ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ

ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҰЛТАРАЛЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТАРДЫҢ ҚҰПИЯЛАРЫ
ашық дереккөзі
291

Ұлттық комиссияның қорытынды есебi ауыр ойларға жетелейдi

Қырғыз Республикасының президентi Роза Отынбаеваның өткен жылдың 12 шiлдедегi жарлығымен құрылған Қырғызстанның Ош қаласында, Ош және Жалалабад облыстарында 2010 жылдың маусым айында болған қайғылы оқиғалардың шығу себептерiн зерттеу, зардаптарын анықтау және ол жөнiнде ұсыныстарды беру бойынша ұлттық комиссия өз iсiн аяқтады.

Ұлттық комиссияның төрағасы, бұрынғы қос палаталы қырғыз парламентiнiң заң шығару палатасының спикерi, белгiлi қоғамдық қайраткер Абдығаны Еркебаев және комиссия мүшелерi өткен аптада Жоғарғы Кеңешке келiп, өздерiнiң алты айлық зерттеулерiнiң нәтижесi бойынша есеп бердi. Екi күнге созылып, сұрақ-жауап түрiнде өткен бұл мәжiлiс комиссия мүшелерiн де, жауап беру үшiн шақырылған қызмет адамдарын да қара терге түсiрдi.

Ресми мәлiметке қарағанда, 10 маусымда басталған қанды оқиға кезiнде алған жарақаттарының салдарынан 426 адам мерт болып, 1930 адам жараланған. Жараланғандардың 925-iне мылтық оғы тиген. Бұлардың iшiнен милицияның 10 қызметкерi, шекара қызметiнiң 1 офицерi көз жұмса, ал милициядан – 172 адам, шекара әскерлерiнен – 2 адам жаралы болған. 1861 үй қираған. Жалпы материалдық шығын 3 млрд. 757 млн 661 мың 429 сомды құрайды. Оның бүгiнге дейiн 0,3 пайызының ғана орны толтырылған. Оқиғалар бойынша 170 қылмыстық iс қозғалып, сотқа жiберiлдi.

Ұлтаралық қақтығыстар маусымның 10-ы күнi шамамен түнгi сағат 23-тен 20 минут өткенде Ош қаласындағы "Алай" қонақүйiнiң жанындағы "24 сағат" ойын клубында қырғыз және өзбек жастарының төбелесуiнен басталған. Iле-шала бұл жерге 500-ден астам өзбек ұлтының жастары жиналған. Куәгерлердiң айтуына қарағанда, қақтығыстың iшiнде бұрын бұл маңда байқалмаған бөгде адамдар да болған және тағы бiреулер қара джип көлiгiмен келiп, оқ шығарған.

Ұлттық комиссия тұжырымдағандай, оның мүшелерiнiң қайғылы оқиға болған жерге барып зерттеген материалдарын, аудио және бейне жазуларды, куәгерлердiң айтқандарын негiзге алып, маусым оқиғалары алдын ала ұйымдастырылған деп сенiмдi түрде айтуға болады.

15 сәуiрде және 8 маусымда "www.Fergana.ru" ғаламтор-сайтында "Ошская резня (1990) – межнациональный конфликт на территории Киргизской ССР между кыргызами и узбеками" деген мақала жарияланған.

Сонымен, 11 маусымға қараған түнi ұлтаралық қақтығыстың басталғаны жөнiнде хабар әр түрлi жолдармен, негiзiнен, қалта телефоны арқылы Оштың төңiрегiндегi таулы ауылдардағы қырғыздарға әп-сәтте тараған. Ашуы қозған жастар Ош қаласына қарай ұмтылып, сол маңдағы әскер бөлiмшелерiне басып кiрiп, қаруланып та алған.

Комиссия 10–14 маусымдағы жан түршiгерлiк оқиғалар ұлтаралық қақтығыстардың және Жалалабадтағы жанжалдардың "заңды жалғасы" деп есептейдi. Еске сала кетсек, Тоқмақ қаласына жақын жердегi "Гавайи" мейрамханасы, Бiшкекпен шектес Маевка ауылында бiраз адамдардың үйлерi, қора-қопсылары өртенiп, адам шығындары болған. Экстремистiк топтардың ойлары солтүстiкте iске аспаған соң, олардың әрекеттерi оңтүстiк тарапқа ойысқан. "Маусым оқиғаларының фактiлерi бойынша қылмыстық тергеу iстерi, оңтүстiк оқиғалары Қырғызстанды бөлуге, оның халқының ынтымағын ыдыратуға бағытталған жоспарланған iрi көлемдегi арандатушылық", – делiнген комиссияның есебiнде.

12–15 мамыр аралығында Жалалабадтағы А. Батыров атындағы Халықтар достығы университетiнiң алдындағы алаңда күн сайын өзбек қауымдастығының қатысуымен митинг өтiп тұрған. Оны "Ватан" партиясының лидерi Қ. Батыров ұйымдастырған. Өзбек ұлтының кейбiр өкiлдерi саяси талап қойған бұл митинг Ош облыстық "Ош-ТВ" және "Мезон-ТВ" телеарналарынан қайта-қайта көрсетiлген. Көрсетулер қырғыз жастарының наразылығын туғызған, екi мыңдай адам жиналып, Үкiметтен Қадыржан Батыровты қылмыстық жауапкершiлiкке тарту жөнiнде талап қояды. Ашулы топ оның университетте жүргенiн естiп, шұғыл сол жаққа аттанған.

2010 жылдың сәуiр айындағы және маусымның 10-ы күнi түнгi қырғын басталғанша, Ош қаласында және оның төңiрегiндегi елдi мекендерде өзбек лидерлерi өз қандастарын топтап, 25 жиналыс өткiзiптi. Оның әр бiрiне кемi жүз, кейбiрiне бес жүз, алты жүз, тiптi митингтерге шамамен бес мыңға дейiн адам қатысқан. Жиналыстарда ұлтаралық мәселелер талқыланған. Өзбек мәхаллаларының қауiпсiздiгiн қорғаймыз деген сылтаумен штабтарды құру және арнайы жасақшыларды ұйымдастыру қолға алынған. Ұлттық Қауiпсiздiктiң мемлекеттiк қызметiнiң (ҰҚМҚ-ының) аумақтық органдары жағдайды баяндап, сәуiрдiң аяғынан бастап 10 маусымға дейiн Ош облысының әкiмiне 12, Ош қаласының мэрiне 4, ҰҚМҚ-ының орталық аппаратына 34 рет мәлiмет берген. Осы мәлiметтердi жинақтап, ҰҚМҚ жетекшiлiгi Уақытша үкiметке 9 рет мәлiмет тапсырған. Осы сияқты және басқа да фактiлерге сүйенiп, комиссия құжаттың ұсыныстар бөлiгiнiң бiрiншi пунктiнде Президентке, Жоғарғы Кеңешке және Үкiметке өлкенiң оңтүстiгiнде ұлтаралық жанжалдың шығуына жол берiп қойғандықтары үшiн Уақытша Үкiметтiң мүшелерi – Күш түзiлiстерiнiң iстерiн үйлестiрушi Әзiмбек Бекназаровтың, Президенттiң оңтүстiктегi арнайы өкiлi-Қорғаныс министрi (қазiр Жоғарғы Кеңештiң депутаты) Исмаил Исақовтың, бұрынғы Iшкi iстер министрi Болот Шерниязовтың, ҰҚМҚ-ның төрағасы Кеңешбек Дүйшебаевтiң және сол кездегi бас прокурор Байтемiр Ибраевтiң, Ош және Жалалабад облыстарының губернаторларының, Ош, Жалалабад және Майлысу қалаларының әкiмдерiнiң, сондай-ақ Базарқорған, Сузақ, Алабұқа, Қарасу және Араван аудандарының әкiмдерiнiң саяси жауапкершiлiгiн қарауды ұсынған.

Жоғарғы Кеңеш тиiстi шешiм шығару үшiн ұлттық комиссияның қорытынды құжатын Қырғыз Республикасының президентiне жөнелттi. Сонымен қатар құжатты маусымдағы қайғылы оқиғаны зерттеу үшiн арнайы құрылған уақытша депутаттық комиссия да пайдаланатын болды. Ұлттық комиссия өз есебiнде маусым оқиғаларына үшiншi күштердiң араласқанын атап өттi. Бiрақ олар өкiлеттiлiгiнiң жоқтығына байланысты бұл мәселенi егжей-тегжейлi зерттей алмаған. Комиссияның төрағасы депутатық комиссия осы кем-кетiктiң орнын толтырады деген сенiмiн бiлдiрдi.

Комиссияның Парламенттегi сұрақ-жауап түрiндегi есеп беруi қызу талқыға ұласты. Депутаттар қауiпсiздiктi қорғау және прокуратура органдарының жетекшiлерiне қазiргi уақытта шет өлкелерде жасырынып жүрген, жоғарыда аты аталған бүлiкшiл лидерлер республикаға әкелiнiп, жауапқа тартылуы керек деген талаптарды қойды. Уақытша Үкiметтiң мүшесi болған Исмаил Исақов өзiн жазықсыз қаралағаны үшiн Ұлттық комиссияны сотқа беретiндерiн мәлiмдедi. "Бiз, Уақытша Үкiмет, таза парламенттiк сайлауды өткiзу арқылы саяси жауапкершiлiктен құтылғанбыз",– дедi Жоғарғы Кеңештiң депутаты, "Атамекен" фракциясының лидерi Өмiрбек Текебаев. Ашық айтпаса да, оның бұл сөзiнiң астарында таза сайлау өткiзу арқылы әртүрлi көзқарастағы партиялардың, ақаевтық және бакиевтiк кадрлардың Парламентке келуiне мүмкiндiк туды деген ой анық аңғарылып тұрды. Депутат Қаныбек Иманалиев: "бұқаралық ақпарат құралдарында қырғыздар өзбектердi тұқымқұрт (геноцид) қылып жатыр деген жалған мәлiметтер тарап кеткен, сiздер бұл өсектi терiске шығарған жоқсыздар", – деп комиссия төрағасын бiраз сiлкiлеп, төрағадан "геноцид болған емес" деген жауап алған соң әзер тынышталды. Бiр-екi депутаттың "Қырғыз елi үшiн мұндай маңызды мәжiлiске өлке президентiн шақыру керек" деген сұрау салған ұсынысына президенттiң Жоғарғы Кеңештегi өкiлi Аида Салянова: "Заң бойынша президенттi мемлекетке қауiп төндiретiн мәселелердi талқылаған мәжiлiске ғана шақыра аласыздар", – деп жауап бердi. Өкiлдiң бұл сөзi мәжiлiстi жүргiзiп отырған Жоғарғы Кеңештiң төрағасы Келдiбек Ақматбековқа ұнаған жоқ. "Бiз осылай бұрынғы президенттерiмiздi қорғаштап бұзғанбыз, қажет деп тапсақ, президенттiң келуiн сұрануымыз мүмкiн, ол кiсi қандай шешiм шығарады, оны өзi бiледi", – дедi төраға.

Комиссия президентке, Жоғарғы Кеңешке және Үкiметке 19 пункттен тұрған ұсыныспен қайтарылды. Олардың бiрiншiсi, жоғарыда аталып кеткен, Үкiмет мүшелерiнiң саяси жауапкершiлiгiн қарау; одан кейiнгiлерiнiң негiзгiлерi – Этникалық саясат бойынша тұжырымдаманы қабыл алу және оны iске асыратын мемлекеттiк органды құру, Қырғызстанның оңтүстiгiндегi ұлтаралық жанжалды тоқтатуға және 2010 жылы Ферғана өңiрiндегi iрi аймақтық соғысты болдырмауға қосқан зор үлесi үшiн Өзбекстан президентi Ислам Каримовты сыйлықпен марапаттау мүмкiндiгiн қарастыру, Өзбекстан және Тәжiкстанмен шектескен мемлекеттiк шекараларды делимитациялауды және демаркациялауды тездету, Құралды күштердi және ҰҚМҚ, Шекара әскерлерi, IIМ, прокуратура органдарын сапалық және сандық жағынан нығайту; бұқаралық ақпарат құралдарында ұлтшылдық және экстремисттiк көзқарастағы материалдардың жариялануына жол бермеу үшiн БАҚ жетекшiлерiмен түсiндiру iстерiн жүргiзу; Қырғызстан халқының бiрлiгiн арттыру үшiн мемлекеттiк тiл – қырғыз тiлiн этникалық азшылықтардың игеру қажеттiгi. Сонымен бiрге, Жоғарғы Кеңешке халықтың ынтымағын, өлкенiң қауiпсiздiгiн күшейтуге бағытталған бiрқатар заңдарды талқылап, оларды қабылдау ұсынылды.

Парламент мәжiлiсiндегi сұрақ-жауаптың барысында Қырғызстанды күйзелiске душар еткен көптеген мәселелер ашық айтылды. Өлкенiң бұрынғы президентi Қ. Бакиев Қорғаныс және Iшкi iстер министрлiктерiнде және Ұлттық қауiпсiздiк қызметiнде реформа жасаймын деп, бұл органдардың штатын қысқартып, әлеуетiн мүлде төмендетiп жiберген. Мысалы 2009 жылы оның өрескел, өзiмбiлемдiк жарлығымен Конституциялық орган – Қауiпсiздiк кеңесi тарқатылған. Есiрткiнi бақылау бойынша агенттiк, Қорғаныс министрлiгiнiң өзгеше мотоатқыштар бригадасы (тау жағдайына бейiмделген), құрамы 1400-1500 сарбаздан тұрған IIМ-нiң iшкi әскерлерiнiң бригадасы таратылған. Оңтүстiк өңiрiнде қоғамдық тәртiптi сақтау және қылмысқа қарсы күресумен айналысқан 500 милициядан тұратын патрульдiк-бекеттiк қызмет полкы тарқатылған. Ош және Жалалабад гарнизондарындағы iшкi әскерлердiң сандық құрамы ең төменгi шекке дейiн мейлiнше азайтылған. Керiсiнше экс-президенттiң iнiсi Жаныш Бакиев басқарған Мемлекеттiк күзет қызметiнiң күш-қуаты арттырылған. Сол аласапыранды 10–17-маусымда Ош қаласында IIМ-нiң iшкi әскерлерiнен 30 ғана сарбаз қызмет өтеп тұрған. Осы жерде тағы бiр қосымшалай кететiн нәрсе, қырғыз армиясында 1,5 пайыз ғана қырғыздан басқа ұлттың өкiлдерi қызмет етедi екен. 2009-жылғы ел санағында республика халқының 71 пайызы – қырғыз, 14,3 пайызы – өзбек, 7,8 пайызы – орыс, 6,9 –басқа ұлттардың өкiлдерi болып шыққан. Әр ұлттың өкiлдерiнiң әскерде бiрге қызмет етуiнiң интернационалдық тұрғыдан өте маңыздылығы дәлелдеудi қажет етпейдi емес пе?! Оның үстiне әскери борышын өтемегендер милицияға да алынбайтыны анық. Яғни милиция да ұлттық құрамы жағынан ақсап жатыр деген сөз.

Оңтүстiктегi маусым оқиғасы бойынша зерттеу iстерiн ЕҚЫҰ-ның Парламенттiк ассамблеясының вице-президентi қызметiн атқарған Киммо Кильюнен бастаған халықаралық комиссия және Өзбекстанның "Ош бастамасы" комиссиясы да тексеруде.

Жоғарыда сөз болған, Қ.Бакиевтiң кезiнде жойылып кеткен Қауiпсiздiк кеңесi президент Роза Отынбаеваның жарлығымен қайтадан қалпына келтiрiлдi. Қырғызстанның жаңа Конституциясының ұстанымдарына сәйкес келмейтiн болғандықтан, ол Қорғаныс кеңесi деп аталды. Кеңестiң 22 қаңтарда өткен алғашқы жиынында президент өлке қауiпсiздiгiн сақтау үшiн кешiктiрместен шұғыл шараларды қабылдау қажеттiгiн айтты. "Соңғы кездегi өлкенiң даму шарттарының күрделiлiгi ұйымдасқан қылмыстың өсуiне және қоғамда әр түрлi дiни экстремистiк ағымдардың таралуына ыңғайлы жағдай жасады. Бiз бәрiмiз бұған куә болып отырмыз. Бұл әрбiр адамның, қоғамның және мемлекеттiң қауiпсiздiгiне қорқыныш тудырады. Халықтан және құқық қорғау органдарынан түсiп жатқан мәлiметтер бiздiң iшкi қауiпсiздiктегi ахуалымызды қатерлi шекке дейiн жеткiзгенiмiзден хабар беруде. Бұл – бәрiмiзге, (мен билiк бұтақтарын айтып отырмын), қоғамдық қауiпсiздiктi, азаматтарды және мемлекеттi қылмыстық озбырлықтан қорғау бойынша маңызды, нақты және жауапкершiлiктi шешiмдердi қабыл алуға мезгiлдiң жеткенi жөнiнде соғылған қоңырау", – дедi мемлекет басшысы.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ

Серіктес жаңалықтары