ЖЕРГIЛIКТI ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ – МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА ЖҮКТЕЛМЕКШI

ЖЕРГIЛIКТI ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ – МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА ЖҮКТЕЛМЕКШI

ЖЕРГIЛIКТI ӨЗIН-ӨЗI БАСҚАРУ – МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТТАРЫНА ЖҮКТЕЛМЕКШI
ашық дереккөзі
542

"Нұр Отан" халықтық демократиялық партиясының (ХДП) қолдауымен Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетiнде "Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы тұрғысында өңiрлердiң тұрақты дамуының негiзi ретiнде жергiлiктi өзiн-өзi басқарудың қалыптасуы" атты тақырыпта халықаралық ғылыми-тәжiрибелiк конференция болып өттi.

Жергiлiктi өзiн-өзi басқару деген не? Бұл жүйе демократияның жаңа тұрпаттағы үлгiсi бола ала ма? Бұл туралы Елбасы өзiнiң жыл сайынғы жолдауында кеңiнен тоқталып, қалың бұқара халықтың аса маңызды мәселелерге үн қосуына және билiк пен халықтың ауызбiрлiкте жұмыс iстеуiне аса мән берiлуi керектiгiн баса айтып келедi. Бүгiнде әр өңiрде "Нұр Отан" ХДП-ның арнайы бөлiмшелерi жергiлiктi халықтың бетпе-бет келiп отырған мәселесiн шешуде үлкен беделге ие болуда. Нәтижесiнде аймақтағы тұрғындар аса сенiмдiлiк бiлдiрген мәслихат депутаттарының құзыры кеңеймекшi. Қажет болса, келешекте олардың жергiлiктi "шағын парламенттерге" айналдыру да көзделiп отыр. Бiр айта кетерлiгi, елiмiздiң 13 аймағындағы бос қалған орындар бойынша өткен мәслихаттық сайлауда "Нұр Отан" ХДП атынан барған үмiткерлердiң жолы болған. Бұл жетiстiкке ерекше екпiн түсiре кеткен "Нұр Отан" ХДП Төрағасының бiрiншi орынбасары Нұрлан Нығматуллин: "Мәслихат депутаттарын сайлаған 63 сайлау округiнiң бәрiнде үмiткерлер "Нұр Отан" партиясынан тiркелiп, жеңiске жеттi. Бұл жеңiс – ең әуелi Қазақстан Президентi, партиямыздың көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының қоғамда кең қолдауға ие екендiгiн тағы бiр мәрте дәлелдедi" деп атап өттi.

Бұдан соң сөз алғандар жергiлiктi өзiн-өзi басқару жүйесiн жетiлдiру бойынша өз пiкiрлерiн ортаға салды. Мәселен, ғылыми мәжiлiс барысында Қазақ гуманитарлық заң университетiнiң ректоры, профессор Марат Қоғамов: "Ата заңымыз – Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес, бүгiнгi таңда елiмiзде мәслихаттардың жұмысын ұйымдастыру, жергiлiктi атқару және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына арналған бөлек үш заңды қабылдау қажет. "Ата заңымыздың 8-тарауын зерделей отырып, мынандай ой-түйiнге келдiм. Бiзде үш бөлек заң болуы қажет. Бiрiншi, жергiлiктi мәслихаттардың қызметiн ұйымдастыруға арналған заң, екiншi, жергiлiктi атқарушы органдардың қызметi мен ұйымдастырылуын тарататын заң, үшiншi, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына арналған заң қабылдау керек. Бiздiң заңнамада жергiлiктi өзiн-өзi басқару деген сөз бар. Демек, алдағы уақытта жоғарыда аталған үш заң қабылданады деген болжам жасауға болады. Ол, әрине, үкiметке және заң шығарушы органдарға тiкелей байланысты. Негiзi, бiзде барлық билiктiң қайнар көзi – халықта. Бiрақ халық сол билiктi өз деңгейiнде iске асыра алмай жатыр", – деген ойын жеткiздi.

Әр елде жергiлiктi өзiн-өзi басқару түрi бар. Қазақстанда бұл үрдiс жергiлiктi өзiн-өзi басқару мәслихат арқылы жүрмек. Бұл тұрғыда профессор М.Қоғамов Қазақстанның 2008 жылы "заңның атауына "жергiлiктi өзiн-өзi басқару" тiркесiн қосақтауы – алғашқы қадам болғандығы" жөнiнде тұжырым жасады. Ал, мәжiлiс депутаты Айгүл Соловьева: "Орталық тапсырған жұмысты жергiлiктi билiк атқарса, оның сапасын халық бағалауы тиiс" деп санайды. Оның айтуынша, бүгiнгi таңда жергiлiктi жерлерде қолға алынған iс-шаралар нәтижелi болуы үшiн қоғамдық бақылауды күшейту қажет. Мәселен, Президент ауыз су мәселесi бойынша нақты тапсырма берсе, жергiлiктi атқарушы органдар осы тапсырманың үдесiнен шығуы тиiс. Ал оның ашық әрi шынайы бағасын халық беруi мiндет. Мiне, сонда ғана бiзде өзiн-өзi басқару жүйесi жұмыс iстейтiн болады", – дейдi депутат.

Сондай-ақ, Қазақстан ЕҚЫҰ-ның заңнамалық шараларды қамтамасыз ету бөлiгiндегi негiзгi талаптарын ойдағыдай орындаған. Әлемге танымал, беделдi ұйымның саяси партияларды тiркеу, БАҚ қызметiн реттеу, тұтқындауға санкция беру құқығын соттарға тапсыру және Қазақстан аумағында жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ендiру бағытындағы ұстанымдары заңнамалық құжатқа түзетулер енгiзу барысында толықтай есепке алынды. ЕҚЫҰ-ның тағы бiр мән берген ұстанымы бойынша, Қазақстан мемлекетi жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды жергiлiктi мәслихат депутаттарына жүктеудi қолға алды.

Динара ДҮРМӘН

Серіктес жаңалықтары