ОРТА АЗИЯДА ОРТАҚ САЯСАТ БАР МА?

ОРТА АЗИЯДА ОРТАҚ САЯСАТ БАР МА?

ОРТА АЗИЯДА ОРТАҚ САЯСАТ БАР МА?
ашық дереккөзі
332

Қазақтың көк туы көзi барға көрiне бастағалы төңiрегiне бастамашыл, жаңашыл идеяларымен танылып келе жатыр. Бiр кездерi "жабайы азиаттықтар" деп атаған Европа тiзгiнiн Қазақияның қолына бердi. Әрине, сенгенi үшiн, бiздiң жұрттың "дәулердi" сендiргенi үшiн. Қазақтың ақылға жүйрiктiгi әлемнiң кәдесiне жарады. Жарай да бермек, егер бiздiң жақын көршi, туысқан түркiлердiң тiлегi мен мұраты, ниетi мен мақсаты бiр арнаға тоғысса. Қаймана қазақ жақынын жат, досын дұшпан етiп көрмеген халық. Осындай асыл қасиетiнiң кезектi жемiсi "Орта Азия елдерi одағы" және "Түркiтiлдес елдердiң ынтымақтастық кеңесiн құру" болатын. Қолдаушылары да, құлақ қақпай қырын қарап кеткендерi де, қарсы келiп, күмән ойлап, сан-саққа жүгiрткендер де шығып жатыр…

Осы орайда, саяси бастаманың бағасын дәп басып бере алатын, "сары тiс" саясаткерлермен жүздесiп қайтқан едiк. Орта Азия аймағына орналасқан мемлекеттердiң бүгiнгi жайынан жазып алғандарымызды Сiздерге жайып салмақпыз.

ҚАЗАҚСТАН – ҚИЯҢҚЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДIҢ ДОСЫ!

Әзiмбай ҒАЛИ:

Жалпы Орта Азия елдерi мемлекеттерiнiң жағдайы қоңырқай болып келедi. Қоңырқай деген – бұрыннан бұзып жарып, озып келе жатқан ел емес деген мағынада. Қазiргi егемендiк тұсында да пәлендей озып бара жатқан жоқ. Тұрмыстары жүдеулеу. Бiрақ, әйтеуiр ел ретiнде сақталады. Қазiргi таңда, Орта Азия елдерi күнiн көре алмайды, Ресейге қосылуы керек деген әңгiмелер де бар. Ол дұрыс емес. Қырғыздар аман-есен сайлауын өткiздi. Әлемдiк стандартқа сай деуге болады… Партиялар ендi министрлер кабинетiн тағайындайды. Әрине, шалқып өмiр сүрмейдi, керемет экономикалық деңгейге де жетпейдi. Моңғолия сияқты мемлекеттердiң бiрi болады.

Өзбекстанға келер болсақ, жан саны 30 миллионға таяп қалған ел, оның орны бөлек. Өзбектер баяғыдан өлкелiк империя, өлкелiк держава болған. Олар Тимурдың (Ақсақ Темiр) дәуiрiндегiдей, Шыңғысханнан кейiнгi дүниежүзiлiк iрi мемлекет болуды аңсайды… Бiрақ, олар пәрмендi реформа жүргiзген жоқ. Сол ақырындап, қоңырқайлықпен келе жатыр. 1,5 миллиондай халқы сыртта жүр. Экономикамыз тез дамып жатыр дейдi. Бiрақ бұл ресми мәлiметтерi шындыққа ұқсамайды. Нарықтық қатынастар толық реттелмеген, дамымаған. Сондықтан, Өзбекстанда үш түрлi қауiп бар. Оның бiрi, әлеуметтiк жарылыс, екiншiсi, дiни жарылыс, үшiншiсi, сарай iшiндегi, яки, сарай төңкерiсi болуы мүмкiн. Өзбектерде мұндайлар болады, олар өздерiнiң хандарын орта ғасырларда ұдайы өлтiрiп отырған. Мысалы, қазақ өз хандарын улап өлтiрмеген. Қазақтың хандары ұрыста, жекпе-жекте шейiт болған.

Ал, Тәжiкстанда қазiр жұмсақ түрде, азаматтық соғыс жүрiп жатыр. Әйтеуiр, әзiрге ашық азаматтық соғыс жоқ. Шындығына келер болсақ, Ресейдiң де жағдайы мәз емес. Ресей дүниежүзi үшiн, Батыс үшiн қауiптi мемлекет деп есептеледi. Өз iшiнде сепаратизм бас көтердi, көктемнен бастап, жаз бойы, күзге дейiн антитеррористiк кампаниялар жұмыс iстедi. Шындыққа сай келмейтiн күмәндi iстер де көп… Ресей де бiз сияқты шикiзат сататын мемлекет. Олардың ахуалы мұнайдың бағасына, газдың бағасына тәуелдi. Олар пәлендей технологиядан озып жатқан жоқ. Кеден Одағы – үш артта қалған мемлекеттiң достастығы. Күнiмiздi қалай көремiз, қайтып күнелтемiз деген мазмұнмен құрылған. Ресейдi жек көрген Батыс мемлекеттер одағы (НАТО мен Евроодақ) олардың одақтастарын да жек көредi… Басқалар бiзге озық технологиясын бере қоймайды ендi. Орыстар, бiресе Мұзды мұхитты бөлем дейдi, бiресе Оңтүстiк Америка, АҚШ-тың жанынан ұшақтарын ұшырады, бiресе сүңгуiр қайықтарын төндiредi. Онысына батыстықтар сүйсiнбейдi. Сондықтан, Қазақстан – қияңқы мемлекеттердiң досы!

Түркiменстан тым-тырыс. Бұрынғы Сапармұратты кейiнгi билiк жоққа шығарып келе жатыр. Екiншi көсем пайда болды. Бiрақ, тыныш. Сапармұрат түркмендегi ұлт мәселесi, тiл мәселесi, мектеп мәселесi дегендердi толықтай шешiп тастаған едi. Түркiмен мектебiнен басқасының бәрi жабылды. Түркiмен тiлi iс жүзiнде мемлекеттiк тiл болды. Ең керемет ит – түркiмен алабайы, ең керемет ат – түркiмен ақалтекесi, т.б. жетi кереметтi түркiменге тәуелдеп алды. Түркiмен – керемет! Бұл – ұлттық идеологиясы.

Бiз Кедендiк одаққа кiргелi берi қырғызды бөлiп тастады, олар бұрын бiзден пайда көрiп отырған, ендi Қырғызстан Өзбекстанмен тауар тасысу үшiн кеденнен өтуi керек. Олармен байланыс ендi кеден арқылы жүзеге асады. Қырғыздар Бiшкектi қиратты, Ошты ойрандады, ондағы орыстар, кәрiстер, дұңғандар Қазақстанға қарай қашып жатыр. Тiптi Князов деген бiреу кеше қырғыздарды жамандаған, "тiлi тiл емес, ұлты ұлт емес" деп едi, ендi бiзге келiп, қырғыз бiлгiш саясаттанушы маман болып жүр. Ондай дүрдараздықты таситын эксперттер бiзге керек емес.

"ЖЕКЕ БИЛIК ҚАЙТЫП КЕЛМЕСIН, ТЕК ҚАНА ҚЫРҒЫЗ РЕСПУБЛИКАСЫ ӨРЛЕСIН!"

Досмұхамет НҰР-АХМЕТ, Қазақстанның Ұлттық Патриоттық Қозғалысының Төрағасы:

– Бiрiншiден, Орта Азия емес, Орталық Азия дегенiмiз жөн болар. Себебi, кеңес кезеңiнде Орта Азия деп, Қазақстаннан басқа Орталық Азия Республикаларын атайтын. Ал, қазiргi Орталық Азия мемлекеттерiне келсек, оларда жай да, жағдай да – әралуан.

Алдымен ұқсастық жақтарына тоқталайық: басым көбiнiң жүйесi де, "иесi" де бiрыңғай. Яғни, Кеңес өкiметi тараған кезде кiм "қазан – ошақ" айналасында болса, солар дәл қазiр "Шаңырақты" ғана басқарып қалмай, "мал – мүлiк, қора – көпшiктi" де малданып келе жатыр. "Едi" – деп соңына қосып қояйық. "Едi" дейтiнiмiз, солардың ең соңынан келгенi, әрi "коммунистiк тәрбиенi" тым азырақ көргенi: тастап кеттi елiне – аз жылда көп тергенiн… Ол елдердiң екiншi бiр ұқсастығы: түбi де, тегi де – ортақ. Көбiсiнiң жерi – бай, елi – қорқақ. Ел ағалары "сен тұр, мен атайын" – демейдi, ары кетсе – ойлайды тек көмейдi. Кiм сыйласын: өз елiнде – өгейдi, өз жерiнде – кедейдi?! Ертеңi үшiн күреспеген халықты, Алла қалай жебейдi?! Ал күрескен елдердi, қатарына мықтының, дәл ертең-ақ теңейдi.

Ал өзгешелiктерi – осы Күрестерi арқылы алатын Үлестерiнде.

"Желдiрменi" осымен аяқтап, әрқайсысын жеке сараптауды "өз ағаң – өзбектен" бастағанымыз жөн болар. Әлi күнге дейiн олар, өз iшiнде, "ферғаналық", "самарқанттық", "ташкенттiк"… болып бөлiнедi. Бұл фактор келешектегi "хан талапайға" үлкен әсерiн тигiзерi сөзсiз. Өзбектер қазiргi кезеңде экономикада кешеуiлдеп жатқанымен, олардың халық ретiндегi даму потенциалы – жоғары. Дәлел ретiнде олардың халқының санының елу жылдай бұрын бiзден едәуiр – төмен, ал қазiр бiзден – едәуiр жоғары екенiн тiлге тиек етсек те жетер. Халқың аз болса, ақылсыз тыраштану – бекер. Ал бекерлiктен бала қайдан тусын… "Гәп" осында.

Және олардың тағы бiр өзгешелiгi, әзiрге экономикасы "экстенсивтiк", яғни баяу жолмен дамып келе жатқанмен, олар өндiргiш күштерi мен құралдарын сақтап қала алды. Әрине олар, әсiресе моральдық жағынан, ескiруде, алайда жиырма бiрiншi ғасырда, жаңа технологиялардың арқасында "бар"дың бағасын асыра аласың.

Өзегiн сақтаған өзбек бауырларымызды өзгерiстер күтуде.

Ал ендi түбi де, түбегi де бiр түркiмен бауырларымызға келсек, олардың көбiнiң: отқа жағар тезегi де, ел экономикасының өзегi де – Газ болып отыр. Жанында мұнайы бар. Және де – ұдайы бар. Саясаттағы ресми ұстанымы – "нейтралитет", яғни қазақшалағандағысы – "сен тимесең, мен тимен бадырақкөз" болса да, олардың дәл қазiргi таңдары – "төте отын жолдары". Және осыған мүдделi: сарбазы да, Сардары да.

Яғни "түркiмен газы" бұрын тек қана Ресей арқылы ғана шетелдерге сатылып келсе, бұл күндерi Ресей ондай "монополиядан" айрылып қалды. Ендi оны түркiмендер өз қолына алды. Яғни Европаға да, Қытайға да, Америкаға да, тiкелей, төте жолдар салды.

Ал, "бiртуғандар" өрлеп тұрмаса да, ерлеп тұр. "Мен салайын бұл жолды, қалғандарың – көр" деп тұр. Себебi, қырғыз бауырларымызға "пәмиленiң" қалай басталатыны негiзгi болмай шықты. Арнасынан шыға тасып алды. Ендiгi қалағаны: "Жеке билiк қайтып келмесiн, тек қана Қырғыз Республикасы өрлесiн!" деген "Парламенттiк Республикалық" жол.

Бiздiң, осы жолда, оларға артар үмiтiмiз – зор, тiлегiмiз – мол.

Яғни, аз болса да қорегi, қорта келе айтарым: бiрiншiден, "Орталық Азия" деп жағрафиялық жағынан бөлгенше, оларға "Бауырлас Елдер" деп жаңадан айдар тағып, қайта қарау керек деп есептеймiн. Олай болғанда, осы "Бауырлас Елдер" өздерiнiң түбi мен тiлегiнiң, тiлi мен бiлегiнiң, жүзi мен жүрегiнiң ғана емес, болмысының да, болашағының да бiр екенiн ұғынатын кездерi жеттi. Әркiмнiң жетегiнде жүре бергенше, бауырлардың құшағында неге ойнап-күле бермеймiз?! Әр Бауырлас Елдiң iрiлiгi – тек "Түркi бiрлiгi" екенi айшықталды. Дүниедегi ең мықты одақ – ол табиғи одақ емес пе?! Ендеше, бiздiң бәрiмiздiң өткенiмiз бен кеткенiмiз ғана емес, алашағымыз бен болашағымыз да ортақ!

ТҮРКIМЕНСТАН ДЕГЕНДЕ ОҢТҮСТIК КОРЕЯ ЕЛЕСТЕЙДI

Айдос САРЫМ:

– Қырғыз халқының осыған дейiнгi де көрген қиындықтары аз болған жоқ. Менiң түсiнiгiмше, саяси элиталары да, басқасы да, халықтың шын мәнiнде үлкен өзгерiстер талап етiп жатқанын түсiндi. Соған сәйкес, барлығы да өздерiнiң амбицияларын, басқа да шаруаларын сырып тастап, жұмыс iстеу керектiгiн түсiндi. Бiр ғана қиындығы, Қырғызстан бiрiншiден, өте кiшкентай мемлекет және аса үлкен экономикалық мүмкiндiктерi жоқ ел. Сондықтан, бұрынғы президенттерiнiң және басқада үлкен державалардың араласуымен сайлауын өткiздi. Қырғызстанның парламенттiк жүйенi таңдауы Қазақстан мен Ресей билiгiнiң қытығына тиiп отырған сияқты. Бұл – Орта Азиядағы тұңғыш прецедент. Осы прецедент iске асатын болса, жемiсiн берiп жатса, кем дегенде қасындағы түркi мемлекеттерiнде, "әй, бiздер неге осы жолды таңдамаймыз?!" деген әңгiме туындауы мүмкiн. Бiрақ, екiншi жағы да бар. Бұны батыл саяси эксперимент деп атауға болады. Ал, осы эксперимент немен аяқталады?! Бүгiнде Қырғызстанда тұрып жатқан өзбектер елдiң бестен бiр бөлiгi бола тұра сайлауға аса белсендiлiк танытқан жоқ. Саналы түрде қарсы тұрып, байкот жариялағандай әсер тудырды. Яғни, бұл болашақта не болмақ? Бүгiнгi қырғыз билiгi сайланып, заңдастырылып, конституциялық жүйеге енген күннiң өзiнде, өзбек диаспорасының, бiз осы билiктi тағайындаған жоқпыз, оған дауыс бермедiк, бұл билiктiң бiзге қажетi шамалы деулерi мүмкiн ғой. Өйткенi, iштегi қыжыл, оған қоса өлген-кеткен адамдары бар… Естерiңiзде болса, дәл осындай жанжал 20 жыл бұрын болған едi. Содан берi бiр буын дүниеге келдi. Олар сол кездегi өлгендердiң балалары. "Қан" деген үлкен мәселе ғой. Сондықтан олар, бүгiнгi күнi айтулары мүмкiн, бiз неге осындай күйде өмiр сүрiп жатырмыз деп. Сондықтан, бұл жанжал әлi ұзаққа баратын дүние. Мысалы, қырғыздар iшкi тұрақтылығын және жерiнiң тұтастығын сақтау үшiн, өте үлкен қадамдар жасауына тура келедi. Бәлкiм, олар шын мәнiндегi демократиялық қоғам құрып жатса, қырғыздар амалсыздан, өзбек ағайындарға керемет автономия жасап беруге мәжбүр болатын сияқты. Ондағы өзбектердiң өсiмi қырғыздардан да көп. Негiзiнен, ауылды жерлердегi жанұяларда 4-5 баладан болатын болса, қырғыздарда 2-3 баладан. Қазақстанда басқа ұлт өкiлдерiнiң өсiмi кемiп, қазақтың саны артып отыр дейтiн болсақ, Қырғызстанда ондай мүмкiндiк болмай тұр. И.Кәрiмовтың, қырғыз-өзбек оқиғасына араласпай, өзiнiң әскерiн ұстап отыруы, елiне келген босқындарды екi-үш күнге қабылдап, қайтадан қайтаруы таңғаларлық жәйт болды… Егер Өзбекстанның өзiнiң iшкi жағдайы мықты болатын боса, өзiне деген сенiмi артып тұрса, ол жанжалға араласып кетуi де ықтимал едi. Былайша айтқанда, амалсыздан шеттеп қалды. Шынын айтар болсақ, әлемде мынадай прецедент бар. Иордания деген кiшкентай мемлекет кезiнде, анау Израильден ауып кеткен босқындарды қабылдаған, ол айналып келгенде, 5 миллиондық үлкен армияға айналып, Ливанды да, Иорданияны да жарып жiбере жаздады. Иорданияның сол кездегi королiнiң мықтылығы, өте қатал қадамдарға барып, босқындар мәселесiн шеше бiлдi. Ал, Ливанда 60-жылдарда басталған азаматтық соғыс 50 жылдан асты, әлi күнге жүрiп жатыр. Мысалы, босқындар бiр елге кiргеннен кейiн, бiрте-бiрте өздерiнiң талаптарын қоя бастайды. Талап қойған соң, белгiлi саяси қадамдарға бара бастайды. Қойған талаптары қабылданбаса, жергiлiктi халық, жергiлiктi элита оған қарсы шығатын болса, ол басқалай оқиғаға, террористiк әрекетке ұласады. Яғни, осыған дейiнгi кезеңде, мынау Таяу Шығыс елдерiнiң Швейцариясы, ең толерантты деген елдiң өзi елу жылдың iшiнде, қашан бiтетiнi белгiсiз үлкен жанжалға тiрелiп тұр. Мысалға, Кеңес одағының әскерi Ауғанстанға кiргенге дейiн Ауғанстан – ең толерантты, ең бейбiт, мәдени, дiни толеранттылықтың үлгiсiн көрсетiп жатқан ел болатын. Ауғанстанда үш буын ұрпақ қолдарына ойыншықтан көрi автоматты көбiрек ұстап өстi. Қазiр наркотрафик мәселесi, дiни т.б мәселелер туындады. Бүгiнгi Ауғанстанда АҚШ пен кезiндегi Кеңес үкiметiнiң деректемелерi бойынша 1 триллион доллардың темiрi бар екен. Егер сол қазынасын дұрыстап пайдаланса, олардың байлығы өз-өзiне әбден жетер едi. Бiрақ, жаңағыдай дiни мәселелерге, басқа мәселелерге байланысты, тату-тәттi, ешкiммен араздығы жоқ елде ұлтараздық, дiни жiк пайда болды. Бүгiнгi Талибан деген сияқты… Апыиншылардың өзiнiң үлкен ойыны бар. Шынын айтар болсақ, бүкiл әлемдi 70 пайыз героинмен қамтамасыз етiп отырған ел – Ауғанстан. Яғни, осының бәрi қыруар ақша. Сол қыруар ақшаңыз, Тәжiкстанды да, Қырғызстанды да жарып жiберуi әбден ықтимал. Себебi, өзiмiз көрiп отырғандай, апиын тасымалына Ресейдiң арнайы қызметтерi мен әскерилерi де араласып отыр. Тәжiкстанда тұрған орыстың кезiндегi 202-шi дивизиясы шын мәнiнде шекараны күзетiп тұрған жоқ. Бiрiншiден, наркотрафикке қатысты, екiншiден, сол жақтағы саяси элитаны өздерiне қаратып, бұғаулап алған. Яки, тәжiктердiң жоғарғы арнайы қызметтерi мен полициясының бiразы Ресейдiң тыңшылары десек, еш қателеспеймiз. Өз елiңде шетелдiң базасын ұстап отырудың бiр қиындығы – осында. Шетелдiң әскери базасы болғаннан кейiн, оның арнайы қызметтерi болады. Олар елдегi саяси ахуалды бастан-аяқ қадағалайды. Соның дұрыс болғанын, дұрыс жүрiп отырғанын қарайды, керек болса, бiреулерiн ақшамен сатып алады. Ол әлемдiк тәжiрибеде бар нәрсе. Бiрақ, өзiңiз байқасаңыз, осыдан бiр жыл бұрын, Орта Азиядағы ең мықты президенттердiң бiрi саналатын Эмомали Рахмонның билiгi шатқаяқтап қалды. Оның өзiнiң де жiберген қателiктерi бар. Он бес жыл бұрынғы азамат соғысына жасаған, ел тыныштығына бағытталған прививкасы болды. Бүгiнгi билiгiнiң жасап отырған озбырлығы, шектен тыс жемқорлық мәселесi, бiр аймақ азаматтарының билiкке отыруы, қалған саяси күштердiң, экономикалық, қаржылық топтардың наразылығын тудырды. Бiз мынаны түсiнуiмiз керек Тәжiкстан өте күрделi мемлекет. Ол – құрақ мемлекет. Ар жағында өзбектiң ықпалы, бергi жағында Ауғанстанның ықпалы бар. Әр облыстарының, тау халықтарының өздерiнiң бөлек-бөлек заңдылықтары бар. Сондықтан, бiр-бiрiн тартып, жұтуға дайын тұрады. Мысалға, Қазақстанда, Өзбекстанда, Түркiменстанда қалыптасқан билiк ол жақта қалыптаса алмайды. Тәжiк билiгiнде Рахмон болсын, басқа болсын, кiм болса да саяси этникалық, рулық, топтық жағдайлармен санасуға мәжбүр. Мысал үшiн, Тәжiкстан ар жағында тұрған Ауғанстаннан үйренуi тиiс. Премьер-министр бiр аймақтан болса, министрлерiнiң бiр тобы басқа топтан болуы керек дегендей бiр баланстарды сақтап отыруға мәжбүр. Егер билiк тым озбырлыққа баратын болса, бұл ел де жарылады. Ал, Рахмонның өз елiн күшейту үшiн жасап отырған игi қадамдары деп, орыс тiлiнiң мәртебесiн алып тастау, дiн iсiн орнықтыруды айтуға болады. Ал бұл әрекеттерi Ресейдiң наразылығын тудырып отыр. Өткен жылғы Қырғызстандағы революцияға екi мыңнан астам автомат пен тапанша халыққа таратылып берiлдi дейдi бiреулер. Таратылған қару Ресейдiң базасынан шыққан сыңайлы. Сол қару ендi Қазақстанға келiп жатыр. Алматыда автоматтың құны 700-800 доллар. Тапаншаны 300-400 долларға сатып ала аласың. Орта Азия туралы айтқан кезде бiр нәрсенi ешқашан естен шығармауымыз керек. Қырғызстанда бiрдеңе жарылатын болса, бүкiл аймақ жарылады. Қырғызстанда жұмыс таба алмаған "ұры-қарының" бәрi бiздiң елге келiп жатыр. Қазiр көшеде қырғыз елiнiң мықты-мықты көлiктерi өрiп жүр….

"Түркi бiрлiгi" дейтiн болсақ, бiз болашақта үлкен қадамдарға барамыз. Түркi бiрлiгi мәселесiнен – Түркiменстан мен Өзбек елi шет қалып отыр. Олардағы билiк өзгермей, ешқашан толыққанды Түркi билiгi жайлы ауыз аша алмаймыз. Ал осы бiрлiктi алға бастаушы ретiнде Қазақстан, Түркия, Әзiрбайжанды атап айтуға болады. Аталған үш тарап түркi бiрлiгiнiң донорлары ретiнде оның инфрақұрылымын, саяси бастауын қамтамасыз ететiн болса, 10-15 жылдан кейiн жемiсiн көре бастайды.

Орта Азияны бiрiктiретiн тағы бiр тағдырлы мәселе, ол – су мәселесi. Мұнда әр елдiң жеке ұлттық мүддесi басымдық алып отыр. Бiздiң ел судың төменгi ағысында отырған соң, көп мәселе туындай қойған жоқ. Тәжiкстан мен Өзбекстанның, Қырғыз елiнiң жасап отырған әрекетi кейбiр кездерi диверсияға апарады. Сондықтан, су мәселесiнде кешендi қадамдар жасалуы қажет. Ол бүгiнгi билiк үшiн емес. Осы аймақта өмiр сүретiн халықтар үшiн тиiмдi. Мысалы, Үндiстан мен Пәкiстанның арасындағы болып жатқан жанжал, негiзiнен, су үшiн туындаған. Ливан мен Израильдың арасындағы соғыс та мұзтаулар үшiн. Ливан өзiнде бар суды пайдаланып, Израильды мәңгiлiкке тiзгiндей алады. Алайда, израильдықтар ұлттық мүддесi үшiн, әскерiн кiргiзiп, басқа елдiң тауларын басып алып отыр. Олар қанша жерден қысым жасалса да, басып алып отырған мұзтауларды босатпайды. Көптеген шетелдiк саясаттанушылар, Орталық Азияда алдағы екi жыл көлемiнде әскери немесе басқа бiр жанжал болатын болса, үлкен екi себептен туындауы мүмкiн деп топшылайды. Бiрiншiсi, есiрткi трафигiне қатысты. Екiншiсi, осы су мәселесiне қатысты дейдi. Сондықтан, бiз ағайындар Түркi бiрлiгi туралы, Орталық Азия одағы туралы ауыз ашпай-ақ қоялық, су мәселесiн шешiп алайық деуiмiз керек. Сол арқылы, келешек ұрпаққа проблема қалдырмай, мәселенi шешуiмiз керек. Орта Азиядағы ең мықты мемлекет ол – Өзбекстан. Бүгiнгi Кәрiмов билiгiнiң отыруы себебiнен, олар көптеген мүмкiндiкке қол жеткiзе алмай отыр. Ерте ме, кеш пе, өзбектер дұрыс саясатқа көшетiн болса, Орта Азиядағы ең мықты елге айналады. Олай дейтiнiмiз, өзбек халқының экономикаға, нарыққа бейiмдiлiгi бар. Бiрақ, елдегi саяси жағдай елдiң экономикалық дамуына керi әсерiн тигiзiп отыр. Олардағы демографиялық өсiм – жердiң аздығын, адамның көптiгi үлкен дүмпу тудыруы ықтимал. Егер, өзбек елi жарылса, аймақты мүлдем өзгертiп жiбередi. Қазiргi таңда, Ислам Кәрiмовтың осы жағдайды ұстап отыруы бiз үшiн тиiмдi болғанымен, жағдайдың ары қарай ушыға беруi Қазақстан үшiн – үлкен қауiп. Өзбекте тыныштық болсын десек, Кәрiмовты қолдауға мәжбүрмiз.

Ал, Түркiменстан да дәл осындай тұйық, жабық жағдайда. Олар жайлы еш ақпарат жоқ. Түркiменстан дегенде менiң көзiме Оңтүстiк Корея елестейдi.

Президент Н. Назарбаев рухани саладағы дағдарыс, вакуум деген сөздердi айтты. Сол вакуумды жою үшiн – бүгiнгi күн үшiн қиял, арман болып саналатын идеяларды айта бастауымыз қажет. Еуроодақтың бiрiгуi туралы алғаш көтергендердiң бiрi – Виктор Гюго. Оны ақын, жазушы, тарихшы деймiз, ол мықты саясаткер де болған. Оның хаттарын, жазбаларын оқитын болсаңыз, түбiнде Еуроодақ пен АҚШ бүкiл әлемдi билеп отырады дегендi 1840 жылдары айтқан. Бiз мықты, Ұлы ұлт боламыз десек, басқа ұлттың, түркi халықтарының намысына тиетiн, адамдарды тарихи тұрғыдан қорлайтын нәрселерден аулақ болғанымыз жөн. Яғни, өзбек дегенде, "саудагерлер ғой", анау-мынау деген көзқарастардан ада болуымыз керек. Мысалға, елiмiздегi ұйғыр мәселесiн алайықшы, неше түрлi пiкiрлер бар. Мен әдейi зерттеп көрдiм, ұйғырларға деген ең жаман көзқарас Алматы облысының қазақтары мен Қытайдан келген қандастарымыз арасында ғана. Ал, батыс өңiрлердегi қазақтардан ұйғыр жайлы сұрасаңыз, олардың кiм екенiн де, не екенiн де бiлмейдi… Ұйғыр ағайындар Қазақстанмен мақтанып жүр, "қазақтар газетiмiздi, мәдениетiмiздi ұстап тұр" деп… Сол сияқты Орта Азия елдерiнiң де рухани, мәдени байланысын арттыруымыз керек. Керек десеңiз, бiздерде осы аймаққа таралатын бiр де бiр газет немесе журнал жоқ екен. Руханият айналып келгенде, саясатын да, басқасын да басып түседi. Орта Азия елдерiнде ортақ рухани-мәдени кеңiстiк қалыптастырмай, ешқандай интеграция туралы сөз қозғау мүмкiн емес.

P.S Кешегi "Алаш Орда" аз ғұмырында түркiлiк бiрлiктiң бiлтесiне май жағып қалдырған-ды. Майға шыланған бiлтенi тамызып, оның жарығына жиылып, сәулесiне саялайтын күн туса да, бiздер әлi тұралап жүрмiз. Түбi бiр түркiлiктiң түбi осылай тұңғиықтана бере ме?

Жәнiбек ҒАЛЫМ

Серіктес жаңалықтары