РУХАНИ БАЙЛАНЫС ТYЙТКIЛДI ШЕШЕДI

РУХАНИ БАЙЛАНЫС ТYЙТКIЛДI ШЕШЕДI

РУХАНИ БАЙЛАНЫС ТYЙТКIЛДI ШЕШЕДI
ашық дереккөзі
266

Апта басында Астана төрiнде Бүкiләлемдiк рухани мәдениет форумы өз жұмысын бастады. Тұңғыш рет кең ауқымды қамтыған форумға "Әлем мәдениет арқылы" қауымдастығы және "Рухани келiсiм конгресi" қоры түрткi болды. Форумға Еуропаның бiрқатар елдерi мен Қазақстан, Ресей қоғам қайраткерлерi мен рухани iлiм ұстаздары қатысты.

Бүкiләлемдiк рухани мәдениет форумында ҚР Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау сөз сөйлеп, бейбiтшiлiкке бастар басқосудың алғашқы қадам екенiн атап өттi.

– Кез келген халықтың рухани мәдениетiнiң негiзiн бейбiтшiлiкке, келiсiм мен әдiлеттiлiкке ұмтылыс құрайды. Көпұлтты Қазақстан мәдениетiне тән рухани бастауларды нығайту – бұл мемлекеттiк саясаттың маңызды құрамдас бөлiгi. Қазақстанда жыл сайын Рухани келiсiм күнi атап өтiледi, – дедi Тоқаев мырза. Елордамыз Астанада әлемдiк дiндер көшбасшыларының съезi дәстүрлi өтiп тұрады. Сондықтан бұл форумның мақсаты iспеттi толеранттылық, дәстүрлердiң өзара байланысы қазақ халқына жат емес. Сондай-ақ, дәл осы рухани мәдениет мәселелерi Астанада өтетiн ЕҚЫҰ Саммитiнiң күн тәртiбiне енгiзiлген.

Елiмiз ЕҚЫҰ төрағалығын өткiзiп, Ислам конференциясы ұйымына төрағалықты қабылдағалы отыр. Осы орайда рухани бiрлестiктер мен мәдени қорлардың бiрлесiп, бiр жеңнен қол шығарғаны Қазақстанның сыртқы саясатының бiр көрiнiсi болмай ма? Астана – рухани орталыққа айналуы тиiс деген едi КСРО Халық әртiсi, РФ Дума депутаты Иосиф Кобзон. Бүкiләлемдiк рухани мәдениет форумын ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы Кобзон бұл идеяны 2008 жылы көтерген болатын.

"Тәуелсiздiк сарайында" жалғасқан форумды ашу мәртебесi аталмыш форумды ұйымдастыру комитетi төрағаларының бiрi, ҚР Парламентiнiң сенаторы Төлеген Мұхамеджановқа бұйырды. "…Кезiнде бiздiң жерiмiз арқылы Ұлы Жiбек жолы өтiп, ол өркениеттердi сабақтастырған едi. Ендi арада әлденеше ғасыр өткенде осы жерде дүниежүзiнiң мемлекеттерi бас қосқан алқалы жиын өтiп жатыр. Адамгершiлiкке бастайтын қадамдар жасау, адамзат баласын бiрлiкке, татулыққа, түсiнiстiкке жеткiзудiң амал-жолдарын iздестiру аса маңызды. Бұл өмiр үшiн, болашақ үшiн қажет", – деп ол форумның тұсауын кестi.

2010 жыл – БҰҰ-ның арнайы қарарымен Мәдениеттердiң үнқатысу жылы деп жарияланды. Елiмiзде тату көршiлiкте өмiр сүру және түрлi мәдениеттi дамыту жөнiнде тәжiрибе бар деуге болады. Форумның Астана қаласында өтуiне осы себептер түрткi болған сыңайлы. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев елiмiздiң форум өткiзуге әбден құқылы екенiн де атап өтiп, оның бiрнеше себептерiн де тыс қалдырмады. "ЕҚЫҰ және Ислам Конференциясы ұйымдарындағы Қазақстан қызметiнiң басым бағыты – Шығыс пен Батыс арасындағы, Еуроатлантика мен Еуразия кеңiстiгiндегi толеранттылық пен мәдениетаралық, өркениетаралық үнқатысуды iлгерiлету болып табылады", – дедi.

Форумда қамтылған маңызды мәселелердiң бiрi – террорлық актiлер тәрiздi жағдайлардың алдын алу, оған бармаудың қадамдарын бiрлесе табу. 2001 жылдың 11 қыркүйегiнiң салдары мен әлем мемлекеттерi арасына түскен iрiткiнiң болмауы жайында Иордания Парламентi Төменгi палатасының бұрынғы спикерi Абделлатиф Арабиат әңгiмеледi.

– Жер бетiндегi адамдардың 65 пайызы 30-ға толмағандар екен. Осы жастардың бiлiм алғысы, оқығысы келедi. Бiз жастарға рухани құндылық деген не, рухани үрдiстiң не екенiн үйретуiмiз керек. Терроризмнiң жастардың ақыл-ойына керi әсерiн тигiзбеуi жолында еңбектенуiмiз керек. Және әлемде дiн туралы қате ақпарат таратушылармен күресуiмiз қажет, – дедi ол.

Негiзгi баяндаманы Бүкiләлемдiк рухани мәдениет форумының тең төрағасы Иосиф Кобзон жасады. Бұл жерде адамзат тарихының жаңа парақтары ашылып жатқандығы туралы айтылды. Соның iшiнде әлем елдерi бiрiн-бiрi дiнiне, ұлтына қарай бөлiп, кемсiтiп, жiктеуге жол бермеу турасында сөйледi. Оның айтуынша, бұл форум адамзат өркениетiнiң негiзгi құндылықтарын қайта оралтуға, соларды жаңғыртуға қызмет етедi екен.

– Өмiр бiр орнында тұрмайды. Адамзат қоғамы бiр үлгiден екiншiсiне өтуде. Ақпараттық ортада, биологиялық үдерiстерде жаңару мен жаңғыру қалыптасып жатыр. Әлем өркениеттi атану үшiн адамдар рухани жағынан жетiлуi тиiс, – дедi форум төрағасы.

Баяндама соңында Иосиф Кобзон жер бетiндегi халықты ынтымаққа шақырды. Қауiп-қатерi көп кезеңде мәдениетаралық ынтымақтастықтан ұтарымыз көп дейдi қатысушылар. Жаһандық проблемаларды мәдени-рухани байланыстар арқылы шешу бiрауыздан келiсiлген түйiн болды. Рухани мәдениетке саясат та қажет екендiгi де айтылды. Себебi тарихты бiлу, тәжiрибесiн пайдалану аса маңызды.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары