ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫ: АСТАНАFА АРТЫЛҒАН СЕНIМ
ИСЛАМ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ҰЙЫМЫ: АСТАНАFА АРТЫЛҒАН СЕНIМ
Қазақстан 2011 жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етедi. Осы орайда, ИКҰ-ның тұрақты өкiлi, Қазақстанның Сауд Арабиясы Корольдiгiндегi Төтенше және Өкiлеттi Елшiсi Қайрат Лама Шарифпен сұхбаттасудың сәтi түскен едi. Елшiмен болған шағын әңгiмемiздi назарларыңызға ұсынамыз.
– Қайрат Қайырбекұлы, Сiз қазаққа дипломат ретiнде танылдыңыз. Елiмiз үшiн талай табысты жұмыстарды да атқардыңыз. Бала күнiңiзден басқа елге елшi, дипломат болуды армандадыңыз ба?
– Шынымды айтсам, бала кезiмде дипломат болу үш ұйықтасам да, түсiме кiрген емес. Кейiн 80 жылдардың басында С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттiк университетiнiң филология факультетiнiң араб тiлi бөлiмiне түсiп, 1984-85 жылдары Йордания университетiнде араб тiлiн жетiлдiру курстарында оқып жүрген кезде бар ғұмырымды араб әдебиетiне, әсiресе Ливанның белгiлi жазушысы Джордж Зейданның шығармашылығына арнаймын деп армандадым. Тiптi азын-аулақ стипендияма Джордж Зейданның 22 тарихи романдарын сатып алып, Амманнан Мәскеу арқылы Алматыға сол кiтаптарды арқалап та келдiм.
Кейiн, яғни 1986-89 жылдары, Оңтүстiк Йеменнiң ауылды аймағы – Хадрамаут аңғарындағы совет-йемен ауыл шаруашылығы және суландыру бiрлестiгiнде аудармашы болып жұмыс iстеп жүргенде, бұны арманымның ең биiк шыңы деп түсiндiм. Өйткенi Кеңес Одағының шетелдердегi елшiлiктерiнде негiзiнен орыс ұлтының өкiлдерi жұмыс iстейтiн. Басқа "бұратана халықтардың" iшiнен дипломаттардың шығуы некен саяқ.
Сондықтан дипломат болуды елiмiз тәуелсiздiк алған алғашқы жылдары армандадым. Әлi есiмде, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетiнiң Шығыстану факультетiнде араб тiлiнен дәрiс берiп жүргенмiн. 1991 жылдың желтоқсан айының соңында Палестина халқының көсемi Ясер Арафат Қытайға бара жатқан сапарында Қазақстанның тәуелсiздiк алғанын естiп, әуе кемесiнiң басын Алматыға бұрып, тосын сапар жасайды. Ол кезде Ясер Арафат жетекшiлiк ететiн Палестинаны азат ету ұйымы кейбiр Батыс елдердiң "қара тiзiмiнде" болатын. "Аштықта жеген құйқаның дәмi ауыздан кетпес" деп қазақ атам айтқандай, Палестина үшiн де, Қазақстан үшiн де қиын кезде жалынды революционер Ясер Арафат пен батыл реформатор Нұрсұлтан Назарбаев арасында сол кезде орнаған мызғымас шынайы достық – Қазақстан мен араб елдерi арасында бүгiнде қарқынды дамып келе жатқан ынтымақтастықтың қайнар бұлағы.
Ясер Арафаттың ҚазҰУ-дегi сөйлеген сөзiн араб тiлiнен қазақ тiлiне аударғаннан бастап дипломат болуды армандай бастадым. 1993 жылы Сыртқы iстер министрлiгiне жұмысқа қабылданып, 17 жыл iшiнде дипломатиялық қызметтiң барлық сатысынан өттiм. 4 жылдан астам Сауд Арабиясында Қазақстанның елшiсi болып жұмыс iстеп келе жатырмын.
– Университет қабырғасында жүргенде қандай студент болдыңыз?
– Бiздiң жастық шағымыз Кеңес дәуiрiнде өттi. Сол зұлым заманның жаман жақтары көп болса, жақсы тұстары да бар. Мәселен мектеп жасынан бастап жас ұрпақты қоғамшылдыққа үйреттi, еңбекке баулыды. Аға ұрпақ өзiнен кейiнгi жастарға: "Бiз жас болғанда мынадай едiк, анадай едiк", – деп кеуденi қағып, ақыл үйрете бастайды. Ондай пиғылдан аулақпын. Дегенмен ҚазҰУ-де оқып жүргенiмiзде жазғы демалыс кезiнде Нарынқол, Шелек аудандарында студенттiк құрылыс отрядтарында кетпенмен жұмыс iстеп, қарт әке-шешеме ауыртпашылық түсiрмей, азын-аулақ пұл таптық, түнгi клубтарда масайрамай, сабақтан тыс уақытымызды кiтапханада өткiздiк. Факультеттiң комсомол ұйымының жетекшiсi болып, қоғамдық жұмыстарға қатыстық. М.Әуезов атындағы стипендияның да жүлдегерi болдым. Тiптi демалыс күндерi КазГУ қалашығының жанындағы алма бақта топтасып емтиханға дайындалып, қыс кезiнде Ремизовка төбешiктерiнде шаңғы тебетiнбiз. Бәлкiм осындай еңбекқорлықтың арқасында болар, бiздiң топта оқыған Азамат Бердiбай да қазiр Катар Мемлекетiнде елшiлiк қызметте. Арамыздан шыққан 8 курстасымыз филология ғылымдарының докторы және кандидаттары атақтарына ие болды.
– Сiздiң аты-жөнiңiзге Лама Шариф деген сөздi қосып жазады. Бұл өзi дiни атау ма, әлде ғылыми атақ па?
– Журналистер менiң фамилияма қатысты сұрақтарды жиi қояды. Лама Шариф деген сөз Тибеттегi Далай Ламаға ешбiр қатысы жоқ. Менiң атамның есiмi – Ламашәрiп, оның ағасының аты – Шәрiп болған. Ламашәрiп деген есiм "Кәләм шәрiп" ("Қасиеттi сөз"), яғни Құран Кәрiмнiң екiншi атауынан шығады. "Ғалия – Әлия", "Қабдолла – Абдалла", "Ғалым – Әлiм" секiлдi қазақ есiмдерiнде "қ", "ғ" әрiптерi айтылу барысында түсiп қалғандай, өмiр бойы молда болған атамның есiмi Ламашәрiп болып жазылған. Елiмiз тәуелсiздiгiн алғанда фамилиясындағы "-ов" пен "-ев"-тен құтылуға асыққан қазақтардың бiрiмiн. Сол кезде қалыптасқан ереже бойынша есiмдегi екi түбiрлi сөздi бөлек-бөлек жазуға болатын. Сондықтан елге сыйлы азаматтар Құл-Мұхаммед, Қасым-Жомарт деп аты-жөндерiн жөнге келтiрiп жатқанда мен де оларға елiктеп, фамилиямды Лама Шариф деп ұлттық төлқұжатыма жаздырдым.
– Қазақстан биыл Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етедi. Аталған ұйымға төрағалық бiзге не бередi?
– Ең алдымен "сыртқы саясат" деп аталатын таразының екi тасын теңестiруге мүмкiндiк бередi. 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитiн табысты өткiзу арқылы Қазақстан Батыс әлемiнде өзiнiң 20 жасқа толып ержеткенiн бiр көрсетсе, биыл, иншалла, мұсылман әлемiнде көшбастаушы болады. Мұсылман елдерi алдағы наурыз айында Шарм аш-Шейхте өтетiн Ислам саммитiнде сөз сөйлейтiн Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтан Батыс пен мұсылман әлемi арасында Өркениеттер сұхбатын одан әрi жалғастыратын тың идеяларды күтуде. Әлемдiк және дәстүрлi дiндер басшыларын Астанада жинайтын Елбасымыздың ақыл-ойына, күш-жiгерiне ЕҚЫҰ-ға мүше елдер де мұқтаж екендiгiн байқап отырмыз. Қантөгiстен көзiн аша алмай отырған ирактықтарға, ұлты бiр, дiнi бөлек судандықтарға, ауызбiрлiгi жоқ ливандықтарға, мысырлықтарға қарағанда ұлтаралық татулығы мен дiнаралық келiсiмi жарасқан Қазақстанда жағдай жақсы. Сондықтан, керiсiнше Қазақстанның мұсылман елдерiне үлгi ретiнде берерi көп.
– "Орта Азияда ортақ саясат бар ма?" деген мәселеде елiмiздегi белгiлi саясаткерлердiң пiкiрi бiр арнаға тоғыспай отыр. Олардың пiкiрi Орта Азияда ортақ саясат жоқ дегенге саяды. Сiздiңше қалай?
– Сiздiң бұл сауалыңызға дипломатиялық тiлмен де жауап беруге болар едi. Бiрақ мен шұрайлы ана тiлiмiздiң жалпақ сөзiмен мысалдап айтайын. Мәселен қалың ну орманда емен де, қарағай да, аққайың да, тал да өседi. Емен тамырын тереңге жайып, қарағай айналасына шөп шығармай, аққайың бойын түзеп, не бишiлерше бұралып, тал қоректiң аздығынан шыбықтай нәзiк болып өседi, яғни табиғаттың заңы бойынша әрбiр ағаш өз мүмкiндiгiнше аспанға қарап, бой түзейдi. Орталық Азиядағы елдер де сол ағаштар iспеттес. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейiн, Мәскеудiң орталық саясатынан ығыр болған елдер өз мүмкiндiктерiн зерделей әрi, iшкi және сыртқы жағдайларын болжай отырып, өздерiнiң ұлттық сана-сезiмдерiне лайықты мемлекеттiк саясат ұстанды. Ең бастысы – осы саясаттың барлығы Орталық Азияда тату-тәттi көршiлiкке, жер тұтастығына, дербестiкке, интеграциялық үрдiске бағытталды. Мәселен Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан және Түркiменстанның Семейде Орталық Азияны жаппай қару-жарақтан азат аймақ деп бiрлесе жария етуi Таяу Шығыс аймағына үлгi болуда.
Тағы бiр дәлел – Парсы шығанағындағы бай араб елдерi: Сауд Арабиясы, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi, Оман, Кувейт, Катар, Бахрейн отыз жылдан берi Ынтымақтастық кеңесiн құрып, бiр-бiрiне жақындасу үстiнде. Қазiр ортақ валюта одағын құруда Сауд Арабиясы мен Бiрiккен Араб Әмiрлiктерi өзiнiң мүдделерiн қорғайтын дербес саясат ұстануы салдарынан бiтiмгершiлiкке келе алмауда. Бiрақ бұл елдер аймақтық мәселелерге келгенде "бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарып" отыр. Бiздiң де Орталық Азияда барлық елдерге тиiмдi ортақ мүдделерiмiз бар деп есептеймiн.
– Қазақ елi ЕҚЫҰ, Ислам Конференциясы Ұйымына да мүше. Сiздiң ойыңызша, қазақ елi қай тарапқа жақын болғаны жөн?
– Жалпыға мәлiм, Қазақстан өзiнiң сыртқы саясатында көпвекторлы бағытты ұстанады. Өткен жылы Еуропа құрлығындағы iрi халықаралық ұйымға табысты төрағалық еттiк. Биыл 57 мұсылман елiнiң басын қосатын беделдi саяси ұйымның жұмысын үйлестiремiз. Жақында ғана Азия құрлығында Қысқы Олимпиада ойындарын абыроймен өткiздiк. Халықаралық сахнада әртүрлi "оркестрлерге" дирижерлiк жасап отырған Қазақстанның өз келбетi бар. Сондықтан қай тараптың "оркестрiне" жетекшiлiк етпейiк, Құрманғазының күйiн әлемге танытқан қара домбыра бұл оркестрде басты сыртқы саяси аспап рөлiнде қолданылуы керек.
– Елбасының бастамасымен шетелдегi қазақтарды Отанына оралту саясатының жүзеге асқанына 20 жыл толды. Араб елдерiндегi қандастарымызды елге шақыруда қандай қиындықтарды бастан өткердiңiздер?
– Бүгiнгi таңда тағдырдың тәлкегiне ұшырап, туған топырағынан көз жазып қалған отандастарын қамқорлыққа алып отырған мемлекеттер некен саяқ. Төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарын тарихи Отанына оралтумен жүйелi айналысып отырған үш елдiң бiреуi – Қазақстан.
Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшiлiгi Мекке, Медина және Жидда қалаларында мекен еткен қандас бауырларымызбен тығыз байланыс орнатқан. 1997 жылғы қараша айында бала-шағасын қосқанда барлығы 74 адамнан тұратын алғашқы топ Оңтүстiк Қазақтан облысының Сайрам ауданына ат басын тiредi. Олар қазiр елiмiзде тамырын тереңге жайып, үбiрлi-шүбiрлi болып сiңiсiп кеттi.
Соңғы екi жылдың iшiнде Елшiлiктiң ұйымдастыруымен Дүниежүзi қазақтары қауымдастығы Төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Талғат Мамашев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов, ҚР Еңбек және әлеуметтiк қорғау министрлiгi жанындағы Көшi-қон комитетiнiң төрағасы Хабылсаят Әбiшев және Парламент Мәжiлiсi депутаттары Сауд Арабиясына арнайы сапармен келiп, қазақ диаспора өкiлдерiмен кездесiп, олардың мұң-мұқтажы мен арман-тiлектерiн тыңдап, тұрмыс-тiршiлiктерiмен жiтi танысты. Жырақтап қалған қандас бауырларымыздың екiншi көшiн өткен жылдың тамыз айында Ата Заңымыздың мерейтойы қарсаңында ұйымдастырдық. "Нұрлы көш" бағдарламасы аясында тарихи отанына аттанған 58 адамнан тұратын екiншi топ ата-бабаларының кiндiк қаны тамған Маңғыстау облысына қоныстанды. Қазiр Маңғыстау облыстық бейiмдеу және кiрiктiру орталығында олармен ортаға бейiмдеу жұмыстары жүргiзiлуде, қазақ тiлiн оқып үйренулерiне, қосымша кәсiптiк мамандықты меңгеруге, азаматтыққа құжаттарын рәсiмдеуге, оралман мәртебесiн алуға бар жағдайлар жасалған. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығын атап өту аясында Сауд Арабиясында мекен етiп жатқан оралмандардың үшiншi көшiн де жасақтауға кiрiсiп кеттiк.
– Сiз ұлтымыздың рухани әлемiне де қызмет етiп келесiз. "Намаз тағылымы", "Қажылық", "Дұға", "Мұсылман күнпарағы" атты кiтаптарыңыз бар. Шығармашылығыңыз қалай дамуда?
– Дипломатиялық қызметтiң бiр түрi – елшi болып тағайындалған елде өз елiнiң жетiстiктерiмен күнделiктi таныстырып отыру. Ол үшiн жергiлiктi араб басылымдарына сұхбаттар берiп, мақалалар жариялаймыз, әртүрлi тақырыптарға арналған дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз, жоғары оқу орындарының шақыруымен Қазақстан туралы лекциялар оқимыз, Елшiлiктiң басылымдарын таратамыз. Осы ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың "Қазақстандық жол", "Ғаламдық қоғамдастықты түбегейлi жаңарту стратегиясы және өркениеттер серiктестiгi" кiтаптарын және "Дағдарыстан шығу кiлттерi", "Бесiншi жол" атты мақалаларын, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен "Нұрсұлтан Назарбаев – этносаралық және конфессияаралық келiсiмнiң қазақстандық моделiнiң негiзiн қалаушы" атты кiтапты, Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Қазақстан Республикасының дипломатиясы" кiтабын араб тiлiне аудардық.
2004-2005 жылдары ҚР Президентi Әкiмшiлiгiнiң Сыртқы саясат Орталығында жұмыс iстеп жүргенде Президенттiң қазiргi көмекшiсi Нұрлан Ермекбаевпен, Қазақстанның Балтық жағалауы елдерiндегi елшiсi Ғалымжан Қойшыбаевпен бiрге "Қазақстан және әлем елдерi" атты кiтапты жазып, жарыққа шығардық. Мұсылман елдерiндегi Қазақстан елшiлерiмен бiрлесе отырып, Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық етуiне орай екi томдық кiтап шығардық.
Бәдәуи салт-дәстүрлерiн қатты қадiрлейтiн арабтарға көшпендi ата-бабамыздың асыл мұрасы – Киiз үйдi таныстырдық. Араб тiлiнен нәр алған Абай атамыздың "Қара сөздерiн" де алғаш рет араб тiлiнде кiтап етiп басып шығарып, "Мәдени мұра" бағдарламасына өз үлесiмiздi қостық. Аллаға шүкiр, жыл сайын Қазақстаннан Сауд Арабиясына қажылыққа келетiн жерлестерiмiздiң саны өсiп келедi. Осыған орай "Қажылық" атты қазақ және орыс тiлдерiнде анықтама кiтабым өткен жылы жарық көрдi. Қазiргi уақытта елiмiздiң тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арнап "Қазақстан бүгiн" атты араб тiлiндегi кiтапты баспаға әзiрлеп жатырмыз.
– Әңгiмеңiзге рахмет!
Сұхбаттасқан Жәнiбек ҒАЛЫМ