КЕМ-КЕТIКТI 1 ЖЫЛ

КЕМ-КЕТIКТI 1 ЖЫЛ

КЕМ-КЕТIКТI 1 ЖЫЛ
ашық дереккөзі
183

Премьер-министр Кәрiм Мәсiмовтiң алдында есеп берген Денсаулық сақтау министрi Салидат Қайырбекова ханым өзiн әлi бiлiктi басшы ретiнде толық көрсете алмағандай. Дегенмен осы саланы былтырғы жылдың қазан айынан берi басқарып келген министрдiң өткен жылға жасаған қорытындысы солғын шыққанмен, биылға болжаған жоспары жаман емес көрiндi.

Бәрiмiзге белгiлi, денсаулық сақтау саласында қабылданған бағдарлама мен жобалар жетерлiк. Соның бiрi – денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамытудың бесжылдық бағдарламасы өз мәресiне жеттi. Сандық көрсеткiш көңiл қуантарлықтай. Ал шын мәнiнде елiмiзде қатерлi iсiктiң түр-түрi, жүрек-қан тамырлары, туберкулез аурулары басқа мемлекеттермен салыстырғанда асқынып кеткен. Оған медицина тарапынан қойылып отырған тосқауыл да өз деңгейiнде болмай тұрған сияқты.

Былтырдан бастап дайындықсыз енген Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiнiң де ел халқын бiраз сергелдеңге салғаны есте. Биыл жаңа жүйеге көшкенiмiзге бiр жыл. Әуелгiде бұл пациенттiң дәрiгер мен медициналық ұйымды еркiн таңдауын қамтамасыз етедi, екiншiден медициналық қызмет көрсетудiң бәсекелестiк ортасын қалыптастырады және медициналық ұйымдардың жұмысына және нақты шығындар бойынша медициналық қызметтерге ақы төлеуiн көздейдi делiндi. Нақтырақ айтқанда, он жылға арналған бұл бағдарламаның негiзгi көздеген мақсаты – әрбiр азаматқа сапалы емделу жолын таңдауға мүмкiндiк беру. Яғни ауруханаға жатып тегiн емделушi Қазақстанның кез-келген аймағындағы өзiне ұнаған ауруханасын таңдайтын болады. Емделушiлер көп баратын ауруханаларға да мемлекет тарапынан бөлiнетiн қаржы көлемi де өсетiн көрiнедi.

Осы уақыт iшiнде насихаты кемшiн болған жүйе денсаулық сақтау саласы қызметiн оңтайландырды ма, әлде күрделендiрiп жiбердi ме? Жетiстiгi қайсы, кемшiлiгi ше? Бұл сауалдардан айналып өткiсi келген Салидат ханымның жаңа жүйенiң жәй-жапсарына қаныға қоймағаны байқалды. Бәлкiм экс-министр Жақсылық Досқалиевтiң басқаруымен енгiзiлген "реформаны" жатырқағаны шығар, кiм бiлсiн?! Бұл туралы ешқандай да кесiмдi пiкiрiн айтып үлгерген жоқ. Есесiне қазiр медицина саласының ауыр жүгi министрдiң орынбасары Ерiк Байжүнiсовтiң мойнына түсiп отыр. Ал министр ханым халықпен тiкелей қарым-қатынас орнатуға селқос сияқты. Қалай дегенмен, медицинаға аса қомақты қаржы бөлiндi. "Судың да сұрауы бар" демекшi, бюджеттен жұмсалған шығыстың да қайтарымы болуы тиiс емес пе?!

Былтыр межесiне жеткен бағдарламаға келсек, өткен бес жыл iшiнде денсаулық сақтау саласында әжептәуiр iлгерушiлiк байқалған. 2010 жылы бюджеттен бөлiнген шығыс 2004 жылмен салыстырғанда төрт есеге артыпты. "Соның нәтижесiнде денсаулық саласында бiрқатар оң өзгерiстерге қол жеткiзiлдi. Ең бастысы, демографиялық көрсеткiш өстi", – дедi министр. Келтiрiлген мәлiметтерге сүйенсек, соңғы бес жыл iшiнде бала туу көрсеткiшi 25 пайызға артса, халықтың өлiм-жiтiмi 11 пайызға төмендеген. Оның iшiнде ана өлiмi 1,5 есе, сәбилердiң шетiнеуi 15 пайызға азайған көрiнедi. Сондай-ақ Салидат ханым денсаулық сақтаудағы отандық өндiрiстi дамыту мәселесiн де қозғады. Оның айтуынша, бүгiнде iшкi нарықтағы отандық дәрi-дәрмек 70 пайызды құраса, ағымдағы жылдың басынан республика бойынша 150-ге тарта телемедицина орталығы жұмысқа кiрiскен. Ол үшiн медициналық көмекке қолжетiмдiлiктi қамтамасыз ету үшiн заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған жылжымалы медициналық кешендердi сатып алу мәселесi күн тәртiбiне алынған. Демек бұдан денсаулық сақтау саласының тығырықтан ендi ғана шығып жатқандығын бажайлау қиын емес.

Биыл бұл салада тағы бiр бағдарлама тұсауын кестi. "Саламатты Қазақстан" атты бесжылдық бағдарламаны тиiмдi жүргiзуге шама-шарқынша үлес қосатындығын бiлдiрген министр Үкiмет жанындағы Денсаулық сақтау жөнiндегi ұлттық үйлестiру кеңесiнiң мәртебесiн көтерудi сұрады. Мәселен Бiлiм және ғылым министрлiгiне мектеп оқушыларын сапалы тамақтандыруға қатысты қаражат бөлiнсе, Төтенше жағдайлар министрлiгiне күре жолдарда жедел медициналық құтқару көмегiн көрсететiн пункттер құруға қаржы берiлсе. Бұл кеңеске бiздiң саланы қадағалайтын вице-премьер төрағалық етсе", – деген ұсынысын жеткiздi.

Ал Денсаулық сақтау министрi Салидат Қайырбекованың пiкiрiнше, Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi елдiң барлық өңiрiнде жоғары деңгейде енгiзiлген көрiнедi. "Бұрын тек республикалық клиникаларда ғана өткiзiлетiн күрделi операциялардың көптеген түрлерiн қазiр облыс орталықтарында да жүргiзуге толықтай мүмкiндiк жасалған болса, кардиологиялық және кардиохирургиялық операцияларды жасауда да кәсiбилiк деңгейi көтерiлдi", – дейдi ол.

Министрдiң алғашқы есебiн мұқият тыңдаған Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов ел аралап жүрiп көкейiне түйген ойын бүгiп қалмады. "Халық жаңа жүйенi әрқалай қабылдады. Былтыр жылдың басында жұрт арасында бұл жүйенiң кемшiлiк жағы көп айтылып едi. Қазiр бiртiндеп үйрене бастады. Негiзi денсаулық сақтау деңгейiнiң өлшемiн бағалайтын – қарапайым халық. Ал халық денсаулығының жақсара түсуi өздерiне ғана емес, дәрiгерлерге де, ең ақыры мемлекетiмiзге де жақсы. Бiздiң жүйе осыған жауап беруi шарт", – дедi Премьер.

Сонымен Денсаулық сақтау министрлiгi "2005-2010 жылдарға арналған денсаулық сақтау iсiн реформалау мен дамыту" бағдарламасын еңсерiп тастады. Бес жылда атқарылған шаруадан гөрi қолдың ұшы тимеген жұмыс көп. Ол ол ма, Қазақстан медицинасына 5,5 мың дәрiгер-маман жетiспейдi екен. Министрлiктiң мәлiметi бойынша 2010 жылы 6251 маман (оның 5083-i дәрiгер), биыл 5694 маман (оның 4672-i дәрiгер) тапшылығы сезiлiп отыр. Соған қарамастан министрлiктiң жағымды көрсеткiштерi Премьердi де, халықты да бiр желпiнтiп тастады. Ендiгi мiндет – қолданысқа енгiзiлгенiне бiр жыл толған Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесiн жетiлдiру мен Денсаулық сақтау iсiн дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасын орындау.

Алуа МҰСАБАЕВА, №10 емхананың меңгерушiсi:

– Бiрыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесi енгiзiлгелi халықты қайта тiркедiк. Күндiзгi стационарда ауруларды емдедiк. Бұл жүйенiң алғашқы қадамы жақсы. Стационарлық көмек бұрынғыдан азайды. Негiзi оған көп ақша кететiнi белгiлi. Сондықтан да адамдар емханада емделiп, ауруханаға көп барған жоқ.

Мемлекеттiк тапсырысты 66 мың 820 адамға алсақ, былтыр 72 мың адам тiркелдi. Әрине адам көп боған соң кезек те көп. Қазiр мемлекеттiк тұрмақ, жекеменшiк емханаларда да солай. Бiзде дәрiгер-маман жеткiлiктi. Бәрi де үлгерiп жатыр. Адамның денсаулығы 99 пайыз өз қолында, дәрiгер тек 1 пайызына ғана көмектеседi. Әрине жаңаның аты жаңа. Бастапқы кезде кемшiлiктер орын алды. Дәрi-дәрмектi уақтылы ала алмадық. Ал қазiр қажет дәрiнiң бәрi жеткiлiктi. Науқастар емделiп жатыр.

Ал "Саламатты Қазақстан" бағдарламасы бойынша, жүрек-қан тамырлары, жатыр мойны iсiгi, асқазан iсiгiне байланысты скринингтер өткiзу жоспарда бар. Арнайы бағдарлама қабылданып, мемлекеттiк тапсырысты алып жатырмыз.

Бақыт ТҮМЕНОВА, "Аман-саулық" қоғамдық қорының төрайымы:

– Емханаға көп адам тiркелсе, дәрiгерлерге соншалықты ақша бөлiнедi. Жүйенiң жақсы жерi – адам өзi таңдайды. Таңдаған жерiне өз аяғымен барса, ақша да сол емханаға берiледi. Сонда сапасыз медициналық көмек беретiн емханалар бiрте-бiрте жабыла бередi. Көбiнесе шалғайда жатқан ауылда тұратындар Астана мен Алматыдағы аурухананы таңдайды да, квота алуға тырысады. Егер әлеуметтiк жағдайы нашар адам болса, оның жолақысын кiм төлейдi? Жаңа жүйеде бәрi де қолжетiмдi болмай тұр. Ақшасы көп адам емханаға тексерiлуге барады, ал орта тап өкiлi емделуге, ал кедей адам ауруханаға өлуге барады. Сондықтан аурудың болу-болмауы адамның әлеуметтiк мүмкiншiлiгiне байланысты. Бүгiнде үш жылдың iшiнде телефон желiсiне 11 мыңнан астам адам хабарласты. Оның 80 пайызы қарттар болса, оның iшiндегi 25 пайызы мүгедек жандар. Олардың бәрi медициналық көмекке зәру. Басқа елдерде халықтың әлеуметтiк жағдайын қалталыларды емес, тұрмысы нашар адамдар арқылы тексередi. Демек жаңа жүйеге байланысты әлi көп кемшiлiк бар. "Көш жүре түзеледi" дегендi түсiнемiн. Бiрақ медицина саласына қаншама қаржы бөлiнсе де, ол осы саладағы мамандарға берiлмей жатыр. Айлығы аз. Шынын айту керек, ауылды жерде дәрiгер тапшы. Жас дәрiгер-мамандарды ауылға жiберемiз дейдi. Олар 40 мың теңге алғанша, дәрi-дәрмек фирмаларында 2-3 мың долларға жұмыс iстемей ме? Бәрiн қойып ауылдық медицинаны көтеру керек. Ал бiз ақшаның бәрiне құрал-жабдық сатып алдық. Оны игеретiн маман болмаса, шаң басып тұрғанынан не пайда? Қазiр дәрiгерлер науқасқа дұрыс қараудың орнына қағаз толтырумен бас қатырып жүр

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары