ҮЙ ӨЗIМДIКI ДЕМЕ...
ҮЙ ӨЗIМДIКI ДЕМЕ...
"Атың шықпаса жер өрте". Осы "нақылға" бой ұрып, әлемнiң назарын аңсаған американдық "Wikileaks" сайты АҚШ Үкiметiнiң құпия құжаттарын жер жаһанға жайып салды. Сырт көзге алынбас қамал көрiнетiн Ақ үйдiң жасырын хаттарының 250 мың данасын "Wikileaks" ұйымдастырушыларының қолына Орталық Барлау басқармасы (FBI) қызметкерi табыс еткен.
Иә, құпия хаттар мен мәлiметтердiң ешбiр құпиялылығы қалған жоқ. Бұл мәселеде өз пiкiрiн бiлдiрген АҚШ президентi Барак Обама айтарлықтай ашу бiлдiрiп, санын соға қоймады. Десе де "Үкiмет келiссөздерi маңызды шаруа, бiрақ құпия құжаттарды ұрлау және жария ету нағыз қылмыс" деп мәлiмдегенi рас. Әзiрге бұл жанжалды түйткiлге қатысты қылмыстық тергеу жүрiп жатыр. Айтқандай, бұл мәлiметтерде көптеген маңызды мәселелердiң құпиясы ашылып қалды. Айталық, АҚШ-тың Ауғанстанды бомбалаудан бастап, Сауд Арабиясы, Иран, Ирак, шынын айтқанда, бүтiндей мемлекеттердiң iшкi және сыртқы саясатына өзгерiстер енгiзу төңiрегiнде әңгiме болған, бұл хат беттерiне жүйелi түрде түсiрiлiп отырған. Сондай-ақ, соңғы кездерi өзара шабуылға сақадай-сай отырған қос Корея елдерiнiң мәселесi де шет қалдырылмапты. Мiне, осы төңiректес халықаралық келiссөздер де сайттан орын теуiптi. Осы мәселеге қарай Ақ үйде өткен баспасөз-конференциясында Ақ үйдiң ресми өкiлi Роберт Гиббс "халықаралық аренада туындаған күрделi мәселенi шешуде АҚШ-қа жүгiнбеу әбестiк. Себебi, АҚШ бұл ретте көшбасшы. Осы құжаттардан АҚШ-тың келiссөз жүргiзу қабiлетi төмендеп, болмаса жаһандық және аймақтық қақтығыстарды реттеуге кесiрi тиетiнiне мен сенбеймiн" дедi. Ақ үй өкiлiнiң сөзiнен-ақ мұхиттың арғы бетiнде отырған Ақ үй басшылығының көп нәрсеге қол сұғып отырғанын байқауға болады.
"Iштен шыққан жау – Wikileaks" сайты бұған дейiн де рейтингiн бiраз уақыт аспандатқан болатын. 2007 жылы Иракта тiкұшақпен соққы беру және Ауғанстанда жоспарланған қарулы қақтығыс туралы 75 мың құжатты алдын-ала жариялаған. Алайда бұл кезде әскери бақылау сарапшысы болған Брэдли Маннинг құпияны жария еттi деген айыппен әскери тұтқында отыр. Ол кезде Ауғанстан мәселесi жөнiндегi бейнетаспалар мен дипломатиялық мәлiмдемелер берiлген едi.
Соңғы кездерi саясат сахнасында сылаң қаққан Хиллари ханым құжаттарды ұрлағандарды тауып, жазасын беру қолға алынғанын жеткiздi. Сөйте тұра, зардап шеккен жалғыз бiз емес деп кеуде көтеруде. Кеше ғана ЕҚЫҰ Саммитiнде сөз сөйлеген Х.Клинтонның бұл тұрғыда шыр-пыр болуының өзiндiк себептерi бар. "Wikileaks" сайтының көзiрi десек жарасар, бастапқы бетте Клинтон ханымның БҰҰ-ның қас-қабағы мен әрбiр басқан қадамын аңдуға бұйрық бергенi ашықтан-ашық жазылыпты, дейдi Еуроньюс ақпарат агенттiгi. Ал жалпы, Пентагонның жүргiзiп отырған "салиқалы" саясатының бiр бөлшегi осы. Ақ үйде арнайы комиссия құрылып, оған басшы да тағайындалып үлгердi.
Қашанда "америкалық армандардың орындалуымен әйгiлi" АҚШ-қа бұл бетi ашылу ерсi емес. Сонау 1972-74 жылдарды еске алсақ, журналистика тарихында елеулi жаңалық ашқан "Вашингтон Пост" газетiнiң қос репортерi Боб Вудворд пен Карл Бернстин қонақүйден жазып алған құпия мәлiметтердi баспасөз бетiне басып шығарды. Тарихта "Уотергейт оқиғасы" деп танылған жағдайдан соң сол тұстағы АҚШ президентi Ричард Никсон амалсыз тақтан да тайған едi. Мұны, әрине, қазiргi уақытпен салыстыра алмаймыз. Мерзiмдi баспасөзге түскен мақала "атылған оқпен" тең едi десек ағат айтпағандық. Ал виртуалды басылымды тек желi арқылы оқуға болады, ендеше ақпараттың пәрменi де бәсеңдеу болса керек.
Бұл арандатушылық жөнiнде әлемдiк саясат саңлақтары да шет қалған жоқ. Қашан да солтүстiгiндегi алпауыт Америкаға тiсi қайраулы Венэсуэла президентi Уго Чавес "Wikileaks" сайтының ерлiгiне жан-тәнiмен сүйсiнуде. Тiптi, "бықсығын" бетке басқан батыл қадамға балады. "Олар барлық жасанды этикалық принциптерiн ысырып қойып, әрiптестерiне ешқашан оң көзбен қараған емес" дедi. Бұл өз кезегiнде сайтта берiлген әлем көшбасшылары туралы балағат теңеулерге қатысты айтылса керек. Сондай-ақ, Иран президентi Махмұд Ахмединежад құпия құжаттарды Ақ үй басшылығымен қасақана жариялап отыр деген пiкiрде. Десе де Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ Саммитiнде бұл мәселе көп сөз бола қойған жоқ, Мемлекеттiк хатшы, Сыртқы iстер министрi Қанат Саудабаев бұл инциденттi сабырлы қабылдап отырғанын, сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ арасында осының кесiрiнен қандай да бiр түсiнiспеушiлiк болмайтынын айтты.
АҚШ айбарынан қаймықпаған "Wikileaks" тағы да бiр топ құжаттарды жариялауға дайын отыр. Десе де, Құрама Штаттар қол қусырып отырған жоқ, аталмыш сайтты бiрнеше рет жауып тастады. Бiрақ ғаламторда басқа атаумен сайт жарыққа шығуын тоқтатпай келедi. Мұның анық-қанығын ажыратып, өз көзiмiзбен көру үшiн бiз де электронды желiде "Wikileaks" сайтының мекенжайын терген едiк. Сөйтсек, сайттың негiзiн салушы Ассанж Джулиан сайтты басқа атпен ашып қойған. Бүгiнде Интерпол арқылы iздеу салынған А.Джулиан әлемнiң түкпiр-түкпiрiнде отырып, АҚШ үкiметiне үздiксiз хат жiберiп жүрген. Солардың бiрiнiң мазмұнында "менi қолға түсiрген күнде, тағы бiр топ құпия мәлiметтердiң әлем назарына ұсынылатыны" жазылған екен, ондай күн туа қалса, АҚШ-тың басына әңгiр-таяқ ойнайтын күн алыс емес деп те ескертiптi ол. Өз бостандығын құпия құжаттарға айырбастап, ары қарай да "Wikileaks" сайтының жұмыстарын жүргiзiп отыра беретiнiн жасырған жоқ. Алайда, сейсенбiде Ассошиэйтед Пресс агенттiгi оның Ұлыбританияда тұтқынға алынғанын мәлiмдедi.
Осылайша, құпия мәлiметтер әлi де еш кедергiсiз оқырман назарында. Сiрә, "Үй өзiмдiкi деме, үй сыртында кiсi бар" деп осындай жағдайға қатысты айтылса керек.
Әлем мемлекеттерiнiң танымал тұлғалары түгелдей 250 мың хаттың iшiне сыйып кетен. Ендiгi кезекте АҚШ Үкiметi хат алмасқан барлық тұлғаларды шақырып отыр. Олардың iшiнде АҚШ-тың түрлi елдердегi елшiлерi және басқа да қоғам қайраткерлерi бар. Ендеше хатқа қатысы бар тұлғалар бәрiн тастап, АҚШ-қа ағыла ма? АҚШ-тың Қазақстандағы елшiсi Ричард Хоугланд мырза ше?..
Ақниет ОСПАНБАЙ