"БОЛАШАҒЫ" БАР ЕЛДIҢ...

Президенттiң «балапандары»
 

ЕҚЫҰ Астана Саммитi өтiсiмен, елордада Шетелде кадрлер дайындау жөнiндегi республикалық комиссия барыс жылындағы соңғы отырысын өткiздi. Бұл – былайғы елдiң өмiрiнен тысқары көрiнгенiмен, мемлекеттiң болашағы үшiн маңызды оқиға едi.

Әңгiме тағы да «Болашақ» бағдарламасы жайында.

«Кез келген мемлекеттi шыншыл, ақылды және адал

он адам екi аяғынан нық тұрғыза алады»

Маргарэт ТЭТЧЕР

«Болашақ» халықаралық стипендиясының тарихы 1993 жылы 5 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығының шығуынан басталады. Президенттiң бастамасымен ашылғандықтан да, бұл бағдарлама түлектерiне қарата айтылатын «Президенттiң балапандары» деген бейресми атау қалыптасты.

Ал Елбасының өзi «болашақтықтармен» бiр кездесуiнде оларды «менiң достарым» деп атады.

«Болашақ» стипендиясының мемлекеттiк маңызы осы екi жайттан-ақ байқалса керек.

«Болашақ» бағдарламасы – ұлттың кемел болашаққа деген үмiтi. Өйткенi 17 жылдан берi қыруар қаржы жұмсап, жастарды шетелдiк университеттерге бiлiм алсын деп жiберудегi мақсат болашақта осы мамандар мемлекетiмiздi дамыған елдердiң қатарына қосу үшiн аянбай еңбек етедi деген сенiмнен туған.

Президент былтыр Тәуелсiздiк күнiне орай өткiзiлген салтанатты жиында сөйлеген сөзiнде де «Болашақ» бағдарламасының маңызы туралы айтып өттi.

«1993 жылдан берi бiз жастарымызды шетелдiң ең озық университеттерiне «Болашақ» бағдарламасы арқылы оқуға жiберiп келемiз. Биылдың өзiнде 763 адам оқуын ойдағыдай аяқтады. Ендi бiз олардың жұмысқа орналасуын қамтамасыз етуiмiз керек. «Болашақ» түлектерi жуық арада елдiң жоғары кәсiби мамандарының өзегiне айналады деп үмiттенемiн» дедi Н.Назарбаев.

Бүгiнгi күннiң талабы – шетелде бiлiм алуға деген сұраныс артып тұр. Кейбiр деректерге қарағанда, жыл сайын шетелде 20 000-нан астам қазақстандық жас бiлiм алады екен.

Ал 1994-2010 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасы бойынша 2788 түлек шетелдiк диплом алып, маман атанды. Олардың денi АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Ресейде бакалавриат пен магистратурада бiлiм алды.

2010 жылы тағы 929 үмiткер аталмыш стипендияға ие болды.

1994-2004 аралығында стипендиаттар қатарында экономикалық және гуманитарлық сала мамандарының саны басым едi. Соңғы жылдары жаратылыстану мен техника, медицина сала мамандарын дайындауға көбiрек стипендия бөлiнедi.

Он жетi жыл iшiнде қазақстандық жастар «Болашақ» бағдарламасы аясында 30-дан астам мемлекеттегi 600-дей жоғарғы оқу орындарына бiлiм алуға жiберiлген. Бастапқы жылдары «болашақтықтар» 13 елде оқытылатын едi.

2005 жылдан бастап Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен шетелде мемлекет қаржысына оқитын студенттердiң санын 3000-ға жеткiзу туралы шешiм қабылданды. Осыдан соң «Болашақ» стипендиясы қарапайым отбасыдан шыққан, талапты да бiлiмдi жастар үшiн таптырмас мүмкiндiкке айналды.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» мәлiмдеуiнше, қазiргi таңда «Болашақ» арқылы шет елдерде бiлiм алып жатқан жастардың саны 3000-ға жуықтаған. Алдағы жылдары жыл сайын қанша студент оқу бiтiрсе, олардың орнына соншама студентке стипендия тағайындалмақ.

Бұрын жылына шетелге елу-алпыс студент жiберiлетiн болса, қазiр жыл сайын орташа есеппен мыңға тарта студент шетелдiк оқу орындарының студентi атанады.

Бүгiнгi таңда стипендия арқылы магистрлар мен докторлар дайындауға көбiрек көңiл бөлiнедi. Басқаша айтқанда, жасы қырықтан асқан ғалымдардың да «Болашақ» стипендиясы арқылы шетелге оқуға баруына мүмкiндiк бар. Атағы дардай университеттерде докторлық диссертация қорғауға талпынған iзденiмпаздарға қойылатын басты талап – олар шетелдiк университетке өз күшiмен түсуi керек.

Соңғы жылдары шетелде бiлiм алатын жастарды оқу бiтiрген соң Отанына оралту үшiн стипендияны алудың талабы да күшейтiлдi. Ең әуелi, стипендиат оқу мерзiмi аяқталған соң бес жыл бойы Қазақстан Республикасы аумағында жұмыс iстеуi тиiс, осы уақыт iшiнде ол өз атынан құны оқу ақысына пара-пар жылжымайтын мүлiктi кепiлге қоюы керек. Егер кепiлге қойылатын жылжымайтын мүлiктiң құны оқу бағасын төлеуге жеткiлiксiз болса, онда студенттiң елге оралуына ата-анасы, не қамқоршысы кепiл болуға келiсiп, келiсiм-шартқа қол қояды. Алда-жалда баласы шетелде қалып қойған ата-ана оқудың барлық шығынын мемлекетке қайтаруға мәжбүр болады. Осы шарт қабылданғаннан кейiн шетелде қалғысы келетiндер саны күрт азайды.

2008 жылдан бастап «Болашақ» стипендиясын алу үшiн мемлекеттiк тiлден емтихан алу шарты енгiзiлдi. «Казтест» – шетелге Қазақстан атынан аттанатын жастардың мемелекеттiк тiлдi бiлуге деген ынтасын арттырды.

Сондай-ақ осы кезден бастап ауылдық мектепте, колледжде, кәсiптiк-техникалық училищеде аз дегенде тоғыз сыныптық бiлiм алған жастарға «ауылдық квота» берiлетiн болды. «Квотаның» басты мәнi – шет тiлiн бiлу деңгейiне қойылатын талап жеңiлдетiлген, оған қоса техникалық мамандық иелерiн тiл үйрену курстарына жiберу мүмкiндiгi де қарастырылған.

Мемлекеттiк қызмет орнында үзiлiссiз үш жыл қызмет еткен жастарға да «квота» бар. Осы уақыттан берi ғылыми және педагогикалық қызметкерлерге ғылыми тәжiрибеден өтуге мүмкiндiк берiлген. Жұмыс тәжiрибесi үш жыл болатын ғылыми қызметкерлерге де арнайы квота бөлiнедi.

Шетелде кадрлер дайындау жөнiндегi республикалық комиссия төрағасы, мемлекетiк хатшы – сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаевтың айтуынша, былтырдан бастап «Өркен» Тұңғыш Президенттiң Интеллектуалды мектебiнiң түлектерi де осы стипендияға ие болды. «17 жылдан берi «Болашақ» халықаралық стипендиясына деген қоғамның ықыласы суыған емес, бұл – алмағайып кезеңде Президенттiң «Болашақ» бағдарламасы арқылы әлемнiң маңдайалды жоғары оқу орындарында жоғары кәсiби мамандар дайындауға қатысты шешiмiнiң дұрыс болғандығының тағы бiр дәлелi», – дедi ол.

Дамыған мемлекеттер өзiнiң ұлттық байлығының 75 пайызын интеллектуалды капиталдың арқасында қалыптастырады екен.

Елбасы «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетел оқу орындарында бiлiм алып, елiмiзде жұмыс iстеп жүрген және әлi де болса оқып жатқан жастардың басын қосқан мәжiлiсте: «Бiздiң түпкiлiктi мақсатымыз – интеллектуалды ұрпақ тәрбиелеп, интеллектуалды ұлт қалыптастыру», – дедi.

«Бiзге қазiргi заманға сай ойлайтын, Қазақстанды алға сүйрейтiн азаматтар керек. Олар әлемнiң озық университеттерiн бiтiрiп, олардың тiлдерiнде сөйлеуi қажет», – дедi бiр сөзiнде Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттiң ұдайы айтатын басты ұстанымы – интеллектуалды ұлт қалыптастыру саясаты.

«Болашақтықтардың» шығармашылық, интеллектуалдық қуаты ел болашағына қызмет етiп жатқанына дау жоқ.

«Болашағы» бар елдiң болашағы зор болғай!

Гүлбиғаш Омарова

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button