Әлемге әйгiлi тұлғалар: ЛОУРЕНС АРАВИЙСКИЙ

Әлемге әйгiлi тұлғалар: ЛОУРЕНС АРАВИЙСКИЙ

Әлемге әйгiлi тұлғалар: ЛОУРЕНС АРАВИЙСКИЙ
ашық дереккөзі
373

Лоуренс Аравийскийдiң әкесi – Томас Роберт Чэпмен ақсүйек және iрi жер иеленушi болған. Ол өзiнiң жастық шағын Ирландияның Уэстелит графствосында өткiздi. Томас 1873 жылы Эдит Гамильтон атты ақсүйек қызға үйленедi. Төрт қызы өмiрге келген соң арақатынастары бұзылған. Томас қыздарының күтушiсi Сара Лоуренстi ұнатып, онымен көңiл қосады. Бiрақ сол кезде қоғам заңы мен шiркеу мұндай отбасына қырын қарайтын. 1888 жылы өмiрге алғашқы ұлы Томас Эдвард келгенде, некелерi шiркеуде қиылмағандықтан, бала некесiз туылғандар санатына жатқызылған. Бұл жайт оның болашағына көп керi әсерiн тигiзген екен. Алайда Томас Эдвард тағдырмен тайталаса жүрiп, әлемге танылады. Ақсүйек әкесiнiң емес, шешесiнiң қарапайым атын даңққа бөлейдi.

1907 жылы Оксфорд университетiнiң колледжiне оқуға түскен ол болашақ өмiрiн археологияға арнауды армандайды. Үздiк оқи жүрiп, көп уақытын Эшмалин өнер мен археология мұражайларында өткiзумен болды. Мұражайдағы жәдiгерлер құпиясын бiле түсу үшiн Лоуренс осында тазалық пен тәртiптi қадағалаушы болып жұмысқа тұрады. Мұражай директоры Дэвид Джордж Хогарт – археолог, Таяу Шығыс маманы, көрнектi ғалым едi. Директор Лоуренстi өз қамқорлығына алып, Таяу Шығыстың тарихы мен мәдениетiне қызықтырып баулиды.

1909 жылы маусым айында Сирияға сапарға аттанған. Лоуренс өзiмен бiрге тек пистолет, фотоаппарат және жеңiл киiм-кешектер ғана алса керек. Алдымен Бейрутке жетiп, бiраз аялдайды да, оңтүстiктегi Сидон, Баньяс, Сафадқа жол тартады. Сирия жерiнде төрт ай жүрiп, Хогартқа жазған хаттарында көлеңкенiң ыстығы 41 градусқа дейiн жететiнiн, ауруға шалдыққан кездерiндегi бастан кешкен қиын сәттерiн баяндаған. Сол қиындықтарға қарамастан жергiлiктi халықтың кеңпейiлдiлiгiнiң арқасында арабтар өмiрiне тез қалыптасып кетедi. Жиһангез 1800 шақырым жол жүрiп, әйгiлi "Крест жорығы" кезiнде тұрғызылған 36 қамал мен қорғандарды көрiп, осы елге мiндеттi түрде қайта оралатын болып аттанады. Англияға келген соң саяхаттан жиған-тергендерiн ғылыми жүйеге келтiрiп, диссертация жазып, өте жақсы қорғайды. Оксфорд университетiнiң Әулие Магдалина колледжiне сабақ бередi. Хогарттың археология тобына мүше болып, араб елдерiндегi бiраз қазба жұмыстарына қатысқан.

1913 жылы жазға қарай ол Синай жарты аралына экспедицияға шығатын археологтар құрамына шақыру алады. Англияның Палестина ғылыми қоры демеушiлiк еткен құрамның негiзгi мақсаты археологиялық жұмыстар жүргiзгенiмен, бiрқатар ғалымдары шпиондық тапсырмалар орындау керек болатын. Олар сол мiндеттерiн де қатар жүргiзедi. Экспедиция Жерорта теңiзi мен Өлi теңiз арасына орналасқан Беершеба қаласына жетiп, сонда капитан Стюарт Ньюкоммен кездеседi. Олар Суэц каналынан 160 шақырым жерден орын тепкен түрiктер әскерi жөнiнде мәлiметтер жинап, жер картасын жасайды. Лоуренс өз мақсатына жету үшiн шпиондыққа ерiксiз көнген. Ал 1914 жылы Бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс басталғанда өз еркiмен Англия армиясына құрамына қабылдауға өтiнiш жасайды. Бiрақ бойы мен дене бiтiмi жауынгер талабына сай келмегендiктен армия қатарына алынбай қалады. Ұстазы Хогарттың кеңесiмен Бас штабтың география бөлiмiне кiредi. Сол кезде Синай жарты аралындағы түрiк әскерлерi орналасқан жерлердi картаға түсiру қажет болады. Британияның қорғаныс министрi Герберт Китченер бастаған экспедиция тобы "Синайды зерттеушiлер" деген атпен жолға шығып, ойларын жүзеге асырады. Топ құрамында араб тiлiн жетiк бiлетiн Лоуренс те бар едi.

Лоуренс 1915 жылы Лондонда "Син шөлейтi" атты баяндама жасайды. Бұл баяндама ғылыми және әскери ортада жоғары бағаланған. 1916 жылы Хогарт бастаған Каирдегi араб iстерi бюросына қызметке ауысады. Бұл негiзiнен британдық барлау құрамасының бiр бөлiгi болатын. Бөлiм үлкен масштабтағы топографиялық карта жасау мен соғыс операциясын жоспарлау iсiндегi өте маңызды iстер атқаратын. Бұл құрамға жәй адамдар алынбайды. Соғыс кезiнде оның екi ағасы қайтыс болады.

Лоуренс "Арабский отчет" атты құпия бюллетеньде Меккедегi шериф Хусейннiң ("шериф" – тек Мұхаммед пайғамбар тұқымына қатысты лауазым) осман түрiктерiне қарсы көтерiлiсiн қолдады. Алайда оның генерал Таунсендi түрiктер тұтқынынан босату жөнiндегi келiссөзде еш нәтиже шығара алмауы, сондай-ақ қызметте униформаның орнына азаматтық киiм киiп, офицерлердi келемеждеуi басшылыққа ұнамайды.

1916 жылы қазан айында Лоуренс пен комиссар Рональд Сторрос Хиджаздың үлкен порты Джиддаға келiп, араб көтерiлiсшiлерiмен кездесу өткiзедi. Шериф Хусейннiң төрт ұлы бар. Лоуренстiң айтуына қарағанда, солардың үшеуiнiң мiнез-құлқы босаң да, Фейсалдың басшы болуға ұмтылатын мiнезi ұнаған. Ол Каирге келiп Таяу Шығыс жағдайы туралы есеп бередi. Ол өз сөзiнде мынандай қорытынды жасайды. "Егер арабтарға жақсы әскер кеңесшiсiн берiп, қару-жарақпен қамтамасыз етiлсе, британ және француз армиясының қолдауынсыз-ақ мақсаттарына жетулерiне болады". Англия Лоуренстiң бұл ұсынысын қолдап, оны Фейсалға әскери кеңесшi етiп тағайындайды. Ол арабтардың көтерiлiсiне мейлiнше қолдау жасап, Осман империясына қарсылықты күшейту жөнiнде тапсырма алады. Бұл тапсырманың артында Британияның үлкен мақсаты тұрды. Қалайда османдықтардың ықпалын әлсiретiп, осы аймақта өз билiктерiн жүргiзу едi. Ал Лоуренс арабтардың тәуелсiздiк алуына көмектескiсi келдi. Сондықтан британ басшылығының әлгi жымысқы ойларына өз әлiнше қарсы болды. Бiрақ оның қарсылығына Британ үкiметi құлақ аспады. Сол жылы 21 қазанда Лоуренс Фейсалмен Арабия жарты аралына жорық жасап, араб көтерiлiсшiлерiнiң әскери дайындықтарын бақылайды. Арабтар нашар қаруланған, британдықтар берген азын-аулақ ескi мылтықтар және зеңбiректермен түрiктерге қарсы тұру мүмкiндiгi өте аз болатын. Лоуренс Британиядан тағы да қару-жарақтар алдырады. Бiрақ ол да жеткiлiксiз болатын. Ол жалпы жағдайды сараптай келiп, мұндай әскери күшпен тек партизандық соғыс жүргiзу ғана тиiмдi болатынын түсiндi. Араб әскер басшылары солай шешiм қабылдады. Партизандар түрiктердiң темiр жолдарына және басқа нысандарға шабуыл жасаған. Лоуренс әскери кеңесшi ғана емес, тыңшы болғанықтан британ әскер басшылары оның әрбiр iсiн қас-қақпай қадағалап отырды. Британия Королi оның еңбегiн бағалап, "граф" атағын беруге ұйғарғанда ол бұдан бас тартты. Араб принцi Фейсал оны құрметтеп, өздерiнiң ұлттық киiмiн сыйға тартқан болатын. Лоуренс сол киiмдi Таяу Шығыста жүргенде үстiнен шешкен емес. Ал басқа еуропалықтар сыйға алған ондай киiмдi мүлдем кимейтiн. Арабтар оның шын көңiлiне риза болды.

Акаба портының бiр жағы – таулы жоталар да, бiр жағы – теңiз. Қала түрiктер иелiгiнде едi. Теңiзге қараған зеңбiректер мен әскери күштер мықты бекiнiс жасаған. Лоуренс сол қаланы басып алудың жоспарын жасайды. Оның жоспары бойынша шабуыл шөл жақтан жасалуы керек. Қаланың сол жақ бетiндегi қорғаныс күштерi әлсiздеу. Түрiктер жау Нефуд шөлiн басып келе алмайтынына кәмiл сенiмдi едi. Фейсал әскерi шөлдi кесiп өткенше бiраз шығынға ұшырайды. Бiрақ қаладағы түрiк әскерлерiне шабуылдап, жеңiске жетедi. Сол кезде Лоуренс небары 28 жаста болатын. Ол арабтарға Дамаскiнi өз бақылауларына алып, тездетiп өз үкiметiн құруды ұсынады. Алайда бiрiншi дүниежүзiлiк соғыс бiткен кезде, Британия арабтарға тәуелсiздiк беру туралы келiсiмдерiнен бас тартады. Бұл Лоуренстiң ашу-ызасын тудырған.

Лоуренс 1918 жылы Таяу Шығыстан Англияға оралады. Лондонда үкiмет мәжiлiсiнде араб принцi Фейсалдың тәуелсiздiк жөнiндегi ұсынысын қорғап, отандастарына қарсы тұрады. Лоуренске "граф" атағын беру салтанатына ол арабтың ұлттық киiмiн киiп келген. Соны көрген Англия Королi Георг V қатты ашуланады. Лоуренс "граф" атағынан да бас тартады. Король маңындағылар неге арабтың ұлттық киiмiн киiп келгенiн сұрағанда, ол: "Мен Фейсалдың аудармашысы болып жұмыс iстедiм. Сондықтан арабтың ұлттық киiмiн құрмет тұтамын. Арабтардың мұң-мұқтажын, тәуелсiздiкке ұмтылуын бiздер терең түсiнуiмiз қажет-ақ. Олардың жанын түсiну үшiн үнемi олармен бiте қайнасып, соларша өмiр сүрiп көру керек",– деп жауап берген. Ол осы iсiмен Англия үкiметiне өз наразылығын бiлдiрген. Бүкiл Англия оны сол кезден бастап Лоуренс Аравийский деп атап кеттi.

1919 жылы 18 қаңтарда Лоуренс Париж бейбiтшiлiк конференциясына Британия Сыртқы iстер министрлiгiнiң өкiлi ретiнде және Фейсалдың ресми емес кеңесшiсi ретiнде келдi. Сол конференцияда Лоуренс тағы да арабтарға тәуелсiздiк беру жөнiнде мәселе көтередi. Уинстон Черчилль де сол конференцияға қатысып отырған. Оның орынды айтқан сыны Черчилльге ұнап, кездесiп пiкiр алысқан. Кейiнiрек екеуi дос болып кетедi. 1922 жылы Черчилль оны министрлiктiң колония жұмыстары бөлiмiне қызметке шақырады. Ол осы қызметте жүрген кезде қолдаусыз қалған Фейсалдың саясатқа оралуына көмектесiп, кейiн Иран королi болуына үлкен септiгiн тигiзедi.

Лоуренс 1925 жылы министрлiктен кетiп, атақты жазушылар Бернард Шоу мен Томас Гардидiң көмегiмен корольдiк Әскери-әуе күштерiне ауысады. Ол осы қызметте жүрiп, өзiнiң басынан өткен оқиғалар жөнiнде бiрнеше кiтаптар жазған. Лоуренс ағылшын соғыс кемелерiнiң талапқа сай емес екенiн ескертiп, жаңа түрiн жасап шығаруды ұсынған. Оның ұсынысы қабылданып, соны жүзеге асыру өзiне тапсырылған. Жаңа соғыс кемесiн ағылшын үкiметi жоғары бағалайды.

Ол 1935 жылы 13 мамырда өмiрден озады. Оның Арабияға тәуелсiздiк беру жөнiндегi ұсынысы 1959 жылы ғана жүзеге асқан. Ғалымдардың айтуына қарағанда, Лоуренстiң арабтарға тәуелсiздiк беру жөнiндегi Британ үкiметiмен күресi кейiндеу болса да септiгiн тигiзген. Сондықтан да араб әлемi оны жоғары бағалайды.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары