ЖАЗУ ТҮРIНЕН ҚОСЫМША ДӘРIС ҚАЖЕТ

ЖАЗУ ТҮРIНЕН ҚОСЫМША ДӘРIС ҚАЖЕТ

ЖАЗУ ТҮРIНЕН ҚОСЫМША ДӘРIС ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
244

Бойында "қазақтың" қаны мен ұлттық сана-сезiмi ұялаған бұл жастардың Отанға деген сүйiспеншiлiгiн айтып жеткiзу мүмкiн емес. Қандас бауырларымыздың ата-бабаларының жерiне оралып, бiлiм алып, еңбек еткенi бәрiмiздi қуантады.

Алайда қазiргi таңда олардың тiрлiк-тынысында шешiмiн таппаған көптеген мәселелер бар. Елде жүрген қандастарымызды, әсiресе ҚХР-нан келген жастарды тығырыққа тiрейтiн басты мәселе – тiл. Соның iшiнде, қазақ тiлiнде жазу жағы. Себебi Қытайдан оралған бауырларымыз Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуын қолданады. Ал Монғолиядан келген жастарға бiраз жеңiлдеу. Себебi олар сол елде кириллицамен жазуды үйренген.

Өскемен қаласында С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ты мен ШҚМТУ-да 208 оралман жастар жоғарғы бiлiм алуда. Олардың 91-i Қытайдан келген жастар. Бұл оқу орындарын бiтiрiп кеткендерi де бiрталай.

Төте жазуға қолдары үйренiп кеткен олар дәрiстi тыңдаған кезде жылдам жазу қажет болғандықтан төте жазуды қолданады. Былайша айтқанда, балалық шақтарында ашылған сауаты осындай сәтте оларды құтқарады.

Алайда жоғарғы оқу орнын бiтiргеннен кейiн жұмысқа орналасу кезiнде кириллицаны бiлмегендiк оларға көптеген қиындық пен қиналыс туғызады.

Осылайша оралмандардың бiрi Ахаңның жазуымен жазса, бiрi кириллицаны қолданады. Ол Қытайда алған бiлiмдерiне де байланысты екен. Қазақ тiлiнде оқығандар төте жазуды пайдаланса, таза қытай тiлiнде бiлiм алғандар бұл жазуды мүлде бiлмейтiн болып шықты.

Мысалы, С. Аманжолов атындағы университеттiң көпсалалы колледжiнiң 4-курс студентi Мүбарак Қайша: "Мен таза қытай тiлiнде оқыдым. Қазiр оқып жатқан мамандығым – шет тiлi. Сондықтан басыма қиындық түскеннен кейiн кириллицамен жазуды үйрендiм. Ал төте жазуды қолданбаймын да, өйткенi бiлмеймiн. Қазiр кириллицаны жақсы меңгерiп алдым. Менiң ойымша, шынайы ниет болса, жазуды үйрену қиын емес", – дейдi.

Ал қазақша оқыған Әкiмбек Кенжебектiң пiкiрi мүлдем басқа: "ҚХР-да бiз қазақша оқыдық. Ол жақта қазiр қазақ мектептерiнiң саны қысқарып барады. Өз Отанына оралып, Қазақстан мемлекетiнiң қолдауымен тегiн бiлiм алу – ол жақтағы жастардың көбiнiң арманы. Елбасымыздың арқасында олардың талайының бұл арманы жүзеге асып жатыр. Бiз Қытайда сауатымызды төте жазумен аштық. Мұнда келiп, оқуға түскеннен кейiн жазу түрi қиындық тудырды. Дәрiс беретiн ұстаздарымыздың түсiнiстiкпен қарап, төте жазумен жазуға рұқсат бергендерiне ризамыз. Алайда "Бiр таяқтың екi басы бар" дегендей, бұл жағдай оқу бiтiргеннен кейiн қиын тиетiнiн бiлмей отырғанымыз жоқ. Менiң ұсынысым, студенттерге кем дегенде бiр-екi жыл қазақ тiлiн қосымша дәрiс ретiнде оқытса. Кириллицамен жазу жағына көп көңiл бөлсе".

Әлия ИБАКОВА

Серіктес жаңалықтары