ЖАБЫНЫ ЖАУҒА МIНБЕҢIЗ...
ЖАБЫНЫ ЖАУҒА МIНБЕҢIЗ...
Елiмiздегi мал басын көбейту қайта қолға алынып отыр. Ежелгi ата-баба кәсiбiне қайта оралған Үкiмет сайын даламыздың төсiндегi мыңғырған малсыз елдiң шырайы кiрмейтiнiн мойындаса керек. Бүгiнде республика бойынша ет өнiмдерiн өндiру әлеуетi жоғары екенi толық айқындалды.
Мал басын арттыруды Президент Нұрсұлтан Назарбаев таяуда мал шаруашылығы мәселелерi тiзiлген жиында негiзгi мақсаттардың бiрi деп атап өттi. Мәртебелi жиында кеңiнен талқыланған бұл саланың кемшiлiктерi көп. Кемшiлiктерi деп отырғанымыз – жалпы мал санының аздығы, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарының там-тұмдап қана жүргiзiлуi және осы мiндеттер бойынша бiрен-саран кәсiпорындардың ғана бас қылтитуы. Соңғы жылдардағы есеп бойынша, республикада 19 миллион ұсақ мал, 6,5 миллион сиыр, 1,5 миллионнан астам жылқы, 170 мыңдай түйе бар екен. Бұл көрсеткiштi Кеңес Одағы, тiптi одан арғы кезеңдегi мал санымен салыстырмай-ақ қоялық. Алайда жайылымдары мен жайлауы көп, табиғи жағдайы аса қолайлы өлкеде мал санының осыншалық аз болуына не себеп?
Осы түйткiлдi тұстарды көтерген Елбасы мұндай бейқамдықтың алдын алу керектiгiн ескерттi. Осы орайда Премьер-министрдiң бiрiншi орынбасары Өмiрзақ Шөкеев бұл мәселенiң оңды шешiмiн табуда Кедендiк одақтың пайдасы мол деп отыр. Оның пайымдауынша, Қазақстан ет өнiмдерiн экспортқа шығарса, Ресей алғашқы тұтынушы болмақшы екен.
– Кеден одағының құрылуына байланысты Ресейге ет шығару тетiктерi көп жеңiлдетiлдi. Ресей жылына 1,5-1,7 миллион тонна еттi шетелден әкеледi. Оның 70 пайызын мұхиттың арғы жағынан: Бразилия, Уругвай, Парагвай елдерiнен тасымалдайды, – дей келе Қазақстан осы аталған экспортшы елдердiң қатарынан көрiнуi мүмкiн дегендi алға тартады. Бұл ұсыныс тек елiмiзде ғана талқыланғандықтан, Ресей тарапы бұл мәселеден бейхабар. Десе де бұрынғыдай еттiң көлемiн шектейтiн квота және басқа да қиындықтар қысқартылып, жаңа келiсiм бойынша жеңiлдiк ұсынып отырған көрiнедi. Тiптi алдағы жылдары қанша тонна ет таситынымыз да есептелiп қойған сияқты, бiрақ қолымызда соншалықты ет пен сүт бере алатын мал әлi жоқ. "Егер барымызды дұрыс кәдеге жарата бiлсек, алдағы бiрнеше жылда Ресейге 60 мың тонна ет экспорттауға болады. Бұл ақшаға шаққанда 4 миллион тонна астық шығарғанмен пара пар. Яғни бiз тыңнан жаңа ауыл шаруашылығын жасай аламыз", – дейдi вице-премьер.
Тыңнан жасап аламыз демекшi, Кедендiк одақ барысында ет өнiмдерiн экспорттауда тағы да Ресейге иек артып отырғанымыз бар. Қалай болғанда да, Қазақстандағы мал шаруашылығының жағдайы онша көңiл көншiтпейтiнi рас. Ал елiмiзде ет өндiрудiң мол мүмкiндiктерi бар. Оның бiрден-бiр амалы – мал тұқымын асылдандыру дейдi мамандар. Бұл ретте ҚР Ауылшаруашылығы министрi Ақылбек Күрiшбаев:
– Бiзде қазiр 344 мың бас асыл тұқымды мал бар. Бұл – жалпы мал санының 5,6 пайызы ғана. Дамыған елдерде оның үлесi 25 пайыздан кем болмайды, – деп үлгiнi анықтап бердi. Ендеше мал тұқымын асылдандыру жаппай жүргiзiледi деген сөз, алайда оған бүгiн немесе ертең қол жеткiзу мүмкiн емес қой. Бiр ғана малдың тұқымын асылдандыруға 10-15 жыл уақыт қажет екенi белгiлi. Десе де, бұған бола үмiтiн үзiп отырған Үкiмет жоқ, қолға алынған нақты жұмыстардың нәтижесiнде 2015 жылы-ақ мал саны екi есеге, 2020 жылдары төрт есеге артуы тиiс. Жоспардың жүгi ауыр. Нақ осы мақсатты бағындырған күнде асыл тұқымды мал саны екi еселенедi екен. Сол кезде Қазақстан iшкi нарықты ғана емес, экспорттық өнiм көлемiн де қамти алады. Бұл жобаға сәйкес 2013 жылы сыртқа 13 мың тонна ет шығарылса, 2020 жылы экспорт көлемi 83 мың тоннаға көбеюi тиiс. Қағаз жүзiнде есептелген пайыздық көрсеткiштер алдағы жылдары ысырылып қалмаса болғаны. Себебi мал санын көбейту үшiн қайткен күнде де асылдандыру жұмыстары ғана қарастырылып отыр. Тығырықтан шығар жол осы ғана ма, әлде жайылымдар мен шабындықтарды көбейтiп, жеке шаруа қожалықтарын iске тарту тиiмдi ме? Бұл жөнiнде мамандардан сұрап көрген едiк. Қазақстан мал шаруашылығы және жемшөп өндiрiсi ғылыми-зерттеу институтының профессоры Марат Кеңеев iрi қара малды асылдандыруда ешқандай артта қалушылық жоқ дейдi.
– Мал санын көбейтуде асылдандыру жұмыстарының маңызы зор. Сапалы өнiм алу үшiн асыл тұқымды мал ұстаудың пайдасы зор. Мәселен бiр сиырдың орнына еттi, сүттi тұқымды ұстау анағұрлым тиiмдi. Мысалы асыл тұқымды iрi қараны сүт өндiретiн кәсiпорындар бағады. Өзiмiз бiлетiн "Адал" кәсiпорны асыл тұқымды қара ала сиырды ұстайды. Сол сияқты мысалдар көп. Республиканың барлық өңiрлерiнде будандастыру нәтижесiнде жақсы тұқымдар алынған. Павлодар, Шығыс Қазақстан, Талдықорған, Батыс Қазақстан облыстарында асылдандыру жұмыстары жүргiзiлiп отырады. Бiздiң институт сүттiлiгi көп сиырларды бағып, сынап, бақылап, 14 айдан кейiн "Асыл" орталығына жiберемiз. Бұл жерде ұрық алынып, жеке шаруашылықтарға таратылады.
Ал жақын болашақта ет және сүт экспорттаушы елге айнала қоюымыз екiталай. Қазақстан жағдайында бiр адамның сүт тағамдарын пайдалану нормасы 380-420 кг деп белгiленген. Бүгiн бiзде бiр адамға 320 кг-нан келедi, ендеше медициналық нормаға сәйкес емес деген сөз. Олай болса 2013 жылы ет экспорттау мүмкiн емес. Өз қажеттiлiктерiмiзге жетпейдi.
P.S. Үкiмет асылдандыру жұмыстарын негiзге алып, мал санын көбейтудегi көзiр деп санаса, бұл iспен айналысатын мамандар жақын болашақта асылдандырудың жүйткiп кете қоймайтынын айтып отыр. Ал 2013 жылға жасалған жорамал тiптен асығыстық. Жақында осы мәселелердiң анық-қанығын бiлу мақсатында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы саладағы ғалымдардың басын қосып, бiрқатар түйткiлдердiң түйiнiн ашқандай болды. Бiрақ асылтұқымды малға да жайылым қажет екенi ескерiлiп отыр ма?..
Ақниет ОСПАНБАЙ