БЕКЕТ АТА ЖОЛЫМЕН

БЕКЕТ АТА ЖОЛЫМЕН

БЕКЕТ АТА ЖОЛЫМЕН
ашық дереккөзі
1253

Бекет ата, Пiр Бекет. Қазақ халқының осынау ардақты азаматының аты екi жүз жылдан астам уақыт бойы ел аузынан түспей келедi. Оның мәңгiлiк мекенi Маңғыстаудағы Оғыландыға бiр баруды арман ететiн адамдардың қатары жылдан жылға көбеюде. Әулиенiң қадiрiн бiлетiн халқымыз қай заманда да, қандай да бiр жол ауыртпалығына қарамастан бабаның басына тағзым етуiн тоқтатқан емес. Осы орайда айта кеткен жөн, Маңғыстау облысының әкiмi Қырымбек Көшербаевтың бастамасымен Ақтаудан Оғыландыға дейiнгi 300 шақырым жерге жаңа жол салынып, оны "Ата жолы" – деп атапты. Бұл құптарлық игi iс екен.

Мен Маңғыстау өңiрiне 1996 жылдан берi жылына бiр рет қызмет бабына байланысты мiндеттi түрде барамын. Бiрақ, арнайы Бекет атаның басына барудың сәтi түспеп едi. 2010 жылдың 15-18 қыркүйек күндерi өткен Бекет атаның туылғанына 260 жылдық мерейтойына Маңғыстау облысы әкiмшiлiгiнiң арнайы шақыруымен қатыстым. Бекет атаға қатысты ел арасында атадан-балаға дейiн айтылып келе жатқан "Мәдинада – Мұхаммед, Түркiстанда – Қожа Ахмет, Маңғыстауда – Пiр Бекет" немесе "Ердiң соңы – Есет, Пiрдiң соңы – Бекет" атты қанатты сөздерден-ақ, атаның тарихи болмысын аңғарасың. Игi iстерiмен елдiң ықыласына бөленген заң ғылымдарының докторы, профессор Бекет Тұрғараев, педагогика ғылымдарының докторы Жарылқасын Оңалбек, Шымкент қаласындағы Сабыр Рахымов атындағы әскери оқу орнының директоры Ұлықпан Баженов, философия ғылымдарының докторы, профессор Айдар Әбуов секiлдi зиялы азаматтармен сапарлас болғандығымды жақсылыққа жорыдым. Осы жылдар iшiнде iссапарлармен қаншама шет елдiң топырағын бастым. Кей елдерде жерленген ұлтымыздың мақтан тұтар тұлғаларының басына барып Құран бағыштаған кездерiм де болды. Дамаск қаласындағы Сұлтан Бейбарыс, Өзбекстандағы Жалаңтөс Бахадүр, Әмiр Темiр, Сейiтқұл баба, Әйтеке би, Төле би, Шымыр баба, Моңғолиядағы түрiк-қазақ қағанаттары жерленген ұзындығы 2,5 шақырым мазарат, өз елiмiздегi қаншама әулие-әмбиелер, Сауд Арабия Корольдiгiнде болып Меккедегi Қағбада, Мина, Арафат тауларында, Израильдегi Мұхаммед Пайғамбардың Меккеге бағыт алған мешiтiнде болғаным бар. Әрине, осылардың әрқайсысы өз заманындағы сәулет өнерiнiң iрi жетiстiгi, олардың салған ғимараттарының мiнiн бұзбай сақталғанына таң қаласың. Адамға ерекше әсер қалдыратын киелi орындардың бiрi әрине Оғыландыдағы Бекет ата мешiтi. Оғыландыға баруда да ежелден сақталып келе жатқан арнайы ат басын бұратын киелi жер бар екен. "Бекет атаның басына барам" – деп ниеттенген адам ең алдымен Шопан атаның зиратына соғып, Құран бағыштайды. Ел аузындағы бiзге жеткен деректер бойынша Бекет ата Шопан атаның басына барып түнеп, тағзым етiп, оны құрмет тұтқан. Бiз де Шопан ата зиратында болып, Құран бағыштадық. Ислам Мырзабекұлы "Ғасырларда бiр туар ұлы тұлға" атты мақаласында: "…Бақыржан қажының қартайған шағы екен. Бiр жолы ол кiсi бiрнеше жылдар бойы сәлемдесiп, хал-жайын бiлiп, бiлiмiн одан әрi тереңдетiп, дiн жолын мықты ұстап жүрген шәкiртiне көңiлi ауып, пiрленуi жөнiнде ұсыныс-тiлек бiлдiредi. Бұл кез жiгiт ағасы Бекеттiң 40 жасқа келген шағы көрiнедi. Өмiр бойы ұстазының алдынан кесе-көлденең өтпеген шәкiрт Бекет әрине, ұстаз ұсынысына қарсы болмайды. Ұстаз шәкiртiне пiрлену жолдары мен шарттарын, пiрленудiң талап-мiндеттерiн айтып, келесi жылы қасиеттi Рамазан айынан соң келiп, пiрленiп кетудi тапсырады. Елге үлкен де жауапкершiлiктi мiндет алып қайтқан шәкiрт Бекет ұстазының тапсырмаларын тиiстi талап дәрежесiнде толық орындайды. Келесi жылы айтқан уақытында барып өңкей ғұлама, ишан, ақұндармен пiрлер жиналған жамағат алқасының алдында ұстазы Бақыржан қажының ақ батасын алып Пiрленiп, туған топырағына Бекет Пiр атанып оралды. Елге келген соң Пiр Бекет сол маңайдағы дүйiм жұртты шақырып, Құдай жолына ас бередi. Содан кейiн-ақ ел арасына: "Мәдинада – Мұхаммед, Түркiстанда – Қожа Ахмет" сөзiне "Маңғыстауда – Пiр Бекет" тiркесi қосылып айтыла бастады" – дейдi. Тоқсаннан асқан шағында Есет батыр он екi жасар жиенi Бекетке: "Үстiңнен дүбiр кетпесiн, Құлағыңнан сыбыр кетпесiн. Ақ пен қараны айырар, Жауды керi қайырар, Атыңда айтып тұрғандай, дүр боларсың. Елге шуақ шашып нұр боларсың, Үш жүзге танымал Пiр боларсың…" – деп бата берген екен. Есет батырдың Бақыржан қажыдан 28 жыл бұрын Бекет атаның Пiр болатынын болжай бiлгендiгiне, оның көрегендiгiне қалайша таң қалмасқа. Маңғыстаудың Үстiрт жазықтығының ойы мен қыраттары ұласар жерiндегi бөлек тұрған аласа тауды үңгiп салған екi ғасырдан аса уақыт бойы сол қалпында сақталған Бекет ата мешiтi алыстан көз тартады. Осынау құнды ескерткiштiң Алла Тағаланың қолдауымен салынған ғимарат екендiгiне шүбәсiз иланасың. Көз алдымызда "Бекет ата" – деп жазылған әдемi қақпа, оның жанындағы қонақ үй, ас үй, мал соятын орын, барлығы да электр жүйесiмен қамтамасыз етiлген. Барлық ғимараттардың арасы плиткалармен қапталған жолдармен жалғасып жатыр. Сол жерде қызмет iстейтiн адамдардың айтуынша, бұл жерде тәулiктiң қай мезгiлiнде келмеңiз адамға қажеттi жағдайдың барлығы жасалған. Жоғарыдағы қонақ үйден Бекет ата мешiтiне бару үшiн қақпадан өтiп әрi қарай жүре бастадық. Жол бойында суы таза мөлдiр екi бұлақ көзi бар. Халық бұларды "Бекет ата бұлағы" деп құрметтейдi екен. Бекет ата мешiтiне келгенде ерекше көзге түсетiн құбылыс – алып ғимараттың есiк ойығына тау тастарымен тегенделген жақтау қабырғаларының бекiтiлуi. Сол жердегi имамның айтуы бойынша есiгiн ашып, еңкейе-қысыла босағасын аттап, дөңгелек тәрiздi ауыз үйге кiрдiк. Бөлмеден 3 бөлмеге есiк бар. Кiре берiстен оң жақтағы бөлмеде Бекет ата мүрдесi қойылған. Ата мүрдесiне таяу жерде оның шөбере ұрпағы Құлмәмбетұлы Мұрын жерленген. Екiншi бөлмеде Бекет атаның апасы Әпуа жатыр. Ғимараттың құбыла жағындағы таспен бекiтiлген үшiншi есiк Бекет атаның екi қызы мен күйеу балалары жерленген бөлмеге апарады. Ақтау қаласында Бекет атаға бағышталған кешкi қонақ асында Оңтүстiк және Солтүстiк Қазақстан облыстарынан келген азаматтардың атынан Бекет Тұрғараевқа сөз берiлдi. Ол өз сөзiнде Бекет атаның атын иемденгенiне 63 жыл болғанын, осы жылдар iшiнде баба атына кiр келтiрмей еңбек еткенiн айта келе Бекет атаның 260 жылдығын Шымкент қаласында атап өтсек деген пiкiрiн бiлдiрдi. Ел осынау игi ұсынысты қуана қабылдады. Бекет Тұрғараұлы елiмiздiң заң саласында ұзақ жылдар жауапты қызметтi абыройлы атқарған атан жiлiк азамат екенiн көпшiлiк бiледi. Бекең биыл пайғамбар жасына толып отыр. Оңтүстiкте өскен Бекет Тұрғараұлы Солтүстiкте Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевтың тiкелей бастамасымен өмiрге келген "Мәдени мұра" бағдарламасын жүзеге асыруда ерекше iс тындырды. "Айқын" газетiнiң 2009 жылғы желтоқсан айындағы жарык көрген "Қос ордендi – құрметтi судья" атты мақалада: "Байыпты сөзi, байсалды мiнезi, ақыл-парасатымен Бекет Тұрғараұлы қызылжарлықтардың да көңiлiнен шыға бiлдi. Өзi де елдiң шетi, желдiң өтiнде тұрған, табиғаты сұлу, тарихы бай, ел шежiресiнде өшпес iздерiн қалдырған ұлы Мағжан, әйгiлi Қожаберген жырау, Тоқсан би, Шал акын, Ақан серi мен үкiлi Ыбырай, көрнектi қаламгерлер Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсiреповтер дүниеге келген осы өңiрге бауыр басып, төл баласындай болып кеттi. Елдiң сыйы мен құрметiне бөленiп, халық көңiлiнен шықты", – делiнген. Солтүстiк Қазақстанда Тоқсан бидiң бейiтiн iздеп тауып кесенесiн тұрғызуға, сол маңдағы Западное ауылына Тоқсан би есiмiн беру туралы ұсыныс жасап, оны iс жүзiнде асырғанда Бекет Тұрғараұлы. Атақты Шал ақынға туған жерiне ауданының ескерткiш орнатылуына, оның ашылуына да, ол көп еңбек сiңiрiп, көрнектi ғалым, академик Евней Бөкетовтiң ескерткiш мүсiнiн Петропавл қаласының көрнектi жерiне орнатылуына тiкелей қолдау көрсетiп, қаржылай көмек берiптi. Ғалымның 85 жылдық мерейтойына оның 8 томдық шығармалар жинағын баспадан бастырып, оны мектеп кiтапханаларына таратылуына жағдай жасапты. Бекет Тұрғараұлы халқымызды эпопеялық дастаны "Елiм-ай" жыры шыққанына 290 жыл толуына және Қожаберген жыраудың 350 жылдығына байланысты Петропавл қаласында оның ескерткiшiн орнату үшiн қоғамдық-қайырымдылық қор құрып, осы қор төңiрегiнде игi iстердi жүзеге де асырды. Жетiсайдан бастау алған Бекет атаның 260 жылдық мерейтойы Алматы, Астана, Атырау, Ақтауда жалғасып, ендi мiне ел азаматы Бекет Тұрғараұлының бастауымен 29-30 қазан күндерi Шымкент қаласында үлкен деңгейде өткiзiлмекшi. Оңтүстiк Қазақстан облысының әкiмi Асқар Мырзахметовтiң "Ырыс алды – ынтымақ, бiрлiк басы – Ордабасы" – атты игi iсi әулие-әмбиелерiмiзге арналған iс-шарамен жалғасып жатса оған алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Қолға алған шаруаларымызды Жаратқан ие қолдап, Пiр Бекет атаның аруағы жар болғай.
Әбдiрахман Омбаев, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары