АШУРА – ШҮКIРШIЛIК МЕЙРАМЫ

АШУРА – ШҮКIРШIЛIК МЕЙРАМЫ

АШУРА – ШҮКIРШIЛIК МЕЙРАМЫ
ашық дереккөзі
346

Мұхаррам айы және Ашура мерекесi

Мұхаррам айы – "Ашһұрұл хурум", яғни, соғысуға тыйым салынған қасиеттi айлардың санатына кiредi. Қасиеттi айларға Мұхаррам айынан өзге Зилкада, Зилхижжа, Ражаб айлары жатады. Мұхаррам айының қасиеттiлiгi хақында Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның хадис-шарифтерiнiң бiрiнде: "Рамазан айында ораза тұтудан өзге Алла Тағаланың мәртебесiн (Шаһруллаһ) жоғары еткен – Мұхаррам айында ораза тұту болып табылады…". деп баяндалады.

Абдуллаһ ибн Аббастың айтуына қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у) Мәдинаға келгенiнде еврейлердiң Ашура күндерi ауыз бекiткендерiн көрiп, мұның мәнiсiн сұрағанда, олар: "Бұл күннiң маңызы зор. Алла бұл күнi Мұса (с.а.у)-ның қауымын құтқарды. Перғауын мен оның патшалығын жойды. Мұса (с.а.у) осы күнi шүкiршiлiк ретiнде ораза тұтты. Бiзде сол үшiн ораза тұтамыз" дедi. Пайғамбарымыз (с.а.у) "Мұсаға сiздерден қарағанда бiз жақынбыз" деп, өзi осы Ашура күнi ораза тұтып және өзгелерге де осы күнi ораза ұстауды өсиет еттi.

Басқа деректерге қарағанда Пайғамбарымыз (с.а.у) Рамазан айында ораза ұстау парыз болмастан бұрын сахабаларға Ашура күндерi ораза тұтуды ұсынған. Демек, Пайғамбарымыз (с.а.у) жоғарыдағы оқиғаға байланысты сахабаларға Ашура күнi ораза тұтуды айтқан болуы мүмкiн. Себебi, тәпсiршiлердiң айтуына қарағанда, Рамазан айында ораза тұту жөнiндегi уаһи Пайғамбарымыз (с.а.у)-ға хижраның екiншi жылы түскен. Ал, Пайғамбарымыз (с.а.у)-ның жоғарыда айтылған Ашура күнi жөнiндегi еврейлермен сұхбаты – көштiң алғашқы жылы болған. Пайғамбарымыз (с.а.у) Рамазан айында ораза ұстау парыз болып бекiгеннен кейiн: "Күмәнсiз Ашура күнi – Алланың қасиеттi күндерiнiң бiрi. Қалаған адам бұл күнi ораза тұтсын, қаламаған адам бұл күнi ораза ұстамаса болады" деп, Ашура күнi ораза ұстауға еркiндiк бередi.

Басқа бiр хадис-шарифке қарағанда сахабаларға "Ражаб, Зилкаде, Зилхижже, Мұхаррам айларында үш күн ораза ұстауды" бұйырған. Сондай-ақ, тағы бiр хадис-шарифiнде: "Ашура күнiнен бiр күн бұрын, Ашура күнi және Ашурадан кейiнгi күнi ораза ұстауды" айтқан.

Ашура күнi Мұхаррам айының оныншы күнi болып есептеледi. Сөздiк мағынасы "оныншы күн" деген мағынаны бередi. Деректерде бұл күнi Аллаһ Тағала пайғамбарларға иһсан (илаһи игiлiк) етiп, сондай-ақ, Мұхаммедтiң (с.а.у) үмбетiне иһсан (илаһи игiлiк) еткенi үшiн бұл күн – Ашура күнi деп аталған деген көзқарастар бар. Сондықтан, халық бұл айды – Ашура айы деп атайды. Ашура күнi туралы түрлi деректер болғанмен, бұл айдың тоғызыншы, оныншы, он бiрiншi күндерi қасиеттi саналуы, дiни тұрғыдан бұл күндердiң ерекше маңызды екендiгiн көрсетедi.

Ашура күнi болған деген деректердiң iшiндегi ең маңызды оқиғалардың бiрi – Нұх (с.а.у) топан суы екендiгi белгiлi. Бұл оқиға бойынша Нұх пайғамбардың кемесi топан судан кейiн, Ашура күнi аман-есен Жуди тауына тұрақтаған. Сонымен бiрге, тағы бiр дерекке қарағанда, Нұх (с.а.у) Аллаһқа мадақ, шүкiршiлiк ретiнде Ашура күнi ораза ұстаған көрiнедi.

Хз. Адам мен хз. Ыдырыс пайғамбардан кейiн адамзат баласы ақиқат сенiмнен айырылды. Жер бетiн жамандықтан арылту үшiн Аллаһ Тағала Нұх (с.а.у)-ды адамзат баласына жiбередi. Нұх (с.а.у) қауымына пұттарға табынуды тәрк етiп, Аллаһтың бар екендiгiн мойындауға шақырады. Алайда, азғынданған қауым Нұхтың (с.а.у) дiнiндегi сұлулық пен нәзiктiктi ұғудан мақұрым қалған едi. Қасиеттi Құран-Кәрiмде бұл туралы: "Залымдар, азғындар, пасықтар, жамандар, көкiрек көзi көр болғандар, ар-ұяттан жұрдай едi, тура жолдан айнып, күнәға батқан болатын" деп баяндалады.

Хз. Нұх азғынданған адамзат қауымын түзеуге жiберiлген Хақ Елшiсi болатын. Құран-Кәрiмде бұл туралы былай баяндалады: "Аллаһ ғибадатта және одан басқа ешкiмге табынбауға" шақырды. Оларға: "Аллаһқа қарсы келуден қорықпайсыңдар ма? Рас, мен сендер үшiн сенiмдi бiр Елшiмiн. Ендi Аллаһтан қорқып, маған бағыныңдар. Бұған сендерден ақы сұрамаймын, менiң ақым әлемдердiң Раббысына тән. Аллаһтан қорқып, маған бағыныңдар. Мен сендерге ап-ашық ескертушiмiн. Аллаһқа ғана ғибадат қылыңдар, шынында мен сендердi күйзелтушi күннiң азабынан қорқамын" дедi.

Ал, мейманасы тасыған азғындар хз. Нұхтың дағуатын мазақ етiп: "Сен де бiз секiлдi адамсың. Қарасаңшы. Бiздiң iшiмiзде саған аяқ киiмiмiзден басқа ешкiмнiң сенгенiн көрiп тұрған жоқпыз. Бiзден жоғары ештеңең жоқ" деп жауап қатты. Нұхтың (с.а.у) уағыз-насихатына ұйып, иман етiп, Аллаһтың сүйiктi құлдары болған кедей-кепшiктi қор санап, олармен бiр жерде бас қоса алмайтындарын айтты. Олар ұлылықтың ақша мен мал-мүлiкте емес, тәухид пен көркем мiнезде екенiн ұқпады.

Алайда, олардың қор санаған адамдары Аллаһ Тағаланың құзырында олардан сан есе жоғары мәртебеге ие болды. Тура жолдан тайған азғындар жоқ-жiтiктердi қор санап, ақиқатты терiстесе де, Нұх (с.а.у) оларды өзiне жақын тартып, бауырына басты. Туралыққа шақыруда тағатсыздық танытпай, аса сабырлы бола бiлдi. Бiрақ Нұх (с.а.у) қауымын қаншама рет ақиқатқа шақырғанмен, азғынданып кеткен қауым Аллаһқа мойынсұнуға пейiл бiлдiрмедi. Нұх (с.а.у) олардан тек Аллаһқа мойынсұнуды ғана талап еттi. Бiрақ, азғынданған қауым Нұхты (с.а.у) "жынды" деп мазақ ете бастады.

Нұх (с.а.у) қаншама құқай көргенiне қарамастан, өз миссиясын орындаудан қажымады. Азғын қауым өкiлдерi Нұх (с.а.у) өлтiремiз деп қорқытып көрдi. Нұх (с.а.у) өлiмнен қорықпай, тәухид мен иманды ту етiп ұстап, азғын қауымға табанды түрде қарсы күрестi. Алайда, ақиқатты көруi тиiс көз, шындықты естуi тиiс құлақ, Хақты зiкiр етуi тиiс жүрек азып-тозған едi. Сондықтан, Нұх (с.а.у) Аллаһқа: "Ей Раббым, қауымым менi жасынға шығарды, менiмен олардың арасына Сен үкiм бер. Менi және менiң қасымдағыларды құтқар" деп жалбарынды.

Ұлы Жаратушы Нұх (с.а.у) дұғасын қабыл еттi. Нұх пайғамбарға (с.а.у) әуелi бiр кеме жасауды бұйырды. Жасалған кеменi Нұхқа (с.а.у) сенгендер келiп паналады. Азғынданған қауым Нұх (с.а.у) оған ерушi мүмiндердi келеке ете бастады. Нұх (с.а.у) болса, келеке етудi қоймаса, олардың басына зауал келетiнiн хабарлады. Бiрақ азғынданған қауымға бұл сөздер әсер еткен жоқ. Олар: "Ал, қанеки! Айтқан зауалың келсiн, көрейiк" деп келемеждеуiн тоқтатпады.

Ұлы Жаратушының әмiрiмен әрбiр жаратылған жыныс бiр-бiр жұптан және Нұхтың (с.а.у) соңынан ерген мүмiн отбасылар кемеге мiндi. Хақ Тағаланың бұйыруымен көк жүзiнiң қақпалары ашылып, жаңбыр нөсерлеп жауа бастады. Жер бетiндегi бұлақ көздерi бұрқақтап су шығарды. Жержүзi мен көк жүзiндегi сулар бiрiгiп, жер бетiн топан су басты. Нұх пайғамбардың (с.а.у) жұбайы мен ұлдарының бiрi азғын қауымның iшiнде болатын. Нұх (с.а.у) оларды қаншама рет ақиқат сенiмге шақырды. Алайда, жұбайы мен ұлы азғын қауым өкiлдерi секiлдi пәлекет келген болса, тау басына шығып құтылатынын айтып, иман келтiруден бас тартты. Хақ-Тағаланың әмiр етуiмен жер бетiн топан су басқанда Нұхты (с.а.у) тыңдаудан бас тартқан азғын қауыммен бiрге, оның жұбайы мен бiр ұлы да топан суға батты.

Нұх (с.а.у) кеменiң тыныш бiр жерге тұрақтауына дұға еттi. Ұлы Жаратушы оның дұғасын қабыл қылды. Ұлы Жаратушы: "Ей, Жер! Суды жұт, Көк жаңбырды доғар!" деп бұйырды. Бұл әмiрден кейiн әп-сәтте жер бұрқақтауын, көк күркiреуiн тоқтатты. Кеме Жуди тауына келiп тұрақтады. Осылайша, Аллаһқа иман етiп Нұх пайғамбардың (с.а.у) соңынан ергендер топан судан аман-есен құтылды.

Құран-Кәрiмде баяндалатын топан су оқиғасынан шығар түйiн: Залымдар, азғындар, топастар, көкiрегi көрлер мен кедей кепшiктi қор санағандардың басына зауал орнап, жер соғып қалып, ал, Аллаһ пен Пайғамбарларға мойынсұнғандардың соңғы нәтижеде табысты һәм бақытты болатындығына көз жеткiзе аламыз.

Бүгiнгi күнге жеткен деректерге қарағанда топан судан құтылғандар бидай, құрма секiлдi дақылдарды араластырып, ас дайындаған көрiнедi. Пiсiрiлген ас берекелi болғаны соншалықты, барлық адамдардың қағанағы қарқ болып, тоя тамақ жейдi. Арада мыңдаған жылдар өткенiне қарамастан, иман еткендердiң құтылған Ашура күнiне орай, мұсылман елдерiнде жыл сайын "Ашура" тәттiсi пiсiрiлiп, бұл күндi арнайы мереке ретiнде тойлайды. Мұхаррам айындағы Ашура мерекесiнде мұсылмандар дастарқанын дәмге толтырып, көршi-қолаң мен ағайын-туысты қонақ етiп, Нұх пайғамбарға (с.а.у) мойынсұнған мүмiндердiң топан судан құтылған Ашура күнiн еске алып, одан үлкен тарихи сабақ пен ғибрат алады.

Бұдан басқа Ибрахим (с.а.у)-ның отқа тасталып, ол оттан аман шығуы, Аюбған (с.а.у) сырқаттан айығуы, Мұсаның (с.а.у) Қызыл теңiздi Аллаһтың құдiретiмен қақ жарып, Перғауын әскерiнен аман есен құтылуы секiлдi оқиғалар да Мұхаррам айының Ашура күнi болған.

Ашура – Хақ жолындағы қауымдардың азғындықтың құрсауынан құтылған күнi. Сондықтан, адамзат баласы бұл ұлы жеңiстi әрқашан ұлықтап, азғындықтан бойын аулақ ұстап, тәубасынан жаңылмауға тиiстi. Әсiлi, дүниенiң аударылып-төңкерiлуi зұлмат емес, адам баласының ниетiнiң бұзылуы нағыз зұлмат. Себебi, Ұлы Жаратушы жаратқан құлдарын iзгi ниетiне қарай жарылқап, жаман пейiлiне қарай жазалайды. Бұл өзгермейтiн заңдылық, бұл заңдылықтан тек қана ғибрат алуға тиiстiмiз.

Ақмарал Сатыбалды, дiнтанушы

Серіктес жаңалықтары