Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ: ҚЫЗЫЛОРДА – АТА-ДӘСТҮР ОРДАСЫ

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ: ҚЫЗЫЛОРДА – АТА-ДӘСТҮР ОРДАСЫ

Мархабат ЖАЙЫМБЕТОВ: ҚЫЗЫЛОРДА – АТА-ДӘСТҮР ОРДАСЫ
ашық дереккөзі
345

Соңғы жылдары Сыр өңiрiнiң бас қаласы Қызылорда үлкен дүмпудi бастан өткеруде. Шаһар заманауи ғимараттармен көркейiп, жаңа тұрпатта өсiп келедi. Дегенмен, әр қаланың өзiндiк болмысы, қайталанбас өрнегi болары анық. Ал Қазақстанның алғашқы астанасы болған, тарихи мекен Қызылорда қаласының бүгiнгi болмысы қандай? Осы орайда, Қызылорда қаласының әкiмi Жайымбетов Мархабат мырзаға бiрнеше сауал қойдық.

– Қазақстанның солтүстiк аймақтарындағы жер-су атауларына қатысты дау қоғамдық дүрбелеңге айналды. Петропавл мен Павлодар қалаларының бұрынғы тарихи қазақы атауын қайтару керек деген пiкiр бұрыннан берi айтылып келедi. Осы орайда, бiр кезде Қызылорда қаласына бұрынғы Ақмешiт атауын қайтару жөнiнде пiкiр айтылғаны, қоғамдық ортада, бұқаралық ақпарат құралдарында талқыланғаны есiмiзде. Ал қазiр мұндай ұсыныс, талап бар ма?

– Қызылорда қаласы – облысымыздың әкiмшiлiк, мәдени және экономикалық орталығы. Автомобиль, су, әуе және темiр жолдардың маңызды торабы. Сырдария өзенiнiң (төменгi ағысында) оң жағында орналасқан.

Алғаш рет 1817 жылы iргесi қаланған. Қызылорда қаласы 1853 жылға дейiн Ақмешiт аталып, қоқандық шағын қамал болды. Орыс әскерi келгеннен кейiн оған Перовск деген ат берiлдi.

Қазан төңкерiсiне дейiн қала Түркiстан өлкесiнiң Сырдария облысындағы уезд орталығы болды. Революция жеңгеннен кейiн қалаға бұрынғы Ақмешiт аты қайтарылып, 1925 жылы Қызылорда деп аталды.

1925-29 жылдары Қызылорда Қазақ АССР-ың астанасы болды. Бүгiнгi күндерi Қызылорда жаңарған, жасарған қалаға айналды.

Бiр ғана мысал. Бiздiң қаламыз Ақмешiт атауымен – 44 жыл, Перовск деген атаумен – 64 жыл, ал Қызылорда деген атаумен – 85 жыл аталып келе жатыр екен. Жалпы, тарихи әдiлеттiлiктi қалпына келтiру деген ұғыммен қаламызға Ақмешiт атауын қайтару керек дейтiндер болса, онда қаламызға оның ескi атауы болып табылатын "Қамысқала" деген атауды қайтару әдiлеттiрек. Сондықтаң, қаланың атауын өзгерту дәл осы кезенде бiр ұшқыр мәселе емес.

Демек, Қызылорда деген атаумен талай тарихтың соқпақтарынан өтсе де, Қазақстандағы сәулеттi қалалардың қатарына тартылуына күшi де, қуаты да жететiнiн дәлелдедi.

Жалпы, "қызыл" – от, алау – мәңгiлiктiң, қайраттың, күштiң, жiгерлiлiктiң символы, сондай-ақ, асқан сұлулық пен нәзiктiктiң белгiсi.

Ал, "орда" дегенiмiз – астана деген ұғым. Тұтастай алсақ, елiмiзде "Орда" деген сөзден тұратын басқа қаланың атауы жоқ, ол тек бiзде ғана. Жалпы алғанда "Орда" немесе "Астана" деген ұғымдар мемлекеттiлiктiң бiрден-бiр нышаны. Тарихи тұрғыдан қазақ елiнiң өркениетi мен мәдениетi тоғысқан, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, Қазақ мемлекеттiлiгiнiң негiзгi нышаны – алғашқы астанасы Қызылорда деген атаумен бүкiл дүниежүзiне танылған бұл атаудың түп-тереңiнде үлкен тарихи, саяси тамыр және рухани әлем жатыр. Сондықтан, қаламыздың атын өзгертiп, халық арасында әртүрлi пiкiр қалыптастырғанша, осы атауды қалдыра берген жөн деп есептеймiн.

– Ел аузында, халық жадында "шымкенттiк", "алматылық", "астаналық" дегенге саятын жиынтық бейнелер бар. Әзiл-шыны аралас болса да, шындықтан алшақ емес. Ал "қызылордалық" дегенде, көз алдымызға кiмдi елестетемiз? Осы атауға типтiк сипаттама берiңiзшi? Мысалы, И.Тасмағамбетов қай қалаға әкiм болып барса да, әлеуметтiк зерттеулердi жинап алып, "осы қаланың тұрғыны пәлен килограмм ет, пәлен килограмм шоколад т.б. жейтiн, пәлен литр су iшетiн…" деп сипаттама берiп жүр…

– Ең алдымен, "қызылордалық" образ – қонақжай адам. Халқының 90 пайыздан астамы қазақ ұлты тұратын Сыр топырағы – ата-бабамыздың ықылым заманнан сақталып келе жатқан дәстүрiн берiк ұстанған нағыз қазақтардың мекенi. Бұл тип – Қазақстанның оңтүстiк-шығыс, солтүстiк пен батыс аймақтарымен және оңтүстiгiнде түркi тектес, туысқан өзбек және қарақалпақ халықтарымен шекараласып, сол жерлердегi халықтармен тығыз араласып, бойына бүкiл қазақтың қасиетiн сiңiрiп, дамып келе жатқан жалпы қазақ ұғымының жиынтық типi десем болады.

Бұл жер – Қазақ хандығының туы тiгiлiп, алғашқы хан ордасы бой көтерген киелi жер. Елiмiзде Кеңес үкiметi салтанат құрғанда да Алаш арыстарын "қазағы қалың аймақ, ел астанасы болуға Ақмешiт лайық" дегiзген де осы жер.

Ұлы данышпан Қорқыт бабаның туған жерi, күллi шығыстық өркениеттiң отаны болған қасиеттi мекен, құт қонған аймақтың жүрегi – Қызылорда. Егiздiң сыңарындай қос сөз тiлдiң ұшына оралса-ақ, ақыл аламанында мамыражай тiрлiк, дарияны жағалай қоныс тепкен халықтың мейiрiмдi жүзi, төгiлген жыр мен асқақтаған әуен атой салып шыға келедi. Қадым ғасырлар тереңiнде тарихтың талай тоқпағы пен соқпағын бастан өткерген осынау қазыналы жер, құтты мекен көптiң көңiлiне құдды ырыс пен береке, молшылық пен байлықтың символындай қонақтаған.

Елбасымыз Н. Назарбаев: "Жерiнде жырдариясы, елiнде әндариясы бар Қызылорда" деп айдар таққан киелi өңiрде осы сүлейлердi ел есiнде мәңгiлiкке қалдыру, бүгiнгi ұрпаққа тәлiмi мол дүниелерiн насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Бүгiнде Қызылорда қаласы – ел экономикасының, ауыл шаруашылығы мен өндiрiсiнiң, ғылым мен өнерiнiң дамуына қомақты үлес қосып отырған ерекше аймақ.

Қазақ елiнiң тұңғыш астанасы деген атқа ие Алаш Ақмешiтiнiң бүгiнгi келбетi қазiргi заманға сай, бүкiл сырбойылықтардың бойында "бұл – менiң туған қалам" деген мақтаныш сезiмiн туғызатындай дәрежеге ие болуы керек. Сондықтан да бiз қазiр бар күш-жiгерiмiздi қайтсек те қаланы барынша дамытуға, одан әрi көркейтуге жұмсап жатырмыз.

– Индустриялық-инновациялық дамуды қолға алдық. Қызылорда елдегi отандық өндiрiске қандай үлес қоспақ? "Қызылордалық өнiм" бар ма? Әлде, ендi жасала ма?

– Әрине бар. Кезiнде "Бiр өзi комбинаттың – жарты қала" деген ән шумақтары бiздiң Қызылорда туралы жазылған! Тоғыз жолдың торабында орналасқан дария жағасындағы қала бүгiндерi өндiрiс ошағына айналып келедi.

Жалпы, "қызылордалық өнiм" дегенде, ойымызға бiрiншi кезекте күрiш түседi. Елiмiздiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуде Сыр күрiшiнiң алар орны ерекше екенi белгiлi. Дәлiрек айтсақ, республиканың 80 пайызын күрiшпен қамтып отырған өлке – Қызылорда.

Сонымен бiрге, елiмiздiң ас тұзына деген сұранысының 90 пайызын қанағаттандырып отырған осы бiздiң Қызылордада шығатын "арал тұзы" десем артық айтқан болмас едiм.

Бұл екi өнiмге ешкiмнiң таласы жоқ шығар деп ойлаймын.

Оған қоса, шыны өндiрiсiн қолға алуды жоспарлап отырмыз. Себебi шынының құрамына қажеттi шикiзат қоры, мәселен кварц құмы бiзде жетерлiк. Егер, қазiр жер асты қойнауынан шығатын мұнай, газ секiлдi қазба байлықтарына қызығатын болсақ, келешекте жер бетiндегi құмның өзiне қызығатын жағдайға келетiн мүмкiндiк бар. Бұл жоба алдағы жылдардың еншiсiнде.

Осындай келелi жобаларды жүзеге асыруға жағдай туғызу мақсатында "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы аясында қала аумағында барлық инфрақұрылымдармен қамтамасыз етiлген Индустриялды-инновациялық аймақ құру жоспарланып отыр. Қазiргi таңда осы мақсатта, облыс әкiмi Болатбек Баянұлының жетекшiлiгiмен, облыстық бюджеттен қаржы бөлiнiп, тиiстi жұмыстар атқарылуда. Сонымен қатар, қала кәсiпкерлерiне қолдау ретiнде Бизнестiң жол картасы аясында несие пайызын субсидиялау бойынша екiншi деңгейлi банктер арқылы несие беру жұмыстары жүргiзiлуде.

Қызылорда қаласы бойынша индустрияландыру картасына 15 жоба ұсынылды. Бұл жобалардың жалпы құны 51 млрд. 250 млн. теңгенi құрайды.

Биылғы жылдың жоспары бойынша өңiрлiк индустрияландыру картасына енгiзiлген 4 жобаның 3-еуi iске қосылып тұр.

Олар газды тиiмдi пайдалану кешенi, нан зауытының құрылысы және жол битумын өндiретiн зауыт.

Алдағы жылдары бiз осы жұмыстарды әрi қарай жалғастыратын боламыз. Облыстың және республиканың индустрияландыру карталарына бiрқатар жобаларымыз енгiзiлдi.

Республикалық картаға енгiзiлген алматылық компанияның кварц құмын байыту және шыны зауытының өндiрiсi 2012 жылы iске қосылады деп күтiлуде. Жалпы құны 31 млрд. 140 млн. теңгенi құрайды.

Сол сияқты, экономиканың әр секторы бойынша облыстық кәсiпкерлiк және өнеркәсiп басқармасының қарауында 9 жоба бар. Бұлардың iшiнде 3 жоба, яғни ұн зауыты, жылыжай кешенi, кiрпiш өндiретiн зауыттың құрылыстары 2011 жылы iске қосылатын болады. Соның нәтижесiнде, бiз осы өндiрiс орындарында 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтысақ, халықтың күнделiктi қажеттiлiктерiн өтейтiн өнiмдердi өзiмiзде шығаруға зор мүмкiндiк туады.

Ал, 2012 жылы 4 жоба, 2013 жылы 1 жоба жүзеге асырылады.

Айта кету керек, тиiстi министрлiктерде 1 жоба қаралуда.

Ол – қуаттылығы жылына 20 мың данадан астам темiр-бетон бұйымдарын шығаратын "Ырыс-НГ" серiктестiгiнiң жаңа технологиялық темiр-бетон зауытының құрылысы. Жобаның жалпы құны 673 млн. теңге. Қазiргi уақытта 280 млн. теңгеге Италиядан құрал-жабдықтар алынып, зауыттың құрылыс жұмыстары жүрiп жатыр. Қаламыздағы осы сипаттағы өзге зауыттармен салыстырғанда, зауыттың ерекшелiгi – еуропалық технологияларды пайдалану арқылы темiр-бетон бұйымдарын шығарады. Жоба қазан айында толық iске қосылады деп күтiлуде.

Өздерiңiзге белгiлi, Елбасының ұстанымы – отандықтауарлардың саннан сапаға көшуi. Жергiлiктi тауар өндiрушi кәсiпкерлерден де тұтынушылардың басты күтетiнi – ол сапа. Қызылорда қаласында халықаралық сапа менеджментiн енгiзген 101 өндiрiс орындары бар. Қала әкiмдiгi де жоғарыдаайтылған барлық өндiрiс нүктелерiнiң сапа менеджментiн ендiруiн талап етiп отыр. Кез келген инвестициялық жобадан бастап жеке кәсiпкерлiк нысандары да барынша сапалы өнiм шығарып, халыққа сапалы қызмет көрсету қажеттiгiн насихаттау бойынша iс-шаралар ұйымдастырылуда.

– Осыдан үш-төрт ай бұрын Қызылордаға келiп, қонақ үйлердiң бағасына мониторинг жасаудың сәтi түстi. Сонда ашқан "жаңалығымыз" – бұл қаладағы тәуiр деген қонақ үйлердiң бағасы тәулiгiне кем дегенде 17000 мың теңге сұрайды! Сонда қала тұрғындарының өмiр сүру деңгейi қандай болғаны?

– Қала халқының әл-ауқаты жақсы. Шынын айту керек, осыдан он – он бес жыл бұрын екi бөлме "времянка" салудың өзi қымбат әрi азап болса, қазiр 2 қабатты жеке тұрғын үйлердiң саны жылдан жылға артып келедi. Халыққа кәсiп етуге барлық жағдай жасалған. Бастысы, тұрғындар үшiн тiршiлiк көзi болып табылатын жұмыс орындарының саны да көбеюде.

Соңғы 2 жылда 20 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналастырылды, оның iшiнде Жол картасы аясында 11 мыңға тарта адам. Қаншама халық кәсiби мамандықтарға қайта даярлаудан өтуде.

Нәтижесiнде, нарықтағы жалпы жұмыссыздық деңгейi жылдың басынан 0,6 пайыздық тармаққа төмендеп, 5,4% құрады, 2008 жылмен салыстырғанда – 0,9 % төмендедi. Үш жыл iшiнде аз қамтамасыз етiлген азаматтардың саны 43% азайды.

Бұл статистиканың өзi қаламызда экономикалық белсендi халық санының артып отырғанын көрсетедi.

– Қызылорданың ендiгi бес жылда болашағы қандай болмақ?

– Жалпы әлемнiң кез келген елi шалқыған теңiздерi,сарқырап аққан дариясымен мақтанады. Шет мемлекеттерде болғанымызда осындай керемет көрiнiстердiң куәсi болып жүрмiз. Бұрын қала тұрғыны ретiнде тарихы сан ғасырлардан бастау алатын Сырдария өзенiнiң табиғатын көрсететiн үлкен нысандардың бой көтеруiн ойлайтынмын.

Қазiр сол мүмкiндiктердi жүзеге асыруға мүмкiндiктер туып отыр.

Болашақтағы негiзгi мақсатымыздың бiрi – Сырдария өзенiнiң бойымен Қызылорда қаласының аумағын айналып өтетiн ұзындығы 12 шақырымнан асатын 6 жолақты магистральды айналма жол салу. Осы жол арқылы қала аралық байланыстағы автокөлiктердiң қала сыртымен өтуiне мүмкiндiк туып, дария жағалауынан жол түседi, қала iшiндегi көлiк кептелiсi азаяды.

Екiншi кезекте, сол жағалаудан бастап Мұратбаев көшесiмен жалғасатын және батыс бағыттағы Саламатов көшесiмен жалғасатын көпiрлердiң құрылысын салу жоспары болып отыр.

Сондай-ақ, қалада бұқаралық спортты дамытуға үлкен жағдай жасайтын Есенов көшесiнiң аяғында 1 млрд жуық қаржыға арнайы теннис корты салынуда. Қызылордалықтардың демалуына жағдай жасау мақсатында мұз айдынын салу жоспарымызда бар.

Болашақта қаланың әр мөлтек ауданын көгалдандыру үшiн жергiлiктi мекемелерге участоктар бөлiп беру жоспарымызда бар.

Келесi жылы бiздiң жоспарымыз бойынша 10 шақырымға жуық ауызсу, 15 шақырымдай напорлық кәрiз жүйелерi және 25 шақырымнан астам өздiгiнен ағатын кәрiз жүйелерi, 5 КНС қайта жаңғыртылады. Сол сияқты бас тоғанда салынып жатқан су сүзгiлеу станциясының құрылысын жалғастырамыз. Оған қоса, Тасбөгет кентiндегi сүзгiлеу станциясын қайта жаңғыртып, қуаттылығы тәулiгiне 6,4 мың текше метр болатын биологиялық тазартатын модульдық станцияның құрылыс жұмыстарын жүргiзетiн боламыз. Бұл жұмыстарға республикалық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлiнедi деп күтiлуде.

Елбасының тiкелей назарындағы газдандыру мәселесi келесi жылы да қаржыландырылады. 15 көпқабатты тұрғын үйге, 6000-ға жуық жеке үйлерге газ жүргiзiлiп, 3 газ реттегiш пунктi мен 130 шақырым газ құбырлары жүргiзiлмек.

Сонда, осы жоба толығымен жүзеге асқан жағдайда, қаладағы 594 көпқабатты үй, 25000-ға жуық жеке сектордағы тұрғын үйлер көгiлдiр отынды пайдалануына мүмкiндiк алады.

Сонымен бiрге электр энергетикасы саласында да келесi жылы сапаға толық көшемiз бе деп отырмыз. Егер осы күнге дейiн ылғалды күндерi подстанциялар iстен шығып, тұрғындардың мазасын алатын болса, алдағы жылдары бiз жаңа үлгiдегi подстанциялар салатын боламыз. Олар жылдың қай мезгiлiнде болмасын үздiксiз жұмыс жасайды, тиiмдi әрi қолайлы.

2011 жылы көше жөндеудi әрi қарай жалғастырамыз. Бiздiң жоспарымызда 30 көше, 95 аулаiшiлiк жолдар мен тротуарларды жөндеу бар. Бұл жұмыстарға 2,0 млрд теңгедей қаржы жұмсалмақ.

Дәл мұндай жұмыстар осы уақытқа дейiн шешiмiн таппай, жылда қордаланған мәселе күйiнде қалып отырған болатын.

Сұхбаттасқан Гүлбиғаш ОМАРОВА,

Қызылорда қаласы

Серіктес жаңалықтары