ТӘЖIКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР: ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ТӨРЕ ЖҰМЫСЫНА ЖАҚЫНДАТПАЙДЫ

ТӘЖIКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР: ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ТӨРЕ ЖҰМЫСЫНА ЖАҚЫНДАТПАЙДЫ

ТӘЖIКСТАНДАҒЫ ҚАЗАҚТАР: ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫ ТӨРЕ ЖҰМЫСЫНА ЖАҚЫНДАТПАЙДЫ
ашық дереккөзі
397

Жуырда Тәжiкстанда тұратын қазақ диаспорасының тiршiлiгiмен танысу мақсатында Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының ұйымдастыруымен iс сапарда болып қайттық.

"Бармасаң, келмесең жат боласың, бермесең, алмасаң сарт боласың" дегендей шетелдегi қазақтардың бүгiнгi жағдайымен көзбе көз танысып, олардың ұсыныс, тiлектерiн естiп, тыңдау оны тиiстi жерлерге жеткiзiп шешуге ат салысу – Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының бiр мiндетi болмақ. Қыркүйектiң соңғы күндерiндегi шуаққа малынған Алматыдан түс ауа ұшқан ұшақ екi сағатты артқа тастап асқақ, қарлы Памир тауларының қойнауында орналасқан Душанбе әуежайына аман есен келiп қонды. Бiздi Тәжiкстандағы Қазақстан Республикасы Елшiлiгiнiң консулы Қанат Жұмаханов, "Бәйтерек" қоғамдық бiрлестiгiнiң жетекшiсi Зауре Саминова және Мариям Елбаева қарсы алып, "Авесто" қонақ үйiне орналастырды. Әуежай маңындағы және қаланың орталық көше алаңдарындағы әскери күзеттiң қойылғандығы бiрден көзге түстi. Оның себебi бiз келерден бiр күн бұрын Душанбеде жарылыс болған екен. Сондықтан сақ жүруiмiздi елшiлiк адамдары арнайы ескерттi. Бiз түскен қонақ үй маңында әскерилер күзетiп тұрғанын байқадық.

ЕЛШIМЕН ЖҮЗДЕСУ

Тәжiкстан Республикасындағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкiлеттi елшiсi Ахметов Әбутәлiп Iбiжанұлы бiздi жылы шыраймен қабылдады. Елшi мырзаның айтуынша: "Тәжiкстанда 7 жыл азаматтық соғысы болды. Қазақтардың көбi елге кеттi. Осы елде жүзге жуық ұлт өкiлдерi тұрады. Ең азы – қазақ. Дiнi бiр мұсылман әрi бауыр болғандықтан қыздарымыз осындағы тәжiк пен өзбекке тұрмысқа шыққан. Сүйегiмiз осы жерде қалсын дейтiндер де бар. Осында қалған қазақтардың көбi биiк таулы жерлерде мал өсiрумен айналысады. Елдегi iшкi алауыздықтан туындаған азамат соғысы кезiнде экономикалық жағдай нашарлап, саяси жағдай тұрақсызданған. Тәжiкстанда су байлығынан басқа алтын, күмiсi бар. Соңғы жылдары Тәжiкстан экономикасында аз да болсын көтерiлу байқалады. Тәжiкстан президентi Рахмон Эмомали мырза Елбасымызды сыйлайды, жалпы жергiлiктi қазақтарға деген көзқарасы жақсы. Ол желтоқсан айында Астана қаласында өтетiн ЕҚЫҰ-ның саммитiне баруды жоспарлап отыр. Екi Елбасының ынтымақтастық, достық қарым-қатынасының шуағын осындағы қазақтармен қатар елшiлiк қызметкерлерi бiз де сезiнудемiз", – дедi.

Осыдан үш жыл бұрын Қазақстан Республикасының Президентi Н.Назарбаев Тәжiкстанға ресми сапармен келген кезiнде осы елде қазақ мәдени қоғамдық бiрлестiктiң ашылуын құптап, "Бәйтерек" деген ат берудi ұсыныс еткен. Бүгiнгi таңда аталмыш "Бәйтерек" қоғамдық бiрлестiгi абыроймен еңбек етiп жатыр. Бұл бiрлестiктi Зауре Саминова басқарады. Ол Тәжiкстан президентi жанындағы қоғамдық кеңестiң белсендi әрi беделдi мүшесi ретiнде қазақтардың мүддесiн қорғауда үлкен еңбек сiңiруде. Елшiлiк осы қоғаммен тығыз байланыста. Бұл қоғамның құрылғанына небәрi үш жыл болса да, көптеген жұмыстар атқарған. Басқа да қоғамдық ұйымдар бар, ұйымшыл болғанмен олардың атқарып жатқан iстерiнiң көлемi "Бәйтерекке" жетпейдi. Мысалы, өткен жылы Орта Азия елдерi және Иран, Ауғанстан қазақтарының кiшi құрылтайын өткiздi. Құрылтайға Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығы Төралқа төрағасының бiрiншi орынбасары Талғат Асылұлы Мамашев қатысты. Қоғамға елшiлiк қолдан келгенше көмек етiп жатыр. Осы қоғамның жаңа ғимаратын елшiлiк тауып берген. Қазақстан елшiсiнiң айтуынша, соңғы айда елдегi жағдай қиын болып, сол елдегi тұрақтылықты сақтау үшiн қарапайым киiнген әскерилер саны көбейген екен. Душанбенiң сырты тiптен қиын. 3-4 рет теракт болыпты. Осындай жағдайға байланысты қауiпсiздiгiмiздi ескерiп, бiздi "Бәйтерек" қазақ қоғамдық бiрлестiгi үйiне консул Қанат Жұмаханов жеткiзiп салды.

"БӘЙТЕРЕК" ҮЙI…

Сырты үлкен үш метр биiк дарбазасынан iшке кiргенiмiзде екi қабат ақ үйдiң ауласы тап-таза, ағаш егiлген, ал iшi одан да көрiктi бiрнеше бөлмеден тұратын қазақ қоғамының қара шаңырағы ұлттық нақыштағы қазақи ою-өрнектермен көмкерiлген көрпешелер, қазақ тiлiндегi кiтаптар және Қазақстанның көрiктi жерлерiн көрсеткен суреттермен безендiрiлiптi. Тәжiк тiлiнде Абайдың қара сөздерi мен Қазақстан Президентiнiң Қазақстан халқына Жолдауы бар.

Осы жерде қандастарымыз Риза Жолдашева, Зүлфия Капутова қажы, Қайыржан Құрбанова, Рәзия Бибосынова, Мариям Елбаева, Роман Теңiзбаев, Роза Айтжанова, Нарима Оспанова, Разия Смайылова, Бағила Мухидинова, Радка Мухидинова және Зәуре Саминова т.б. күтiп отыр екен. Бәрiнiң көздерiнен қуанышты көрдiк. Елден iздеп келдi деп ризашылықтарын жаудыртып жатыр. Тәжiкстанда тұрған қазақтардың басым бөлiгi елiмiзге оралған, ал осында қалғандардың көбi Атамекенге аяқ баспаған көрiнедi. Оған себеп көп. Ең бер жағы жол машақаты, қаражат дегендей…

Қауымдастық өкiлдерiмен кездесуге қатысқандарға Қазақстанда болып жатқан бүгiнгi жаңалықтарды, Елбасының "Жаңа онжылдық-жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкiндiктерi" атты Қазақстан халқына Жолдауын, ЕҚЫҰ-ның саммитi жөнiнде, 2011 жылы өтетiн Дүниежүзi қазақтарының IV Құрылтайы және 2009-2011 жылдарға арналған этникалық қазақтардың көшi-қоны мен "Нұрлы көш" бағдарламасына қатысу жағдайы мен Жаднама туралы ақпаратты толығынан түсiндiрiп, айттық. Бұдан тысқары сұрақтар өте көп болды. Қазақстан тарапынан тек "Caspionet" телеарнасын көре алады, басқа ешқандай мәлiмет алуға мүмкiндiктерi шектеулi, қарапайым халықта интернет жоқ, жергiлiктi газет пен журналға жазылмайды. Ал, Қазақстан Республикасының 150 азаматы Тәжiкстанда оқып жүр. Бұлар да Қазақстан туралы ақпараттарды Елшiлiк арқылы ғана алып тұрады. Мемлекеттiк қызметте ешкiм жоқ…

– Бiздiң қандай мұңымыз барын, не iстеп жатқанымызды бiлу үшiн Қазақстаннан iздеп келiп отырған Қауымдастық өкiлдерiне рахмет. Тәжiкстандағы қазақтар Қауымдастық және Елшiлiкпен бiрлесiп, Сiздерге арқа сүйей отырып осы шаңырақты ашқанбыз. Бiздiң "Бәйтерек" үйiндей үй тек Татар-башқұрт қоғамында ғана бар. Экономикасы жоғары кәрiс халқында да мұндай ғимарат жоқ. Осы ғимаратты жалға алу үшiн ай сайын 1000 АҚШ долларын төлеймiз. Бұл өте қиынға түсiп отыр. Сондықтан да қоғам жанынан бала бақша ашуға дайындық жұмыстарын жүргiзiп жатқан жәйiмiз бар. Тәжiкстандағы қазақ диаспорасының басқа елдердегiден ерекшелiгi сол, негiзiнен 70 пайызы әйелдерден құралған. Тәжiкстанда қалған ат төбелiндей аз қазақтың бiраз қиындықтарға душар болып жатқаны жасырын емес. Сондай-ақ, төре жұмысында ешкiм жұмыс iстемейдi, көбiсi қарапайым шаруада. Тәжiкстан қазақтары арасынан шыққан ҰОС ардагерi Әбдиев ақсақал көп жылдары колхоз басшысы болып тұрған, қазiр атажұртта өмiр кешуде. Бұл жаққа Тұрар Рысқұлов, Қаныш Сәтбаев т.б. қоғам қайраткерлерiнiң қызметi сiңген. Ал, қазiр осында жоғары немесе орта лауазымды бiрде бiр қазақ жоқ. Мемлекеттiк қызметте жұмыс iстеп жүргендерiнiң барлығы дерлiк қысқартуға бiрден iлiгiп жатыр. Ең бер жағы халықаралық спорт мастерi, ауыр атлетика шеберi, Азия ойындарының қола медалiнiң иегерi Марат Ыдырысов бiр жылда 28 медалист, 9 алтын алған балаларды тәрбиелеген. Осы азамат өзiнiң қоржынынан 6000 АҚШ долларын жұмсап, спорт кешенiн күрделi жөндеуден өткiзсе де оның еңбегi ескерусiз қалдырылып, жуықта жұмыстан қысқартылған. Ұлттық банкте қызмет атқаратын Гүлжан есiмдi қандасымыз да Мараттың кебiн кидi. Сондай-ақ, бұл жақта шектеулер көп. Мысалы, тойдың өзiне шектеу қойылған. Экономикалық ахуалға байланысты үйлену тойына 150, сүндет тойына 60-қа жуық туған туыстарын ғана шақырып, тойлатуға Тәжiкстан үкiметiнен нұсқау шыққан. Бүгiн осы кездесуге қоғамның негiзгi белсендi мүшелерi қатысуда, ауыл жақпен байланысу қиынға түстi. Мақта жинау iсi басталды дегендей. Сондай-ақ, саяси жағдай да оңып тұрған жоқ. Сондықтан бiр-бiрiмiзбен телефон арқылы ғана хабарласудамыз. Осындағы ағайындар қоғамымызға шама-шарқынша көмек берiп отырады. Бiзде сымсыз телефон арқылы хабар тез арада естiлiп жатады, – дейдi Зәуре Саминова ханым.

Зауренiң екi жоғары бiлiмi бар. Ол – балалар психологы әрi заңгер. Сөйте тұра мемлекеттiк қызметтен шеттетiлiп, өз қаражатын жұмсап жоғарыдағы қоғамды басқарып отыр. Мұндағылардың төре жұмысы дегенi мемлекеттiк қызметтi тұспалдағаны.

ӨЗI – ҚАЗАҚ, ӘЙЕЛI – МОЛДАВАН, ТҰҢҒЫШЫ – ОРЫС, КЕНЖЕСI – ҚАЗАҚ

Өзектi мәселелердiң бiрi – көшi қон мәселесi. Қазақстан Елшiлiгiнiң көмегiмен Жамбыл облысы, Байзақ ауданы және Ақмола облысының Көкшетау қаласына барған ағайындарымыз жақсы орналасыпты. Тәжiкстанда аралас отбасы өте көп. Бұлардың балаларының кейбiрi Қазақстанға кеткiсi келсе, кейбiрi Тәжiкстанда қалуды қалайды, осылай отбасылар iштей бөлiнуде. Олардың көп сауалдарының бiрi – аралас неке мүшелерi мемлекеттiк квотаға ене ала ма, олар Қазақстан азаматтығын алу мүмкiн бе дейдi. Кезiнде басқа ұлт болып жазылып кеткен қазақтар мұрағаттан iздетiп, өз ұлтын қайта жаңғыртып алып жатыр. Азаматтық соғыс уақытында Хатлон облысындағы мұрағат өртенiп кетуiне байланысты бұл мәселенiң күрделi болып жатқан жайы бар. Ал, Қазақстан мұрағатынан мәлiмет алу үшiн көп ақша төлеу керек. Осының дәлелi ретiнде бүгiнгi кездесуге келген Теңiзбаев Романды атауға болады. Ол қазақ болғанымен құжатында орыс болып жазылғанын қайта түзетiп алыпты. Бiрақ оның Америкада оқитын 28 жастағы тұңғышы орыс делiнген. Ал, кенжесiн қазақ дегiзiп жаздырғанына шүкiршiлiк етедi. Тұңғышының құжаттарын қайта қалпына келтiруге көптеген қаражаттың, қаншама уақытының бекерге кететiнiн ойлап, сары уайымға салынуда… Шетелдегi этникалық қазақтар үшiн әлi де болса "Нұрлы көш" бағдарламасына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлiп, ары-қарай жалғасын тапса деген ұсынысымызды айта кетудi жөн санаймыз.

ОТАНЫМ – ЖАНЫМ, АНА ТIЛIМ – АРЫМ

2000 жылғы есеп бойынша Тәжiкстандағы қазақтардың 68,8% қазақ тiлiн ана тiлiм деп есептеген болса, бүгiнгi жасөспiрiмдердiң көбi қазақ тiлiн бiлмейдi, өзбекше, тәжiкше және орысша сөйлейдi. "Бәйтерек" жанынан қазақ тiлiн үйрету курсын ашып, 27 бала бiлiм алуда. Қазақстанның ЖОО дайындық курсына әзiрлiк жүргiзедi. Балаларды қазақ тiлiне үйрету негiзгi мақсаты екенiне көзiмiз жеткендей. Талпыныстарына нұр жаусын дедiк. Қазақтардан басқа тәжiк ұлтының өкiлдерi де осы курсқа келiп дәрiс алады. Себебi, Қазақстанға жұмыс күшi болып келу үшiн қажет екенiн түсiнедi олар. Тәжiк мектебiнiң сапасының төмен болуына байланысты Қорған Төбедегi 38 қазақ отбасы балаларын Ресейдiң әскери бөлiмiндегi орыс мектебiнде оқытып жатыр. Олар оқуын бiтiргесiн Қазақ елiне оралмаса орыс немесе тәжiк ұлтына сiңiп кету қаупi жоқ емес. Ал Тәжiкстандағы қазақтар балаларын Түркияға жiберiп оқытқысы келмейдi, себебi ол жақтағы көптеген дiни ағымдардан қорқады.

Бүгiнгi күнi Тәжiкстаннан 2752 отбасы, яғни 11657 қазақ Қазақстанға көшкен. Көршiлес Ресей елiндегi қазақтармен салыстырғанда, шекарамыз қосылмаса да "Нұрлы көш" бағдарламасы жөнiнде қазақтар жақсы бiледi. Елге көшкiсi келмейтiндердiң түрлi себептерi баршылық, кейбiрiнiң қалтасы көтермейдi, кейбiрiнiң ұлты басқаша болып жазылып кеткен. Биылғы жылы Көкшетау маңындағы "Қызыл жар" қалашығына қоныстанған ағайындар дән риза. Олар келе сала 2 айдың iшiнде азаматтық та, үй де алған. Бұл жақтан кеткенде тәжiктiң ұлттық киiмдерiн киiп, жұпыны барған кейбiр ағайындар Қазақстанда жаңа ортаға тез бейiмделгенi байқалған. Олардың көңiл күйлерi жақсарғаны, киiмдерi Тәжiкстанда қалған қазақтар тамсана айтады. Яғни "Отан – оттан да ыстық" демекшi, көңiл күйдiң өзi адамдарға күш-қуат беретiнi аян. Демек, елшiлiк арқылы жүзеге асып отырған iстiң оңға басуы түсiнiктi де! Ресей, Түркия, Моңғолия және Қытай қазақтарынан ерекшелiгi – олар керi Тәжiкстанға көшпейтiнi. Осы орайда Қытайда тұратын ағайындардың "Нұрлы көшпен" келмек түгiлi Үрiмжiдегi консулханадан Қазақстанға виза алуының өзi мұң болып жүргенi жасырын емес. Бiр ауылдан бiр ауылға көшу оңай шаруа емес, ал бiр мемлекеттен екiншi мемлекетке көшу үшiн қанша күш-жiгер керек? Ал көшемiн деген ағайынға қол ұшын берудiң орнына кедергi келтiретiндер қаншама? Осыларды ойлап отырып Тәжiкстандағы Қазақстан Елшiлiгiнiң игi iстерiн насихаттап, кейбiр елдегi елшiлiктерге үлгi болса деймiз!

ОРАЛМАН КУӘЛIГIНIҢ ҚАУҚАРЫ ЖОҚ…

Тәжiкстандағы жалғыз қазақ мектебiнiң жабылып қалуы 80 жылдардың ортасы болса керек. Оны қазақтардың аздығынан және де "Тiл туралы заңның" қабылдануынан деп түсiндiредi. Тәжiкстандағы жас жеткiншектердiң көбiсi Қазақстанның жоғары оқу орындарынан тыс колледждерде, мамандық беретiн училищелерде оқып, бiлiмiн алуды армандайды. Сондай-ақ, балаларының Қазақстанда тұрақтап қалғысы келетiндерiн жеткiзген ата-аналар олардың болашағына қатты алаңдаушылық бiлдiруде. Балалары кәмелетке толып, Қазақстан азаматтығын алайын десе, жеке баланың өзiне рұқсат берiлмейдi. Үй сатып алуға да рұқсат жоқ. Қазақстан Үкiметiнiң 1992 жылғы №791 қаулысы өз күшiне енетiн болса, жоғарыдағы күрделi мәселелердiң бiразы жеңiлдерi хақ. Сондай-ақ, осы Қаулының негiзiнде ұлтының қазақ екенiн көрсететiн куәлiк ҚР Сыртқы iстер министрлiгi тарапынан берiлетiн. Бұл куәлiк күшiн жойғалы қиындықтар көбеймесе азаймапты. "Халықтың көшi-қон туралы" Заңы бойынша "Оралман" куәлiгi берiледi, мұның қауқары аз болып тұр. Осы куәлiкпен өз аттарына үй және жер сатып ала алмайды. Тiптен, тұрақты тiркеуi болмаса, бұған да қол жеткiзу қиын. Шетелден келiп, Қазақстанның оқу орындарында оқып жүрген студенттердiң мақсаты, елде қалу, азаматтық алу. Бiрақ оларға жеңiлдiктер қарастырылмаған. Этникалық қазақтар үшiн жоғарыдағы №791 Қаулыны қайта жаңғыртып, оған өзгертулер мен толықтырулар енгiзсе, ештен кеш жақсы болары сөзсiз.

Қазiр Тәжiкстанда 936 қазақ қалған. Олар Душанбеде –185, Соғды облысында 350 қазақ (37,39%), Хатлон облысында 311 (33,55%), республикалық дәрежедегi 9 ауданда – 87 (9,30%), ал Таулы Бадақшан облысында 3 қазақ өмiр кешуде. Қазақстан тәуелсiздiгiн алған соң көбiсi атажұртқа оралды. Олардың азаюына мұндағы азаматтық соғыс та әсерiн тигiздi.

Тәжiкстанда туып өскен Батыр есiмдi жас жiгiт өзiнiң ешқашан Атамекенде болмағанын айта келе: "Мен екiге бөлiнген сияқты сезiнемiн. Өзiм осында туып өссем де, сiздер жаққа барып көрмесем де, әрдайым жүрегiм – атажұртым деп соғады. "Көңiлi ала, көкiрегi дала" дегендей, менiң есiмнен үнемi Қазақстан кетпейдi. Анам аурушаң, өзiм оқи жүрiп, жұмыс iстеймiн. Оқуды аяқтауға бiр жыл ғана уақытым қалды. Аллаh бұйыртса елге де жетермiн," – дегенде сай сүйегiң сырқырап, ерiксiз көңiлiң құлазиды екен.

ТӘЖIКСТАН ТӘУЕЛСIЗДIГI ҮШIН ОТАНДАСТАР ҚАНЫ ТӨГIЛДI

Душанбенiң шетiндегi саябақта орналасқан ескерткiш тақтада:" Тәжiк-ауған шекарасын күзету кезiнде қаза тапқан қазақстандық сарбаздардың жарқын бейнелерi мәңгi жадымызда" – деп жазылыпты. Сол соғыста қаза тапқан 34 сарбаздың есiмдерi: аға лейтенант Р.З. Жакупов, А.А.Комаров, А.М.Сапиев, кiшi лейтенант К.С.Бакбаев, старшина Каймулдиев Р.Б., аға сержант Н.К.Косжанов, сержант Р.А.Батырханов, кiшi сержант М.М.Мусаев, А.Т.Огизбаев, К.И.Шеховцев, Е.С.Абдиев, қатардағы солдаттар – Е.К.Байбагысов, Е.Т.Байбабылов, Е.Т.Бекебаев, Б.Т.Далабаев, Х.К.Дюсупов, К.А.Едырышов, К.А.Есетов, А.К.Жумабеков, И.П.Жуматов, С.Х.Жалмурзин, Ж.А.Жансугуров, Е.О.Исабаев, М.К.Косбергенов, В.С. Метельский, Е.Н.Макажанов, М.В.Мартыненко, Д.Т.Нурметов, Ж.Е.Орынбаев, А.А.Пятков, Т.М.Раимжанов, В.Д.Сафроний, К.А.Умирзаков, Н.Е. Ходжаев делiнген. Өкiнiшке қарай олардың туған жылы, айы, күнi және қайтыс болған жылы мен айы, күнi көрсетiлмеген. Бұл болашақта ескерiлуге тиiстi деп есептеймiз. Әскери борышын өтеу кезiнде басқа елде жүрiп, қыршын кеткен жауынгер сарбаздарымыздың есiмдерi Атамекенде де жаңғыртылса, жастарымызға патриоттық үлгi болары сөзсiз. Душанбе қаласы әкiмшiлiгiнiң қаржылық балансына өткен бұл ескерткiшке Қалалық қаржы жетiспейдi деген сылтаудың орынсыз екенi анық. Тәжiк ағайындар қарамады екен деп бiздiң қараусыз тастап қоюымыз елдiгiмiзге сын емес пе! Тозған, ескiрген ескерткiшке қарап, мұны күтiп-баптауға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi жауапты ма, әлде басқа құзырлы мекеме жауапты ма деген көкейде сұрақ тұрды. Тәжiкстан тәуелсiздiгiн қорғаймын деп қаза болған қайран сарбаздардың жатқан жерi жаннат, иманы жолдас болсын!

ЕРУЛIК…

Қауымдастық жанындағы "Атажұрт" баспа орталығынан шыққан кiтаптарды, "Алтын бесiк" журналын, "Туған тiл" альманағын және Моңғолия мен Қытай елдерiндегi қазақтардың айтатын әндерi мен күйлерiнен шығарылған СD дискiнi, Мұрат Мұхтарұлы берген А.Кимнiң аудармасындағы М.Әуезовтың "Абай жолы" романы мен А.Головинскийдiң "Триумфатор қайғысы" атты кинофильмiн, Қазақстанның картасын, туын және БҒМ-нiң Алматыдағы ғылыми кiтапханасынан студенттерге арнайы фольклорлық, өнер тақырыбындағы кiтаптар мен Қ.Сәтбаев туралы естелiк кiтабы тарту етiлiп, олардың кiтапхана қорына бiраз үлесiмiздi қостық. Тәжiк ағайындар арнайы келiп, Қ. Сәтбаевтың естелiк кiтабының көшiрмесiн жасап алды.

"Тәжiкстан – Қазақстан" қоғамының мүшелерi Абсаттор Нуралиев, Қайыржан Құрбанова, Абдурасул Шарипов, Мурадилло Жанабилов және Саидахтам Давлятовтармен кездесудiң сәтi түстi. Барлығы Қазақстанда бiлiм алған, ғылыми атақ дәрежесi бар зиялы қауым өкiлдерi. Аталмыш қоғам тарих ғылымдарының докторы Қалыбек Қобландиннiң көмегiмен 2001 жылы құрылған екен. Осы қоғамды 2007 жылдан берi Абсаттор Нуралиев басқарады. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң түлегi. Оның курсында 30 жiгiт, бiр ғана қыз оқып, бiтiрген екен. Олар оқыған уақытта студенттердiң көбi әскери борышын өтеген, жұмыс iстеп ақыл тоқтатқан жiгiттер едi. Әбекеңмен бiрге оқыған Қазақстанға белгiлi адамдар – Орынкүл Тәжиева, Ақселеу Сейдiмбеков, Сұлтанәлi Балғабаев, Дандай Ысқақов, Серiкбай Оспанов, Орысбай Әбдiлдаев, Жұмат Тiлеков. А.Нуралиевтi 1968 жылы Қазақ ССР Орталық Партия комитетiнiң нұсқауымен Тәжiкстанға жiберген. Осы ақсақал қазақ тiлiнде керемет шешен сөйлейдi. Ол Оңтүстiк Қазақстан облысында қазақ мектебiн бiтiрген. Қазiр аудармамен шұғылданып, кiтап жазады. Қазақ пен тәжiк халқының достық ынтымақтастығын нығайтуда көптеген iстер атқарып жүр. Қазақстанмен жиi байланыста. Дүниежүзi қазақтарының тұңғыш Құрылтайына делегат болып қатысқанын мақтанышпен еске алуда. Бiр ұлы мен келiнi, немерелерi Оңтүстiк Қазақстан облысында тұрады, Қазақстан азаматтары. Абсаттор Нуралиев жайында белгiлi ғалым әрi ұстаз Рахманқұл Бердiбаев "қазақтың тәжiгi, тәжiктiң қазағы" деп дөп басып айтса керек. Душанбеде Абай атында көше бар. Ұлты қазақ болмаса да, Қазақстанда оқып, тәрбие алған Әбекеңнiң ендiгi мақсаты Қ.Сәтбаев атындағы көше ашу екен. Қазiр ол "Тарихи и Рашиди" кiтабын аудару үстiнде. Абсаттор ағамыз бiзге өзiнiң "Тажикско-казахские культурно-литературные связи XIX и XX в.в.", "Мерейi биiк Ғисар бұл" атты кiтаптарын сыйлады. Келесi жылғы Қазақстан Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына арнап, "Тәжiкстандағы қазақтар" атты ұжымдық жинақ жазуды ортақ жоспарға енгiздiк.

Душанбеге барған екеуiмiз де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнiң түлектерiмiз. Биыл 22 қыркүйекте Әбекең аталмыш университеттiң филиалын Душанбеде құрды. Бұдан былай тек Қауымдастықпен ғана емес, ұлттық университетпен де тығыз қарым-қатынас жасап тұратын болды. Сондай-ақ, екi ел президенттерiнiң келiсiмi бойынша Қазақстандағы этникалық тәжiктер осындағы ең беделдi университетте бiлiм алуда.

ДҮЙСЕНБIДЕН ДҮЙСЕНБIГЕ ДЕЙIН

Душанбе сөзi қазақтың дүйсенбiсi. Бiз Тәжiкстан астанасы Душанбеге Алматыдан дүйсенбi күнi шығып, келесi дүйсенбiде қайттық. Саяси ахуалға байланысты Душанбеден тысқары шығуға мүмкiндiк болмады, әйткенмен жергiлiктi халық өкiлдерiнiң белсендi мүшелерiнiң араласуымен олардың әлеуметтiк, мәдени жағдайы, көзқарасы, қазақтардың өз арасындағы тiлi жөнiнен сауалнама жүргiзiп, сұхбат жазып алдық. Сондықтан астанадан тысқары облыстар мен қалалардан өкiлдер келiп көмектестi. 5 бет, 28 бөлiм, 140 сұрақтан тұратын сауалнамаға барлығы 128 адам қамтылды. Душанбеден – 50, Хатлон және Соғды облысынан – 59, Хорог қаласынан – 3, Рудакиден – 5, Ғисардан – 3, Вахдаттан – 3, Таулы Бадақшан облысынан – 3 қазақ қатысты.

Ендi сол сауалнаманы сөйлетсек: ол жақтағы қазақтар тәжiк халқының мәдениетiн құрмет тұтады, тәжiк тiлiн еркiн меңгерген, Қазақстанмен байланыстарын нығайтуды көздейдi. Қазақ диаспорасының 70 пайызы әйелдер, және олардың көбiсiнде қос азаматтық бар. Ресей мен Тәжiкстанның азаматтары. Қазақтардан гастербайтер жоқ деп келген едiк. Ол жақтан еңбек көшi-қонымен қазақтардың Ресейге барып жұмысқа жалданып жүргендерi баршылық екен. Тәжiкстандағы қазақтардың тыныс-тiршiлiгiмен таныстық. Душанбеден тысқары жерлерге бара алмасақ та, сауалнама жүргiзгенiмiздi жоғарыда айттық. Әрине, шеттегi қазақтың өмiрiн тек сауалнама арқылы ғана кесiп-пiшуге болмайды. Оны көзбен көрiп, көңiлмен түйген дұрыс.

Ботагөз УАТҚАН, Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының

ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi

Алматы – Душанбе – Алматы

Серіктес жаңалықтары