ТӘЖIКСТАН ШЕТЕЛДЕГI ШӘКIРТТЕРДI ҚАЙТАРЫП ЖАТЫР

ТӘЖIКСТАН ШЕТЕЛДЕГI ШӘКIРТТЕРДI ҚАЙТАРЫП ЖАТЫР

ТӘЖIКСТАН ШЕТЕЛДЕГI ШӘКIРТТЕРДI ҚАЙТАРЫП ЖАТЫР
ашық дереккөзі
182

Осыдан бiраз уақыт бұрын тәжiкстандық билiк елдiң шығыс бөлiгiндегi, Таулы-Бадахшан автономды облысындағы 28 мешiттi уақытша жауып тастаған болатын. Жергiлiктi дiни iстер жөнiндегi бөлiм қызметкерi Сардорбек Азорабековтың айтуынша, "Дiни бiрлестiктер туралы" жаңа заңға сәйкес, барлық мешiттер қайта тiркеуден өтуi тиiс.

Алайда арнайы комиссияның шешiмi бойынша, кейбiр мешiттердiң заңсыз жұмыс iстеп жатқандығы анықталып, қызметi уақытша тоқтатылды. Бұған мұсылман жамағаты өз наразылығын бiлдiрсе де, шенеунiктер: "Егер мешiт имамдары қажеттi құжаттарды рәсiмдеп, тапсыратын болса, жұмысын қайта жалғастыра алады, ал, керiсiнше тез арада әрекет жасамаса, бәрi де өзгерiссiз қалады", – деп жауап берген болатын. Әсiресе қариялардың қыс мезгiлiнде, жұма сайын 50 шақырым қашықтықтағы аудан орталығындағы мешiтке барып-келуi қияметке айналған.

Қазiргi кезде билiктiң сөзiне құлақ асқандар мешiттерiн тiркеуден өткiзуге тырысып, есiгiн қайта ашып жатыр. Әлi күнге 10 мешiттiң жабық күйде тұрғандығын мәселе етiп көтерiп жатқан жергiлiктi БАҚ мешiттiң жастардың екiншi үйiне айналғандығы жайында жарыса жазуда. Себебi тәжiкстандық билiк елде радикалды дiни топтардың қаптап кеткендiгiне алаңдаулы. Осыған байланысты Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмон шетелдiң медреселерiнде бiлiм алып жатқан жастарды елге қайтару керектiгiн қадап айтты. "Шетелге кеткен жастар лаңкестiк немесе экстремистiк пиғылда тәрбиеленiп келедi. Тәжiкстанда да дiн негiздерiнен бiлiм алуға барлық мүмкiндiк жасалған. Тiптi бiздiң елде жастардың дiни сауатын ашатын Ислам университетi бар. Сондықтан да жырақтағы жастарды елiмiзге қайтармасақ, нағыз сатқындар мен өз елiне оқ атушылар да солардың iшiнен шықпасына кепiл жоқ", – дедi президент. Егер олар елге қайтудан бас тартса, Иран, Египет, Пәкiстан және Сауд Арабиясы билiгi арасындағы келiсiмге сәйкес, осы мемлекеттерден де аластатылатын болады. Бүгiнде Отанына бар-жоғы 600-ге жуық студент оралған. Ал сарапшылар ислам мемлекеттерiнiң медреселерiнде кем дегенде 1500-ден астам Тәжiкстан азаматының бiлiм алып жүргенiн растайды. Сондай-ақ АҚШ-тың Мемлекеттiк департаментiнiң 2010 жылғы әлемдегi дiни-наным бостандығы жағдайын саралаған есебiнде, әсiресе тәжiк жастарының исламдық дiни тармақтарға кiрiп жатқандығы туралы ашық айтылған. Бұл да мәселеге бей-жай қарамауға үн қосты.

Тәжiкстан билiгi 10 мешiттiң жұмыс iстеуiне рұқсат бермей жатыр. Ал имам-хатибтар болса кеңестiк кезеңде салынған мiнәжат орнының тозығы жеткендiгi және бұған дейiн күрделi жұмыс жүргiзiлмегендiгi қанша рет көтерiлсе де, шенеунiктердiң құлақ түрмегенiн қынжыла айтады. Имамдар тап қазiр Тәжiкстан халқының әлеуметтiк тұрмысының төмендеп кеткендiгiн және жастардың экстремистер ылаңына түсiп қалу қаупi басым екендiгiн айтып, дабыл қағуда. "Жығылғанға – жұдырық" демекшi, билiк халық тығыз орналасқан Исфарадағы медресенi "оқушылар ауғандық экстремистiк топтардың қатарына кiрiп кеттi" деген әңгiмеден соң жауып тастаған-тұғын. Бұл онсыз да жұмыссыздық белең алған Тәжiкстан жұртын сенделтiп жiбердi. Бiр мезгiл медресеге барып, тура жолда жүрген жастардың жалғыз орны – мешiт пен медресе болса, оның өзi билiктiң көңiлiнен шықпай келедi. Статистикалық деректер республика халқының 60 пайыздан астамы кедейшiлiкте өмiр сүрiп жатыр десе, жергiлiктi сарапшылар жұмыссыздық деңгейiнiң 35 пайызға жетiп қалғанын айтады.

Бүгiнде Тәжiкстан халқының 99 пайызы – мұсылмандар. Елде 3 жарым мың мешiт пен 19 рұқсат етiлген медресе қызмет атқарады. Ал Тәжiкстанның Дiни iстер комитетiнiң төрағасы Абдурахим Холиков тәуелсiздiктiң 19 жылында елде мешiттiң саны 7-8-ден 3700-ге артқандығын айтады.

Қазiр тәжiк елiнiң мешiттерiн аралап, тексерiп жүрген комиссия тәжiк журналистерi дайындаған деректi фильмдердi тегiн таратып жүр. Онда ислам мемлекеттерiнiң медреселерiнде бiлiм алуға асық болған жастардың болашақ лаңкестер болып шығатындығы жайында деректер көптеп келтiрiлген. Осы арқылы жастардың жат пиғылды ағымдардың жетегiнде кетпеуi қатты қадағаланып отыр.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары