Франциялықтар қандалаға таланғанын айтып шағымданды

/
Франциялықтар қандалаға таланғанын айтып шағымданды

Францияда кейінгі бір жыл ішінде тұрғын үйлерге қандаланың ену оқиғалары екі есе көбейген,, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

Бұл туралы BFMTV телеарнасы дезинсекция бойынша сарапшылар одағы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мамандар қауымдастығының деректеріне сілтеме жасап ақпарат таратты.

Атап айтқанда, маусым айында бүкіл ел бойынша дезинфекция қызметіне 77 мыңға жуық шақырту тіркелген.

Жыл басында қандала таралуының қарқыны баяулаған еді. Қаңтарда жұқтыру оқиғалары 25 пайызға азайған.

Телеарна дерегінше, паразиттер ең алдымен тұрғын алмасуы жиі болатын және санитарлық жағдайы төмен аймақтарға жайылады. Сонымен қатар, шағымдардың артуы туристік маусымның басталуымен де байланысты болуы мүмкін.

Өткен жылдың шілдесінде Марсельдегі Еуропа және Жерорта теңізі өркениеттері музейі (Mucem) қандала мәселесіне байланысты көрме бөлімдерінің бір бөлігін жабуға мәжбүр болды. Төрт бірдей зал мен бірнеше кеңсе паразиттермен зақымданған.

2023 жылы Францияда қандаланың жаппай таралуы байқалды. Олар тек тұрғын үйлерде ғана емес, ауруханаларда, кинотеатрларда, кітапханаларда және қоғамдық көліктерде де табылған.

Ұлттық азық-түлік қауіпсіздігі, қоршаған орта және еңбек гигиенасы агенттігінің (Anses) дерегінше, соңғы бірнеше жылда Франциядағы әрбір оныншы үй қандала мәселесіне тап болған.

2017 жылдан 2022 жылға дейін француздар бұл паразиттерге қарсы күреске жыл сайын шамамен 230 миллион еуро жұмсаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары