ТIЛ және ТҰЛҒА

ТIЛ және ТҰЛҒА

ТIЛ және ТҰЛҒА
ашық дереккөзі
294

Мемлекеттiк тiл лауазымды мiнберлердi жатсынбай, қысылып-қымтырылмай ағыла сыр төксе дейсiң. Обалы нешiк, орыс пен ағылшын тiлiнде тоқтаусыз сөйлейтiн кейбiр шенеунiктерiмiз мемлекеттiк тiлде екi ауыз сөздiң басын қоса алмай, күбiжiктеп қалады. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақшасы көп шенеунiкке үлгi-өнеге болуға лайық. Себебi Президент қазақша айтқан әрбiр сөзiнде ақын-жыраулардың сөздерiнен, қазақтың мақал-мәтелдерiнен мысал келтiрудi әдетке айналдырған.

Мысалы Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 5 жылдығына орай айтқан сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев Алаш ақыны Мағжан Жұмабаевтың бiр шумақ өлеңiн оқыды:

"Алыстан oрыс, қытай ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Арты – oр, алдында – көр, жан-жағы жау,

Дағдарған Алаш eндi қайда бармақ?!".

Ал тәуелсiздiктiң 15-жылдық мерейтойында Нұрсұлтан Назарбаев: "Өсiп-өну жолындағы адамның талап қылып iзденер қарызды iсiнiң алды – әуелi дос көбейтпек", деп данышпан Абай атамыз айтқандай, бiз тағдыр жазуымен қазақ жерiнде тоғысқан алуан ұлт пен ұлыстың береке-бiрлiгi мен достығын өсiп-өркендеуiмiздiң алтын қазығы ретiнде алып, болашаққа қарай нық қадам жасадық. Бұл халқымызды бұрын-соңды шығып көрмеген жаңа биiктерге бастады", – деп ойын толықтыра түседi.

Елбасы үнемi хакiм Абайдан бастап, қазақ ақын-жазушыларының шығармашылығынан үзiндi келтiредi. "Мiне, осылайша Жұбан ақын айтқандай, "мың өлiп, мың тiрiлген" қазақ халқы бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсiздiкке ұлт болып қалу-қалмауы қыл үстiнде тұрған алмағайып заманда қол жеткiздi" – дейдi.

Президент қазақтың бай фольклорынан да үзiндi пайдаланудан тартынған емес. 2009 жылы тәуелсiздiк жиынында: "…Ежелден еркiндiк аңсаған ер қазақтың ең асыл мұраты – еңселi ел болу едi. Елiм деп еңiреген ақындарымыз "Егемен болмай ел болмас, етектен кесiп жең болмас" деп жырлайтын едi" – деп сөз саптайды.

Ал былтыр 15 желтоқсанда сөйлеген сөзiнде Елбасы замандас жазушының сөзiнен мысал келтiрдi: "Халқымыздың бұл ұлы жиынға берген бағасын, қуанышының жиынтығын "Қазақ" газетiнiң бас редакторы Қоғабай Сәрсекеевтiң мына сөздерi жеткiзсе керек: "Еш заманда, еш ғасырда ежелгi ғұн-түрiк заманынан берi қазақтың бұл сайын даласы мұндай жиынды көрмеген. Алтын Орданы құрған Бату ханнан бастап 71 хан пешенесiне де осындай барша адамзат мүддесiн көздеп, Астана Саммитiндей абыройлы кеңес өткiзу бұйырмапты. О заман басқа, бүгiнгi заман бөлек. Ендi тәуелсiз қазақ халқы осындай ұлы мәртебеге ие болды", – деп жазды ол".

Қазақстан тәуелсiздiгiнiң 10-жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзiнде: "Көнe "Күлтeгiн eскeрткiшi" жазуында: "Eлiң eлдiктi eттi, жауын бeйбiт eттi" дeгeн сөздeр бар eкeн. Oсыдан мың жылдан көп бұрын айтылып, тасқа қашалған бұл сөздeр бiздiң басымыздағы бүгiнгi жағдайға тiкeлeй қатысы бар сияқты" – деп, тереңнен ой қозғайды.

Мемлекет басшысы ақын-жазушылардан ғана емес, Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с) хадистерiнен де мысал келтiредi. Құрбан айт мейрамында сөйлеген сөзiнде Елбасы: "Пайғамбарымыз Мұхаммед өзiнiң хадисiнде "Бiлiмдi болу – әр мұсылманның парызы" деген қағидасы ешқашан да өзiнiң маңызын жоғалтпаған. Әсiресе қазiргi заманда оның маңызы мен мәнi аса жоғары болып отыр" – дейдi. Ал Қадыр түнiнде сөйлеген сөзiнде "Құран-кәрiмнiң 97 сүресi "Сура уль-Қадр" деп аталатынын бiлесiздер. Сонда 30 сөз бар, бұл бiздiң рамазан айындағы отыз күн оразамыз емес пе?" – дейдi.

Ал Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтауында "Төртеу түгел болса, төбедегi келедi" деген халқымыздың дана сөзi бар. Осының арқасында бiздiң ырзығымыз өсiп, ел болып отырмыз" – дейдi.

Астананың 10 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзiнде Елбасы: "Кешегi өткен замандарда атамекенiн ақ найзаның ұшымен, ақ бiлектiң күшiмен қорғап өткен халқымыз бүгiнгi бейбiт бәсекеде де намысқа шаба бiлдi. Жасампаздық iстерде жасқанбай, ата-баба аманатына адалдығын танытты. Өркениет көшiне еркiн қосылған ұлт ретiнде бiлiмдiлiк те, бiлiктiлiк те, бiлектiлiк те, жүректiлiк те көрсеттi. Сын сағатта сыр бермедi халқымыз" деген.

2008 жылы 6 шiлдеде "Қазақ елi" монументiнiң ашылуында сөйлеген сөзiнде: "Өткенге топырақ шашсаң, болашақ саған тас атады" деген атадан қалған ұлағатты сөз бар. Тарихын ұлықтамаған, барын бағаламаған жұрттың бағы жанып, жоғы түгенделмейдi" – деп толғанады.

Президенттiң былтырғы Мемлекеттiк туды көтеруге арналған салтанатты рәсiмде сөйлеген сөзi айрықша атап өтуге тұрарлық: "Сүйiнбай ақын айтқандай, батыр бабаларымыз "бөрiлi байрақ" астында бас қосып, бөлiнбес елдiң бiрлiгiн бекемдеген. Ұлы жорықтарда әруақты батырына байрағын ұстатқан. Туға қарап жауынгерлер жiгерiн жаныған, намысын қайраған. Желбiреген жалау жаужүрек батырлардың рухын оятқан. Кеудесiн мақтаныш кернеген ерлер елiн жауға бермеген. Талай боздақтар желкiлдеген тудың астында Отаны үшiн опат болған".

Ал 2010 жылдың 1 маусымында "Керей мен Жәнiбек" мүсiн-көркем композициясын ашу рәсiмiнде сөйлеген сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев: "Ескерткiште еркiндiк алып, жаңа орданың iргесiн тiктеген хандарымыз ұлыстың байрағын мығым ұстап тұр. Бұл – Сүйiнбай ақын айтқандай, "бөрiлi байрақ" көтерген даңқты бабалардың "мәңгi ел орнату" аңсарының көрiнiсi. Расында Керей мен Жәнiбек тiккен сол киелi Ту жығылған жоқ. Ол Қазақстанның тәуелсiздiк алуымен бiрге аспан астында қалықтаған қырандай шырқау биiкке көтерiле түстi. Сондықтан бiз тәуелсiздiктiң көк байрағын берiк ұстап, егемендiгiмiздi көзiмiздiң қарашығындай қорғауға тиiспiз.

"Еркiндiк қайда болса – елдiк сонда" дейдi халық даналығы. Қазақта "Егемен болмай – ел болмас" деген сөз бар. Түптеп келгенде, Керей мен Жәнiбек тұсында тарих сахнасына шыққан "қазақ" деген сөздiң өзi "егемен, еншiсiн алған еркiн ел" деген мағына бередi. Бабаларымыздың ұлыстың атына таңған азаттық аңсарын ақиқатқа айналдыру бiздiң ұрпақтың маңдайына жазылыпты.

Тарихи таныммен ұрпақ өседi, ұлттық сана қалыптасады. Кешегiмiзге көрсетiлген құрмет келешегiмiздiң жарқын болуына жол ашады. Сондықтан өскелең ұрпақ өткенiн танып, болашағын бағамдау үшiн мұндай ескерткiштер аса қажет" – дейдi.

Мұндай мысалдарды көптеп келтiруге болады. Бiздiң мақсат – лауазымды тұлғаның қазақтың шұрайлы тiлiн кеңiнен пайдаланып, мемлекеттiк тiлдiң майын тамыза сөйлеуiнiң үлгiсiн көрсету ғана.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары