ҚҰМ КӨШЕДI СЫҢСЫП АҒЫП...

ҚҰМ КӨШЕДI СЫҢСЫП АҒЫП...

ҚҰМ КӨШЕДI СЫҢСЫП АҒЫП...
ашық дереккөзі
302

Қазақстанда сексеуiл алқаптары азайып барады

Сексеуiл – жердiң көркi, аң құстардың панасы. Тек құмды өлкелерде өседi. Дүние жүзiнде оның он шақты түрi бар. Ал бiздiң елде солардың үш түрi ғана өседi. Олар- ақ, қара және зайсандық сексеуiлдер. Ақ пен қара түрлерi республиканың Алматы, Қызылорда, Атырау облыстарының құмды аймақтарын қамтыған. Ал "зайсандық" тек Шығыс Қазақстан облысында ғана кездеседi. Сексеудердiң бiр ерекшелiгi өте жәй өседi. Тамыры тереңге кететiндiктен суды аса қажет ете бермейдi. Қырық жылдан кейiн ғана түп дiңiнен қурап, жыл сайынғы жапырақ жаюын тоқтатады. Кеңестер Одағы кезiнде ерекше күтiмге алынған сексеуiлдi алқаптар көлемi айтарлықтай үлкен болатын.

Елдi мекендердiң көбi көмiрмен қамтамасыз етiлдi. Тек сексеуiл алқаптарына жақын ауылдар ғана оны қыс кезiнде отындыққа пайдаланған. Одақ ыдырап, экономикалық байланыстар үзiлген кезде, нарықтық қатынасты қалыптастырудың алғашқы жылдары едәуiр қиыншылықтар туғызды. Елдi мекендерге отындық көмiр жетiспедi. Содан бастап тұрғындар өздерiне алыс, жақын сексеуiл алқаптарын жаппай отап, қажеттiлiктерiне пайдаланды. Ол аздай соларды сату арқылы тiршiлiк көзiне айналдырды. Iрi аудан орталықтарында, қалаларда кәуап қуырып сататындар саны барынша көбейдi. Сондай тонаушылық салдарынан ағаш тектес сексеуiл тұқымының жоқ болып кету қауiпi туындаған. Әсiресе, сексеуiл орманын паналаған әртүрлi аңдарға жер ауыстыру оңайға соққан жоқ. Қатты тұрған желден құм көшкiндерi пайда болып, шөбi мол құнарлы жерлердiң бiраз бөлiгiн тозып, мал жайылымдарын кемiттi. Бұрынғы жер бедерi де айтарлықтай өзгердi. Кейбiр мәлiметтерге қарағанда, сексеуiл алқаптарының 70 пайызы жалаңаштанып қалған. Мұндай сүреңсiз көрiнiстер Борсықтының құмында, Мойынқұм, Қарақұм, Сарыесiк – Атырау және Қызылқұмда кездеседi. Табиғат жанашырлары мерзiмдiк баспасөздер арқылы қайта-қайта дабыл қаққан соң, Үкiмет бұл маңызды мәселеге көңiл бөлiп, 2007 жылы 31 мамырда № 441 қаулысымен сексеуiлдi кесуге 10 жылға дейiнгi мерзiмге мораторий жариялаған болатын. Бақылаудың арқасында сексеуiлдердi бұрынғыдай жаппай отау едәуiр қысқарған. Алайда, оны бизнес көзiне айналдырғандар әлi күнге алқаптардан ебiн тауып отап тонауларын тоқтатпай отыр.

Жуырда ғана Жамбыл облысының прокуратурасы Мойынқұм ауданында сексеуiлдiң заңсыз оталғанын және бюджеттiк қаржының мақсатсыз жұмсалғанын анықтады. Үкiметтiң шағын кәсiпкерлердi жөн-жосықсыз тексерулердi тоқтату жөнiндегi уақытша мерзiмдiк бұйрығына байланысты құқық қорғау органдары тарапынан бұл ауданның сексеуiл алқабына соңғы екi жыл бойына тексеру жұмыстары жүргiзiлмеген. Сексеуiлдi жасырын жолдармен заңсыз отаушылар өз мүдделерiне пайдаланып, талай алқаптың жерiн жалаңаштап тастаған. Оболыстық прокуратура қызметкерi Павел Морозовтың айтуына қарағанда, бұл мемлекетке 12 миллион теңге шығын әкелiп отыр.

Облыстағы Табиғи ресурстар басқармасының бастығы Серiк Қойбақов:

– Бiздiң облыста 40 мың гектар сексеуiл алқабын тек бiр-ақ орманшы қорғайды. Оның күн сайын сол алқапты түгел қадағалап отыруына еш мүмкiндiгi жоқ. Иiр-иiр құм төбелерiнiң арасымен ана басына барса, мына басы қараусыз қалады. Сексеуiл отаушыларды қолға түсiру өте қиын. Астарында жүк артатын жүрдек көлiк. Көлiктерiнiң мемлекеттiк нөмiрлерiн алып тастайды.Орман қорғаушы кейде олардың қалай тез келiп, қалай тез кеткенiн байқамай да қалады екен. Жалпы бiзде 53 кардон жетпейдi. Сондықтан да мұнда ұрлық көп. Кардон мәселесiн шешпей, сексеуiл тонаушыларды тыю өте қиын, – дейдi.

Облыста шөлден қорғауға қарсы арналған бағдарлама бар. Сол бағдарлама бойынша Мойынқұмның құмды алқаптарына жыл сайын 8 мың гектарға сексеуiл көшеттерiн отырғызу керек едi. Алайда, қаражаттың жетiспеуi қол байлау жасауда.

Сексеуiл отырғызудың екi тәсiлi бар. Бiрiншiсi, дәндiк тұқымын себу. Екiншiсi, көшетiн отырғызу. Мамандардың айтуына қарағанда, себiлген дәндердiң түгел өсiп-өнуi неғайбыл екен. Тiптi кейбiр дән себiлген алқаптарды жерсiнбеу салдарынан ештеңе шықпай қалатын көрiнедi. Ал басқа алқаптарда он бес пайызы ғана өсiп өнедi. Жыл сайын бюджеттен дән себуге бөлiнген 25 миллион теңге құмға сiңген судай жоғалуда.

Қазiр облыс әкiмшiлiгi сексеуiл өсiрудiң тиiмдi технологиясын қарастыру үстiнде.

Қазақстан Республикасы Парламентi Сенатының депутаты Қуаныш Айтақанов:

– Қазiр бұрынғыдай қалың сексеуiл алқаптары жоқ. Оны өз қолымызбен жоқ қылдық. Ендi сол алқаптарды өз қолымызбен қайта орманға айналдыруымыз керек. Сол үшiн мемлекет қаржы бөлiп отыр,– дейдi.

Иә, мемлекет қолдан келген жағдайды жасауда. Бұрын Қызылорда облысындағы Арал, Қазалы аудандарының көп бөлiгiн сексеуiлдi алқаптар жайлап жататын. Ана бiр жылдары тұрмыстық қиыншылықтарға байланысты жұрт солардың көп бөлiгiн отап тастаған болатын. Онсыз да 1970 жылдан берi теңiз суы тартылып, экологиялық қасiрет шегiп отырған бұл аймақтың жағдайы тым мүшкiл едi. Ғалымдардың деректерi бойынша тартылған теңiз табанынан көтерiлген миллиондаған тонна тұз сол өңiрдi ғана қамтып қойған жоқ. Солтүстiк Мұзды мұхит пен Памир, Гималай, Тянь-Шань, тауларына дейiн барып, мәңгiлiк мұздарды ерiтiп, экологиялық аппаттар туғызуда. Бүгiндегi Шығыс пен Батыс елдерiнде апталап жауып жатқан толассыз жауындар су тасқындарына айналуда. Қаншама елдi мекендердi, егiстiк алқаптарды су басып, халыққа қиыншылықтар әкелуде.

Республикада сексеуiлдi арнайы рұқсатпен отауға болады. Ондай сексеуiлдерге жиырма бес жылдан арғылары жатады. Олардың бiр текше метрiнiң сатылу бағасы – 1200-1800 теңге көлемiнде. Ал заңсыз кесiлген сексеуiлдiң бiр текше метрi 5 айлық есептiк көрсеткiш көлемiнде айыппұл салынады.

Қатты соққан жел сексеуiлдiң дәндiк тұқымын құрғап қалған теңiз табаны жиегiнен қырық шақырымға дейiн ұшырып алып барған. Сол аптап ыстықтан торланып жарылған жер жарығына жел айдап түсiрген сексеуiл тұқымдары жылдар өте қалың жыныстанып өнiп өскен. Сексеуiлдер тұздың көтерiлуiн тоқтатқан. Сексеуiлдiң тұзды жерде де өсе алатынын байқаған ғалым мамандар мұны әлемдiк деңгейде көтерiп, Арал экологиялық дағдарысын тоқтатудың бiрден-бiр жолы деп тауып отыр.

Облыстағы орман шаруашылығы инженерi Мұхитдин Ысмайылов:

– Соңғы қырық жылда теңiздiң құрғаған ұлтанының көлемi – 5 миллион гектарға жеттi. Бұл тек бiздiң елiмiздегi жер көлемi. Сексеуiл өздiгiнен өскен 40 шақырым жерге қарап, "бәрi де өздiгiнен бола бередi екен ғой" деп қаннен-қаперсiз отыра берсек, онда бiзге әлi жүздеген жыл бойы күтуге тура келедi. Экологиялық апат зардабы орны толмас өкiнiшке ұрындыруы мүмкiн. Содан сақтандыратын бiрден-бiр жол – теңiз ұлтанына сексеуiл егу.

Бұл iстiң де қолға алынғанына төрт-бес жылдың жүзi болды. Қазақстан Республикасы Үкiметi мен Дүниежүзiлiк банк бiрлесiп, 2008-2013 жылдар аралығында Арал теңiзiнiң құрғаған ұлтанының 79 мың гектар жерiне сексеуiл көшетiн егу және тұқымын себу бағдарламасын қабылдаған. Сол, бағдарлама бойынша Дүниежүзiлiк банк пен Қазақстан Республикасының Үкiметi 63,5 миллион доллар қаржы бөлудi жоспарлап отыр. Содан берi бiраз жұмыстар атқарылды. Өткен үш жылда небәрi 12 мың гектар жерге тұқымы себiлiп, көшетi отырғызылды. Себебi, арнаулы техникалар жеткiзiлмеген. Ал жоспарланған жер көлемiн сексеуiл орманына айналдыру үшiн жыл сайын 14-15 мың гектардан егiп отыру керек.

Облыстық табиғи ресурстар басқармасының бастығы Ибрагим Әбиболлаев:

– Қазалыдан 178 мың теңгеге питомник салу керек едi. Сол әлi бiтпей қалды. Неге? Құрылысқа арналған тендердi жеңiп алған фирма банкротқа ұшыраған. Сонымен бұл iс аяқсыз қалды, – дейдi. Алайда облыс әкiмi Болатбек Қуандықов сексеуiл сырын бiлмек болып Аралдағы питомникке келгенде ондай пысықайлармен заң тiлiнде сөйлесудi жөн көретiнiн айтқан.

Мiне, осындай өз пайдасын ойлайтындар iстi алға бастырудың орнына керi кетiруде. Оның үстiне Үкiмет тарапынан қанша шара қолданылса да, сексеуiл тонаушылар бұл облыста да тыйылмай отыр.

Орман алқаптарын ұлғайту жобасының менеджерi Дәулетияр Байәлiмов:

– Арал жиегiнде және одан да алыста тұратындарға көмiр жеткiзу өте қымбатқа түсуде. Көп тұрғындардың оны сатып алуға шамасы келмейдi. Сондықтан олар жаппай сексеуiл ұрлауда, – дейдi. Облыс басшылары ендi Сыр халқының көгiлдiр отынға қол жеткiзер уақыта жақын қалғанын, облыс аумағын көктей өтетiн Бейнеу – Шымкент газ құбыры пайдалануға берiлген кезден бастап, сексеуiлдi отаушылар да тыйылатын болады деп отыр.

Көлбай Адырбекұлы

Серіктес жаңалықтары