ҚҰСБЕГI

ҚҰСБЕГI

ҚҰСБЕГI
ашық дереккөзі
271

Академик Әлкей Марғұлан кезiнде ұлтымыздың саятшылық өнерi туралы былай деген екен.

"Қазақстанның көптеген ежелгi мәдени ескерткiштерiнiң iшiнде кейiнгi кезде назарға көп аса iлiнбей жүрген бiреуi бар дегiм келедi. Ол – саятшылық өнерi. Оның тарихи ескерткiш екенiне ешқандай күмән жоқ. Өйткенi бұл туралы деректердi бiз түркiлердiң VI–VII ғасырдағы жазбаларынан, М.Қашқаридың, Рашид-ад-Диннiң, Әбiлғазының, орыс саяхатшыларының еңбектерiнен көремiз. Саятшылық туралы ХVI–ХХ ғасыр жазушылары да көп жазған. Саятшылықтың да мәдени ескерткiштер қатарына жататыны даусыз дейтiнiмiз сондықтан. Саятшылықтың әсiресе қазақ халқының тарихында, мәдени дамуында маңызы зор болғаны белгiлi. Қазақ тiлiнде осы саятшылыққа байланысты мың жарым сөз бар. Олар қазiр де небiр тарихи жазбаларда, көркем әдебиетте кеңiнен қолданылады.

Саятшылықты халық ежелден өнердiң бiр түрi деп бағалаған. Оны пайда табу немесе күнкөрiс көзi санамаған. Халық мәдениетi мен әдебиетiнiң аса көрнектi қайраткерлерi Шоқан, Абай, Мұхтар, Ақан серi, Жарылғапбердi және басқалар саятшылықты қатты ұнатқан адамдар болғанын бiз бiлемiз. Бұған олардың қырандар жайлы жазған, қазiр халық қазынасына айналған көптеген шығармалары куә.

Бiз бiр кездерде қалың жұртты қайран қалдырып, талайларды таңдай қақтырған осы наз өнердiң бiртiндеп сиреп, қайталанбастай болып жоғалып бара жатқанының куәсi болып отырмыз. Саятшылық – ғажап құбылыс, үлкен өнер, зор ғылым. Ол халық жүрегiне жол тапқан көптеген әдеби, мәдени және музыкалық шығармалар тудырды дедiк. …Саятшылық өнерi арқылы халық табиғатпен қоян-қолтық араласып, оған жақындығын сезiнетiн, осы сезiм сейiлсе, бiр кезде дамып, қанат жайған халық мәдениетiнiң де бiр бөлшегi ұмытылғаны емес пе?!"

Әлкей Марғұлан бұл жанашыр сөзiн өткен ғасырдың сексенiншi жылдары айтқан. Саятшылықтың ұлттық өнердегi мәнi мен маңызын аша отырып, тұрмысымыздан, мәдени өмiрiмiзден ұмыт болып бара жатқанына қынжылыс бiлдiргенi көрiнiп-ақ тұр. Алайда сол кездiң өзiнде бiрқатар облыстарда саятшылықпен айналысып, дәстүрлi өнердi жалғастырып жүрген азғана жандар бар едi. Тәуелсiздiктен кейiн солар құс салып, ит жүгiртiп, аң аулауды, саятшылық өнердi қайта қолға алды. Сондай бiлiктi жандардың бiрi әрi бiрегейi – Әбiлхақ Тұрлыбаев. Ол – халықаралық аңға салатын құстар мен жыртқыш құстарды қорғау жөнiндегi комиссия сарапшысы.

* * *

Саятшылық өнерi бiздiң көшпендiлерден шыққан. Кеңес өкiметi кезiнде ескерусiз, елеусiздеу қалғаннан бұл өнерге аса қолдау бола қойған жоқ. Құсбегiнiң ұрпақтары болмаса, кейiнгi жастардың бұдан алшақтап кеткенi тағы рас. Соңғы жиырма жылдың бедерiнде ғана қайтадан қолға алына бастады. Бiздiң осындай мәдениетiмiздi батыстағылар үйренiп, өздерiнiкi етiп алуда. Бiрақ олардың бiздегiдей шалқар даласы жоқ. Ат құлашын жазып шабатын жерi тағы жоқ. Оларда да құстардың неше түрлерi бар. Бәрi – бiлiмдi адамдар. Бiрақ қазақтың құсбегiлiгiн олардiкiмен салыстыруға келмейдi. Бiз осы ерекшелiгiмiздi табиғи пайдаланудың орнына, бiр жерге жұртты жинап, аш әрi әлсiз түлкiнi жүгiртiп, құс саламыз. Бүркiттiң соны ұстағанына мәзбiз. Оны табиғи түрде көрсетудiң орнына, бәрiн қолдан жасаймыз. Сөйтiп соған мәз боламыз. Жылда құсбегiлер жарысы солай өтуде. Көрермен жастар соған сенiп келедi. Оларға бүркiт жолбарыс алады, аю алады десең де сенiп қалады. Бiреулер бүркiт салып,байып кетiптi десе, аңғал жастар ауыздарын ашып отырғаны. Ал шын саятшылық өнерi мүлдем басқа. Оның қызығы табиғилығында дер едiм мен. Бүркiтшiнiң де пiрi бар. Оны – Шегiрпаян дейдi. Қазақ малды төрт түлiкке бөледi. Негiзi бес түлiк бар. Бесiншiсi – осы қырандар. Оны айтып отырғаным – бұрын кiм қай жердi жайласа, сол жердiң тау-тасын ұялаған бүркiтке дейiн соныкi болған. Сондағы жыртқыштарын қорғаған. Ұстап қолға үйретiп, саятшылық жасағаны бар. Мiне, содан олар сол құстарын да түлiгiне балаған.

Олар бесiншi түлiктi сырт адамдардан көздерiнiң қарашығындай қорғай бiлген. Бiр кездерде қыранға қол көтергендер қылмыстың қылмысы деп қаралған. Бүркiттi өлтiргендердiң елден аластатылған жағдайлары да кездескенiн көпшiлiк бiле бермейдi. Қазiр сол қырандар қалай қорғалып жатыр? Бүгiнгi қазақтар өзiнiң есiгiнiң алдындағы жартасқа да иелiк ете алмайды. Егерлер болса бүркiт балапандарының қанаттары қатая бастағаннан-ақ, ұстап алып, көлденең көк аттыларға сатып жiбередi. Бармақ басты, көз қыстымен қаншама қырандарымыз шекара асты. Ең жаманы, батыстағылар оның тұқымын құртуда. Ал оны бастапқы қалыбына келтiру – оңай шаруа емес. Ал бiз оларды қорғай алмай әлекке түсiп жүрмiз.

Мен Қытайдағы Шығыс Түркiстанда туып өстiм. Осында келген соң пионер лагерiне қарауыл болып жұмысқа тұрдым. Қыстың күнi лагерь балалардан босап қалады. Қол бостан iш пысады.

Осындағы аң аулау қоғамының бастығы Райбаев Омар деген кiсi "Вечерняя Алма-Ата" газетiне: "Кiм жыртқыш құстарды қолға үйрете алады? Бiздiң аң аулау қоғамға келiп жолығуларына болады" деген хабарландыру берген екен. Мен сол кiсiге кездесiп, саятшылық өнерiмен айналысқанымды айттым. Ол кiсi маған қоғам атынан құс ұстап үйретуге арнайы рұқсат алып бердi. Орманшының еңбек ақысын беруге уәде еттi. Мен тор, тұзақ құрып, бүркiт, сұңқар, ақ тұйғын, ителгi және басқа да бiраз аңға салатын құстарды ұстап келсем, ана кiсi бастапқы сөзiнен айнып қалыпты. "Бала, болмайтын болды" дедi. Мен: "Ой, аға, неге болмайды? Маған бiрнеше күн бойына тау-тасты кезiп жүрiп осыларды ұстау оңай болды дейсiз бе?" – деп ренiшiмдi бiлдiрдiм. Ашынғаннан тiлiм де тидi. Кейiн бiлдiм. Ол кiсiде жазық жоқ екен. Партияның заманы емес пе. Бiреулер: "Сен өз ұлтыңның ескi өнерiн көксеп, соны қайта көтергелi жүрсiң" – деп жөнсiз тиiскен. Бiрақ оны маған ашып айтпады. Бәлкiм бiреуге айтып қояр деп сескенген болу керек. Дегенмен арада бiраз жылдар өткiзiп, құс ұстауыма сол кiсi себеп болды. Тиесiлi еңбек ақы алмасам да ұстаған құстарымды жуасытып, қолға үйрете бастадым. Сол кезде өзiммен мұңдас құстарға қарап өлең шығарған да едiм. Соның екi, үш шумағы күнi бүгiнге дейiн есiмде қалыпты.

Қапыда қолға түскен қыран сары,

Жайыңды бiле бермес жанның бәрi.

Үзiлген көңiл-күйдiң пернелерiн,

Жануар жалғармысың сырдан әрi.

Шiлiктей бой таласқан орманменен,

Көктеп ем балдырымнан орғанменен

Өмiрде бақыт iздеп сорға тап боп,

Япырмай, кетем бе осылай арманменен.

Өскен соң жастан татып кемек дәмiн,

Бiлемiн тұтқын деген iстiң мәнiн.

Пенделiк, өзiмшiлiк дертiменен,

Саған да салдырамын тұтқын әнiн.

Келте өмiр, қапы дүние шәлкем-шалыс,

Үмiттi күндер артта қалды алыс,

Қапаста қайран көңiлiм құлазып жүр,

Қыран дос, қолыма қон қайғы бөлiс

Осыған ыңылдап ән шығармақ та болдым. Бiрақ дарымаған өнерден қайтып ән тусын. Қанша толғансам да жан дүниемнiң қайғысын әнге келтiре алмадым. Содан соң қойдым.

Солай құстарды ермек қылып жүргенмiн. Бiр күнi аяқ астынан теледидарға түсiрушiлер келе қалмасы бар ма. Содан көгiлдiр экраннан көрiнiп, қалың елге таныла бастадым. Ұлттық өнердi сүйетiн қауымнан мақтау ести жүрдiм. Сексенiншi жылдардың соңына таман елiмiзге шетелдiктер келе бастады. Оларға саятшылық өнер қызықты көрiнсе керек, менiң аңға құс салғанымды тамашалады. Сол үшiн азын-аулақ ақшасын да төледi. Осында Шалкаев деген еврей бар едi. Сол келiп: "Әбiлхақ, мына құстарды бағып-қағып аңға салу жағын сен өз мойыныңа ал. Ал мен қаражатпен қамтамасыз етемiн. Екеумiз бұдан көп пайда табамыз",– деген едi. Мен келiскен жоқпын. Өйткенi саятшылық қазақ өнерiнiң соңғы сарқыты едi. "Мен мұны саудаға сала алмаймын",– деп қарсы болдым. Ол айтқанына көндiре алмаған соң, маған кедергi жасай бастады. Көп ұзамай аңшылар қоғамының басшыларын, күзетшiлердi жұмылдырып: "Құстарды заңсыз ұстап отырсың. Бәрiн тәркiлеп айыппұл саламыз. Сен браконьер ретiнде жазаңда аласың", – деп тап бермесi бар ма. Мен: "Сiздер айыптап отырғандай мен браканермiн бе, жоқ олай емеспiн бе оны тиiстi заң орындары анықтай жатар. Қырандар – бiздiң бесiншi түлiгiмiз. Осыларды бiз ықылым заманнан берi қарай қорғап келе жатырмыз. Бұларды баптап аңға салуды тек бiз ғана бiлемiз. Сендер әуелi осы өнердiң байыбына бару үшiн менен үйренулерiң керек. Болмаса басқа бүркiтшiден. Сендер осыдан үлкен ақша жасағыларың келедi. Мен соған қарсы болып едiм, бiздiң бұл өнердi аяқасты еткiлерiң келдi. Мен соған қарсы болып тұрмын",– деп бастапқы ұстанымымнан қайтпадым. Олар менiң үстiмнен әлгiндей айыппен прокуратураға шағым түсiрдi. Үстiмнен қылмыстық iс қозғалып, көп әуреге салды. Шақырады, барамын. Сұрақтарын қояды, жауап беремiн. Тергеушiлер қылмысымды дәлелдеп мойындатумен әлек, ал мен бұл iсiмде қылмыстың жоқтығын, байырғы ұлттық өнердi жалғастырып жүргенiмдi айтып бой бермеймiн. Солай ары тартып, берi тартып түйенiң жүгi қай жағына қарай ауарын бiлмей жүргенiмiзде бiр топ жапондар елге келдi. Олар қазақтың ұлттық өнерiнен деректi фильм түсiрмек екен. "Есеп" корпорациясының Көккөзов деген жiгiтi мен туралы бiлсе керек, маған келiп өтiнiш жасады. Мен шарт қойдым. "Сiздер прокуратурада қаралып жатқан iсiмнiң ақтығына тергеушiлердiң көздерiн жеткiзсеңiздер мен жапондарға құсбегiлiк өнердi көрсетiп берейiн",– деп едiм, олар келiстi. Мен жапондық қонақтарды Шелек ауданының Асы жайлауына алып барып, бiрнеше күн iшiнде саятшылық өнердi еш жасандылықсыз бар табиғатында көрсетiп бердiм. Фильмдерi көңiлiнен шыққан жапондар дән риза болды. Содан Алматыға қайтып келсем, Табиғат қорғау басқармасының бастығы Көпбаев: "Бiз сен туралы қате пiкiрде жүр екенбiз. Ендi осы өнерiңдi жалғастыра бер. Прокуратурадағы iсiңдi жаптық", – дедi. Мына "Алтын емел" қорығының бұрынғы бастығы Сайлаубек Құрманәлиев осы өнер мен менi қорғап қалуға көп көмектестi. Әлгi Шалкаевтың да бетi берi қарап, бүркiтшiлердi жинап Шымкентке, Талдықорғанға, тiптен Мәскеуге дейiн алып барып, өнерiмiздi шауға айналдырып, қалтасын ақшаға толтырды. Келген соң: "Қазақтың құсбегi өнерiн қайта дамытамыз! Бүркiтшiлер қоғамын құрамыз!"– деп ұрандатып, үш үлкен банктен мол ақша алып, Америкаға тайып тұрды. Қазiр сонда тұрады.Содан кейiн бүркiтшiлер ассоциациясында бастықтар ауысумен болды. Солардың бәрi де мандырымды iс тындыра алмады.

Мен 1986 жылдан бастап-ақ осы құсбегiлiк өнермен батыс елдерiнде арнайы шақырумен болдым. Франция, Австрияда және Англия елдерiнен келген қонақтарға құсбегiлiк өнерiмiз туралы мына Кеген, Ұйғыр, Нарынқол, Жамбыл аудандарында, Үш қоңыр мен "Алтын емелде" деректi фильмдер түсiруге көмектестiм. Солардың өз елдерiнде қойған алғашқы көрсетiлiм салтанатына да арнайы шақырды. Фильмдерде құсбегiлiк ғана емес, қазақ даласы мен тауының әсем табиғаты да тамаша көрсетiлiптi. Олар түрлi түспен тартымды альбом да шығарды. Сондай-ақ бүркiтшiлiк өнерге байланысты менiң құралдарымды алып, өз елдерiнiң көрмелерiне қойған. Өздерiнде өтетiн симпозиумдарға әрдайым шақырып тұрады. Барыс-келiсiм, қонақ үй, тамақ шығындарын өз мойындарына алған. Олар маған халықаралық комиссияның сарапшысы деген дәреже бердi де. Бiрнеше дипломдарым да бар. Олардың құсбегiлiк өнерге деген қызығушылықтары ерекше. Батыстың қай елдерiнде болсам да қызықты пiкiрлесу болады.

Бұл өнерге араб елдерi де құмар екен. 1993 жылы Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Назарбаев бастаған Үкiмет басшылары, жазушылар мен өнер адамдары арнайы шақыртумен Бiрiккен Араб әмiрлiгiнде болды. Сол құрамда мен де бар едiм. Менiң үш бүркiтiмдi Корольге сыйға тартты. Сапар барысында драматург-жазушы Қалтай Мұхаметжанмен саятшылық жайында, құсбегiлiк жөнiнде бiраз әңгiме-дүкен құрдық. Ол менi елге оралған соң редакцияға шақыртып, осы өнер жайында әңгiме өткiзiп, газетiне жарияламақ болған. Бiрақ денсаулығы сыр берiп, өмiрден озды ғой. Содан бұл уағдаласқан кездесуiмiз аяқсыз қалды.

Жыл сайын таулы аудандардың ауыл-аймақтарында бүркiтшiлер жарысы өтедi. Алғашқыда барып жүрдiм. Қазiр бармаймын. Неге? Бiрiншiден, сақалым бар. Екiншiден, аңға салған құстары тым әлжуаз. Қанаттарымен денелерiн зорға көтередi. Және оларға салатын аңдар да қолға үйретiлген. Тiптi кейбiр кептерлердiң көзiн уқалап бiраз уақытқа дейiн нашар көретiн етiп қаршығаға салады. Бұл көрермендердi алдау ғана. Нағыз құсбегiлiк өнер емес. Ал хайуанаттар бағынан алынған түлкiлер далаға қарай қашудың орнына жиналған көпшiлiкке қарай жүгiредi. Құстардың әлсiздiгi бапкер құсбегiлерге байланысты. Мысалы, бәйге аттарының қамау терi алынбаса, ұзаққа шаба алмайды. Қырандар да сол секiлдi. Бабы келiспесе, аңға салғаннан берекет жоқ.

Қыранды жазда түлекке отырғызамыз. Ал күзде қайыру деген болады. Содан соң жемдiк еттi турап, қанын шайып тастап бередi. Мұны бүркiтшiлер ақжем деп атайды. Құстың бойындағы майы кетiп, қара етi толады, араны ашылады. Құстың ас- қазаны тазаланған соң барып, аңға салуға болады.

Құсбегiлiк – жаны таза, сезiмтал адамдарға қонатын киелi өнер. Ал кәсiп етiп, пайда табуды көздейтiндерге қонбайды. Бұл жәй өнер емес, ұлтымыздың рухани өнерi, аса қасиеттi өнерi. Құдай бүркiттi ерекше жаратқан. Алты, жетi шақырымға дейiн биiктiкте ұшып, көздерi алысты шалады. Оның көру ауқымы да ерекше. Тiк қарап тұрып қос қапталындағы аңдарды да таса қалдырмайды. Имек тырнақтарын аңнан ажыратып алу өте қиын. Саусақ бездерi, тарамыс сiңiрлерi өте күштi дамыған. Тек иiстi сезе бермейдi. Әр бүркiттiң аңды ұстау әдiстерi бар. Мендегi бүркiттердi түлкiге салсам, бiр аяғының тырнақтарымен тамақтан сыға ұстаса, екiншi аяғының ұзын имек тырнақтарымен қабырғасының сыртынан өкпесiн сығып жiбередi. Бүркiттiң күштiлiгi соншалық, анау-мынау түлкiлерiңдi жерден көтерiп алып, таудағы ұясына қарай ұшып барады. Ана бiр жылы жазушылардан мына бiр әңгiменi естiп едiм. Атақты жазушы Мұхтар Әуезов пен ақын Iлияс Жансүгiров мына Талғар тауымен келе жатып, көк жүзiнен екi бүркiттi көрiптi. Әлгi бүркiттiң бiрiнiң аяғында тоқты бар екен. Сәлден соң әлгi бүркiт ауыр салмақтан аяқтары талды ма, тоқтыны тастап жiбередi. Сол кезде қатар ұшып келе жатқан екiншi бүркiт төмен қарай құлдырап бара жатқан тоқтыны аяқтарымен iлiп алып, таудың ұшар басына қарай самғай бередi. Осындай адам таң қаларлық оқыс оқиғалар олардың шығармаларында да болуы керек. Өйткенi екi жазушы да саятшылықты жақсы көрген ғой.

Қырандарды қорғау керек. Қалай дейсiз ғой. Оларды егерлер қорғағаннан гөрi сол тауды мекендеген шопандардың қорғаған әлдеқайда тиiмдiрек. Бұл – менiң Отаным, мынау – менiң жайылымым, мынау – менiң тауым, ондағы ұя салған бүркiттер де менiкi деп ұядағы екi-үш балапанды браконьерлерден қорғап, аман-есен ұшырып отырса, мiне сол патриотизм болар едi. Бiзде осы жетiспейдi. Мен мұны өмiрден көргендерiмнен ой түйiп, айтып отырмын. Ал қайдағы бiр жақтан келген егер оған ие бола алмайды. Жер иесi – сол жерде тұратын, табиғатпен бiте қайнасқан шопан, малшы қауымы. Ал бар жауапкершiлiк егерлерге берiлiп қойған соң, малшылар мынау менiкi деп айта алмайды.

Бiреулер жетi атамнан берi бүркiтшiмiн деп көпиедi. Ал мен – екiншi буыннан бүркiтшiмiн. Менiң атам Тұрлыбай қажы өзiнiң жалғыз ұлы Әбдiрахманға айтқан екен. "Сен күреске түспе, түбiнде бiр жығыласың. Бәйгеге ат қоспа, бәрiбiр үнемi бас бәйгенi ала бермейсiң. Болыстай бастық болуға тырыспай-ақ қой, өйткенi керейлердiң ортасында жалғызсың. Бүркiт баптап аңға салмай-ақ қой, мылтық атып дәл көздеудi үйрен". Бiрақ әкем елде сал серi болған кiсi айтқанына көне қоймаған. Сал серiнiң қайсысы бүркiт ұстамаған. Менiң әкем де бүркiт ұстап, баптаған екен. Содан боз бала кезiмде мен де үйрендiм. Қазiр осы қалада тұрып жатырмын. Мына төбе мекенiм. Қолымда екi бүркiт, бiр сұңқар, бiр лашын бар. Әрине қала оларға кең далада тұрғандай болмайды. Күнiне аңға бiр салып аңның жып-жылы қызыл етiмен жемдеп тұрмасаң, олар да осындай бұйығы тiршiлiкке үйренiп алуы әбден мүмкiн. Тағы бiр айтарым бұл өнер тек еркек кiндiктiлерге ғана тән. Қыз балалары, жалпы әйел заты мұны қол етпесе де болады.

Былтыр телеарнадан бiр ұсыныс жасадым. Бұрынғы түркiлер жер-жаһанды атпен шарлап шыққан ғой. Неге бiзге сол түркiлiк дәстүрдi қайта жалғастырмасқа? Қазақта жарамды ат тұқымдары бар. Бiр топ бүркiтшiлер атпен Алматыдан шығып, Алтай асып төрт жүзден астам бүркiтшiсi бар Баянөлгейге барып, ондағы атақты бүркiтшiлермен пiкiр алысып, деректi фильмдер жасап, Қытайға өтiп, Қырғыз бүркiтшiлерiне соғып, айналып келсек деген едiм. Жол картасын да сызып дайындап қойғанмын. Бұл – бүркiтшiлiктi насихаттаудың асқан үлгiсi болар едi. Оның үстiне мұның мәнi ерекше. Мыңдаған шақырым жолды атпен жүрiп өту үлкен төзiмдiлiктi қажет етедi. Әлем түркi жұртының бүгiнгi ұрпағының да осал емес екенiн бiлер едi. Әуелгiде бiраз қалталы адамдар қолдамақшы болды. Бiрақ неге екенiн кiм бiлсiн артынан жым-жырт күйде қалды. Бұған Үкiмет тарапынан қолдау болмаса, ойдағы iс жүзеге аса бермейдi екен. Жасым ұлғайса да Үкiметтен қолдау болса, келесi жылы да осы игi iстiң ұйытқысы болуға дайынмын.

Балапан – Сары ауыз балапан. Ақ үрпек балапан. Қауырсындары қатпаған балапан. Қара қанат балапан. Темiр қанат балапан. Ұядан ұшып кеткен қыран баласының бiр жылдық төлiн де балапан деп атайды.

Құсбегi – Қыранды түрге, топқа, текке айыра бiлетiн, оларды өз iшiнен жiкке, туыстыққа, ұрпаққа бөле бiлетiн адам. Қыран құстардың түр-тұлғасына, сүйек бiтiмiне, қанат, құйрық, жүн-қауырсындарына қарай құсты сынай бiлетiн жан.

Қағушы – Қолында құсы жоқ, аңды жасырынып жатқан жерiнен үркiтiп қуушы, бүркiтшiлерге қолғанат болатындарды қазақ осылай атайды.

Салбурын – Саятшылық және аң аулау кәсiбiнiң бiр түрi. Өте көне тарихтан келе жатқан әр жылғы қыс маусымында қалмай жасалатын осы саятшылықты "салбурын" деп атайды.

Құсбегiнiң әңгiмесiн екшеп, газетке дайындаған Көлбай АДЫРБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары