АҚШАҒА БОЛА КЕЛГЕНДЕР АЛАШ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТА МА?
АҚШАҒА БОЛА КЕЛГЕНДЕР АЛАШ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТА МА?
"Жақсы сөз жерде жатпайды!" Алаштың абыройын асқақтатқан, ел намысын жыртқан арлы сөз түптiң түбiнде осылай асқақтата айтылуға тиiс болатын. Бұл сөздi биiк мiнберден, ел сыйлаған сарабдал саясаткер, көпшiлiк сайлаған сенатор Қуаныш Сұлтанов мырза айтқаны жанымызды жадыратты. Жасыратын несi бар, Қазақстан спортында қалыптасқан ауыр ахуал көп жылдардан берi жалпы қоғамды, әсiресе спорт жанкүйерлерiн жерге қаратып келгенi бесенеден белгiлi. Тiптi көп жағдайда жұртшылық шарасыздықтан көзiмен жер шұқитын бейдауа халге түстi. Ел спортында соңғы жылдардағы жан төзгiсiз келеңсiз жағдай нелiктен қалыптасты? Бұған кiнәлiлер кiм? Жағдай қайткенде түбегейлi жақсарады? Саңлақ спортшылардың жақсы үлгiлерi, ауыз толтырып айтар жеңiстерi арқылы ел азаматтары, жас өрендерiмiздiң бойында патриоттық рух, ұлтжандылық пен мемлекетшiлдiк асқақ сезiмдердi қалай берiк қалыптастырамыз?
Айта берсе, сауал көп. Жауап таппай тосылып қалатынымыз және рас.
Орта ғасырларда Еуропа отқа оранып жатқан. Ат үстiнен әлемге билiк жүргiзгiсi келетiн түрлi өркөкiрек рыцарьлар мен ұсақ корольдер әр елден келген түрлi басбұзарлар, жендеттер мен тонаушылардан жалдамалы әскер жинап, күнде қиғылық салып, кәрi құрлықтың көк майса өлкелерiн қанға бөктiрген едi. Ақшаға құныққан жалдамалылар – ландскнехттер ешкiмдi аяуды бiлмейтiн. Және ешқандай принциптерi де жоқ болатын. Кiм көбiрек ақша төлесе, соның сойылын соғып жүре берушi едi.
Бүгiнде Қазақстанға сырттан көптеп шақыртылып жүрген өзге елдiң екiншi, үшiншi санаттағы спортшылары – легионерлердiң көбi сол ландскнехттердi еске түсiредi. Бәрi демесек те, көбiнiң көкейiн тескен ақша ғана. Олар үшiн ұлттық рух, Отан абыройы, Алаш намысы деген қасиеттi ұғымдар абстрактiлi категория ғана.
Бұл туралы елiмiздегi қазақтiлдi ақпарат құралдары, соның iшiнде "Түркiстан" газетi де бар, сан рет жазды, айтты. Дабыл қақты. Бiрақ "Баяғы жартас, сол жартас" болып қала берген.
Ең өкiнiштiсi сол, соңғы жиырма жылда "Қазақстан спортын жаңа белестерге көтеремiз" деген жалаң ұранмен елiмiзге шетелдерден көптеп шақыртылған спортшылардың дәл саны қаншау екенiн осы күнi ешкiм дөп басып айтып бере алмайтын сияқты. Тiптi солардың дәл санын Қазақстанның Спорт және туризм министрлiгiндегi лауазымды шенеунiктер мен спорт саласындағы функционерлер де дәл бiлетiндiгiне күмән көп. Және бiр сорақысы, елiмiзге жеңiстi жылдары артта қалған егде спортшылардың шамадан тыс көп шақыртылып, Қазақстан азаматтығының шұғыл түрде берiлетiндiгi.
Мәселен осыдан 6-7 жыл бұрын 1996 жылғы Олимпиада чемпионы, велошабандоз Зульфия Забирова Ресейден Қазақстан құрамасына арнайы шақыртылып, 2005 жылдың 24 ақпанында шұғыл түрде Қазақстан азаматтығы берiлдi. Бұл кезде Зульфия Забированың жасы отыз екiде болатын. Ал 2008 жылға дейiн ешқандай жоғары нәтижеге қол жеткiзбеген Зульфия Забирова сол жылы Пекин Олимпиадасына қатысып, экс-ресейлiк велошабандоз қыз бар болғаны 10-шы орынды қанағат тұтты. Осымен мiндетiмдi орындадым деп шешкен велошабандозшы қыз көп ұзамай Анжелина атты қызын босанып, спортпен уақытша қоштасты. Бұдан да сорақысы сол, әлгi Зульфия Забирова Қазақстанды Отаным деп ешқашан таныған емес. Ол "Капитал kz" басылымына берген сұхбатында былай дейдi.
"– Вы не думали о том, чтобы вновь изменить гражданство и стать россиянкой или может быть швейцаркой?
– Нет. Мне это не нужно. Я казахстанка, которая живет в Швейцарии. И меня это положение вполне устраивает".
Мiне, осылай қанағаттанып отырған велошабандозшы қыз ақша төлеудi тоқтатқаны үшiн соңғы кездерi Қазақстанның, әсiресе велоспорт федерациясының атына ауыр-ауыр сын айтып жүргенi белгiлi. Кейбiр деректерге қарағанда, осы жылдар iшiнде Зульфия Забирова Өзбекстаннан, атап айтсақ, Ташкенттен туған-туысқандарының оннан астам отбасыларын Қазақстанға көшiп келiп, Астана мен Алматыдан жайлы үй алып, жақсы жұмысқа орналасуына қолайлы жағдай жасаған.
"Қазақ футболын жақсартамыз" деген желеумен елiмiзге шет елдерден, әсiресе Ресей мен Балқан түбегi елдерiнен шақыртылған легионерлер ел футболын жайлап алғаны ерекше көзге ұрады. Қазақстанның қай-қай командасын алсаңыз да, Балқан түбегi елдерiнiң ойыншыларын тiзбелеп шығуға болады. Сербтер де, хорваттар да, македониялық, босниялық… бәрi-бәрi бiздiң чемпионаттан табылады. Тiптi Балқан түбегiнiң барша географиясын қазақ футболындағы легионерлердiң аты-жөнi арқылы толық зерттеп шығуға болатын шығар. Бұған әбден намыстанған футбол жанкүйерлерiнiң: "Қазақстан чемпионатын өз елiмiзде емес, Балқан түбегiнде өткiзу керек. Сонда сербтер мен хорваттар емес, бiздiң жiгiттер легионер саналып, ақшаны солар алатын болады", – деп мысқылдайтыны орынды сияқты көрiнедi.
2009 жылы Астананың "Локомотив" командасын нығайту үшiн бiр топ ресейлiк футболшылар, оның iшiнде сақа ойыншылар Егор Титов пен Андрей Тихонов, бас жаттықтырушы Сергей Юран шақыртылды. Кейiнiрек айтылған кейбiр деректерге сенсек, Мәскеу "Спартагының" жасы отыздан асқан бұрынғы ойыншылары айына 30 мың доллардан ақша алып тұрған көрiнедi. Тiптi қойнауында Менделеев таблицасындағы барша химиялық элементтер бар Қазақстан үшiн де аса қомақты ақша. Онымен тұрмай, Мәскеу газеттерiнiң бiрiне берген сұхбатында мейманасы тасқан әлгi ойыншылардың бiрi, жаңылыспасақ, Егор Титов қазақ футболшыларын "Мәмбеттер" деп мiзбақпай атады. Бұндай өркөкiректiк, менмендiк, тоңмойындық спорт жанкүйерлерiнiң ашу-ызасын туғызып, ақыры кексе футболшы кешiрiм сұрағансып құтылды. Соның өзiнде "Менi дұрыс түсiнбедiңiздер" деп, өзiмiздi кiнәлағандай сыңай бiлдiрдi. Ол ол ма, ел iшiнде тараған қауесетке қарағанда, аттай қалап әкелген Сергей Юран команданы жаттықтырудан гөрi көңiл көтерiп, бас жазумен көбiрек шұғылданған екен. Ал оның тiкелей мiндеттерiн көмекшiлерi жүзеге асырған көрiнедi. Мiне, спорт функционерлерiнiң ойсыз қадамдары, өзге елдерден спортшыларды шақыртуға құмарлықтары ұлттық намысымызды осылай қорлауға кең жол ашып отыр.
Бас құрамаға шетелдiк мамандарды әке-көкелеп шақырып, ақырында әрең құтылатынымыз дауасыз дертке айналып барады. Голланд та, немiс те, орыс та бiзге футбол ойнауды "үйретуге" келедi. Кекетiп-мұқатып кетедi.
Турасын айтқанда, аса қомақты қаржы айналымда жүрген спорт саласында көңiлге күмән келтiретiн былық пен шылық бастан асатын сияқты. Тiптi бокс пен күрес федерацияларынан басқа спорт түрлерiнде қазақ жаттықтырушылары мен мамандары мүлдем жоқ деуге болады. Бар деген күннiң өзiнде саусақпен санарлық қана. Расымен, қазақ мамандары жоқ па, әлде көптеген спорт түрлерiн жайлап алған өзге ұлт өкiлдерi ел намысы үшiн жаны ауыратын адамдарды майлы жiлiкке әдейi жақындатпай ма? Егер әлi күнге өз ұлтымыздан шыққан бiлiктi мамандарды дайындамасақ, онда Тәуелсiздiк алған жиырма жылда миллиондаған доллар қаржыны қайда шашып келгенбiз? Келiмсек спортшыларға қанша ақша төленетiнi "коммерциялық құпия" деген желеумен нелiктен қоғам назарынан тыс қалады? Мұндай "құпиялар" арқылы әлдекiмдер жең ұшынан жалғасып, мемлекет қаржысын талан-таражға салып жүрген жоқ па? Кәрi спортшыларға Қазақстан азаматтығын оңай беру арқылы белгiсiз бiреулер оңай олжа тауып жүрген жоқ па? Бiз неге қазақстандық қазақ спортшыларының жеңiстерiне емес, ақша үшiн әлдеқайдан шақыртылған келiмсек спортшылардың жеңiсiне қуануға тиiспiз? Мұның бәрiне кiм жауап бередi?..
Жаңабек ШАҒАТАЙ