ГОАҒА САПАР ЖӘНЕ КУ-КУДЫҢ ЕМI

ГОАҒА САПАР ЖӘНЕ КУ-КУДЫҢ ЕМI

ГОАҒА САПАР ЖӘНЕ КУ-КУДЫҢ ЕМI
ашық дереккөзі
231

Желтоқсанның соңғы күндерiнде "Скат" компаниясының "Боинг" ұшағы Алматы әуежайынан көтерiлiп, бес сағат ұшып отырып Индияның Гоа штатының орталығы – Даболим қаласының әуежайына төс тiредi. Гоа штатының уақыты бiзден жарты сағат кейiн жүредi екен, бесiн уақыты ауып қалыпты.

Бiздi жергiлiктi Пол деген жiгiт күтiп алды. Әуежайдың айналасы жүдеу көрiндi – тазалығын айтам. Топырлаған халық. Кiшкентай көлiктер.

Интернет деген – қазiргi заманның үлкен жетiстiгi ғой. Интернет арқылы осы штатта тұратын емшiмен келiсiп, емделуге келген бетiмiз бұл. Төрт кiсiмiз. Бiрiмiздiң тiзе буынымыз ауырады, екiншiмiздiң жүрегiмiз, үшiншiмiздiң басы, төртiншiмiздiң аллергиясы әбден мазасын алған.

Гоа – Үндiстанның батысында орналасқан штат. Гоаның Үндiстанның басқа жерiнен өз айырмашылығы бар. Өйткенi бұл жер бес ғасырға жуық Португалияның қол астындағы колония болған. Сондықтан бұл жерде өзiндiк конкани тiлi бар. Ал мемлекеттiк тiл – хинди және ағылшын тiлдерi. Үндiстанға өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қосылған.

Гоаның өзi оңтүстiк және солтүстiк жағалауларына бөлiнедi. Оңтүстiк жағында өркениетке жақындар тұрады.

Ал солтүстiк жағы қарапайым болғанымен өз ерекшелiктерi бар, тұрғылықты халықтар болсын, келген турист-қонақтар болсын өздерiн еркiн сезiнедi.

Жол бойында шыбықтан тоқылған корзинамен тас алысып, жолды жөндеп жатқан әйелдермен тiлдестiк. Бұл әйелдердi мемлекет ақша төлеп жұмысқа тартады бiлем. Күндiк табысы 200 рупи (бiздiңше 600 теңге шамасы). Бастықтары – ер кiсiлер. Бұл кiсiлер үндi халқының ең төменгi сатысына жатады екен. Көбi мүлдем сауатсыз, балалары да осы күнкөрiске үйренген, далада шатыр тiгiп, сол жерде топ-топ болып күн көрiп жатқан сығандардың тобыры сияқты.

Жалпы көпшiлiк халық кедейшiлiкте өмiр сүредi. Бiрақ бәрi өздерiнше бақытты, қамығып жүрген адам көрмедiк. Негiзгi кәсiптерi – балық аулау. Жағдайлары тәуiрлердiң моторлы қайықтары бар, түнде теңiзге ау салып, ұстаған балықтарын таңертең ерте әкелiп сатады, өздерiне қорек етедi. Ал жеке қайықтары жоқтар бiрiгiп тiрлiк етедi. 15-20 адам болып ұзындығы 500-600 метрдей ауды қайықпен теңiзге тастап, таңертең екi жақтан ауды 8-10 адам болып тартып жағаға шығарады. Сол топтың бастығы алдымен өзiне керек балықтарды таңдап алады, одан қалған балық бөлiске түседi, сатылады. Манго, кокос, банан т.б. пальма ағаштары барлар да жаман күн көрмейдi. Гоада осы өнiмдерiн сатып тұрған кiсiлердi де кездестiрдiк. Халықтың көбiрек жиналатын жерiнде пiлдiң басын, денесiн әшекейлеп бояп, туристердi суретке түсiрiп, ақша тауып тұрғандар да бар. Бiр рет суретке түскенiңе 50 рупи алады (150-170 теңге шамасы).

КУ-КУДЫҢ ЕМI

Ку-ку орта бойлы, елгезек, шашын артына түйген, сиректеу шоқша сақалы бар, өте шапшаң кiсi екен. Жасы – 56-да. Тайвандық қытай. Ағылшынша сөйлейдi. Юля бiзге аударып отырды. Орындыққа отырғызып, тамырымызды ұстап, басын шайқап қояды. “Адам денесi iш-құрылысы жеген тамақ, iшкен су, жұтқан ауадан тұрады деп бiр қойды. Егер бүйрек пен бауыр таза болса адам ауырмас едi, барлық ауру осы екеуiнен екендiгi белгiлi”, – деп бiздi бiр-бiрлеп ағаш кушеткаға жатқызды.

Арқамызды спиртпен бүркiп алды да әр жерiмiзге банка қойып кiшкене ауасын сорып арқа терiсiн көтерiп, банканы қайтып алып, сол терiсi көтерiлген жердi инемен сұққылап, банканы қайтадан қойып, банканың iшiндегi ауаны тағы да сорып алды. Ал содан банканың iшi қап-қара қанға тола бастады (банканың iшiне сорғыш қағаз салынған). Осындай банканың 10-12-сiн арқаға қойып 5 минуттай күтедi. Одан кейiн банканы алып, қанын арнаулы ыдысқа қағазымен бiрге төгiп тастайды. Арқамызды қайтадан спиртпен бүркiп, кiшкене уқалап тұрғызады. Аяққа, тiзеге де осылай жасады.

Шымылдықтың iшiнде жастық пен төсенiштер төселген жиырма шақты орын бар. Бұл жерде бiр сағат уақыт жатасың. Бiр қызығы, инелердi салғаннан кейiн жаның жай тауып, ұйықтап кетесiң. Уақыты жеткенде өздерi жайлап оятып, инелердi алып тастайды. Инелердi екiншi рет пайдаланбады, өйткенi бiр-ақ рет пайдаланатын инелер екен.

Бұл кiсiнiң Тайванда шөптен дәрi жасайтын зауыты бар көрiнедi. Сол дәрiлерiнен үш түрлi дәрi бердi, екеуiн тамақ алдында, үшiншiсiн тамақтан кейiн. Күнiне екi рет iшу керек.

Сол зауытта көптеген адам жұмыс iстейдi. Әр шөптiң жинайтын өз уақтысы болады. Арнаулы адамдар сол шөптердi өз уақтысында жинап өткiзедi. Ку-ку немесе доктор Зен (бiлгiр емшiнi осылай атайды екен) аптасына 3-4 рет ауруларды қабылдайды. Сол күндерi 40-50, кейде 60 адамға дейiн қабылдауында болады. Ресей, Беларусь, Украина, Хорватия, Қазақстан т.б. елдерден келген кiсiлердi кездестiрдiк.

Ауруларды қабылдап болғаннан кейiн көйлегiн ауыстырып (ауру қабылдаған кезде таза ақ жiбек көйлек киедi), демалады. Рахаттанып, алтын қобдишадан темекiсiн алып шегедi.

"Өзiңiз емшiсiз, неге темекi шегесiз" деп сұрағанда, "темекi аз да болса шаршағанымды басады, рахаттанып қаламын. Бiрақ өкпеме барған түтiндi жуып-шайып, зиянын кетiретiн өз әдiсiм бар", – деп қарқ-қарқ күлдi.

Жоқ-жұқана аурулардан ешқандай ақы алмай емдейдi. Мәскеуден келген бала мен оның анасын және Хорватиядан келген мүгедек кiсiлердi тегiн емдеп жатыр. Ол бала аяқ-қолы тартылып, жамбас сүйектерi жарамсыз болып келген. Ку-ку оны емдеп, аяғынан тiк тұрғызыпты. Жамбас сүйектерiн Тайванға апарып, хирургиялық операция жасап ауыстырып, емдеген. Бәрi тегiн. Қазiр бұл жiгiт өзi жүредi, шешесi екеуi Ку-куға көмектесiп, қолғабыс етiп жүр.

Бiздердi демалыс күнi кешке қонақ еттi. Көп отырып әңгiмелестiк. Өз өмiрi туралы көп мәлiмет бердi. Жас кезi қиындықта өткен екен. Бiз де екi апта емделiп, дәрi-дәрмегiн алып елге оралдық. Емiмiз шипа болсын. Гоаның әсем табиғаты адамдарға да игi әсерiн тигiзетiнiне сенемiн.

Өскенбай ҚҰЛАТАЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары