ӘЛЕМДЕ "АҚ АЛТЫНҒА" СҰРАНЫС АРТТЫ

ӘЛЕМДЕ "АҚ АЛТЫНҒА" СҰРАНЫС АРТТЫ

ӘЛЕМДЕ "АҚ АЛТЫНҒА" СҰРАНЫС АРТТЫ
ашық дереккөзі
195

Әлемдiк нарықтағы астық, жүгерi мен сояның қымбаттауы, тұтынушылық сұраныстың артуы және Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiндегi тiгiн-тоқыма өнеркәсiбiнiң қарқынды дамуы мақтаның құнын арттырды. Бүгiнде Орталық Азиядағы бiрқатар ел мақтаның арқасында экономикалық және әлеуметтiк ахуалын түзеп алғаны ақиқат.

Халықаралық мақта жөнiндегi кеңестiң (IСАС) хабарлауынша, 2010-2011 жылдардағы бүкiл әлемде мақта бағасының өсуi экономикалық дағдарыстан ес жия бастаған әлемдiк нарықтағы тұтынушылық сұраныстың артуына байланысты. Ал 2009-2010 жылдардағы мақта тапшылығы 16,4 млн. тайға жеткен. Бүгiнде Жер шары бойынша мақта өнеркәсiбiн жолға қойғандардың алғашқы легiнде Қытай, АҚШ, Үндiстан, Пәкстан, Өзбекстан т.б. тұр. Бұл алғашқы бестiк – дүниежүзiлiк мақта нарығын 75-80 пайыз шикiзатпен қамтамасыз етушi елдер. Соңғы кездерi Оңтүстiк-Шығыс Азия елдерiндегi, әсiресе, Қытайдағы тiгiн және тоқыма өнеркәсiбiнiң қарқынды дамуының арқасында мақта талшығына деген сұраныс күшейiп, жыл сайын мақтаны өңдеу саласындағы көрсеткiштер 30 пайызға өсiп отырған. Алайда, әлем бойынша тұтынылатын "ақ алтынның" 40 пайызға жуығын еншiлейтiн қытайлар iшкi нарықты толық қамтамасыз етуге қауқарсыз. Өйткенi, жылына 6 млн. тонна мақта өндiретiн аспанасты елiндегi сұраныс бүгiнде 13 млн. тоннадан асып түседi. Әлемдiк нарықтағы астық, жүгерi, сояның қымбаттауы мақта бағасының өсуiне де ықпал еткен. Экономикалық дағдарыстан кейiн халықаралық биржалардағы қаражаттың қор нарығынан шикiзат саласына қарай ағылуы да мақтаның 62 пайызға дейiн қымбаттауына себеп болып отыр. Үстiмiздегi жылдың 26 қарашасында Нью-Йорктегi құрлықаралық биржада 1 тай "ақ алтынның" құны тарихта болмаған деңгейге, яғни, 1,2854 долларға шығандады. Мақта саласында жүрген мамандардың айтуынша, бұл 140 жылдық тарихы бар мақта нарығында бұрын-соңды болмаған жайт. Тек соңғы 40 жылда 1 қадақ мақтаның бағасы небары екi рет 1 доллардан сәл ғана асқан көрiнедi. Әсiресе, "ақ алтын" биыл маусым айынан бастап қымбаттай бастаған едi. Мақта өнеркәсiбiнiң көлемi жағынан әлем бойынша 4-орынды иемденетiн Пәкстандағы селдiң кесiрiнен мақтаның басым бөлiгi зардап шектi. Сондай-ақ, биылғы ауа райының қолайсыздығы АҚШ пен Қытайға да керi әсер еткенi мәлiм. Әсiресе, мақтаны өсiру және импорттауда Жер шарында ең iрi мемлекет саналатын Қытай шығынның орнын толытра алмай әлек. Ал екiншi орындағы Үндiстан iшкi нарықтағы сұранысты қанағаттандыру мақсатында "ақ алтынды" экспорттауға қатысты қойылған шектеулерден әзiр бас тартпайтынын мәлiмдедi. Осылайша, мақтаның бiтiк шықпауы нарықтағы баға тұрақсыздығына әкеп соқты. IСАС жыл соңына дейiн егер Үндiстан мақта экспортына қойған шектеуден бас тартса, әлемдiк нарықтағы бағаның төмендеуi мүмкiндiгiн айтады.

Халықаралық нарықтағы сұраныстың артуы нәтижесiнде Қазақстан, Өзбекстан, Түркiменстан, Әзiрбайжан мен Тәжiкстан секiлдi Орталық Азия мемлекеттерi мақта өнеркәсiбiне деген талапты күшейтiп, жағдай жасауға, сондай-ақ, мақта өсiретiн алқаптарды барынша кеңейтуге ден қойды. Бұған дейiн ауыл шаруашылығы саласындағы мақтадан басқа өнiмдердiң жоғары бағалануы шаруаларды мақта өнеркәсiбiнен едәуiр алыстатқан болатын. Кейiнгi кездерi керiсiнше, мүмкiндiгi барлар мақтаны баптауға құлшына кiрiсуде. Биыл 5 млн. тоннадан астам мақта алатын орталықазиялық елдердiң әсiресе, жан басына шаққандағы ЖIӨ өзгелерден әлдеқайда төмен Өзбекстан мен Түркiменстанның экономикалық жағдайын түзеп алуына жағдай жасамақ. Сонымен қатар биыл 300 мың тонна "ақ алтын" жинауды көздеп отырған Тәжiкстандағы экономикалық көрсеткiштер 2010 жылдың алғашқы жартысында едәуiр өскен көрiнедi. Арнайы есеп-қисаптарын түзген түркiмендер болса, басы артық мақтасын барынша қымбатқа сатуды жоспарлауда. Президент Бердiмұхамедов қол астындағы шенеунiктерге дүниежүзiлiк мақта нарығын барынша жiтi зерттеуге жуырда нұсқау бердi. Биыл 550 мың гектарға мақта еккен түркiмендер 1 млн. тоннаға жуық мақта талшығын жинап алған екен. "Ақ алтынды" өсiруде көршiлес мемлекеттермен қызу бәсекеге түскен Қазақстан Үкiметi де үстiмiздегi жылы "Азық-түлiк корпорациясы" ҰК" АҚ арқылы 2,5 млрд. теңге көлемiнде 2 пайыздық үстемақымен несие бөлдi. Гектарына 45 мың теңгеден есептелген бұл несие мақта өсiрумен айналысатын 10 мың нысанға үлестiрiлiптi. Жалпы елiмiздiң оңтүстiк өңiрiне орналасқан мақта алқаптарындағы жағдай жаман емес. Мысалы, Қазақстан тәуелсiздiк алғалы берi алғаш рет ең жоғарғы көрсеткiшке қол жеткiзген арыстықтар жуырда гектарына 30 центнерден мақта жинады. Бастапқыда жылдық меженi 1500 тонна деп белгiлеген шаруалар алғашқы терiлiмде-ақ 1503 тонна жинаған. Бұл 678,5 гектардың 458,5 гектарынан ғана алынған өнiм. Оның үстiне, әлемдiк нарықтағы бағаның артуы iшкi нарықтағы қымбатшылыққа әсер еткен. Мәселен, "Қазақстан мақтасы" АҚ мақта өңдеу зауыты шаруалардан мақтаның әр келiсiн былтыр 60 теңгеден алса, биыл бағаны 130 теңгеге көтерiптi. Бұл соңғы он жылда болмаған жағдай. Бiрақ мақта өнеркәсiбiн дамытуға су тапшылығы қолбайлау болып отыр. Осы себептi, үстiмiздегi жылдың маусымында ҚР ауыл шаруашылығы министрлiгi су тапшылығына байланысты елiмiздегi мақтаға арналған суғармалы жерлердiң көлемiн азайтуға ұсыныс жасады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары