ХАЛЫҚТАР СЕНIМIН АРҚАЛАҒАН АСТАНА

ХАЛЫҚТАР СЕНIМIН АРҚАЛАҒАН АСТАНА

ХАЛЫҚТАР СЕНIМIН АРҚАЛАҒАН АСТАНА
ашық дереккөзі
233
Саммиттен халықаралық қауымдастық не күтедi?
 

Апта басталғалы берi Астана қаласында ЕҚЫҰ Саммитiн өткiзуге байланысты қарбалас та басталып кеттi. Қалада жүрiп-тұрудың жаңа тәртiбi орнап, сол жағалау мен оң жағалаудың бiр-бiрiне қатынауының өзi қатаң тәртiп жүйесiнде жүзеге асырылып жатыр. Бiр айға жуық уақыт Астана қаласынан өзге қаланың көлiктерi, өзге қала тұрғындары және баспанасыз қаңғыбастардың барлығы шығарылды. Депутаттар Саммит кезiнде демалысқа жiберiлген. Оқу орындары уақытша жабылды. Астананың әуежайы iшкi рейстердi қабылдауды тоқтатты. Қызметкерлер де осы күнi демалыста.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСЫМ БАҒЫТ Бұның объективтi және субъективтi себептерi де толып жатыр. ЕҚЫҰ Саммитi бұған дейiн Түркияның Стамбұл қаласында өткеннен берi 11 жыл өтiптi. Сарапшылар, Саммиттiң ұзақ уақыт бойы өткiзiлмей келгенiн ЕҚЫҰ-ға мүше 56 елдiң өкiлдерiнiң түрлi терактiлерден қорқуынан деп түсiндiруде. Әрi ЕҚЫҰ құрылымының дағдарысымен байланыстырады. Әлемдiк саясаткерлер Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы ұйымға жаңа серпiлiс бергенiн және түрлi деңгейде саяси дағдарысты басынан кеше бастаған Еуропадағы ең беделдi құрылымның жұмысының жанданғанын айтады. Демек, ең үлкен сенiм – Астана қаласына жүктелдi. Ендеше осы сенiмнiң үдесiнен шығу үшiн Астананың бар мүмкiндiктердi пайдалануға тырысып жатқаны түсiнiктi. Елбасының биылғы Қазақстан халқына дәстүрлi Жолдауының "Сыртқы саясат" атты бөлiмiнде "Қазақстанның жоғары халықаралық беделi бiздiң елiмiзге Еуропадағы қауiпсiздiк және ынтымақтастық жөнiндегi ұйымға төраға болуға мүмкiндiк бердi. Бұл – бiз үшiн үлкен абырой. Бұл – ЕҚЫҰ-ға адамзаттың жаңа тарихындағы аса күрделi кезеңде төрағалық етудiң аса жоғары жауапкершiлiгi. ЕҚЫҰ оған қатысушылардың бiрегей географиялық құрамымен – ал бұл үш құрлықта орналасқан 56 мемлекет, мемлекеттердiң өзара ықпалдасуының бай тәжiрибесiмен халықаралық қауiпсiздiк пен ынтымақтастықтың шешушi тетiктерiнiң бiрi болып табылады. Қауiпсiздiк жөнiндегi аса ықпалды ұйымға қазақстандық төрағалық мынадай ұранмен өтетiн болады: "Сенiм. Дәстүр. Ашықтық. Төзiмдiлiк". ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттер Қазақстанның жоспарларына, сонымен қатар, үстiмiздегi жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның Саммитiн өткiзу туралы менiң ұсынысыма қолдау бiлдiрдi. Мен Саммитте ЕҚЫҰ-ның жауапкершiлiгi аймағында қауiпсiздiктiң көкейкестi проблемаларын, Ауғанстандағы жағдайды және төзiмдiлiк мәселелерiн талқылауды ұсындым" деген едi. Демек, Елбасы Жолдауындағы сыртқы саясаттағы басым бағыт – ЕҚЫҰ-ға төрағалық және ЕҚЫҰ Саммитiн Астанада өткiзу секiлдi жаһандық маңызы бар мәселенiң ойдағыдай өтуi – елiмiздiң халықаралық беделiн тағы да бiр асқақтату болып табылады. Ендеше осы маңызды саяси оқиғадан халықаралық қауымдастық не күтедi? Осыған жауап iздеп көрсек. ТМД-дағы ШИЕЛЕНIСТЕР Өзгенi былай қойғанда, Саммит күн тәртiбiнде қаралуға тиiстi ТМД кеңiстiгiндегi даулы мәселелердiң өзi бiршама. Қырғызстандағы ұлтаралық араздық: елдiң оңтүстiгiндегi өзбектер мен қырғыздардың проблемасы; Армения мен Әзiрбайжан арасындағы Таулы Қарабах түйткiлi, Молдовадағы Приднестровье, Грузия мен Ресей арасындағы геосаяси ойынның құрбанына айналып отырған Оңтүстiк Осетия мен Абхазия мәселесi. Бұған Орта Азиядағы ең тұрақсыз мемлекет Ауғанстанда саяси тұрақтылық орнату, халқын сауаттандыру, қарулануды азайту, есiрткi саудасын тоқтату және терактiлердiң алдын алу секiлдi толып жатқан жаһандық проблемалар қосылады. Демек, Саммиттiң көтерер жүгi ауыр. Сарапшылардың пiкiрiне сүйенсек, 1988 жылдан берi жалғасып келе жатқан Әзiрбайжан мен Армения арасындағы жер дауына бұл Саммитте нүкте қойылуы мүмкiн емес. 1988 жылдың ақпан айында жергiлiктi тұрғындарының басым көпшiлiгi армяндар болып келетiн Таулы Карабах автономия облысы Әзiрбайжан құрамынан шығатынын мәлiмдейдi. 1991 жылы осы облыстың орталығы болып саналатын Степанакертте Таулы Карабах Республикасы құрылғаны туралы жарияланды. Ресми Баку бұл актiнi заңсыз деп танып, кеңес жылдары өмiр сүрiп келген Карабах автономиясын жояды. Бұның соңы қарулы қақтығысқа ұласып, ол 1994 жылдың 12 мамырына дейiн жалғасқан болатын. Дәл осы күнi татуласу жайлы келiсiм күшiне енген едi. Оның нәтижесiнде Әзiрбайжан Таулы Карабахты мүлдем қолынан шығарып, оған жапсарлас 7 ауданды да бақылау мүмкiндiгiнен айрылады. 1992 жылдан ЕҚЫҰ-ның Минск тобы аясында шиеленiстi реттеу мақсатында келiссөздер жүргiзiлiп келедi. Бұл топтың тең төрағалары АҚШ, Ресей және Франция. Әзiрбайжан аумақтық тұтастығын сақтауды көздесе, Армения мойындалмаған республиканың мүддесiн қорғайды. Арменияның NEWS.am сайтында осы мәселеге орай үш жақты кездесудiң өткенi және Әзiрбайжан тарапынан Кавказда тұрақтылық пен бейбiтшiлiк орнату мақсатында шиеленiстi реттеу жөнiндегi "Жол картасы" ұсынылғаны жазылады. "Өңiрдегi шиеленiстi шешудiң бiрден-бiр жолы – осы" дейдi, бұл мәселеде ара ағайындық жасап жүрген Ресей тарапы. Бiрақ, Армения бұл ұсынысты қабыл алуға даяр емес. Армения билiгiнiң тiзгiнiн ұстап отырған Республикалық партиясы жетекшiсiнiң орынбасары Галуст Саакян Ереванның өз ұстанымынан бас тартпайтынын, Карабахтың мәртебесi мойындалғанша ешқандай "Жол картасына" қол қойылмайтынын мәлiмдедi. "Жол картасы" – дегенiмiз желеу ғана, бiз үшiн ең маңыздысы Карабахтың мәртебесiн қайтару" деген едi ол. Мәскеу мемлекеттiк университетiнiң тарих факультетi деканының орынбасары, саясаттанушы Алексей Власов бүгiнгi Саммиттiң Таулы Карабах мәселесiн реттеуде нәтижелi боларына күмән келтiредi. Әзiрбайжандық AZE. Az интернет сайтына берген сұхбатында ол: "ЕҚЫҰ-ның қазiргi төрағасы Қанат Саудабаев Кавказдағы шиеленiстердi реттеудiң жол картасын бiрнеше рет ұсынғанымен, нәтиже бермедi. Сондықтан. Бұл Саммитте Таулы Карабах шиеленiсi оң шешiм табады деу қисынға келмес" деп сенiмсiздiк бiлдiрдi. ЕҚЫҰ-ның шиеленiстердi болдырмау орталығының директоры Херберт Зальбер бұған мүлдем қарама-қайшы пiкiр ұстанады. Оның ойынша, Астана саммитi Карабах шиеленiсiн бiржақты етуге оң қадамдар жасауы мүмкiн. Қалай дегенмен де, қос мемлекет басшыларының бiр үстелде отырып, даулы территория жайында келiссөздi бастауының өзi – Астана Саммиттiнiң жемiсi дер едiк. Молдова мен Приднестровье: Молдова бұл Саммитте Приднестровье мәселесiн шешемiз деп үмiттенедi. Оның үстiне биыл Приднестровье мәселесiнде бiршама алға жылжушылық байқалады. Оның бастысы – Приднестровьеден Ресей әскерилерiн шығару. Молдованың республикалық декларациясы 1999 жылғы Түркияда өткен ЕҚЫҰ Саммитiнде қабылданып, 2002 жылы Португалияда өзгерiстер енгiзiлген болатын. Жаңа декларация қабылдауға үнемi Ресей әскерилерiнiң Приднестровье аумағынан шығарылмағандығы бөгет боп келген. Бұл жолы жаңа декларацияның қабылданатындығына сенiмдi. Молдованың Сыртқы саясат қауымдастығы баспасөз клубының атқарушы директоры Виктор Кирилэ: "ЕҚЫҰ Саммитiнде Приднестровье шиеленiсiн реттеу мазмұнындағы жетiстiктер Молдова Республикасы жөнiндегi декларацияда көрiнiс табады деп үмiттенемiз" деген мәлiмдеме жасаған. Грузия мен Ресей: Грузия Ресейдiң Абхазия мен Оңтүстiк Осетияға күн сайын iлгерiлеп енiп келе жатқанын айта отырып, ЕҚЫҰ Саммитiнен үлкен үмiт күтетiндiгiн мәлiмдейдi. Грузия, Ресейдiң iс-әрекетi бұл Саммитте сыналатындығына сенiмдi. Қырғызстан: Қырғызстандағы саяси тұрақсыздықты реттеуде ЕҚЫҰ мен оған төрағалық етушi Қазақстанның рөлi жоғары болғандығын сарапшылар мәлiмдеп отыр. Онда Парламенттiк билiктiң салтанат құруына, елдiң оңтүстiгiндегi ұлтаралық араздықты ауыздықтау мақсатында ЕҚЫҰ-ның қарулы күштерiн енгiзу көзделiп отыр. Қырғызстанның жаңа билiгi ЕҚЫҰ-ның бұл әрекетiмен келiсiп отыр.
Есенгүл КӘПҚЫЗЫ, Әсет ТҰРДЫҒҰЛОВ, Қазақстан Гуманитарлық-саяси коньюктура орталығының бас сарапшысы

Серіктес жаңалықтары