым.) қоқан-лоққысымен үркiтiп, күш жұмсағанына көз жеткiзесiз. Дiни қағидаттарды жүзеге асырып ғұмыр кешуге талпынсаңыз, шынайы дiндар болуға ынталансаңыз, бүгiнге дейiн қандай iзгi iстерге мұрындық болғаны белгiсiз өздерiн зор санайтын кейбiр күштердiң қысымына құрбан боласыз. Сондай-ақ дiнге тiл тигiзген, өткен өмiрiңiзге күйе жаққан, ұлттық құндылығыңызды жоққа шығарған, ата-бабаңызды жерден алып, жерге салған базбiреулердiң арсыздығы қанды жараға, ұятсыздығы iрiңге айналады да жан дүниеңiзге у болып құйылады. Ал бұлардың барлығы қаншалықты азапты күндерге ұласатынын елестете берiңiз…

Мiнеки, осындай оқыс оқиғаларға куә болған кейбiреулер: "Бұдан былай Ислам әлемiнен ешқандай iзгiлiк пен құнды қасиет тумайды, оның болашағы бұдан да масқара болмақ!" – деп, үмiтсiздiктiң ұйығына батып, өзге жандардың үмiт отын сөндiрiп алданады. Әсiлiнде, кеудесiне шынайы иман мен үкiлi үмiттi ұялатпаған кез келген жанның дәл осындай бейшара халге түсуi – табиғи құбылыс.

Алайда бүгiн жасалған iзгi iс-амалың ертеңгi күнi бiртiндеп жойылар болса; адамзатқа, iзгiлiкке қызмет етiп жүрген жанқиярлар қауiптi қарақшылар iспеттi бақылауда жүрсе; әркiм өз әуестiгiне қарай бiр "әлем" құра бастаса; "әлем" құрамын деп өз пиғыл-түсiнiгiне қарай "терiс" деп көргеннiң барлығын жоятын болса (екi ғасырдан берi мына бақсыз әлемде бүкiл iстер дәл осылайша жасалған жоқ па едi?!) ешкiмде үмiт те қалмас, ерiк-жiгер де.

Шынымен де қызық, мына сормаңдай шақтың бұғауына байланған Ислам әлемiнде дiннiң, адамгершiлiктiң және iзгiлiктiң атынан жасалатын әртүрлi қызметтерге күмәнмен қарайтын, осы жолда елiм деп езiлiп, жұртым деп жұмылып қызмет еткен қайсарларды кiнәлi қылып көрсететiн және әр жанды бейшара деп санайтын кейбiр озбырлар мен солардың жағымпаздары мына кең-байтақ Ислам әлемiндегi жанды ауыртар жағдайды көрмейдi, не көрмегендей сыңай танытады. Әйтпесе бұл аймақта адам шошытар тоқыраудың бар екенi белгiлi. Ғасырлар бойы зиялы қауым өкiлдерi ештеме өндiрген емес. Әлемнiң жан-жағы тұйықталған, түн қараңғылығын жамылып беймезгiл мазалайтын байғұстар болса мәз-мейрам… Ол ол ма, мына таңғажайып әлем жұмыссыздардың, күшсiздердiң, қауқарсыздардың, қараусыздардың ғана ғұмыр кешетiн қираған панасына айналған iспеттi!..

Ал ендi қажет десеңiз, менiң сөзiме уақытша нүкте қойып, Ислам әлемiнiң әлгi жанды ауыртар жағдаяттарын көре бiлген марқұм Мехмет Акиф Ерсойдың әр уақытта жүректегi қорқыныш сезiмiн оятатын мына бiр өлең жолдарына назар аударалық:

Шапқыншы көз аштырмай, ағызды қан теңiзiн,

Айырды салдандырып Исламның жан сезiмiн.

"Шығыстан көрдiң ненi?" деп менен сұрар болсаң,

Сөнген от, бұзылған үй, мәнi жоқ әр сөзiнiң…

Қираған көпiрлерi, қаңсыған арналары,

Жол жабық, қырсық қырық, еңбекке арланады.

Тән тозып, азды ұлдар, қанында – намыссыздық,

Ойсыздық енжарлықпен барғандай жарға бәрi.

Жеңiлген тұтқын болып, сотталған соры қайнап,

Жайлаған жағымсыздық, дерттенiп зарланады.

Имамы жамағатсыз, сәждеге қояр бас жоқ,

Түсiнбей "Ғазауатты" бауырын жояр қастап.

Ауылдар қаңыраған, құлаған баспанасы,

Қараңғы, парасат жоқ, сенделер ой алмастан.

Жыладым күйзелiспен, әрқашан азаптандым,

Тiлекшi-қостаушым жоқ, құм ұшқан алаптар мың.

Тұңғиық түбi терең үрейлi зұлмат болды,

Туады қашан таңдай Исламға ғажап кең күн?

Тәңiрiм, осы жер ме тура жол тапқан адам;

Көркейген өңiр қайда алажiп аттамаған;

Мен көрген құмды дала сен бе едiң бiрлiк елi;

"Нәбилер туған жерi" деп, қайтып мақтана алам?

(Өлеңдi редакциялаған Д.Байтұрсынұлы).

Әлқисса мына зұлмат қараңғылықтың зұлымдығынан құтыла алмаған қайғылы жандардың әлемiнде талабы мен табандылығын, үмiтi мен үнiн жоғалтпағандардың саны әлi де аз емес. Әрине қазiргi кезде әрбiр елдi мекенде ақиқатқа асық, ғылымға ғашық, қызметке қанық қайсар мiнез жiгiттер мен мақсат-мұратына ұмтылған саналы ұрпақтың табылатыны сөзсiз. Бiрақ мұндайлардың жаңғырған дауысы нақты iс-әрекеттiң алдында, ал қолға алған iс-шаралары айқай-ұйқай мен дүбiр-шудың тасасында қалмақ. Абыр-дабыр болып жүргендiктен, кейде жақсылықтан гөрi жамандықтың пайда болып, жайылып кетуiне себепшi болуда. Құрғақ қиялды қуып, күдiк-күмән тудыруда. Дiнсiздiкке байланған жандарды алаңдатып, Исламды жеккөретiндердiң бетiн тырнап, ашындыруда.

Дей тұрғанмен, жан-жақтан түсiнiктi һәм түсiнiксiз дауыстар естiле бастайды. Күңкiл-сүңкiл әңгiмелерден кейiн бұрқ-сарқ еткен дауыстар рет-ретiмен шығады. Уақыт туып, "сыртқы қызметтер" мен әртүрлi "жалдамалы түмендер" қозғалысқа қосылады, нәтижесiнде осы күнге дейiн жасақталған барлық жоба мен жоспарлар бiртiндеп жойылады. Жолдар жабылып, көпiрлер қиратылады. Содан соң барлығы бiр ғана Құдайға мәлiм белгiсiз уақытқа керi қарай жылжып, деградацияға ұшырайды. Ал атқарылған ондаған iс пен жүздеген қызметтер бiр ғана өшпендiлiктiң, бiр ғана қатыгездiктiң, бiр ғана лепiрудiң кесiрiнен тығырыққа тiрелiп, босқа кетпек. Қазiрге дейiн дәл осылайша үнемi жалғасып жатыр. Бiр қоғамның iшiнде әртүрлi зиянды ағымдар мен адасқан топтар қалыптасты; олардың арасында талас-тартыс туды; ұлғая келе, әлгi айтыс-тартыстар жұдырық жұмсауға ұласты. Осылайша ақ пен қара толығымен араласып кеттi.

Ақиқатында Исламның iргесiнде жатқан ақылдың, мағрифаттың және хикметтiң рөлi тым биiк. Тафаккур, тадаббур, истидлал, ыждақат (Тафаккур – тұтас жаратылыс пен болмысқа, әрбiр тiршiлiк иесi мен затқа Алланың атымен қарау. Яғни ойлау және толғану. (Др.Ш. Ерен) Тадаббур – бiр нәрсенiң басы мен соңын, себебi мен нәтижесiн таразылап қорыту. Яғни кез келген iстiң басы мен аяғын байланыстыра бiлу және қорытынды шығару. Бұл – ақылға қатысты iс-әрекет. Ойлау жүйесiнiң басқа бiр түрi. (Ф.Гүлен) Истидлал – дәлелдеу үшiн дәйек келтiру, дәйектерге сүйенiп үкiм шығару. Сол сияқты галактикадағы жұлдыздардан бастап микроәлемдегi тозаңның түйiрiндей болмыс иелерi Ұлы Жаратушыны айғақтап көрсетедi. Ыждақат – талпыну, белгiлi бiр мәселеде күш сарп ету. Ислам құқығындағы мағынасы – "аят пен хадистегi терең мән-жайларды және жасырын үкiмдердi тауып шығару". Ал мұндай ғылыми күшке және иләһи сыйға бөленген жандарды "мүждахит" дейдi).

Ислам қоғамы үшiн өзекке айналуға тиiс негiздер. Адамзаттың Асыл Тәжi (с.ғ.с) өз үмбетiн Құран аясындағы ақыл мен пайымның жетекшiлiгiне шақырып, "Адамның кемелденген қалыбы, толықтығы – ақылменен болмақ, ақылсыздың дiнi де жоқ" (Дейлеми, әл Фирдаус 3/217; Мүнауи, Фейзүл қадир 4/528.) деп, бiздерге әрбiр iстi ақыл мен қисынның таразысына салуды үйретедi. Иә, Ғаламның Рақым Нұры (с.ғ.с) ылайым ғылым жағында болды, ғұламаларды құрметтеп қадiрледi және жер бетiнде ең алғаш ғылымның баршаға парыз екенiн жеткiздi. "Хикмет – мұсылманның жоғалтқан мал-мүлкi, қайдан тапса бiрден қолға алсын" (Тирмизи, ғылым 19; Ибн Маже, зүхд 15.) деп уәж еткен де Пайғамбар (с.ғ.с) болатын.

Ол (с.ғ.с) өз үмбетiне жүздеген аят-хадиспен ғылым мен хикметтi қаншалықты қадала үйретсе де, бiрнеше ғасырлардан берi қарай өмiр сүрiп келген кей мұсылмандар бұл мәселенiң мәнiн түсiне алмады. Ғылымға, мағрифатқа және өнерге ынталы болмады, көңiлдерiне қондырмады. Қондырмағаны былай тұрсын, зерттеу мен зерделеу тұрғысында кенжелеп, қозғалыссыз қалғаны соншалық, күнi түсiп, бөтен бiреулердiң қолтығына кiрудiң өзi оларға ескертудей елес бермедi және ойландырмады (бүгiнгi Ислам әлемiнiң дәл қазiргi жағдайы да осы жат құшақтағы қамқорлық). Олар ояна алмады, оянса да өз бойынан аса алмады, қоршаған ортада болып жатқанды көре алмады. Ақиқаттан, ақиқат асықтығынан, зерттеу құмарлығынан көбi хабарсыз-ды. Мен Ислам әлемiнде ғылым мен технология саласында өзгелерге тәуелдi болудан арланған бiрде-бiр адамды көрмедiм. Егер ондайлар бар болса, олар да дауыстарын естiрте алатын жағдайда емес.

Аллаға деген құлшылығымыз, иман мәселесiндегi ынта-ықыласымыз өзге кем-кетiгiмiзден асып отырған жоқ. Ғибадаттарымыз – мәдени шаралар тектес фольклор сынды бiрдеме; ешбiр жаны жоқ, рухы жоқ әрекет iспеттi, не болмаса салт-дәстүрiмiздiң бiр ғана тармағы. Әттең сол салтымызды сыйлаған болсақ қой; кiм бiледi, олар да уақытқа аманат…

Жай-жапсар осындай болған соң, бұл әлемде Ислам дiнi де, шариғат заңдылықтары да дұрыс ұғылмайды. Жаратылыстағы негiзгi қағидаттар да барынша жөндi оқылып, жөндi талданбайды. Сондықтан әлi де қаймағы бұзылмаған кейбiр мұсылмандардың орналасып қоныстанған, бiрақ түсi мен реңi бұзылып, тiлi түсiнiксiздеу келетiн мына қараңғы өңiрде қайтадан ақиқат асығының, ғылым мен зерттеу құмарлығының ескерiлуiне, дiннiң жүректерге тағы бiр мәрте өзiндiк өзегiмен сезiлуiне мұқтажбыз.

Бұл әлемдi әлгi сұмдықтан құтқаратындар – өз тәрбие жүйемiзбен жетiлген ойлы оғландар; баршаға ортақ иман мен ортақ мақсатқа ұмтылған, Хаққа өмiрiн арнаған жандар; "қызмет" деп риясыз еңбек еткен ерiктi ерлер; әртүрлi шытырман мен шырғалаңды шешiп, ғылымға, мағрифатқа және табандылыққа тұяқ тiреген тұлпарлар; әлгi заттық-рухани әрi дүнияуи-ақыреттiк ләззаттарды дәметпеген ер жүректi қаһармандар. Осы күнге дейiн дәл осындай кемел жандарды үмiтпен күтiп отырдық. Осылайша ақиқат жолында мәңгi-бақи ғұмыр кешемiз деп ниеттенген едiк.

Түрiк тiлiнен тәржiмалаған Мәлiк ОТАРБАЕВ

Серіктес жаңалықтары