СӘЛЕМШI БОЛСАҢ, ТӨРГЕ ШЫҚ...
СӘЛЕМШI БОЛСАҢ, ТӨРГЕ ШЫҚ...
"Сәлем – сөздiң атасы" деген мәтел бар халқымызда. Демек адамның барлық қарым-қатынасы әуелi сәлемдесуден, амандық-саулық бiлiсуден басталады. Сондықтан да болар, әкемiз бiздi ең алдымен дұрыстап сәлем беруге үйреттi.
"Ата көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пiшер" дегендей бiз қаршадайымыздан ата-анамыздың, ауылдағы үлкен кiсiлердiң тәрбиесiн көрiп, тәлiмiн тыңдап өстiк. Қонақ келсе жүгiрiп алдынан шығып, қолтықтап аттан түсiрiп, қолын алып сәлемдесiп, қошаметтеп үйге кiргiзу қалыпты әдет ретiнде қанымызға сiңiп қалды.
Ата-анамыз қысы-жазы мал соңында. Ал бiздер мектептi орталықтағы интернатта немесе жақын жамағайынның бiрiнiң үйiнде тұрып оқимыз. Бiр тоқсаннан келесi тоқсанға дейiн үйге бару деген жоқ. Күн санап сарғайып жүресiң. Әсiресе жазғытұрым уақытта өзi де ащы iшектей созылған үшiншi тоқсанды айтсаңшы. Жуанның жiңiшкерiп, жiңiшкенiң үзiлетiн көк өзек шағы. Зарығып жүргенде каникул де келедi-ау бiр күнi. Ауылдан келген ат-көлiкке мiнгесiп-ұшқасып бiр қиырда отырған қойлы ауылға да жетемiз. Туған үйдiң түтiнi көрiне бере алда бiр кiшкене сынақтың күтiп тұрғаны еске түсiп, кәдiмгiдей әбiржiп, қипалақтап қаламыз. Себебi бiздiң отбасымыздағы әкемiз орнатқан бұлжымас тәртiп бойынша босағадан аттағанда шаңыраққа сәлем беру салтына сәйкес, төрдiң қақ басында қазықтай шаншылып отыратын отағасына "Ассалаумағалейкум!" деп дауысымызды көтере сәлем беруiмiз керек. Мұның өзi бiр жағы емтихан iспеттi шаруа. Неге екенiн қайдам, кiп-кiшкентай болып өз әкеңе сәлем беру бiр түрлi ыңғайсыз тәрiздi. Үйге имене басып кiрiп: "Ассалау…" деп мыңқ етемiз.
– Шық! – деп саңқ ете түседi әкемiз – Дұрыстап сәлем берiп кiр!
Кiрген iзбен керi ытып шығамыз. Үйдi бiр айналып, өзiмiзге өзiмiз келгендей болған соң "Ассалауды" оңашада бiрер қайталап, өзiмiзше репитиция жасап алып тағы кiремiз. Бұл жолы, әлбетте, сәл көтерiңкiлеу сәлемдесемiз. Сынақтан өтсек өттiк, сүрiнсек қайта айдалып шығамыз. Мұндайда шешемiздiң "шаршап-шөлдеп келдi ғой, баланы әурелемесеңшi" деген әлсiз қарсылығы да арашаға жарамайды. Сосын сағынып, зарығып келгенiмiз бар, жолсоқты болып шаршағанымыз, қарынның шұрқырағаны бар, әбден қыстығып, көздiң жасын бiр сығып аламыз. Тағы да қайраттанып, бекiнiп, әмбесi қайта-қайта қуылып шыққанымызға намыстанып, бiр жағы қиястығымыз ұстап, соңғы жолы "Ассалау-мағалей-ко-ом!" деп бар даусымызбен шырылдап, озандатып кiремiз. "Уағалейкум-ас-сәләм!.. Әп-бәрекелдi, сәлемiң ендi түзелдi балам. Сәлемшi болсаң, төрге шық", – дейдi әкемiз сонда ғана жүзiн жылытып. Демек жаттығу бiттi, сынақтан әупiрiмдеп өттiк деген сөз. Әкемiз маңдайымыздан мейiрлене иiскейдi, оң тiзесiн баса отырғызып оқу жайын, орталықтағы ағайынның амандығын, басқа да оны-мұны жаңалықтарды тәптiштеп сұрай бастайды.
Аманжол АҚЫН,