ДАЛАМЕН ДАУЫСЫ YНДЕСКЕН

ДАЛАМЕН ДАУЫСЫ YНДЕСКЕН

ДАЛАМЕН ДАУЫСЫ YНДЕСКЕН
ашық дереккөзі
376

Белгiлi журналист Атабай Қылышбайұлы туралы сыр

Қобалжып отырған сияқтымын. Атабай Қылышбайұлы туралы сөз айтқым келедi. Бiрақ қалай айтудың ретiн таппай отырмын. Құба көңiл құлай жығылып, жүрегiңнiң жылы жерiне жайғастырған жаның жайлы ойланбай сөйлеуге бола ма? Әсiрелемегенмен әдемiлеп айтқың келедi, жарасымды етiп, тауып айтқың келедi, еңбегiн екшеп, елiктiрiп айтқың келедi.

Ауыр да қызық тағдырлы жiгiт Атабай. Сүйсiндiретiнi – өмiр жолында өзiме ұқсас жерi көп. Бiр дәуiрдiң перзентiмiз ғой. Содан да шығар. Әйтеуiр беймарал қарай алмайсың. Өзiн-өзi қамшылап, өз межесiн өзi белгiлеп, өз сапарын өзi қамдап, аумалы-төкпелi қоғамының көшiнде алдаспандай жарқылдап, қатарының көбiнен оқ бойы озық келе жатқан азамат. Тәнтi болмай тұра алмайсың.

Мiне, көрдiңiз бе, ол туралы бұл – менiң өз кеудемде орын тепкен азды-көптi тұжырым. Бiрақ ол менiң түсiнiгiмнен гөрi әлдеқайда күрделi жан. Терең үңiлмей, байыпты барламай кесiп-пiшiп бiрдеңе дей алмайсың. Сегiз қырлы, тұңғиық сырлы жан. Мұны қалай ашарсың?

Қанасынан асқан қайрат пен қажыр, буырқанған қуат, жұлқынған жiгер бұл азаматтың бойын үздiксiз құбылтып, көңiл бөлген кiсiнi семсерлескен селкеусiз сезiмдерге орайды. Осыны мүлтiксiз суреттеп, мөлдiр бейнелеу үшiн; оның екпiнiне iлесiп, ырғағын ұстап тұратын бас пернесiн дәл табу үшiн; өзiн қоршаған ортаның оған деген iлiксiз ықыласын шайқап алмау үшiн; оның жанын ұғып, сезiмiне сiңу үшiн – сенiң өзiңе де мөлшерлi бiр қуат керек сияқты.

Атабай Қылышбайұлы туралы ойласам, ең әуелi өзiмнiң сонау маржандай мөлдiр жас шағым ерiксiз есiме түседi. Қандай шуақты күндер едi! Түлкiқұрсақ бола жүрiп шексiз қуана бiлетiн, жалаңаяқ, жалаңбас жүрiп кiршiксiз күле бiлетiн, жетiм-жесiр күн кешiп, көрiнгенге жаутаңдамай iштей күрсiнген қарасирақ қалпыңды қайырда қалдырып, аспандағы ақша бұлтқа арқан тастап, арман асылдырып, кеудеңдi күмбiрлетiп, опыра өлең шығаратын кемел де кермиық мезгiл, жаз дидарлы жайсаң тұс – осы студенттiк шақ едi.

Мен осында түскен жылы танысқан, өзi үш курс алда жүрген, өзiм елiге қарайтын рухани биiгiм, болмысы бөтен сырласым болған жалғыз ағам – Қалаубек Тұрсынқұлов бұл кезде оқуды аяқтап, елiне кеткен. Одан берi де екi-үш жыл өттi емес пе? Сонда өз-өзiмнен оқшауланып, көңiл қоңылтақсып қалғандай едi. Бiрақ соңыма ерген Жанұзақ Қожабергенов, Әбдiжәлел Бәкiр, Адам Мекебай, Серiк Сейтмағамбетов, Зордан Салықпай, Махмұтбай Әмiреев, Балашбек Шағыров дейтiн iнiлерiм, Сүйiмхан Омарова, Жұмагүл Құдиярова дейтiн қарындастарым жаныма жалау ұстатып, көңiлге қылаусыз қуат бердi.

Бәрiмiз жарысып өлең шығарамыз, жиналып жыр оқимыз, газет шығарып, оған өлеңдерiмiздi басамыз. Әдебиет үйiрмесiн алаулатқан талқыда құпталған қарлығаштарымызды облыстық, республикалық мерзiмдi басылымдарға жолдап жатамыз. Сөйтiп өзiмiз оқып жүрген осы бiр бiлiм ордасының түндiгiн бiз ғана желпiлдетiп, бiз ғана соның туын ұстап тұрғандай көрiнетiнбiз. Бiзден көңiлдi, бiзден қанатты жандар болды ма екен сол кезде?

Осылай қуаныш құшағында жүргенiмiзде ортамызға Атабай келдi. Аққұба өңдi, қою шаш пен ойлы көздi әдемi қиыстырып алған қыран қабақ, қиядан қызықтырар қыр мұрын, салмақты жымиғанда жарқ ете қалатын ақ маржандай аққуқанат алқалы тiс жүрегiңдi жылытып, бұл жiгiттiң мiнезге де, сырға да бай екендiгiнен хабар берiп тұрғандай едi. Бар киiмiн күтiп киiнiп, тал бойын тiк түзеп жүретiн, жинақы жан екен.

Елгезектiгiнiң аржағында бiр байсалдылық та қылаң берiп қалады. Қанынан келе жатқан қаймақ па? Мүмкiн тағдыр оны да бiз сияқты ауыр сыннан алып шыққан шығар. Бәрiмiз де Отан соғысында от кешкендердiң ұрпағымыз ғой.

Не көрмедiк?

"Жақсыда жаттық жоқ" деген емес пе, тез танысып, тез табысып, қанаттасып кете бердiк. Атабайдың жаны да өзiмiз сияқты айналасынан ән iздеп, жүрегiнен жыр төгiп тұрады екен. Тағы бiр қарымды әрiптес тапқанымызға қуанып қалдық. Рухани үндестiк әркiмге қосымша күш беретiнiн ескерсек, мен тағы бiр табысқа кенелгенiме күмәнсiз сендiм. Сол бiрлiк күнi бүгiнге дейiн жалғасып жатқандығын көрген жұрт менiң қателеспегенiме де сенер деймiн.

Ми қайнатқан 40-50 градус ыстықта қамкесектен салынған тапал үй мен қамыстан салынған қақыраның көлеңкесiнде пана тауып, қиыршық құмға шырт-шырт түкiрiп, мөлдiр аспаннан мейiрiм тiлеп жатпасаң, басқа тiрлiкке таяқ тастар дәрмен жоқ. Қалағаныңмен қимылдай алмайсың. Бiр жағың – шағыл құм, күнмен шағылысып, ауылға төндiретiн адам төзгiсiз аптабымен құйқаңды шымырлатады. Бiр демеу – сол сүреңсiз сипатқа мойын ұсынбай қайшыланған құмдарды қиялап өз нәпәқасын терiп жүрген төрт аяқтының төзiмдiсi, қос өркешi көк тiреген маң даланың маңғаз кемесi – қазақы түйе. Осы жатаған ауылдың тынысын айналасына алыстан танытып, әрi осы елдiң өзек талдырмас бiр тiрегiне айналған қуат көзi де осы жанкештi жануар.

Екiншi жағың – көкжиегiне көз жеткiзбес көк шалқар теңiз және соның шашақты толқынына қиғаш қанатын құшырлана қайрап, ауыл-аймақты әнге бөлеп әлденеден үмiттендiретiн ақ шағала шоғыры. Олар да өз нәпақасын осы теңiзден iздейдi. Ауылдың алакеуiмнен қызыл iңiрге дейiн көз талдырып қиыла күтетiнi – осы теңiздiң төсiне тайғанақ қайығымен таң атпай шығатын шал-шабаны мен қанаты қатаймаған жас ұланы. Олар да осы ауылдың екiншi тiрегi – көк теңiзден нәр табады.

Бұл – Арал ауданындағы Ақшатау ауылы. Бiздiң Атабайдың туған ауылы да осы Ақшатау. Қасиеттi ауыл. Әруақты ауыл. Тектi ауыл. Айналайын ауыл. Неге дейсiз ғой? Атабай бесiктен шықпай әкесi майданға аттанды. Қайтып оралмады. Таныс тағдыр ғой. Сөйтiп ата мейiрiне бөленiп үлгiрмеген, ана ықыласынан iлку көрмеген Атабай да кiндiктен жалғыз едi. Бiрақ "Жетi қыздың жетегiнде жетiлдiм!" деп Асқар Тоқмағамбетов айтқандай мұны жетегiне алатын жақын-жуық бола қойған жоқ. Сонда қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқытпай, аялап өсiрген анасы мен елдiгiн танытып, ешкiмге жалтақтатпай, жұмыртқадай шайқап шығарған осы – Ақшатау.

Атабай осы жерден бiзге келiп қосылды. Институтты ойдағыдай бiтiрiп, мектепте ұстаздық еттi. Тәрбие iсiнiң меңгерушiсi болды. Ең аяулы жұмыс. Қаламгерлiк қасиетi тыным бермейтiн көзiқарақты азамат қарап отыра ала ма, ауыл өмiрiн аудандық газетте көрсете жүрдi. Көкiрегi ояу, ойы сергек тiлшiнi газет өзiне тартпай қоймады. Сөйтiп Атабай көп ұзамай сол газетте тiкелей қызмет етуге көштi. Әрi қарай аудандық партия комитетi дарынды жасты бауырына тартып, үлкен сенiм артты. Оған аппараттағы үгiт-насихат жұмысының бұйдасын ұстатты, ұйымдастырушылық жұмысқа баулыды.

Бұл бағытта Атабайдың бойында булығып жатқан қабiлеттiң молдығын сезген жергiлiктi билiк оны жоғарғы партия мектебiне оқуға жiбердi. Оқуды табыспен аяқтаған iскер жiгiттi облыстық партия комитетi өз қанатының астына – өз аппаратына алды. Ендi ол ел аралап, шаруашылықтардың жай-жапсарына қанықты. Сөйтiп аймақ экономикасы мен әлеуметтiк ахуалдың қыр-сырын аңғаратын болды. Мәдени-ағарту жұмыстарындағы жауапты кадрлармен қоян-қолтық қызмет атқарып, адами қасиеттердiң киелiлiгiне куә болды.

Облыста өзiнiң ерекше қабiлеттерiмен көзге түскен маманды Республиканың бiлiм және ғылым министрлiгi де бiраздан назарында ұстап жүретiн. Атабайды ендi осы сала жетекшi қызметке шақырды. Мұнда да Атабай саналы әрекеттерiмен абыройлы қызмет атқарды. Адам таныды, бүкiл елдiң жай-күйiн көрдi. Ойландыратын түйiндерiн тауып, күрмеуiн шешетiн мәселелердiң мол екенiн түсiндi, қайшылықтарды көрiп, қиналды. Бiрiнiң шешiмiн тапқанмен, екiншiсiнiң тамырына жем салу оңай болмады. Ақыры өзiнiң қашанғы кеудесiнде кептелген қаламгерлiк кәсiбiне көштi. "Қазақ әдебиетi", кейiнiрек "Қазақ елi" газетiне редактордың орынбасары болып жайғасты.

Өз ойыңды жүзеге асыру үшiн оңтайлы жол осы едi. Атабай айтарын айтты да. Тауып айтты. Ұлтының үдесiнен шығар-ау деген қат-қабат пiкiрлер ұйымдастырды. Сосын жаңа дәуiрге қадам басқан қазақты әлемге таныту iсi де бой көтердi. Осы мақсатқа тiкелей көшу үшiн "Дала" деп аталатын халықаралық журнал ашып алды. Мұның өзi әлемнiң бiраз елiн аралап, өзiңдi өзгемен шендестiрiп көруге мүмкiндiк бердi. Қазақты тану үшiн Даламен дидарласу керек. Дала деген кешегi көшiп жүрген, бүгiн байыз тауып жерге табан тiреген ауыл. Ауылды танымай тұрып қазақты бiлем деу – бiлместiк.

Атабай бүгiн осы бiр абзал iспен айналысып жүр. Жеке аудандардың, ел намысын қорғап жүрген азаматтар мен ардагерлердiң, көп балалы аналардың энциклопедиясын шығара бастағаны да мына бүгiнгi намыссыз "наркескен" билiк ұлтсыздық ұранын түтетiп тұрғанда, сол өзi сүйген Алаш отын өшiрмеудiң қамы.

Ақшатау Атабайды осылай әлемге танытса, ендi Атабай Ақшатауды әлемге танытуы керек. Ақшатау дегенiмiз – ауыл, сондықтан ол Атабайдың ғана емес, бүкiл Алаштың ауылы. Керек десеңiз, Алаштың анасы да, намысы да, тiрегi де, түпқазығы да – ауыл. Ауылға бармай, Алашты танымайсың. Сондықтан ол өз журналында ауыл туралы желпiне сөйлейдi, оны мәпелей сөйлейдi, ардақтай сөйлейдi. Алаштың азаматтарын жанашырлықпен, қамқорлықпен, аса биiк құрметпен, турасын айтсақ, үлкен iзетпен суреттейдi.

Содан да "Далаға" шыққан кетпеншi мен кеншi де, дәрiгер мен емшi де, балғашы мен омарташы да, тәрбиешi мен аспаз да, ұстаз бен ғалым да, жауынгер мен спортшы да, жазушы мен суретшi де, әншi мен күйшi де – барынша сүйкiмдi, барынша иықты. Адамдарды осындай етiп көрсету үшiн оны сүйе бiлу керек. Атабай адамды ерекше сүйедi. Оны мәңгiлiк жыр етсем дейдi.

Асқақ мүдде. Бiз сол мүддеге Атабай бүгiн-ақ жетiп отыр дей аламыз. Өйткенi ол әуелi адам жанын түсiнедi, адамдардан қамқорлық көрген. Адамдар арасындағы қайшылықтарды да бiзден гөрi оңай түсiнедi. Өзi оның ортасында аз болған жоқ қой. Оларға қызмет ете бiледi, қамқорлық жасай бiледi. Демек Атабай жұртпен тiл табысып жұмыс iстеуге келгенде алдына жан салмайды. Содан да ол адамды асқақтата алады. Оның әрекетiне қосымша екпiн бере бiледi.

Атабайдың кеудесi – тұнып тұрған тың ойдың қоймасы. Сол қоймадан түлеп ұшқан әр бастаманы шетiнен ал да, қажетiңе жарата бер. Сенiң шешiмiн таппаған түйiнiңдi күрмеуiнен танып, алдыңа оның оңай таралатын жолын салып беретiн де – Атабай. Түсiп ал да жүре бер. Қиналғанда қол ұшын беруге даяр тұрар пенде болса – соның алдында тұрған да Атабай. Алдына кел де шапағатын көрiп, жеңiлденiп қайт. Арманыңнан адаспа.

Атабай қуануға шебер-ақ. Әр адамның жаңа бiр қадамына өзi түлкi алғандай қуанады. Атабайда түңiлу деген болмайды. Өзiнiң ойы жетпеген сәтте соған өресi жететiн жанды тауып алуда да Атабайдан асқан шебер жоқ. Тауып алып саған қызмет еткiзетiнiн қайтерсiң?

Атабай тiптi ренжудi де қолайламайды. Өйткенi оның өмiрге деген, саған деген сенiмiнде шек жоқ. Ол адамдарға сенiп жұмыс iстеуге қалыптасқан. Сондықтан оған өтiрiк айтуға болмайды.

"Сөз бен iстiң арасындағы алшақтық кiсiнi жаңылыстырып, жұмысқа кедергi жасайды. Сондықтан мен сөзi аз, тiрлiгi татымды жiгiттерге бас ием", – дейдi ол. Демек ол сенi әрқашан имандылыққа жетелейдi.

Атабаймен кездескен адам өз қимылынан бiр тiлiм сабақ алмай шықпайды. Ол сенiң сабылған сезiмiңе саңлау көзеп, көңiлiңе сенiм орнатып шығарып салады.

Сондықтан да маған Атабайдың кеудесi әрқашан ән салып тұрғандай көрiнедi. Адалдықтың әнiн, достықтың әнiн, сенiмнiң әнiн, шындықтың әнiн.

Атабай жаратқанның пендесi ретiнде ән салатын да азамат. Оның репертуарында Ахмет ағамның "Аққұмынан" бастап Нұрғисаның "Аралдағы жеңешемiне" дейiнгi не түрлi лирикалық, романтикалық, эпикалық әндер бар. Және Атабайдың жады сергек. Бiз мәтiнiн ұмытып қалған көп әндi ол күнi бүгiнге дейiн мүлтiксiз-мүдiрмей орындайды. Және қандай орындайды! Оның ашық әдемi даусы асқақ көтерiлгенде бұл фәниге келгенiңе қуанып, жаның көгершiн боп көкке ұмтылады.

Ол ән салғанда сен өзге бiр күйге түсесiң. Әуелi қазақтың даласына шығып, самал желге кеудеңдi тосқандай боласың, жусан мен жалбыз иiсiн сезесiң. Сосын сонау алыстағы тарихи тағлымдар сыр шертiп тұрғандай болады. Ұмытылған дүниелер көз алдыңа келедi. Тiптi кейбiр жоғалтқан қазынаңды тапқандай боласың. Әп-сәтте әлемдi шарлап шығып, тағы да көптен көрмеген, бiрақ бүгiн көк туын жоғары ұстаған өз қазағыңмен қуана қауышқандай боласың. Бұл не деген керемет! Ұғу қиын – Даланың қобызы ма екен оның кеудесi?

Алматыда отырғанмен, Атабай Ақшатауын ұмытпайды. Үздiксiз елiне барып-келiп, елдiң мұң-мұқтажын жанымен сезiп, көзiмен көрiп қайтады. Қажетсiнген жандарға қол ұшын беруден тартынбайды. Сондықтан да оны елi әрқашан ыстық ықыласпен қарсы алады. Қошемет көрсетiп, қимай қоштасады.

Атабай – Қазақстан Журналистер одағының мүшесi. "Тағдырыңмен ойнама", "Лүпiл қаққан пәк жүрек", тағы басқа кiтаптардың авторы. Әлi жазу үстiнде. Бiз оған қаламың мұқалмасын деймiз.

Садықбек ХАНГЕЛДИН, ақын

Серіктес жаңалықтары