ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙРАН ҚАРТТАРЫ...

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙРАН ҚАРТТАРЫ...

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАЙРАН ҚАРТТАРЫ...
ашық дереккөзі
421

Кейде кешегi әкемiзбен үзеңгiлес жүрген көнекөз қарттар, ауылдың абыз ақсақалдары еске түседi. Қандай едi олар?.. Шеттерiнен көз тоярлық, көңiл қуанарлық, әулие деуге тұрарлық маңғаз марқасқалар едi-ау! Салалы сақалдарын саумалап, Алтайдың асқар шыңдарындай төр алдында тiзiлiп отырғандары қандай ғанибет едi. Таңды таңға ұрып салиқалы сұхбат, келелi кеңес құрғандары қандай жарасымды. Қартқа тән байсалдылық дуалы ауыздарынан шыққан әрбiр лебiздерiнен есiп, ақсақалға тән абыздық айналасына нұрлы жүздерiнен мейiрiм, шуақ болып төгiлiп тұрар едi-ау, шiркiн! Өн-бойлары толған ұлағат, жүрiс-тұрыстары тұнып тұрған өнеге-тағылым едi ғой.

Олардың алдында үлкен-кiшi кәдiмгiдей именiп, ығып тұратын, сыншыл көздерiнен, шыншыл сөздерiнен қаймығатын. Бiз сом алтынның сынығындай, бұрынғы өткен асылдар мен арыстардың тұяғындай болған осы аталарымыздың соңын көрiп, айтқан сөздерiнiң шет-жағасын естiп, қолдарынан құлақ жеп, сарқытын iшiп өстiк. Үлкендердiң сарқытын iшпесек, қолынан жiлiк алмасақ, бiр нәрсенiң орны толмағандай қоңылтақсып, көңiлiмiз көншiмейтiн едi ғой.

Соғым басы, наурыз көже, сыбаға жiлiк, қымызмұрындық, сiргежияр деген сияқты қазақтың толып жатқан кәделi жол-жоралғы, сый-сияпаттарында сол қазыналы қарттардың жүрген жерлерi – ғибратты әңгiме-дүкен, отырған ортасы – әдемi әзiл-қалжың болушы едi. Әсiресе ел жайлауға қонып, бие байланып, көңiл жайланып дегендей сары қымыз бабына келген тұста ауылдың қонысы жақын, сыйлас-тұрғылас ақсақалдары бiр сайды асықпай қыдырып, сыбаға малдарының басын мұжитын. Жас отауларға түстенiп, үлкенi бар үйлерге, қара шаңырақтарға қона түнеп, жаз бойы еркiн сайрандайды-ау бiр. Қашан, қай үйде болатындарын алдын ала жоспарлап, жобалап алатындары тағы бар. Қайран қарттар қаз-қатар атқа қонып, қаздай шұбырып келе жатқанда құдды бiр Қыдыр әулие әулетiмен түп қопарыла көшiп келе жатқандай көрiнушi едi. Ақ сақалдары желбiреп, ақ жейделерi көлбiреп ауыл шетiне iлiнгенде, үлкен-кiшi сүрiне-қабына алдарынан шығып, қаумалап аттан түсiрiп, қошаметтеп төрге оздырар едi. Сосын дөнен қымызбен сусындары басылып, жаны жадырағаннан кейiн ақ батаға қол жайылып, семiз марқа сойылып, қою шай қойылып дегендей тiк тұрып, қонақ күту қарбаласы басталады ауылда. Ат-көлiк жайғастыру, қымыз құйып, табақ тарту ылдым-жылдым жастардың мiндетi. Бұл күнi ауыл – ерекше көңiлдi. Әрине, төрiне Қыдыр қонып, құт дарып отырса кiм көңiлдi болмасын.

"Қымыз – көптiң асы, көктiң суы" дейтiн қазақ оны ешкiмнен аяп қалмаған, сатып пайда да тапқан емес. Сондықтан бiр үй бие байласа күллi көршi-қолаң қымызға ортақтасып, бөле-жара iшедi. Ысталған қара саба үкiлi пiспекпен күрп-күрп пiсiлiп, бал қымыз күндiз-түнi бабында тұрады. Бетiнде түйiр-түйiр май жүзген, қышқылтым иiсi кеңсiрiк жарған сары қымызға қызара бөрткен қарттар мүйiз шақшадағы бұйра насыбайларын рахаттана атып алғаннан кейiн әңгiме-дүкеннiң көрiгiн қыздырып, тiл тиегiн ағытады. Әсiресе, өздерi кезiнде палуан, сайыскер болған қарттар дауыстарын оқиға ауанына қарай бiрде оқыс көтерiп, бiрде қоңырлатып, кейде бүйiрлерiн таянып, иықтарын қомдап, қасын керiп, көздерiн алайтып дегендей әңгiменi қызықтырып, қыздырып айтады. Алтай бетiнiң әңгiмелерiн, жау қайтарып, барымтаға барғандарын түннiң бiр уағына дейiн толғайды. Ел арасының ескi сөздерi, ақын-жыраулардың сөз қақтығыстары, кейбiр бейпiл, күлдiргi әңгiмелер де қозғайды. Ертеңгi бесiнде бағлан етiне әбден кекiрелеп, қымызға масайған қарттар буындарын әзер билеп, даяшы жiгiттердiң демеуiмен аттарына әзер-әзер қонып, арқа-жарқа аттанып бара жатар едi.

Сол қарттардың бәрi дегдар, бәрi тектi сезiлетiн маған. Қолдарына кесенi әдейiлеп, жөн-жобасымен, қос қолдап иiлiп тұрып ұсынбаса, ешбiрi өздiгiнен еңкейiп қолын созбас едi. "Бұйырыңыз" деп үй иесiнен бастап жағалай кеселерiнiң бүйiрiн түйiстiрiп, ишарат еткен соң ғана қымызға ерiндерiн тигiзетiн. Табаққа жастау бiреу үлкендерден бұрын қол соза қалса немесе өзiне тиесiлi емес сыйлы жiлiктi аңдаусызда ұстай қалса қатты жекiп, қолын қағып жiберер едi. Бүгiнде аталардың бойынан сондай сыпайы сырбаздықты, әжелердiң бойынан келiстi кербездiктi көре алмағандықтан да болар қонылтақсып жүретiнiмiз.

Осының бәрiн салыстырып ойлағанда бүгiнгi кейбiр үйiткен сирақтай қырма сақал қырқылжың, ұшып-қонған шошақай шалдарға көп ретте көңiлiмiз тола бермейдi. Созақ өңiрiнiң Шералы деген ақыны беташарда:

Сұмдық суын ұрттаған,

Пайдасыз жерден сырттаған.

Жасы алпысқа жеткенше,

Сақал-мұрты шықпаған –

Қайын атаңа бiр сәлем! – деп сипаттаған екен үй иесiн. Өкiнiштiсi, осы сипаттама бүгiнде көптеген ақсақалдарымызға артық-кемi жоқ дәл келетiнi – ащы да болса шындық. "Заманына сай – адамы" демекшi, заман азған сайын адамдар да ұсақталып, күйкiленiп бара ма қалай, қазiргi қарттарымыздың да тұзы жеңiлдеп, айбыны аласарып бара жатыр. Әбубәкiр Кердерi айтқандай, "Қарттардан кеттi ауырлық, Сопыдан кеттi сабырлық" дейтiн заман туды.

Артық кетсем ғафу етерсiздер, асылдың сынығындай көнекөздерiм! "Қыз анадан үйренбей өнеге алмас, ұл атадан үйренбей сапар шекпес" дегендей, артыңнан ерген ұрпақ ұлылық ұлағатыңа, аталық тағылымыңа зәру болып жүр. Қайдасыңдар, қарттарым?!.

Аманжол АҚЫН

Қарағанды қаласы

Серіктес жаңалықтары