АРМЫСЫҢ, АҚ АЗИАДА!
АРМЫСЫҢ, АҚ АЗИАДА!
Осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2006 жылдың 4-шi наурызында Кувейтте Азияның Олимпиялық комитетiнiң Бас Ассамблеясында қазақ елi үшiн маңызды тарихи шешiм қабылданған болатын. Ол – қазақ елiне қуанышты бойтұмар болған шешiм, яғни 2011 жылы VII Қысқы Азия ойындарын өткiзу мiндетiн Қазақстанға жүктеу шешiмi болатын. Бұл шешiм бүкiл қазақ елiн, қазақ халқын шексiз қуанышқа бөлеп, зор мақтаныш сезiмiн туғызды.
Ақ Азиада ойындарын Астана мен Алматы қалаларында жоғары деңгейде өткiзу үшiн Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов бастаған ұйымдастыру алқасы құрылған едi. Сол күннен бастап Азиаданы өткiзу жолындағы жауапты жұмыстар тоқтаусыз жүргiзiлiп келедi.
Азияның 45 мемлекетiнiң басын бiрiктiрiп, туын желбiрететiн бұл додаға дайындық осыдан бiрнеше жыл бұрын тыңғылықты түрде басталып, Елбасының тiкелей қатысуы арқасында спорт нысандарын халықаралық талаптарға сай етiп тез арада салып бiтiру үшiн қолдан келгеннiң бәрi жасалды. Қос астанамыздағы спорт нысандарын жобалау жұмысына француз архитекторы Пиль Андре мен халықаралық Олимпиада комитетiнiң мамандары тартылды.
Сонымен қатар Астанадағы коньки тебу стадионының құрылысына Түркияның Sembol, Голландияның Baukens компаниялары бiрлесе жұмыс iстеуге шақырылды. Шаңғы-биатлон стадионын жобалау iсiне Швейцарияның беделдi компанияларының бiрi – Jde Heer Consulting тартылды. Немiс, француз компаниялары «К–95» және «К–125» шаңғы тұғырларының (трамплиндерiн) халықаралық кешенiн жобалау iсiне ат салысты. Қысқы Азиада өтетiн барлық нысандарда спорт саймандары мен жабдықтарын шығарушы беделдi голландиялық, германиялық және финляндиялық компанияларда жасалған жаңа құрал-жабдықтар мен технологиялар пайдаланылды.
Қысқы Азиаданы өткiзу барысында тек спорт додасының жағдайына ғана емес, сонымен қатар қонақтарды күтiп, қарсы алу қамына да ерекше мән берiлуде. Шетелден 10 мыңнан астам турист және спорт додасына қатысы бар 5000-ға жуық шетел қонақтары келуi мүмкiн. Олардың iшiнде мың жарымға тарта спортшылар, 500 ден астам жаттықтырушы бапкерлер, мыңға тарта алыс және жақын шетелдiң журналистерi бар. Оларға қызмет көрсету үшiн 2000-нан астам ерiктiлер таңдалды. Аудармашыларды да дайындау мәселесi ойластырылған. Азия құрлығындағы 45 мемлекеттiң денi — мұсылман мемлекеттер. Ол жағын жарысты ұйымдастырушылар алдын-ала ескерiп, барлық қонақ үйлерде дiн жолында жүргендерге ыңғайлы болу үшiн намаз оқитын, демалатын арнайы бөлмелер қарастырған.
Қазақстанда халал индустриясы жақсы дамып келе жатқаны белгiлi. Ресми деректерге жүгiнсек, бiр ғана Қазақстанда халал индустриясында 500-ге тарта тауар өндiрушiлер еңбек етуде. Олардың барлығы да Азиада ойындарына белсене атсалыспақ. Алдын ала келiп түскен мәлiметтер бойынша, Азиядағы 45 елдiң 27-сi Қысқы Азиадаға қатысатындарын растап отыр. Жарыстардың бағдарламасына сәйкес спорттың 11 түрi бойынша 69 жарыс өткiзiледi соған сәйкес 69 алтын медальдар жиынтығы сарапқа салынады. Оның 25-i – Астанада, 44-i –Алматыда.
Мiне, бұл дүрмектi додаға Қазақстан спорттың 11 түрi бойынша 167 спортшысын үкiлеп отыр. Сөйтiп Жапония, Корея, Қытай сияқты алып елдермен жүлделi орындар үшiн бәсекелесетiн болады.
Осы орайда айта кететiн бiр жәйт Азиада ойындарын трансляция жасау құқығы Оңтүстiк Кореяның өкiлдерiне берiлген. Дикторлар мен комментаторларды әзiрлеу мәселесi солардың еншiсiнде болмақ.
Қазақстандық шырағдан Қысқы Азия ойындары тарихында тұңғыш әзiрленген алғашқы шырағдан болғандығына қарамастан, оның 2 мың жылдық тарихы бар. VII Қысқы Азия ойындарының алау құтысы қазақ халқының ұлттық дәстүрi мен ерекшелiгiн бейнелейтiн көптеген элементтерден тұрады. Бұл шырағдан Алматы маңынан табылған, бiздiң жыл санауымызға дейiнгi III ғасырға жататын сақтардың қоладан құйылған жарықтандырғыш құралдары негiзiнде жасалған.
Алау құтысының жоғарғы жағында Азиада символы етiп, қанатты барыстардың мүсiндерi салынған. Шырағданды қытайлық компания әзiрлеген. Бұл орайда айта кетерлiк жайт, әлемде мұндай атрибуттарды жаай алатын төрт компания ғана бар. Олардың екеуi Италия мен АҚШ-та болса, екеуi Қытайда екен.
Түрлi-түстi металдан құйылған алау құтысының көлемi – 65-66 сантиметр. Оның сырты күмiс және алтын түстi бояулармен көмкерiлген. Шырағдан қақ ортасынан бұрап ашылады. Жану мерзiмi 1 сағатқа жетерлiк газ балоны бекiтiлген. Газ түтiк арқылы бiлтеге берiледi. Негiзi шырағданның iшкi құрылымы 2008 жылғы Бейжiң олимпиядасының шырағданына ұқсас.
Азиада шырағданы Бейжiң олимпиадасының шырағданынан ауыр әрi сапалы болып дайындалған. Бiздегi алау құтының салмағы – 1 кг 700 грамм.
Жалпы алау эстафетасына арналып 100 шырағдан әзiрленген. Олардың әрқайсысының бағасы бiр мың АҚШ долларындай тұрады. Қазiр Қытайдан жеке бөлшектелiп жеткiзiлген шырағдандар толық құрастырылып бiткен.
VII Қысқы Азия ойындарының әнұранына байқау жарияланып, сол әндердiң iшiнен арнайы құрылған әдiлқазылар алқасы 10 әндi екшеп, iрiктеп алған болатын.
Бұл әндер 1-шi қарашадан бастап елiмiздегi радио хабарларын тарату жүйесi арқылы халық назарына ұсынылып, ең үздiк әнұранды атаулары қажеттiгi ескертiлген болатын.
Ал таңдап-сұрыптап алынған он ән мыналар:
Ескендiр Хасанғалиев, "Азиада алауы";
Кеңес Дүйсекеев, "Азиада Қазақстан";
Нұржан Теңiзбаев, "Қазақстан";
Бақтияр Құсайынов, "Ел намысы" ;
"Мистерионс" тобы, "Азиада";
Мақсат Жәутiков, "Спорт";
Естай Әлiкеев, "Алға, Қазақстан";
Дүйсенхан Сыздықов, "Азиада алауы";
Иван Бреусов, "Азиада";
Еркеш Шәкеев, "Азиада";
Сөйтiп, радио тыңдаушылардың берген дауысына сүйенген әдiлқазылар алқасы VII-шi Азиаданың Әнұранының жеңiмпазы деп Ескендiр Хасанғалиевтiң "Азиада алауы" әнiн атады. Ақын Өтеген Отарбаевтың сөзiне жазылған бұл әнұранға 1 миллион теңге бұйырды.
2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарында 69 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл медальдар жиынтығын Қазақстан Ұлттық банкiнiң теңге сарайы жасап шығарды. Азиада кристалының үлгiсiндегi медальдiң ортасында осы дүбiрлi доданың логотипi орналасқан және ұлттық ою-өрнекпен әшекейленген. VII Қысқы Азия ойындарының ресми сайтының мәлiметiне сүйенсек, алтын және күмiс медальдардың салмағы –340 грамм, ал қола жүлденiң салмағы – 524 грамм. "2011 жылғы Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясы" акционерлiк қоғамының президентi Анатөлi Құлназаровтың мәлiмдеуiнше сапасы және салмағы жағынан бұрынғы Азия ойындарының медальдары мұндай құнды болмаған көрiнедi.
Қысқы Азия ойындарының аясында "Мәдени Азиада", "Алау эстафетасы" тәрiздi iрi жобалары жүзеге асыру жоспарланып, түрлi елден келетiн қонақтарды елiмiзбен жақынырақ таныстыру ойластырылды. Ол бағдарламалардың көпшiлiктiң көңiлiнен шығатынына күмән жоқ.
Логотиптiң мағыналы пiшiнi сонау қилы замандарда көшпендi қазақ халқы пайдаланған арбаның дөңгелегiне келедi. Геральдика өнерiнде дөңгелек – кеңiстiк пен уақыт әлемiндегi мәңгiлiк қозғалыстың белгiсi. Тұрақты даму идеясының көрiнiсi бола тұра, логотип өмiрдiң жасампаздық дәстүрiн айшықтайды.
Логотип көк және қызыл түстерден тұрады. Көк түс – еркiндiк пен шексiз мүмкiндiктердiң, сондай-ақ спорттың жинақылық пен мақсаткерлiк тәрiздi маңызды қырларының бiрi. Қызыл түс – жеңiске деген жiгердi, спортқа шын берiлгендiктi, жарыс қызуын бiлдiредi.
Бұл екi түс бiрiгiп, мұз бен жалынның шарпысуын, ақ қар, көк мұздағы атаулы спорт додасы – Қысқы Азиаданың болмысын танытады.
Жоғарыда алаулаған қызыл күн – барлық Азиялық олимпиядалық ойындары эмблемаларының ажырамас бөлшегi болып табылады.
2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының бойтұмары – Iлбiс – қар барысы. Бұл – барыстай хайуанның бойындағы күш, батылдық, төзiмдiлiк пен ерлiк тәрiздi қасиеттер нағыз спортшыға да тән болуы тиiс деген ұғымды бiлдiредi.
Алматыда "Балуан Шолақ" атындағы спорт кешенi қайта жөндеуден өтiп, құрылымдалса, Астанадағы "Қазақстан" спорт сарайы да дәл осылай жаңарып, жасаруды басынан өткiздi.
Ең бастысы VII Қысқы Азия ойындарының ашылуы да, жабылуы да Астанада өтетiн болып жоспарланған. Бұл шаралар өткен жылы салынып бiткен 30 мың адам сиятын "Астана – арена" футбол стадионында өткелi отыр.
Бұл стадион 10 мың адамға арналған. Есiлдiң сол жағынан орын тепкен стадионды Түркияның "Сембол Иншаат" құрылыс компаниясы тұрғызды.
Мәнерлеп сырғанау және шорт-трек жарыстары өтетiн республикалық велотрек те – Астананың ажарын ашатын әсем жаңа ғимарат. Бiр мезгiлде 8 мың көрермендi қабылдай алатын бұл кешенде негiзгi трекпен қатар қосалқы алаңы да салынған.
Жоғарыда атап өткен шаралардың iшiнде тұңғыш рет өткiзiлетiн Азиада алауының эстафетасы айрықша оқиға болмақ. Өйткенi бұл – Азия ойындарының тарихында бұрын болмаған шара.
Турасын айтқанда, Азия ойындары Қазақстан үшiн спорттық бәсекелер ғана емес, халықаралық деңгейдегi бейбiтшiлiк пен достықтың да зор форумына айналмақ.
Iле Алатауының маржаны саналатын "Медеудiң" табиғи орналасқан жерi – ғажайып. Ұзақ жылдар бойы өзiнiң сұлулығымен талайларды тамсандырып, ешқандай қоспасы жоқ табиғи мұз айдынымен спортшыларды ерiксiз таңдандыратын.
Бiр кездерi рекордтар фабрикасы атанған "Медеу" мұз айдыны соңғы жылдары көптеген қиындықтарды бастан кешiрдi.
VII Қысқы Азиада дайындық барысында Медеу қайта құрылымдаудан өткiзiлiп, жаңаша түледi. Азиада ойындарында "Медеудiң" алар орны бөлек. Бендидi (допты хоккей) осы ойындар бағдарламасына ұйымдастырушы мемлекет ретiнде енгiзгендiктен, бұл спорттың барлық кездесулерi "Медеуде" өткiзу жоспарланған.
Осыған орай қараша айының басында допты хоккейден 16 команда қатысқан халықаралық турнир өттi. Оның басты мақсаты Азиадаға тас-түйiн дайын Медеудi сыннан өткiзу болатын. Өзге елден келген қонақтар мен Азия спортының тiзгiнiн ұстаған белгiлi мамандар Медеудi" Азиадаға дайын деген тоқтамға келдi.
Теңiз деңгейiнен 2200 метр биiктiкте орналасқан таулы курорттың жөндеу жұмыстарына 3 бiрдей компания атсалысты "Алаш құрылыс" компаниясы таулы қыраттардағы құрылыс жағын қамтамасыз етсе, "Энергохолдинг" компаниясы жоғары вольттi электр жүйелерiн жүргiзсе, "Дакар" компаниясы тау шаңғысы жолының жүйесiн құрып, жүру бағытын қолға алды.
"Шымбұлақтың" мақтанышы саналатын аспалы жол да арнайы толықтай күрделi жөндеуден өттi. Медеудегi базалық стансадан Шымбұлақ тау курортындағы аспалы жолдың биiк нүктесiне сырғымалы кабинамен 20 минуттың iшiнде жетуге болады. Оның жалпы ұзындығы – 4,5 шақырым. Бұл әлемдегi екiншi осындай жол болып табылады. Аспалы жол бойымен 114 кабина ары-берi қатынайтын болады, олардың әрқайсысы 8 жолаушыға арналған.
Жақында ғана "Шымбұлақ" толықтай пайдалануға берiлiп, оны сынаушылардан жоғары баға алды.
VII Қысқы Азия ойындары өтетiн нысанның бiрi – Алматы облысы, Талғар ауданындағы "Табаған" спорттық ойын-сауық кешенi. "Табаған" сауықтыру кешенi табиғатымен талайды тамсандыратын таулы аймақ.
Мұнда экстремалды сноуборд пен фристайл спортынан жарыстар өткiзiледi. "Табаған" спорт кешенi қараша айында қолданысқа берiлдi. Шаңғымен сырғанайтын жолдар дайын тұр. Оны жағалай жасанды қар жасайтын сегiз құрылғы орнатылған.
Егер жарыс кезiнде табиғи қардың тапшылығы сезiлсе, заманауи құрылғылар дереу iске қосылады. Жақында ғана спорттық кешендi сынап көру мақсатында Қазақстанның ашық бiрiншiлiгi ұйымдастырылғаны белгiлi. Ашық бiрiншiлiк сәттi өттi.
Азиада ойындарының ең басты әрi аса қызықты түрi – биатлон спорты дәл осында өтедi деп алдын-ала белгiленген.
Биатлон – бiрнеше қашықтықтар бойынша шаңғымен жүгiру, мылтық ату айлағынан тұратын күрделi де жауапты спорт түрi. Атап айтқанда, ату айлағы желдiң өтiнде, сондай-ақ ашық жерде болмауы керек.
Жарыс жолындағы әрбiр спортшының жалпы нәтижесi нысанаға оғын дөп тигiзе бiлуiне тiкелей байланысты.
Сонымен қоса, шаңғы түрiнен сайыстар осы стадионда өтiледi деп жоспарланып отыр. Олай болса, қысқы спорттағы жанкүйерлердiң көзайымы болатын шаңғы мен биатлон екенi айтпаса да белгiлi.
Осы айлақтағы табиғаттың тамаша әсерлi болуы, спортшылар мен қонақтарға ұнайтындай болуы ескерiлген. Мұнда 1900 адам сиятын трибуна соғылып, басқа да жарақтар түгелге дерлiк жасақтаулы тұр.
Халықаралық шаңғымен тұғырдан секiру кешенi бiрнеше тексеруден өтiп, сыналды. Әлемнiң спорттық қауымдастығы Алматыдағы бұл кешендi жылдың ең үздiк нысаны деп мақтауда. Мұндағы К-125, К-90 трамплиндерi (тұғырлар) табиғи қолайлылығы мен техникалық талаптары тұрғысынан озықтардың қатарына кiрдi деп батыл аталуда. 5500 көрерменге арналған аталмыш кешенде түрлi мәдени-концерттiк iс-шаралар өткiзуге болады. Кешенге мемлекеттiң бюджетiнен 38,2 млрд.теңге бөлiндi.
Азия ойындарының жалпы жарыстары Астана мен Алматы қалалары бойынша екiге бөлiнген. Олар: коньки мен жүгiру спорты, мәнерлеп сырғанау, шайбалы хоккей, допты хоккей, шаңғы жарыстары, биатлон, шаңғымен тұғырдан секiру, тау шаңғысы, фристайл шорт-трек, шаңғыда қысқа бейiмделген спорт түрлерi.
Астанада өтетiн спорт түрлерiне 25 медаль, Алматы қаласында өтетiн спорт түрлерi бойынша 44 медаль талқыға түседi. Сондай-ақ биыл тұңғыш рет Қысқы Азия ойындарының тарихында Қазақстан 69 спортшымен алғаш рет ең көп сайысқа түсетiн ел ретiнде көш бастап отыр.
Алдын-ала бекiтiлген кесте бойынша Азиада алауы эстафетасына республикамыз бойынша барлығы 1 мың адам, яғни 14 облыс пен Алматы қаласынан – 60, Астана қаласынан – 100 адам қатысуы тиiс болатын. Бұл мәселеге байланысты Қазақстандағы VII Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы дирекциясы құрылған болатын. Осы мәселе қызу қолға алынған кезеңде Алматы қаласының әкiмi Ахметжан Есiмов қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiне Алматы қаласы бойынша алаугерлерiнiң санын 60-тан 80-ге дейiн көбейту керектiгiн айтып, ұсыныс бiлдiрген едi. Бұл ұсынысты 2011 жылғы VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiнiң атқарушы дирекциясы қолдап, алматылық алаугерлердiң санын 80-ге жеткiздi.
Ал Астана қаласындағы алаугерлердiң санының 100 адамды құрауы – айтпаса да түсiнiктi. Бұған дейiн өтiп келген жазғы Азия ойындарының алауы негiзiнен кезектi дүбiрлi дода өтетiн елдiң өзiнде жағылатын. Бұл жолы дәстүр өзгердi. АОК-ның штаб пәтерi орналасқан Эль-Кувейт қаласында VII Қысқы Азия ойындарының Азиада алауы Эль-Кувейт қаласында жағылды.
Осы жерде айта кететiн тағы бiр ерекшелiк – бұған дейiн Азиада алауы параболикалық линза арқылы тұтандырылып келген болса, Қазақстанда ол жаңа сипатқа ие болды. Дәлiрек айтар болсақ, жаңа технология арқылы VII Азиада алауы күн сәулесiнен қуат жинайтын күн батареялары арқылы тұтандырылмақ.
Алаугерлердiң бәрiне қойылатын талап бiрдей. Олардың барлығы атақ-даңқына қарамастан алдын-ала белгiленген жүйе бойынша жүрдi. Эстафета барысында әрбiр алаугер 200 метр қашықтықты жүгiрiп өтуде. Эстафетаның жалпы қашықтығы 15 мың шақырымнан астам. Эстафета кезiнде арнайы автошеру қоса iлесiп жүруде.
Алау эстафетасы дирекциясы алаугерлерге арнайы сертификат дайындаған. Сертификатпен қатар, алаугердiң суретi мен кәдесыйлыққа шағын алауқұты болмақ. 11 қаңтарда Эль-Кувейт қаласында тұтатылған Алау келесi күнi Алматыға жеткiзiлiп, елiмiздiң барлық облыс орталықтарын аралаған соң 30 қантарда Астанаға жеткiзiлiп, Азиада алауының басты тұғырына қондырылады.
Қарбаласы мол қос қала қазiргi мерзiмде Қысқы Азия ойындарының қамын жасап қызу дайындалуда.
Қазақстанда өтетiн Қысқы Азия ойындарының өзiне тән ерекшелiктерi бар. Бiрiншiден, қысқы Азия ойындары елiмiзде алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан да осы бас қосуда елiмiз туристiк мүмкiндiгiн паш етiп, қонақтардың көңiлiнде ұмытылмастай әсер қалдыруға тиiс. Бұған дейiн мұндай байрақты дода Жапония, Қытай, Оңтүстiк Корея сияқты елдерде үнемi алма-кезек ұйымдастырылып келгендiктен, Қазақстан VII Қысқы Азия ойындары барысында өзiнiң жоғары қабiлетiн, келбетiн мүмкiндiгiнше көрсетiп қалуы тиiс. Азия ойындары кезiнде өткiзiлетiн "Мәдени Азиаданың" жобасының ойдағыдай ойластырып, жүзеге асырылуы – негiзгi мiндет.
Алматы мен Астанада 7 күн бойы өтетiн дүбiрлi дода кезiнде 22 маңызды бағыт бойынша iс-шаралар жүргiзiледi. Азиялық ойындардың талабы бойынша спорттық жарыстар басталардан 20 күн бұрын барлық жағдай жасалуы тиiс. Яғни жергiлiктi ауа-райына бейiмделу үшiн ертерек келетiн спортшылардың талабын қанағаттандыру жолында атқарылатын жауапты iс шаш-етектен.
Азиадаға қатысушыларды және қонақтарды Астана мен Алматы қалаларында жайғастырудың жүйесi алдын-ала ойластырылып, жарысқа келушiлердiң барлығы 4 топқа бөлiнiп отыр. Атап айтсақ: Азияның Олимпиадалық кеңесiнiң мүшелерi, VIP қонақтар әрi ресми қонақтар 274 адам, спортшылар, жаттықтырушылар, дәрiгерлер, командаларға қызмет көрсетушiлер, ресми тұлғалар, үгушiлер – 1524 адам, халықаралық және ұлттық санаттағы төрешiлер – 525 адам, шетелдiк БАҚ өкiлдерi, хосттаратушылар – 1300 адам. Барлығы – 4 мың адамдай. Дайындалған мекен-жайлар мен қонақ үйлерге келетiн болсақ, олар халықаралық талаптарға сай, әрi 3 жұлдыздан төменi жоқ.
VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөнiндегi келiсiм-шарт пен Азия Олимпиадалық кеңесiнiң ережесiне сәйкес Азия ойындарын ұйымдастыру комитетiне қосымша шаралар ретiнде мәдени бағдарлама мен алау эстафетасын ұйымдастарып, өткiзу мiндеттерi жүктелген.
Осы мiндеттердi жүзеге асыру мақсатында атқарушы дирекция Астана мен Алматы қалаларының әкiмдiктерiмен бiрлесiп, "Мәдени Азиада" атты мәдени-бұқаралық шаралар бағдарламасын дайындады.
Бұл жоба бiрiншi кезекте, Азия ойындарының барысын түрлi мәдени-рухани шаралармен байытып, шетелдiк қонақтарды қазақ халқының бүгiнгi тұрмыс-салтымен жақынырақ таныстыруға, сондай-ақ спортшылар жарысқа қатысушылар мен Азиада қонақтарының демалыс уақытын тиiмдi пайдалануға күш салмақ.
Астанадағы алаң мұз қалаға айналады
Елорда жобасының аясында мұз мүсiндер фестивалi, "Voice of Astana" атты ән мен би фестивалi, цирк өнерi фестивалi, бейнелеу өнерi көрмесi, фото көрме, қазақ халқының "Қазақ ауылы" атты салт-дәстүр фестивалi, спорт тауарлары мен сувенир өнiмдерi көрме-жәрмеңкесi, суреттер байқауы ұйымдастырылады.
"Оттың мұздай жалыны" аталатын басты мұз қалашық "Астана-арена" стадионының алдындағы алаңда өтпекшi.
Алматыдағы "Мәдени-Азиада" жобасы
Алматыдағы "Мәдени-Азиада" шеңберiнде "Қар барысы саябағы", "Ұлы Жiбек жолы" фестиваль-жәрмеңкесi, "Азия елдерiнiң мәдениет фестивалi, "Алматы – Қазақстанның мәдени астанасы" бағдарламасы көпшiлiк назарына ұсынылмақшы.
"Қар барысы саябағы" бағдарламасының аясында Алматы шаһары нағыз қысқы сауық саябағына айналады. Мұз бен қардан салынған ертегiлер әлемi қала халқы мен қонақтарының ортақ қуанышына айналғалы отыр.
Арнайы алаңдарда келушiлердi Азиада бойтұмары – қар барысы қарсы алады. Мұз айдындары таңертеңнен қас қарайғанша жұмыс iстейдi.
Азиада кезiнде Астана мен Алматыға сары құрлықтан он мыңнан астам туристер келедi. Осыған байланысты елiмiзге келетiн меймандарға қос қаламыз ерекше қызмет етуi тиiс. Бөтен елдiң өкiлдерi ұлттың болмысын, салт-дәстүр ерекшелiгiн, тарихи құндылықтары мен мәдениетiн бiлуге ынтығады. Сол себептi жарысқа дайындық барысында аталған мәселелерге ерекше мән берген абзал.
Қазан айында Қысқы Азия ойындары кезiнде қонақтар назарына ұсынылатын сувенирлер мен ескерткiш заттардың көрмесi ұйымдастырылған болатын. Онда Азия ойындарына арналған ұлттық үлгiдегi киiм-кешектер мен Ақ Азиаданың белгiсi бар зергерлiк бұйымдар, кәдесыйлар көрмеде көрсетiлдi.
Сол көрмеге Азиада қонақтарына арналған кәдесыйларды жұртшылыққа таныстырған VII Қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру комитетi АҚ-ның бiрiншi вице-президентi Айбек Қапаков мырза былай деген едi:
– Қазiр бiрнеше ұлттық компаниялар VII Қысқы Азия ойындарының ресми демеушiсi болып отыр. Өздерiңiз бiлетiндей, Ақ Азиаданың бас демеушiсi болып "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры бекiтiлген. Сонымен қатар "Air Astana" АҚ, "Қазақтелеком" АҚ, "Доктор Веб" секiлдi отандық iрi компаниялар демеушi болып табылады. Осы орайда Ақ Азиаданың кәдесыйларын жасауға 15 миллион теңге қаржылай көмек көрсеткен "Әдемi – Ай Plus" компаниясына алғысымыз шексiз. "Әдемi – Ай Plus" компаниясының өнiмдерiн "Mega" ойын-сауық орталығында, Алматы әуежайында, темiржол бекеттерiнде сатылымға қоюға көмектесемiз – деген болатын Айбек Қапақов.
Қазақтың әрбiр үйiнiң төрiнде iлулi тұратын өрiлген қамшылар, қайыңның безiнен шабылған, құранды ер-тұрмандар мен ат әбзелдерi, түрлi зергерлiк бұйымдар "Әдемi-Ай" өнер үйiнiң төрлерiне қойылып, көрсетiлген болатын.
Алайда бұл өнiмдердiң барлығы елiмiзде жасалып жатыр деу қиын. Басқа амал болмаған соң, Қытай, Түркия секiлдi мемлекеттермен бiрiгiп шығаруға тура келуде.
Азиада кәдесыйлары көпшiлiк көңiлiнен шығып жатыр деуге толық сенiм бар. Ұлттық ерекшелiгiмен есте қалған 1980 жылғы Мәскеу олимпиадасы, 2008 жылғы Бейжiң олимпиадасын айтуға болады. Әсiресе Азия елдерiнде өтетiн халықаралық шаралардың барлығында ұлттық мәселе бiрiншi орынға қойылады. Бiзде де солай болуға тиiс.
Қазақ елiнде өтетiн VII Қысқы Азия ойындарының жалпы шығыны 233,5 миллиард теңгенi құрайды. Ал Азиада кезiндегi шығатын шығын 33,5 миллиард теңгенi құрамақ. Бұл – биылғы жылы бюджеттен қарастырылған қаражат. Сондай-ақ 2011 жылы тағы да 1,5 миллиард теңге бөлiнуi тиiс.
Ақ Азиада кезiндегi ең көп шығын теледидар мен радио арқылы берiлетiн трансляцияларға жұмсалмақ. Оған 8,644 миллиард теңге бөлiнедi. Екiншi орында дүбiрлi доданың ашылу және жабылу салтанаттары бар. Оған шамамен 7 миллиардтан астам теңге керек деп болжамдалды. Сондай-ақ ойындарды басқару орталығына, жедел ақпараттарымен қамтасыз етуге барлығы 6,768 миллиард теңге жұмсалмақшы.
Бұлардан басқа, Ақ Азиаданың мәдени бөлiгiне – 1,57 миллиард теңге, Астана және Алматы қалаларын безендiруге – 470 миллион, антидопингтiк тексеру ұйымы мен дәрiгерлiк қызметке – 1,117 миллиард теңге бөлiнбек.
Азиада алауының шеруiне волонтерлердi құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге – 1 миллиард теңге, Ақ Азиаданың алдындағы шараларға – 1,165 миллиард теңге, тамақтану, күзет, қонақтарды орналастыру, транспорт жұмыстарына – 2,285 миллиард теңге бөлiнедi.
2011 жылғы VII Қысқы "Азия ойындарын ұйымдастыру коммитетiнiң атқарушы дирекциясы" АҚ төрағасы Анатөлi Құлназаровтың айтуынша, әртүрлi демеушiлерден түсетiн пайда 4,5-5 миллиард теңгенi құрайды. Яғни АҚШ долларына шаққанда 33 миллион долларды құрайды. Сондай-ақ Ақ Азиада кезiнде елiмiзге шамамен 10 мың турист келедi деп күтiлуде. "Қазақстан туристiк қауымдастығы "ЗТБ-ту төрайымы Рашида Шайкенова елiмiзге келген әрбiр турист орташа есеппен Қазақстан қоржынына 2 мың доллардан құятынын айтқан болатын. Демек, 10 мың туристен 20 миллион доллар түседi деген болжам бар. Сонымен қатар Ақ Азиада кезiнде трансляциялар 30 елге таратылады деп жоспарлануда. Яғни долларға шаққанда шамамен 30 миллион болады. Бұлардан бөлек билет сатылымдарынан түсетiн пайданы қосуға болады.
Қысқы Азия ойындары қарсаңында Қазақстандық жарыс ұйымдастырушы мен спортшылардың әрқайсысы 2,5 мың долларға киiнбек. Киiмдердiң үлгiсiн жасап, оны тiгу Жапонияның "Мизуна" фирмасына тапсырылған.
Жасыратыны жоқ, бұл жарысты әрбiр Қазақстандықтың асыға күтiп жүргенi белгiлi. Ел намысын қорғайтын спортшыларға үлкен үмiт артылуда.
Қысқы Азия ойындары 1986 жылдан бастау алады. Ең тұңғыш халықаралық бәсеке Жапонияның Саппоро қаласында өттi.
P.S. Қазақстан үшiн VII Қысқы Азия ойындарын өткiзу – елiмiздiң соңғы 10 жылдағы жеткен жетiстiктерiн әлемдiк қауымдастыққа таныстырудың керемет мүмкiндiгiн беретiн имидждiк жоба. Елiмiздiң имиджi мен жоғары деңгейдегi халықаралық ойындарды өткiзе алатын спорттық держава болуға деген талпынысымыз да осы Азиаданың сәттi өтуiне тiкелей байланысты болмақ. Сондықтан да Қазақстанда Азия ойындарын өткiзу мәселесi таза спорттық жарыс ауқымынан асып, қоғамдық-саяси сипат алып отыр.
Рабат Жәнiбеков, журналист