МҰҚТАЖДЫҚ МҰҒАЛIМДЕРДI ЕРЕУIЛДЕТТI

МҰҚТАЖДЫҚ МҰҒАЛIМДЕРДI ЕРЕУIЛДЕТТI

МҰҚТАЖДЫҚ МҰҒАЛIМДЕРДI ЕРЕУIЛДЕТТI
ашық дереккөзі
208

Қырғызстанның бiрнеше аудандарында және қалаларында жарты айға созылған мектеп мұғалiмдерiнiң ереуiлдерi билiк өкiлдерiнiң уәделерiнен кейiн саябырлады.

1 желтоқсан күнi республиканың оңтүстiгiндегi Жалал-Абад облысының Базар Қорған ауданында басталған наразылық акциялары 7-8 желтоқсанда сол облыстың Сузақ ауданында, 9-10 желтоқсанда Ош облысының Өзген және Қара Құлжа аудандарында жалғасып, айдың екiншi онкүндiгiнде сол өлкенiң солтүстiгiн де шарпыды. 13 желтоқсанда Ыстықкөл облысының орталығы Қарақол қаласында және Жетi Өгiз ауданының орталығында өткен митингтердiң әрқайсысына 500-ден астам мұғалiмдер қатысты.

Мектеп мұғалiмдерiнiң талабы бiреу ғана, ол – жалақыларын көбейту. Ресми мәлiметке сүйенсек, қазiргi таңда мектеп мұғалiмдерiнiң айлық еңбек ақысы: категориясы жоқ, жас мұғалiмдер – 1134 сом (салыстыру үшiн: 315 сом – 1000 теңге); жоғарғы категориялы, тәжiрибелi маманның ақысы – 2782 сом. Бюджеттен айлық алатын қызметкерлердiң орташа табысы – 4200 сом. Жоғары айлықты Жоғарғы Кеңештiң депутаттары алады. Класстық шенi және сiңiрген еңбегi үшiн төленетiн үстеме ақыларын қоспағанда – 18 мың сом.

Өлкеде белең алған мұндай оқиғалардан соң, бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жетекшiлерi, жаңадан iске кiрiскен Жоғарғы Кеңештiң депутаттары облыстарға және аудандарға барып, мұғалiмдермен кездесулер өткiздi. Мұғалiмдер "Үкiмет айлығымызды 10 мың сомға дейiн (кейбiр жерлерде 15 мың сомға дейiн) көбейтсiн, әйтпесе бiр айдан кейiн мектепке сабақ беруге бармаймыз" деген талап қойып отыр.

14 желтоқсанда Қырғызстанның Уақытша (техникалық) Үкiметi Президент Роза Отынбаеваның қатысуымен бюджеттiк қызметкерлердiң еңбек ақыларын реформалау бойынша жедел жиналыс өткiздi.

Қаржы министрi Чоробек Имашев қазынада қаражаттың аз екенiн мәлiмдеп, әйтсе де, мұғалiмдердiң айлығын көтеру үшiн әртүрлi қаржы көздерiнен 1,3 миллиард сом табуға әрекет ететiнiн айтты. Сонда, ұстаздардың жалақысы 1200 сомға ұлғаяды.

Сөйтiп, мемлекет тарабынан қолда бар мүмкiндiк жасалмақшы. Бұған ереуiлшiлер қалай қарайды – мәселе сонда.

Республикадағы 2193 мектепте 1 миллион 36 мың оқушыға 60 мыңнан астам мұғалiм бiлiм беруде. ЮНИСЕФ-тiң зерттеуiне қарағанда, олардың 24 мыңы кедейшiлiкте өмiр сүрiп келедi.

Жақында халықаралық Экономикалық ынтымақтастық және даму (OECD) ұйымы PISA бағдарламасы арқылы оқушылардың бiлiм деңгейiн анықтау бойынша рейтинг жүргiзгенi мәлiм. Рейтингке қатысқан 65 өлкенiң iшiнен Қырғызстан ең соңғы орынды иемдендi.

Қырғызстанның бiлiм беру және ғылым министрi Қанат Садықов "мұндай артта қалушылық ұстаздардың және оқу кiтаптарының жетiспеушiлiгiнен, мұғалiмдердiң және оқушылардың әлеуметтiк жағдайының нашарлығынан" деп түсiндiрсе, зерттеу жүргiзгендер мұғалiмдердiң жауапкерсiздiгiне байланысты осындай болып отыр дегендi алға тартады. Таяқтың екi ұшы да қатты. "Не ексең, соны орасың" дегендей, арзымаған ақша төлеп, мемлекет мұғалiмдерден ненi талап ете алсын?! Сондықтан, Қырғызстанда қолында ақшасы барлар балаларын ақылы мектептерге беруге тырысуда.

Назарбек БАЙЖIГIТОВ, "Түркiстанның" Қырғызстандағы меншiктi тiлшiсi

Серіктес жаңалықтары