АҚ ЖАУЛЫҚПЕН АЛЫСҚАН АТЕИСТЕР

АҚ ЖАУЛЫҚПЕН АЛЫСҚАН АТЕИСТЕР

АҚ ЖАУЛЫҚПЕН АЛЫСҚАН АТЕИСТЕР
ашық дереккөзі
277

Осы күнi ойлап отырсам, нағыз дiннен безген шолақ белсендiлер бiздiң жақта болған екен. Бiздiң жақ деп мен сонау Моңғолияны айтып отырмын. Шаш ал десе, бас алатын осы жандайшаптар дiн-исламмен ғана күресiп қойған жоқ, тiптi жұрттың үстiне киген киiмдерiмен де алысқан кездерi болды. Сондай әсiре белсендiлер өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында аналарымыздың басындағы ақ жаулығымен алысты дегенге кiм сенедi. Айтуға ауыз бармаса да, дәл солай болғаны ақиқат.

Ел iшiне өкiлдер шығып: "Бұл барып тұрған ескiлiктiң қалдығы, надандықтың белгiсi. Бұдан былай жаулықтарыңды сыпырып тастап, жалаңбас жүресiңдер орамал саласыңдар", – деп дiкеңдедi. Ол кезде жаңа түскен келiндер бiр жыл бойы желек жамылатын. Сосын көпшiлiгi жаулыққа, яғни Абақ керейлердiң тiлiмен айтқанда, кимешек-шылауышқа көшетiн. Кербез келiншектер, бақуатты жерден шыққан байсалды, серi бәйбiшелер төбелдiрiгi бар, жиегiне шашақ төгiп, төбесiне үкi қадаған сәндi шылауыш киедi. Ал кимешектiң жағына түрлi-түстi жiбек жiптермен таңдай өрнек салады. "Басында қырық түйреуiш, сексен маржан" дегендей сәнқой, серi әйелдер кимешек-шылауышқа күмiс теңге, iнжу-маржан кигiзiлген түйреуiш, шұбыртпа күмiс тағып алады. Асарын асап, жасарын жасаған жасы үлкен әжелер, жесiр қалған қаралы әйелдер онша сәнденбей, жай ғана бiрнеше сырыған қарапайым кимешек-шылауыш киедi. Шылауыш-кимешек кимей, басына орамал салған әйелдердi жаппай "жалаңбас" деп атайтын. Тағы да керейлердiң тiлiмен айтсақ, орамал салуды "шыт тарту" дейтiн.

Ал керей қыздары болса шетiн жiңiшкелеп көмкерген, бұрыштарына аздаған өрнек салып кестелеген ақ шытты әуелi шаршылап, сосын үш-төрт елiдей етiп бүктеп, бiр шекесiнен түйiп байлап алатын. Шыттың түйiнi маңдайға немесе желкеге емес, тура шекеге дөп келуi тиiс. Шыттың шаршы бұрышының ұшы, сiрә сүйемнен аспайтын. Сәл-пәл сәнденгiсi келген бойжеткендер шытының осы шаршы бұрышын молырақ шығарып қоюды ұнататын. Ондайда шешелерi "әйел болуға асықтың ба, онысы несi-ей патшағардың" десiп қыздарына ұрсып жатады. Сол төрт елi боз орамал бойжеткенге айрықша жарасып, әрi оның он екiде бiр гүлi ашылмаған бiреудiң ардақтысы екендiгiн айғақтап тұрар едi.

Иә, сөйтiп өткен ғасырдың алпысыншы жылдары қазақ әйелдерiн "жалаңбастау", яғни "жаулықтан құтқару" науқаны жүргiзiлдi. Әлi көз алдымда, ауылдың кимешек-шылауыш киетiн әйелдерi: Нұрғайша, Зәмзәм, менiң шешем де бар бiз сияқты қарасирақ балаларды ауыл сыртындағы өкiлдер асып келетiн мойнаққа қарауылға қоятын. Киiм киiсi мен тұрпаты өзгешелеу, әсiресе әскери сөмке қанжығалаған бейсауат адам келе жатса, жан ұшыра жүгiрiп ауылға хабар айтамыз. Шешелерiмiз бастарындағы жаулықты сыпырып тастап, дереу шыттарын тарта қояды. Өкiлдердiң қарасы қыр аса бере қайтадан жапа-тармағай кимешек-шылауыштарын киiп жатар едi. Кейде өкiл емес жай бiр беталды жүргiншiнi немесе басқа бiр жақтан жолаушылап келе жатқан көптен көрiнбеген туыстарымызды да өкiлмен шатыстырып аламыз. Ондайда шешелерiмiз жаулықты бiр шешiп, бiр киiп әбден әбiгерленiп қалады. Кейде ауыл әйелдерiн әдейi дүрлiктiрiп, күлкiге кенелу үшiн жүргiншiлердi жорта танымай, өтiрiк "ентiгiп" жететiн кездерiмiз де болады. Шешелерiмiз бiр шикiлiктi сезiп қалса сабау мен көсеудiң қайсысы бұрын қолға түскенiн ала ұмтылар едi. Адуындау бiреулерi қарғыстың астына алады. Оған қыңатын бiз жоқ, "маңдайына өкiл деп жазып қойып па, бiз қайдан бiлемiз" десiп өтiрiк ақталамыз.

Сонда мойындарына сөмке асынып, әлдеқандай болып әкiреңдеп келетiндердiң көбiсi өзiмiздiң шала сауатты қазақ белсендiлерi, ауыл арасының "атқа жеңiл" шабармандары. Бұл сорақы науқан көпке созыла қойған жоқ, бiрақ та көптеген қазақ әйелдерi "самайларын жасырған, айбындарын асырған" ақ шатырдай жаулықтарынан айырылып, жалын күзеген жылқыдай сымпиып шыға келгенi есiмде…

Аналарымыздың ажары болған ақ жаулықпен айқасқан дiн-исламның ғұрыптарымен де ата жауындай күресiп бақты. "Қазақтар өлiм-жiтiмге, жаназаға көп барады, жұмыс уақытын рәсуа етедi, ас берiп, қоғамның мал басын кемiтедi" деген айыптаулар партия активтерiнiң жиналыстарында, саяси сабақтарда жиi айтылып жатады. Оны ел iшiне шығатын үгiтшi-насихатшылар тiптен iсiрiп-кептiрiп жеткiзедi. Өкiмет пен партияның көзiне түскiсi келген кейбiр жағымпаз атқамiнерлер немесе билетiнен айырылып қалудан қорыққан партия белсендiлерi қаза үстiнде дұғаға қол жаймай, жаназаға қатыспай кетiп қалуға дейiн барды.Ондайлар әр бiр мұсылманға уәжiп болып саналатын сүндетпен де аяусыз атысты. "Сүндетпен мұсылман болмайсың, шашпен кәпiр болмайсың" деген масқара "мәтелдi" ойлап тапқан да солар болар. Ауыл аралап, жасырын бала сүндеттейтiн кiсiлердi түрмеге қамап, қорқытып-үркiтiп отырды.

Ең сорақысы, бұлар ұлттық құндылықтарымыз бен дiни наным-сенiмiмiздi жоюды көздегенде оған қарсы күрес құралы ретiнде арақ пен темекiнi, тағы басқа жағымсыз жат ғұрыптарды қазақтың күнделiктi өмiрiне күштеп енгiзуге тырысты. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, белгiлi мемлекет және қоғам қайраткерi Зардыхан Қинаятұлы: "…Мұңғылда 1947 жылдан бастап қазақ кәменестерiне арақ iшудi үйрену және бұл салада көпшiлiкке үлгi көрсету туралы партиядан ресми әрi құпия тапсырма берiле бастады. Мұның екi түрлi мақсаты болды, бiрi халықты араққа үйрету арқылы аймақта жаңадан құрылған азық-түлiк өндiрiсiнiң "негiзгi" өнiмi – арақты өткiзу болса, екiншiсi, қазақ жан-дүниесiн "ескiлiктен" тазарту едi…" деп жазады "Жылаған жылдар шежiресi" атты еңбегiнде.

Иә, осындай күндер де өттi-ау ел басынан…

Аманжол АҚЫН,

Қарағанды

Серіктес жаңалықтары