ЖАЗБА МҰРА – ҰЛЫ ТАРИХ КУӘГЕРI

ЖАЗБА МҰРА – ҰЛЫ ТАРИХ КУӘГЕРI

ЖАЗБА МҰРА – ҰЛЫ ТАРИХ КУӘГЕРI
ашық дереккөзі
404

Жуырда Ұлттық кiтапхананың көрме залында "Сирек кездесетiн кiтаптар мен қолжазбалар қорының мәселелерi" атты республикалық конференция-көрме болды. Конференция алдында ҚР Ұлттық кiтапханасының бас директоры Орынбасар Исахов көрмеге қойылған кiтаптар мен қолжазбалардың тарихын баяндап өттi. Жағалай қойылған өте құнды кiтаптар мен қолжазбаларда әрбiр облыстың кiтапханалар өкiлдерi және Республикалық Кiтап мұражайы мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетi ғылыми кiтапханасындағы сирек кiтаптар мен қолжазбалар туралы, олардың табылуы жайлы қысқаша әңгiмелеп бердi.

Конференцияның пленарлық мәжiлiсiнде сирек кiтаптар мен қолжазбалар қызметiнiң жетекшiсi Набат Асқарбекова "Жазба мұра – ұлы тарих куәгерi" атты тақырыпта баяндама жасады. Ол ұлттық кiтапханадағы сирек қордың жүргiзiп жатқан жұмыстарын айта отырып, қордағы ХII ғасырдағы Құран кiтабы мен Ясауи мұралары, араб, парсы тiлiндегi жазбаларды, оларды есепке алу, сараптау, жариялылығын арттыру мақсатында жүргiзiлген сирек қордың жұмысына тоқталды. Кiтапханада Ясауи мұралары, Фирдоусидiң "Шаһнамасы", Абайдың, Қоңырқожа Қожықовтың мұралары жайында арнайы көрмелер ұйымдастырған. 2003 жылы Мәдениет және ақпарат министрiлiгiнiң ұсынысымен Қожа Ахмет Ясауи және оның шәкiртi Сүлеймен Бақырғани еңбектерi бүкiләлемдiк мұралардың "Әлемжады" реестрiне енгiзiлген болатын.

Көптеген басқа да сирек кiтаптар мен қолжазбаларды зерттеу, оны оқырмандардың оқуына жол ашу, сақтау, күту, тағы басқа да күрделi шараларды жүргiзу оңай емес.

Конференцияның құрметтi қонағы, Францияның Ұлттық кiтапханасы ПАК негiзгi бағдарламасының директоры Кристиан Бариля: "Жазба мұраларды сақтаудың қазiргi таңдағы халықаралық үрдiстерi" тақырыбында сөз сөйлеп, Еуропа елдерiндегi көне мұралардың көне жазба кiтаптарын техникалық құралдар арқылы, сақтау процестерiн сандық электронды әдiспен көрсеттi.

Өңiрлерден келген кiтапхана басшылары конференция-көрмеге мол дайындықпен келгендiгi қойған экспонаттарынан айқын көрiнiп тұрды. Н.Мырзамұратова "Сыр өңiрi және "Ұлы Жiбек жолы", Р.Өсербаева "Семейдiң қоғамдық кiтапханасы: Шығыс Қазақстан, Семей өңiрiнiң зерттелу мәселелерi" тақырыбында, Р.Исатаева Батыс Қазақстан облысында "Сирек кiтаптар мен қолжазбалар қорын сақтау мәселелерi" тақырыбында, М.Досқараева Республикалық кiтап мұражайының тәжiрибесiнен "Сирек кiтаптар мен қолжазбалар қоры – ұлттық рухани құндылық" тақырыбында, Б.Дербiсалина "ҚР Ұлттық Мемлекеттiк кiтап палатасы қорын сақтау шаралары" тақырыбында және т.б. баяндамалар жасалды.

Олардың сөздерiнен аңғарғанымыз Облыстық әмбебап кiтапханалардың сирек қорын толықтыру, құнды кiтаптарды сақтау хақында, ақпарат кеңiстiгiне шығару жайында құнды мұраларды сақтау шаралары бiр күндiк мәселе емес.

Конференцияда "Шығыс қолжазбаларымен сирек кездесетiн кiтаптарды зерттеу" жолдары туралы қолжазба танушы Мақсұт Шафиғи, "Сирек басылымдар қоры негiзiнде өлкетануға байланысты материалдарды зерттеу" тәжiрибесi жөнiнде баяндама оқылып, "Сирек кездесетiн кiтаптар мен қолжазбаларды қалпына келтiру жолдары" туралы Ұлттық кiтапхананың, консервация бөлiмiнiң жетекшiсi Ботакөз Сәрсенбаева, "Мәдени мұра мемлекеттiк бағдарламасы және ҚР Ұлттық кiтапханасы" тақырыбында бас директорының орынбасары Зарема Шаймарданова, Ұлттық Академия кiтапханасының бас директоры Шаймұханбетова Жанна қатысып, өз ойлары мен пiкiрлерiн ортаға салды.

ҚР Ұлттық кiтапханасы туралы Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаев:

"…Қазақстанның Ұлттық кiтапханасы – елiмiздiң ең бай және басты бiлiм қоры. Бұл кiтапхананың қорын ұлғайту, өзiн қолдап отыру – мемлекет мiндетi, ел мiндетi.

Кiтапхана қызметкерлерiне елiмiздiң мәдени қорын ұлғайту мен насихаттауда зор табыстар тiлеймiн", – деп 2000 жылдың 24 тамызында өз қолтаңбасын қалдырған болатын.

Республикалық конференция-көрмеге қатысушылар Қазақстан кiтапханаларындағы сирек кiтаптар мен қолжазбалар қорының қазiргi жағдайын, қолжазбаларды қайта қалпына келтiру, консервациялау, сонымен қатар сақтау мен еркiн пайдалануды қамтамасыз етудi және "Мәдени мұра" мемлекеттiк бағдарламасын әрi қарай дамыту, тағы басқа да кезек күттiрмейтiн мәселелер хақында ұсыныстарын тиiстi орындарға ұсынды.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ

Серіктес жаңалықтары